Елімізде ғарыш саласын дамыту жұмыстары қарқын алуда

5308
Adyrna.kz Telegram

Еліміз ғарыш саласын игеру жұмыстарына айрықша көңіл бөліп жатқаны белгілі. Ғарыш қызметі туралы арнайы заң да қабылданды. Заң 7 тарау мен 37 баптап тұрады. Тараулар – жалпы ережелерден, ғарыш қызметі саласын мемлекеттік реттеу және бақылау, ғарыш қызметін жүзеге асыру, ғарыш инфрақұрылымы, ғарыш қызметінің қауіпсіздігі, ғарышкерлікке кандидаттық пен ғарышкердің құқықтық жағдайы және оларды әлеуметтік қамсыздандыру шаралары, қорытынды ережеден тұрады. Бір сөзбен айтқанда, мұнда ғарышты игерудің заңнамалық негіздемесі айқындалған.

Бұған дейін Байқоңырдан «KazSat-1», «КаzSat-2», «КаzSat-3» жер серіктері ұшырылды. Осының арқасында жер ресурстары 100 пайыз цифрландыру жүйесіне көшкен. Мысалы, ауыл шаруашылы бойынша 35,3 млн гектар жер цифрландырылды (100%). Геопорталдың көмегімен прокуратура органдары құны 700 млрд теңгелік 9,6 млн гектар болатын 37 мыңнан астам пайдалынылмаған жер учаскелерін анықтады. Нәтижесінде, құны 149 млрд теңге болатын 11 мыңға жуық жер учаскесі (4 млн гектар – автор.) мемлекетке қайтарылды.

Болашақта бұл қызметті жетілдіріп, пайдалы қазбаларды цифрлау және мониторингілеу, атмосфераны, топырақты талдау дәлдігін арттыруға бағытталған жұмыстар іске асырылады.

Сондай-ақ, ғарыштық байланыс жүйесі еліміздегі спутниктік байланыс пен телехабар тарату қажеттілігін 100-ға қанағаттандырып отыр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде Орта Азия елдеріне ғарыштық байланыс жүйесі қызметтерін экспорттау жұмысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Еліміз «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы іс-әрекетін кеңейту үшін Ресеймен бірлесіп «Союз-5» зымыран тасығышының базасында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, коммерциялық ұшуларды жүзеге асыру мақсатында «Союз-2» зымыран тасығышының базасында Ресей және БАӘ-мен бірлесіп «Гагарин стартын» жаңғырту жөніндегі инвестициялық жоба пысықталуда.

Қазіргі кезде еліміздің кәсіпорындары Түркия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Иордания, АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Украина секілді елдердің ғарыш саласындағы ұйымдарымен белсенді жұмыстар жасап жатыр.

Қазақстан ғарыштық әлеуетін көтерудің жан-жақты мүмкіндігін қарасыруда. Мәселен, былтыр өткен «Қазақстандағы ғарыш күндері» деп аталатын халықаралық форумға «Роскосмос», «Airbus Defence and Space» корпорацияларының өкілдері, отандық және шетелдік ұйымдар: «М. В. Хруничев атындағы МҒҒӨО», «М.Ф. Решетнев атындағы АЖЖ» АҚ, «Транстелеком», «One Web», «Thales Alenia Space», SES, «Leica Geosystems, Satrec Initiative», «Eutelsat» т.б. ұйымдар қатысты. Мамандар мұндай басқосулардың пайдасы орасан дегенді айтады. Осы форумда премьер-министр А.Мамин жерді дистанциялық зондтау деректері (ЖЗД) мен ғарыш жүйелерін қаржыландыруды 300 млн долларға дейін арттыру жоспарланып отырғанын жариялады.

Жасұлан Наурызалиев,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер