Ағам, Дархан Тұрсынжанды бүгінгі мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, оқырмандарға осы қызметке жету үшін ағамның жүрген жолдары мен сол жолдардағы қызықты оқиғаларды назарларыңызға ұсынамыз.
Дархан осы істің маманы болу үшін не істеді?
Бала кезден ағамның ең алдымен әскери қызметкер болуды армандағаны есімде. Арман жолында мақсатына жету үшін түрлі амалдар істеп, нақты қадам жасай білді. Ең алдымен бала кезден жаны спортқа жақын болды. Күрес үйірмелеріне барып, жарыстардан үнемі жүлдемен оралатын. Мектепте Алғашқы Әскери Дайындық пәнін асқан қызығушылықпен оқып, мекеп взвод командирі мен “Жас Ұлан” ұйымының президенті болған.
Ойын баласынан-шекара маманына дейін...
Ағамның осы мамандықты таңдап, нақты қадамдар жасай білгені мені тәнтті етті. Оқуға түсер алдында тапсыратын емтиханға сабақтан босай қалған кезде, уақытты құр жібермей жүгіріп, белтемірге тартылып дайындалатын. Әскери өмірге қызыққаны соншалық ағамның мылтықты шашып-жинағанына көз ілеспейтін. Оқ атуда мергендігімен де таңқалдырудан жалықпады. Осылай нық сеніммен ағам емтихан тапсыруға кетіп, сәтті тапсырып, өзі армандаған оқу орнына білім алуға түсті.
Сүзгіден қайта сүзілгендей болдым...
Емтихан тапсыруға барғанда “Сүзгіден қайта сүзілгендей болдым”-деген еді. Оқудың алғашқы кездері ағама барған кезде шаршаңқы реңмен шығатын. Өңі шаршап тұрғанымен, көзі оттай жанып тұратын. Басында кішкене қиналғанын айтатын. Кейін үйреніп, сіңісіп кеткенін өзінен де байқаушы едік. Бірақ, ағам ешқашан “Шаршадым” -деп айтпайтын. Арманына бір табан жақын тұрған ағама, еш нәрсе де кедергі болмады.
Әскери адамның үйдегі болмысы қандай?
Үйде көңілді, өте бауырмал жан. Әскери өмірдің темірдей тәртібіне бойы үйренген ағамыздың сөзін екі қайталатпауға тырысамыз. Кейде «Сендер тыныш ұйықтасын деп жүрмізғой, ұйықтай беріңдер алаңсыз» деп әзілдеп қояды. Бұрын мен де Алғашқы Әскери Дайындық сабағынан жаңа нәрсе үйренсем, ағама хабарласып өз жетістігіммен мақтанып отыратынмын. Әлі де ағам бәрімізге қолдау көрсетіп, үнемі жанға жылу сыйлап отырады.
Қызметтің алғашқы күндері
Биыл оқуын тәмәмдаған ағамның қызмет жолы маңғаз дала-Маңғыстау мекенінен басталды. Туған ауылы мен ата-анасынан алысқа кеткені жанымызға батқанымен, жылдар бойғы арманының көрініс тапқанына бәріміз де қуаныштымыз. Ағам қазір қызметте. Байланыста күнде бола бермеуіне байланысты бүгін мейрамымен құттықтаудың сәті түспей тұр. Ата-анадан бастап, ағайын-туыс, бауырлары жүрек жарды тілектерін білдіріп, жылы лебіздерін айтуда.
Арманыңыз әскери оқу орны болса...
Ең алдымен табандылықты қажет ететін мамандықтың иесі болу үшін 1 жыл ғана дайындалу аздық етеді. Өзіңізге деген сеніміңіз мықты болып, қиындықтарға мойымай, алға қарай қадам басуыңыз керек. Спортқа жақын болыңыз.
Ең бастысы-патриоттық сезімнің басымдылығы. Өз елі мен жеріне қызмет етемін деген азамат қана шыңға шыға алады. Ал Дарханның арманы да осы еді. Отаны үшін қасық қаны қалғанша еңбек еткісі келетін азаматтар көп болса екен!
Барлық шекарашыларды шын жүректен мерекемен құттықтаймыз!
Лаура ТҰРСЫНЖАН,
“Адырна” ұлттық порталы