Мектепке ұлттық тәрбиеге бағытталған пән керек пе?

5041
Adyrna.kz Telegram

4 қыркүйекте Алматыда зиялы қауым өкілдерімен жиын өткізген ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Білім және ғылым министрлігі орта мектептерде отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиеге бағытталған арнайы пән енгізу керектігін айтқан еді. «Адырна» тілшісі  аталған пәнді енгізуге қатысты мұғалімдерден сауалнама алды.

 

 «Адырна»: Сіз қалай ойлайсыз, осындай пән керек пе? Ол пәнді оқытудың қажеттілігі неде? Егер бұл пән енгізілсе, кім оқытады?

Арай ЕРМЕКҚЫЗЫ ДАДАНБЕКОВА, мұғалім:

-Отбасы құндылықтары және ұлттық тәрбиеге байланысты бөлек пән енгізудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі бұл тақырыптар тәрбие сағаттарында қозғалады. Мәселен, Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәрбие жұмысы осы бағыттарда жұмыс жасайды. Тіпті бұл мәселелер гуманитарлық пәндерге де  кіріктірілген (қазақ тілі, әдебиет, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих). Бөлек пән ашқанымен оны әрине сынып жетекшіілері жүргізеді.

Гүлфайруз НҰРЖАНҚЫЗЫ МЫҚТЫБЕКОВА, Алматы қаласына қарасты Алатау ауданының №182-ші жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі:

-Еліміздің ертеңі, әрқайсымыздың өмір жалғасымыз болып табылатын жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу - аса өзекті тақырып. Оқушылардың бойында ұлттық құндылықтарға негізделген адамгершілік тәрбие мен отбасы құндылықтарын қалыптастыру  міндетіміз деп санаймын.

Ұлттық құндылықтарымыз шын бағасын алғанда ғана, жоғымыз түгенделіп, өшкеніміз жана бермек.

Бұл пән аса маңызды пәнге айналары сөзсіз. Бұл пәнді қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан мол мағлұмат алған, қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі оқытады деп ойлаймын.

 

Гулназ ЖАНДАРОВНА БЕГАЗОВА, М. Маметова атындағы орта мектебінің директоры:

-Қозғап отырған мәселе өте орынды. Өйткені білім саласында еңбек етіп, болашақ ұрпақ тәрбиелеп отырған ұстаздың отбасы құндылықтары мен ұлттық құндылықтарға назар аудармауы мүмкін емес. Қазіргі таңда бұл тақырып өте ауқымды деңгейде қозғалуы керек деп ойлаймын. Себебі дамушы елдердің қатарына қосылуға ниеттеніп жатқанда, ұрпақ санасына шетелдің бағытын ендіріп бара жатқандаймыз. Баланы үнемі қадағалап отыру мүмкін емес. Әр ата-ана отбасының киелілігін, бабаларының ерлігін, ағайын-туыстық пен бауырмалдық секілді құндылықтарды балаларына айтып отыру керек. Қазіргі жас буынға осы аталған бағыттағы әңгіме өрбітсең, екі-үш минут тыңдап, ақырын орнынан тұрып кетеді. Өйткені  ғаламтор қызығына кіріп кеткен.

Қазір кез-келген орта білім ордаларында ұлттық тәрбие жұмыстарының нақты түрде жоспары бекітілген.  Бірақ бұл ұрпақ үшін аз деп есептеймін. Сондықтан арнайы нақты пән ретінде енгізілуін қолдаймын. Сонда ғана біздің ұрпақ шетелдің ықпалына ермейді.

Ал енді бұл пәнді кім оқыту керек дегенге келейік. Қазір мектептерде өзін-өзі тану деген пән енгізілген. Бұл пәнде адамның бойындағы асыл қасиеттерін оқытады. Отбасы тәрбиесіне де мән береді. Менің ойымша, жаңа пәнге өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдері оқытуға лайық.

 

Гүлвира Асқарқызы,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер