“Уральск емес,Орал!”: Аймағамбетов қазақ тілінің қолданыс аясына ұлғайту қажеттігін айтты

5294
Adyrna.kz Telegram

Парламент сенаты көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері туралы заң жобасын екі оқылымда қарады. 

Білім және ғылым министрі Асхат Айғамабетовтің айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты – деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сай және мәтіндердің түпнұсқасына сәйкестігін сақтау арқылы қатесіз жазу, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.

Жобада елдегі әкімшілік-аумақтық бірліктердің, физика-географиялық объектілердің атауын жазуға қатысты нормалар қарастырылды. Алайда орыс немесе басқа тілдерде аталатын елді мекендердің атаулары өзгермейді, сол күйінде жазылады.

“Мысалы, Мичурино ауылы сол күйі қалады, қазіргідей Мичурин ауылы деп өзгертілмейді. Андреевка ауылы Андреев деп жазылмайды. Монастырская көшесі Монастырь көшесі деп аударылып жүр, енді ол Монастырская деп өзгеріссіз қалады.

Мәселен, Аққулы деген ауыл болса, оны Лебяжье деп аудармай, сол күйі Аққулы деп жазамыз. Орал қаласы “Уральск” емес, Орал қаласы ретінде түпнұсқамен жазылады”, – деді Аймағамбетов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, жол белгілері де, Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмеген жағдайда мемлекеттік тілде ғана жазылады.

“Мысалы, Қызылордадағы кішігірім ауылда айналма жол деген белгі тұрса, қолданыстағы заң бойынша оны міндетті түрде “айналма жол”, “объезд” деп жазу керек. Енді халықаралық жол болмаса, туристер келмесе, тек қана қазақтар тұратын шағын ауылда тек бір тілде жазуға мүмкіндік беріліп отыр. Ал егер халықаралық жол болса, онда басқа тілдерде жазу мүмкіндігі қалады”, – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек, мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мен маңдайшалары мемлекеттік тілде жазылады. Қажет болған кезде басқа тілдерде жазуға мүмкіндік беріледі.

Мұндай норма хабарландыру, жарнама, прескуранттар, баға көрсеткіштері, ас мәзірлері, басқа да көрнекі ақпараттарға қатысты.

“Заң жобасында енгізілген өзгерістер мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және көрнекі ақпараттарға қатысты қателерді болдырмауға, оны алдын алуға септігін тигізеді деп ойлаймыз”, – деді Аймағамбетов.

Парламент сенаты заң жобасына көрнекі ақпаратқа қатысты енгізілген түзетулерді мақұлдады. Алайда құжаттың діни қызметке арналған бөлігіне бірқатар өзгеріс енгізіп, заң жобасын мәжіліске кері қайтарды.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер