Соңғы күндері «Қазақша ақпарат алу - құқығымыз» деп ұрандатқан «QazaqshaJaz»бейбіт қозғалысы әлеуметтік желілердегі танымал компаниялар мен брендтердің парақшаларын дүр сілкіндірді.
Қозғалыстың негізгі мақсаты - желіде қазақша ақпарат беруді талап ету. Өкінішке орай, қызмет көрсету орындарының көпшілігі әлеуметтік желілердегі парақшаларын тек орыс тілінде жүргізеді. Десе де, ҚР тіл туралы заңының 1-тарау, 21-бабында «Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады» деп көрсетілген.
«Адырна» ұлттық порталы ұйымдастырушылармен әңгімелесіп, қозғалысты бастауға не түрткі болғанын сұрады.
Бизнес әлемі әлі күнге дейін қазақтілді тұтынушыны менсінбей келеді
Дәл осы ой қазақ тілінің мәртебесіне алаңдайтын кез келген адамның көкейінде жүрді. Біздің қоғамда танымал брендтердің парақшаларына «Неге осы ақпаратты қазақ тілінде де жазбайсыздар?» деген пікір қалдырып, өз құқықтарын талап етіп жүрген адамдар көп. Демек, идея аспаннан түскен жоқ. Ал біз бұл ойды жүйелі түрде бір топқа біріктірдік. Ендігі уақытта бөлек-бөлек емес, жұмыла отыра құқығымызды талап ету үшін «QazaqshaJaz» қозғалысын ұйымдастардық. Шыны керек, барлығымыз сол ірі компаниялардың өнімдерін тұтынамыз: Самсунгтың гаджеттерін пайдаланамыз, Glovo-дан тамаққа тапсырыс береміз. Статистикаға сүйетін болсақ, олардың тұтынушыларының жартысынан көбі - қазақтілді адамдар. Алайда біздің корпоративті әлемде, жалпы бизнес әлемінде қазақтілді тұтынушыны әлі күнге дейін менсінбеу, оларға баса назар аудармау идеясы бар. Десе де, уақыт елімізде қазақша сөйлейтін адамдардың басым көпшілікке ие болғанын көрсетті. Осыған байланысты, бизнес те қазақша сөйлейтін адамдардың сұраныстарына қарай жаймендеп бейімделу үстінде. Біз сол шешім қабылдау процесін жылдамдату үшін тұтынушы талабымызды пікір ретінде ресми аккаунттарда қалдырып жатырмыз.
Біздің қоғам қазақтілді ақпаратқа аш!
«QazaqshaJaz» қозғалысқа кездейсоқ айналып кетті. Біз о баста
100-200 адам болады деп ойладық, бірақ қазір олардың саны 1600-ге жетті. Бұл қоғамдағы адамдардың қазақ тіліндегі ақпаратқа аш отырғанын көрсетті.
QazaqshaJaz - мәдениетті қозғалыс
Қозғалыстың мақсаты - мәдениетті түрді қазақша ақпаратты талап ету. Біз «Тек қана қазақша жазыңыздар» деп емес, «Қазақша да қосып жазыңыздар», «Біз сіздердің өнімдеріңіз туралы ақпаратты қазақ тілінде де алғымыз келеді» деп сыпайы түрде пікір қалдырып жүрміз.
«QazaqshaJaz» соңғы үш күнде KFC, Glovo, Chokofood, Самсунг, Технодом сынды ірі компанияларды өз нысанасына алды. Қазіргі таңда бұл компаниялар қозғалыстың талаптарын ескеріп, әлеуметтік желілердегі жазбаларын қазақ тілінде де жүргізе бастады.
«Адырна» ұлттық порталы тіл жанашырларының бастамаларына сәттілік тілейді. Тіліміздің мәртебесі биіктей берсін!
Диана АСАНОВА “Адырна” ұлттық порталы