Алматы облысында дәрі-дәрмекті азық-түлік дүкендері мен пәтерлерде сатқан адамдар анықталды, – деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы облысының Полиция департаменті Мемлекет басшысының, сондай-ақ ішкі істер министрлігі басшылығының тапсырмалары аясында дәрі-дәрмектерді заңсыз саудалау деректерін анықтау бойынша арнайы мобильдік топтар құрылғанын еске салды.
– Пандемия көптеген азаматтарға ынтымақтастық, аяушылық және өзара көмек сияқты ұғымдардың жат екенін көрсетті: бір сәтте барлығы фармацевт болып, дәріханалық бизнесті жүргізуге тырысты. Өкінішке орай, жасырын дәріханалар тіпті қисынға келмейтін жерлерден де ашыла бастады: базардағы бутиктерде, азық-түлік дүкендерінде, қарапайым пәтерлерде. Олар лицензиясыз әрекет етіп, дәрі-дәрмектерді рецептсіз босатты. Бұндай әрекетке барған адамдар бір мезетте байып кету мүмкіндігін пайдаланбақ болды, ал оның салдары оларды еш алаңдатпады. Бұл кезекте жасырын сатылатын дәрілік заттардың шығу тегі де күмән тудырады. Ал бұл адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты, – деп атап өтті Алматы облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Данияр Мендебаев.
Тек осы айдың басынан бергі уақыт аралығында өңірде фармацевтика саласындағы заңсыз кәсіпкерліктің 60-қа жуық дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан аса тапшы препараттардың мыңдаған орамы алынды, олардың құнын “іскер азаматтар” нарықтағыдан үш есе жоғары бағалаған
– Мысалы, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында дәрі-дәрмектерді азық-түлік дүкенінде тиісті құжаттарсыз, қымбат бағаға саудалаған 1965 жылғы З. есімді азаматша ұсталды. Сонымен қатар, ол барлық дәрі-дәрмектерді рецептсіз, бір-біртіндеп сатқан. Олардың қатарында: “Мукалтин”,” Валидол”,” Цитрамон”,” Анальгин”,” Стрептоцид”,” Омепразол”,” Трихопол”,” Кетонал форте”,” Каптоприл”,” Супрастин”,” Мезим”,” Ренни”,” Корвалол”,” Римантадин”,” Антигриппин”,” Нафазолин”,” Колдфри “және т.б. Жалпы саны 170 дана. Ал екінші бір жағдайда, бұрынғы медбике аудан орталығындағы дәріханадағы дәрі-дәрмектерді сатып алып, ауылға әкеліп, кем дегенде екі есе қымбат бағаға сатқан, – деп түйіндеді Данияр Мендебаев.
“Адырна” ұлттық порталы