Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың соңында Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесінде қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға байланысты жетістіктерді атап өткен-ді. Әйтсе де, автожолдар, метро желілері, сондай-ақ кептеліске байланысты бірқатар мәселелер әлі де шешімін табуы тиіс-ті. Жыл басынан бері бұл саладағы бірқатар олқылықтардың орны толтырылып, қаладағы көлік қозғалысы күн сайын реттеліп келеді.
Алматының жол жөндеу жұмыстарына 2020 жылға 15 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Алайда, пандемияға байланысты қаражат мөлшері кемуі мүмкін. Бақытжан Сағынтаев мәлімдеуінше, қазір қалада 283 көше жөнделіп жатыр. Бүгінде ұзындығы 62 шақырымнан асатын 91 көше орташа жөндеуден өткен. Жыл соңына дейін жолдардың 80 пайызын сапалы ету жоспарланып отыр. Сонымен қатар, троллейбус желілері де жөндеуден өтіп, алдағы уақытта метростанциялар саны артып, автобустар жаңарады.
16 көшенің троллейбус желісі жөнделеді. 2019 жылы троллейбус желілерін жаңғыртуға 5 миллиард теңге бөлу жоспарланған болатын. Биыл пандемияға байланысты бұл сома 1,7 миллиардқа дейін қысқарды. Қала әкімі Б. Сағынтаев жыл соңына дейін 16 көшеде 16 троллейбус жолын ретке келтіруге уәде берді. Жандосов, Сейфуллин, Қабанбай батыр, Әуезов, Розыбакиев, Жубанов, Емцов, Қалдаяқов, Пушкин көшелерінің бойында, Рысқұлов және Райымбек даңғылдарының бойында демонтаж және монтаждау жұмыстары жүргізілетін болады.
Троллейбус инфрақұрылымын толық жаңарту, оның ішінде 172 шақырым жолды жаңалау 2021 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
2021 жылы «Сарыарқа» және «Достық» метростанциялары ашылады. Бүгінде метро желісінің екінші кезеңінің құрылысы жалғасуда, оның ішінде «Сарыарқа» және «Достық»станциялары мен Абай көшесінің бойыменАлтынсариннен Момышұлыға дейінгі батыс бағыттағы 3,1 шақырымдық метро желісінің құрылысы жүріп жатыр. Құрылысқа 442 жұмысшы мен 66 техника жұмылдырылған. Сондай-ақ биыл үшінші іске қосу-жөндеу кешенінің құрылысы басталады. Оның құрамына Яссауи көшесінен Ашимов көшесіне дейін 2,4 км және Қалқаман ықшамауданындағы Ашимов көшесінің бойымен солтүстік бағыттағы «Қалқаман» станциясы кіреді. Құрылыс үш жылға жоспарланған.
66 млн. теңгеге 12 метрлік 150 автобус сатып алу жоспарлануда. 23 шілдеде мемлекеттік сатып алулар веб-сайтында «Алматыэлектротранс» ЖШС-нің алматылық тасымалдаушы компаниясына арналған лоттар жарияланды. Компания көлік паркін жаңарту үшін қаражат 150 автобусқа бөлінетінін түсіндірді. Жаңа автобустар 2020 жылдың соңында келеді деп жоспарлануда.
Айжан Пердебекқызы,
«Адырна» ұлттық порталы