Халықты иландырған «Indigo24»: Алданғандар 26 миллион теңгеге дейін салым салған (видео)

5575
Adyrna.kz Telegram

Еліміздің түпкір-түпкірінде қаржылық пирамидалардың бар екені жасырын емес. Бүгінде «Indigo24» деп аталатын кезекті қаржы пирамидасы миллиондаған салымшысын тақырға отырғызып кетті. Ол елімізде 3 жыл бойы жұмыс жасап, халықтың сеніміне кірген-ді.

Қазіргі таңда алаяқтардың арбауына түскен жұрт ақшаларын қайтара алмай әлек боп жүр. Бұл туралы  заңгер-медиатор Айжан КЕСЕБАЙ айтып берді.

Әрбір үшінші үй зардап шегіп отыр

- Бұл қаржылық пирамидаға өте көп адам алданған. Бізге Жетісай, Сарыағаш, Шардара аудандарынан өтінімдер келіп түсті. Халық 1 миллион 8 мың теңгеден 26 миллион теңгеге дейін салым салған. Яғни, әр үшінші үй зардап шегіп отыр.

Заңгер-медиатор ретінде  халықтан келген өтінімдерді қабылдадық. Кейбіреулері жекеленген заңгерлерге жүгінуде. Шардара ауданының өзінен 200 шағым келіп түсті. Десе де, бұл алданғандардың бір бөлігі ғана. Шымкент қаласынан минимум 4000-5000 адам қаржылық пирамидаға ақша салған.

Сондай-ақ, «Indigo 24» қаржылық пирамидасына кірушілер артынан адам әкелуі тиіс болған.

- Бүгінде «Сен мені кіргіздің я осыған ақша салуға үгіттедің» деген араздық ағайындар мен көшбасшылар арасында өршіп тұр.

Пирамидаға қаржы құйғандардың 90%-ы мұғалімдер

- Ең сорақысы, «Indigo24» қызметкерлері азаматтарды банктерге жетелеп жүріп, несие алып берген. Тіпті халықты онлайн режимде берілетін микрокредиттерді алуға дa көндірген. Алданып қалғандардың ішінде бір өзі 4-5 несие алып, сан соққан жандар бар.

1-2 лидерді түрмеге қамағаннан ешнәрсе өзгермейді

- Миллиондаған адамды алдап кеткен ұйым туралы деректерді «Астана» халықаралық қаржы орталығына жібермекшіміз. Ертең 1-2 лидерді түрмеге қамағаннан ешнәрсе өзгермейді. Сол себепті Бас прокуратура да бұл мәселені көтеруі керек. Қазіргі таңда осы істі түбегейлі зерттеп, жұмыстар жасап жатырмыз.

Қаржылық сауаттылық деңгейі өте төмен

- Бүгінде аңғал, құқықтық сауатсыз халық жапа шегіп, қарызға белшесінен батып отыр. Оларға ешқандай заңды құжаттар берілмеген. Бұл еліміздегі қаржылық, құқықтық сауаттылық деңгейінің төмен екенін көрсетіп отыр.

Бұл мәселеге белгілі заңгер Айгүл ОРЫНБЕК те өз пікірін білдірді.

- «Бас Прокуратура назарына! “Ұлттық арна жарнама жасады, «Нұр Отан» алғыс хат берген соң сеніп қалдық”,-деп отыр халық.Бұл қаржылық пирамиданың елімізде жұмыс жасағанына  үш жыл болған екен. Президентіміздің өзі алаяқтарға қатаң шара қолдануды тапсырды. Неге халық әлі шырылдап жүр?»,- деді ол Facebook парақшасында.

Қазіргі таңда халықты алдаған алаяқтар іздестіріліп жатыр.

 

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер