Аймағамбетов: Қазақ әдебиетінің оқытылуы қайта қарастырылады

4981
Adyrna.kz Telegram
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ тілін оқытуға қатысты ауқымды өзгерістер  болып жатқанын, бала бірінші кезекте ана тілінде білім алуы керектігін жеткізді.
-Ел Президенті Қ.К.Тоқаев атап өткендей: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде».
Министрлік білім беру мекемелерінде қазақ тілінің оқытылуына қатысты біршама ауқымды өзгерістер жасауда.
Атап айтқанда, енді балабақшаларда ағылшын тілі міндетті пән ретінде оқытылмайды. Бала жастайынан өз ана тілінде тәрбие алуы керек. Осы тұста, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс» деген ұсынысы біздің жұмысымызда қолданылады.
Бұдан бөлек, қазақ тілінің бағдарламасы да өзгертілмек. Алдағы уақытта грамматиканы оқытуға бөлінетін сағат саны артады. Оқушының дұрыс жазуы мен сөйлеуі үшін, ойын тиянақты және сауатты жеткізудегі грамматиканың орны ерекше. Бұл тұста біз тағы да Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне жүгінеміз.
Өздеріңізге белгілі, «Әліппені» мемлекеттік стандартқа енгіздік, оның бағдарламасы да дайындалды, оқулық дайындалып апробацияға кіріп, келер оқу жылынан бастап біз бірінші сыныптарға Ана тілімен бірге қайта енгіземіз. Ол Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған методика бойынша дайындалуда.
Өйткені қазақ фонетикасын жетік меңгерген ғалым қазақ тілін үйретудің ең оңай принципін ұсынды. Отандық ғалымдар мен баспагерлер қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Жақында Әліппенің жобалық нұсқасын қоғаммен бірге талқылаймыз.
Сонымен қатар мектепте қазақ әдебиетінің оқытылуы қайта қарастырылады.
Бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасы бар, - деді.
Аймағамбетов  Білім министрлігіне бұрынғыдан да екі есе үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.
-Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, келер жылдан бастап Тіл комитеті Білім және ғылым министрлігінің құрамына кіреді. Министрлік тәрбие мен білімді, ғылымды дамытумен қатар тіл саясатын да жүргізеді. Бұл орынды да. Мемлекеттік тіл саясаты балабақшадан бастап университетке дейін дұрыс жолға қойылу керек.
А.Байтұрсынұлы өскелең ұрпақты оқу-білімге, мәдениетті тануға, әлеуметтік сананы жаңғыртуға шақырып, еліміздің азаттық қол жеткізгендігін қалады.
Шүкір, біз бүгін бабаларымыз аңсаған мақсат-мұратқа жеттік. Кейінгі толқын, өскелең ұрпақ туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтқысыз қызмет етуге арнаған бабаларымызды ардақтап, соларға қарап бой түзеуі керек.
Мемлекет басшысы да өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген қағидатын берік ұстануға шақырады, - деді министр.
Гүлфайруз МЫҚТЫБЕКОВА, 
Алматы қаласына қарасты Алатау ауданының
182 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі
Пікірлер