Шымкентте жаңа оқу жылы 172 білім беру мекемесімен 222 мыңға жуық оқушымен басталды.
Бірінші тоқсан жалпы қашықтықтан оқыту форматында жүргізіледі. 14 940 бастауыш сынып оқушылары үшін ата- аналарының өтініші негізінде қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, 996 кезекші сыныптар ашылады.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов барша білім саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылымен құттықтады.
– Індетке байланысты елімізде алғаш рет оқушыларымыз жаңа оқу жылын қашықтан оқумен бастауда. Алайда қала мектептері оқу жылына дайын. Онлайн білім алу үшін толығымен интернет жүйесіне қосылған. 17 мыңнан астам қала ұстаздары IT бойынша білімдерін арттырды.
Бүгінгі күні компьютерлер саны 20 201-ді құрап отыр. Биыл 10 975 дана компьютер сатып алынды. Одан бөлек, ҚР Үкімет қоры және жергілікті бюджет есебінен 36 355 компьютерлік құрылғылар алу жұмыстары басталды. Келген құрылғылар қажеттілігі бар оқушыларға уақытша пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде, жыл басындағы 1 компьютерге 24 оқушыдан келетін көрсеткіш 4-ке төмендейді.
Жалпы қаланың демографиялық өсіміне байланысты жыл сайын мектеп оқушыларының саны 12 мыңнан астам балаға артуда. Аталған мәселелерді шешу мақсатында Шымкент қаласының орта білім беру саласында жан басына қаржыландыру жүйесін ендіру арқылы жекеменшік мектептер желісін арттыру жұмыстары атқарылуда.
Биыл оқушылар білім күнін ұлы ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңімен бастады. Өйткені биыл елімізде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мерекесі аталып өтілуде. Бұл орайда тағы бір қуанышты жаңалық, биыл қаламызда Абай Құнанбайұлы атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназия ашылды.
Сондай-ақ, Шымкентте цифрландыру бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Қалада жаңа оқу жылынан бастап «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернаты» есігін айқара ашты. 5 «IT мектеп-лицейі» қайта құру арқылы жаңа бағытта жұмыс істейді. Осыған байланысты 12 STEM лабораторияларын ашу да жоспарлануда.
Одан бөлек, биылғы жаңа оқу жылында «Оқушылар сарайы» базасында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген «IT-орталығы» қосымша білім береді.
Биыл елімізде Әбу Насыр Әл-Фарабидың 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығы аталып өтілуде. Ұлы тұлғалардың ұрпақ тәрбиесінде берер тағылымы мол.
Оқушылар, ұстаздар және ата-аналарға табысты жыл тілеймін! Алған білімдеріңіз жемісті болсын!, – деді қала әкімі.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникаиялық орталығы