Ахмет Байтұрсынов Абайды «Қазақстың бас ақыны»- деп бағаласа, Мағжан Жұмабаев «Алтын хакім Абайға» - деп өлең жазған бұл дәстүр өз жалғасын тауып, Хакім Абай туралы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былай деп айтқан болатын: «Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс».
Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы жарық көрді. Мақала әсіресе, білім саласымен, жалпы ұрпақ тәрбиесімен тікелей байланысты екендігі қуантады. Жаһандану дәуірінде кез келген дүниені Абайдың даналығымен байланыстыру керектігі және әр қазақтың үйінде домбыра болу керек десек, әр отбасының төрінде Мұхтар Әуезовтың “Абай жолы” кітабы мен Абайдың қара сөздері тұруы керек дейді Мемлекет басшысы.
«Хакім Абай» деген тіркесті мектеп жасымнан білемін, бірақ Абайдың есімі аталғанда «Хакім» сөзі қатар жүруі керек деп балалықпен ойласам керек. Кейін «Хаким» Аллаһтың көркем есімі екенін, әрі араб тілінде «Дана, Хикмет иесі» деген мағынаны беретіндігін білдім. Әрине, Ұлы Абайды қазақ Хакім десе, демек ойшылдың даналығымен, дүниетанымымен байланыстырып айтқандығынан. Хакімдік дүниетаным дегеніміз не? Оның философиямен байланысы бар ма? Бұл сұрақтардың жауабын профессор, доцент Жанатаев Данат Жанатайұлының «Ғылым философиясы» сабағынан тереңірек түсіне бастағандаймын және ол кісінің қазақтың даналығы, кең дүниетанымы, тектілігі, сөзінің құдіреті жайында айтатын пайымдаулары ұлт жанашырын аңғартады. Әсіресе, Әбу Насыр әл-Фараби мен Хакім Абай жайлы сөз қозғалмай өтпейді. Осылайша, менің бойымда ғылымға деген көзқарастың жаңа қыры ашылғандай болды.
Пәннің атауымен байланыстырып Абайдың ғалым ретінде философияға деген дүниетанымы жайлы көбірек іздене бастадым. Мұндай іздену мені ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, абайтанушы Ғарифолла Есімовке алып келді. Осы ғалымның еңбектерін оқи бастадым, сөздері ықшамды әрі салмағы ауыр және тез қабылданады екен. Осылай, Абайдың хакімдік дүниетанымының философиямен байланысы жайлы ғалым: «Абай философия деген терминді қолданбаған, себебі оны христиандық дүниетаным деп түсінген. Ол «философиялық бұлақтың» бастауынан нәр алған. Абай мойындаған философтар – Сократ, Платон, Аристотель – бұлардың заманында христиандық та, ислам да діни жүйе ретінде анықталмаған. Дін туралы түсінік басқаша болатын, дін ағартушылық және идеологиялық қызметтеріне әлі енбеген. Дін танымның әмбебап формасы болып тұрған заманда өмір сүрген грек ойшылдары Абайды қызықтырған. Батыс философиясының, мәдениетінің христиандық іргетасы, әрине мұсылмандық көзқрастармен үйлесе бермейді. Бүгінде басы ашық мәселені кеңестік идеология әрі маркстік-лениндік бағытқа лайықталған философия, Батыс мәдениетін діни дәстүрден ада деп түсіндірді. Шындық өзгеше болатын. Батыс Европа мәдениеті XVII ғасырда басталған христиандық дәстүрінен XIX ғасырға дейін негізінен арылған жоқ, керісінше діни жаңа арнаулар тауып жатты. Сондықтан Абай европалық білімді ғана алып, оның дүниетанымын қабылдамады. Ол өзінің мәдени-дүниетанымдық дәстүрлі кеңістігінен шықпады, сөйтіп ұлттық ойлаудың өз арнасын тапты. Абай өз заманындағы жаңашылдық болып саналатын ағартушылыққа да ден қоймады. Қазақ даласында ағартушылық дінмен бірге жүріп жатты. Абай ол жағында болған жоқ, ол ұлттың ойшылдық дәстүрін жаңа сапаға шығарды. Абай да Чаадаев сияқты жеке дара ойшыл болды. Ол да философияны метафизика мәнінде қабылдады. Оның дәлелі Абайдың хакімдікке берген мазмұндмасынан айқын көрінеді. Ол хакімдікті әр істің есебін анықтаумен, ашумен түсіндіреді. Абай дүниетанымында себептілік басты ұғым. Ол әр істің себебі бар дейді, сол себптілікті ашушы – хакім. Әрине, себептілікті ашу ғылымның да ісі. Сондықтан Абай ғалым мен хакімнің бір-бірімен бірлігі мен өздеріне ғана тән мазмұндарын таратып берген. 38-қара сөзінде әрбір хакім ғалым, әрбір ғалым хакім емес деп нақтылы айтқан. Сонда хакім бір жағынан ғалым, екінші жағынан ғалымнан жоғары»- дейді.
Дінсіз философия – ол материализм. Ғылым сөзсіз материализмге арқа сүйейді, онсыз болмақ емес, бұл заңдылық. Алайда бұл ғылымның өз шеңберінен шықпай тұрған кезіндегі халы. Ғылым хакімдікті іздей немесе аңсай бастағанда, ол материализм шеңберінен шықпасына амал қалмайды. Сол кезде философия (хакімдік) дінмен тоғыса бастайды, себебі, дүниенің басталуы, алғашқы себеп, уақыт мәселелері философияның да діннің де объектілері. Реті келген соң, осы түста айта кететін, философияның өзі де ғылым ретінде, сол шеңбер кеңістігінде болады. Философия – ғылым, бұл оның қажетті сатысы. Одан әріде ол да ғылымнан өзінің табиғи болмысы хакімдікке ұласады. Абай хакімдікті осылай түсінген.
Мадыгалиева Айжан,
Тараз қаласы