Жақсылық Асқарбек өлеңдері

4092
Adyrna.kz Telegram

Асқарбек Жақсылық Серікбекұлы- 1999 жылы сәуір айының 9-шы жұлдызында ШҚО,Тарбағатай ауданы,Ақсуат ауылында дүниеге келген.Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университет түлегі.Республикалық Абай Құнанбаев атындағы стипендия иегері.Жыр мүшәйраларының жеңімпазы.

 

Не деп өлең жазайын күнім,саған?
Бақыт іздеп түңілер,түңілсе адам...
Бақытсыздар көп шығар,мен-ақ осы,
Өлсем өліп кетейін бүгін содан!

Сен кеткесін,құлазып,күйреп көңіл,
Сұлу қызға көрмедім сүй деп небір!
Үйленбедім мен саған,есесіне,
Есесіне сүюді үйретті өмір!

Шырыныңнан татқанша шіркін,сенің,
Тәтті ұйқының бұзды ғой шырқын серің!
Қайта айналып құшпайды,куәгермін,
Қарсы алдыңда бір рет іркілсе кім?!

Мен қадірін білмеппін ештеңенің,
Сен ешқашан кінәмді кешпе менің!
Қаншама рет жүректі кеудеңдегі,
Қан жылатқан қалмасын есте өлеңім!

Бастап кетіп бүлдірдім бір істі оңды,
Серт,сенімім
талпынды,
тырысты,
өлді!
Мен сүюден ҚАТЕЛІК жібергенмен,
Сен ешқашан сүймедің,ДҰРЫС болды!

******

Шаттанып күліп,шалқымай дағы,
Сүюдің мынау,салты қайдағы!?
Сәулемді менің суытып алды-ау,
Санамның сансыз салқын ойлары!

Елестеп өңің өзіңнің бейне,
Жазамын өлең көзімді ілмей де.
Азабын тартам ақыретіңнің,
Ғажабы үшін сезімнің кейде..

 

Көркіңе керім келіскен мүсін,
Көп сұлудағы сен үстембісің?!
Қалықтап жүрген қиялымдағы
Перизатым-ау,періштем,құсым!

Күлкімді менің ысырар қайғым,
Сені де қолдан ұшырардаймын.
Өңменен түстің бәрін де біліп
Өзімді ғана түсіне алмаймын!

 

"Сенемін!
Кездесуге сен келесің,
Білмеймін,күдік басым менде несін?!
Өңімде көрем сені,түсімде емес,
Елестейтін болмайды енді елесің!

Мені осы жалықтырған аңсар мұңнан
арылтасың,
Шығасың қарсы алдымнан!
Жаңғырып жатыр міне бұлтты аспан,
Мен едім сен келді деп жар салдырған!

Шаһардың шамы сөніп көшелерден...
Көліктер өте берсін неше керуен!
Уақыт өте берсін,күте берем,
Сәулесі үмітімнің өше көрмен!

Тисе де тағдырымның таяғы ұдай,
Күтемін тағы тағы...ая,Құдай!
Мен енді ғашық адам емеспін бе,
Жасық адам емеспін баяғыдай!"

Деп тұрып өз ішімнен,масайрадым,
Көп тұрып күттім сені
Қош,айманым!
Келмедің!
Кездестім де осы ойлармен,
Шығарып салды мені осы ойларым!

 

《Түс》

Мен сырлас болғанмын өзіңмен,
Сезімнің болса да семгені.
Белгісіз бір түнде көз ілген,
Түсіңде көріпсің сен мені..

Жүзік те тағыппыз жақұтты,
Үйленіп бір үйдің ішінде.
Өңімде болмаған бақытты,
Сыйладың сен маған түсіңде!

Осы үшін сезіммен мендегі,
Өзіңе гүл алып келем бе?
Жалғыз-ақ қолымнан келгені-
Жорытып отырмын өлеңге..

Тырысып бақсам да байқадым,
Білемін пайда жоқ ісімнен!
Әйтсе де алғысымды айтамын,
Түсіңде көргенің үшін мен!

Өзіңе ақының жетсе еді?
Өңінде оны ойлау мұң екен!
Осынау түсіңнен тек сені,
Оятып жіберген кім екен?!

*****

 

"Екеумізде айтылмаған не қалды?!"

Сыңғыр күлкің-бұлақ айтқан сыр болып,
Сылдыр сөздің шамалы еттім керегін.
Сенің мөлдір көздеріңнен жыр болып,
Жер бетіне жылап ақсам деп едім!

Қайтер екем,қалам ұстар қолдарды?
Бір құдырет көрмедің де бір менен!
Саған мені бастамайтын жолдарды,
Жүрегіңе жалғасам ба,жырменен?

Айқай салып Алатаудан ассам да,
Биіктігін қайтем мынау еңсенің!?
Жер жаһанды жалпағынан бассам да,
Жүрегіңе сыймаймын-ау,мен сенің?!

Қанша мұңнан өлең болып қайтты есе,
Өмір бізге үйреншікті боп алды!
Сен айтпадың сүйемін деп,әйтпесе,
Екеумізде айтылмаған не қалды?

*****

 

...Тамсанған көзді талдырып,
Көңілді билеп тəтті əнмен.
Алқызыл гүлді таң қылып,
Келесің Күзгі бақтармен.

Үрлігін көпке үлгі еткен,
Қайыңның жетпей қолы да.
Жапырақтарын құрметпен,
Жайғандай сенің жолыңа!

Тылсымын тағы бұздың ба?
Жылғадан бұлақ кеп көріп.
Буыны босап мұздың да,
Жылаған жандай кетті еріп.

Көрді ме сені көктен кең,
Шағала-қаздар қайтпай жүр.
Дəмелі мендей көктемнен,
Қанатты тілсіз айтпай жүр.

Алғандай тартып сені мен,
Бақытсыз күнді тек көрем.
Жаным-ау,содан бері мен,
Жанарын күздің жек көрем!

*****

Сыйламай шаттық достар да,
Еңсені талай түсірген.
Тойларға барам,тосттарда
Жабырқап,жылау үшін мен!

Күтермін түнді таңдарда,
Сен ғана маған өмір ме ең?
Барасың басқа жандарға,
Келмейтін маған көңілмен!

Сезім бе,сезім-жалған сол,
Түсірсін тағдыр илеуге!
Сертімде тұрмай қалған соң,
Серт беріп жүрмін сүймеуге!

Ақтарған талай сырыңды,
Айыбым болса өшіріп,
Дәптеріңдегі жырымды,
Жүрегің алсын көшіріп!

Көңілді солай...
күл!
аула!
Езулер енді жиылмай.
Жолығар болсақ,жылауға
Тамшы да қалсын бұйырмай!

Сұраса құрбың байқаған,
Өлең ғой өлең,ой,шабыт!
Атымды менің айт оған-
Ақын ғой,ақын-дей салып!

Есімнен талай тандырдың,
Еркіңмен емес...
қалғаны-
тек қана сені тағдырдың,
Қолымнан тартып алғаны!

 

Жақсылық Асқарбек

 

Пікірлер