Бабаларымыз ұрпағының санасына "Жетім көрсең жебей жүр" деген өсиетті құйып өтті. Бар адамзат осы даналыққа жүгінсе, жетімдер үйі болмас па еді?! Бүгінде жетімін жылатпай, өз бауырына басып, ата-аналық мейірімін көрсетіп жүрген отбасылар бар.Солардың бірі - Жетесовтер әулеті. Өмірге үш перзент әкелген ерлі-зайыпты соңғы 11 жылда 18 бала асырап алған. Көпбалалы ана Амангүл Ешпанова «Адырна» тілшісіне естеліктерімен бөлісіп, отбасының бүгінгі тұрмысын әңгімелеп берді.
Ерте жастан жетімдіктің кермек дәмін таттық
- Ата-анасыз өсудің оңай емес екенін жақсы білеміз. Себебі, жолдасым екеуміз ерте жастан жетімдіктің кермек дәмін таттық. Басымыздан біраз қиыншылықты өткердік. Қиналған сәттерімде Аллаға құлшылық етіп, балалар үйіне барып тұратынмын. Оларға қолымнан келгенше мейірім көрсетуге тырыстым. Сүйтіп жүргенде балаларға қатты бауыр басып қалыппын. Үйге келгенде соларды ойлап, ауырып жүретінмін. Кейін жолдасыма «бала асырап алайықшы» деген ұсыныс тастадым. Ол қуана келісті. Артынан үш баламызбен ақылдаса отыра, балалар үйінен бала асырап алдық. Періштелердің көзін жәутендетпей, оларды түзу жолға салу - әрбіріміздің адамгершілік парызымыз. Қазіргі таңда бауырымызға басқан 18 баламыз бар. Бізді үнемі қуантып жүреді. 21 балам алдымнан жүгіріп шыққанда, өзімді әлемдегі ең бақытты жан сезінемін.
18 баланың алтауы орыс ұлтынан
- Алғаш рет балалар үйіне барғанымызда «Өз ұлтымыздың баласын асырап алып, бақытты еткіміз келеді»,- деп айтқан едік. Кейін Даниель есімді орыс балаға бауыр басып қалдық. Бірақ, ол өз достарынан ажырағысы келмей, жылап тұрды. Баланы жылатқымыз келмей, оны достарымен бірге асырап алдық. Қазір 18 баламыздың алтауы орыс ұлтынан. Барлығы да қазақша сөйлейді.
Амангүл ханым әңгіме барысында қуанышты жаңалығымен де бөлісті.
- Ең үлкен қызымыз Айгүлдің жасы - 24-те. Биыл тұрмысқа шықты. Керемет күйеу баламыз, құда-құдағиларымыз бар. Қазір Айгүлім перзентханада жатыр. Бөпесін аман-есен қолына алды.
Сондай-ақ, көпбалалы ана бала асырап алудың адам өміріндегі күрделі әрі жауапты қадам екенін атап өтті.
- Ең алдымен, ата-анаға сабыр мен төзім керек. Адамдардың түрлі пікіріне дайын болыңыз.
Жетесовтер әулеті Ақтөбе халқына дән риза.
- Шыны керек, көмек алуға қысыламыз. Себебі, балаларды өз қалауымызбен асырап алдық. Оларды бағып-қағу - біздің мойнымызда. Десе де, Ақтөбедегі қайырымды жандар бізге көмектесіп тұрады. Жалпы Ақтөбе халқына ризамын.
Асып бара жатқан байлығымыз жоқ
- Бір тиынды екі тиын қылып, балаларға қуанышты күндер сыйлауға тырысамыз. Қалталы азаматтарымыз да жетім баланы бауырына басып, сауапты іс жасаса, нұр үстіне нұр болар еді.
Амангүл ханым - музыка пәнінің мұғалімі. Бүгінде үлкен отбасы «Шашу» отбасылық-халықтық ансамбльын құрып, облыс көлемінде танылып үлгерді. Балалар домбыра, қобыз, жетіген сынды аспаптарда ойнай алады.
- Мен бақытты анамын! Қазіргі таңда 9 балам музыкалық колледжде білім алып жатыр. Өзімізді өнерлі, үлгілі шаңырақ ретінде көрсетіп жүрміз»,- деп көпбалалы ана әңгімесін қорытындылады.
Диана АСАН,
«Адырна» ұлттық порталы