Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев штаттан тыс кеңесшісін қызметтен босатты. Мұны президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жариялады.
«Олжас Құдайбергенов Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер бойынша штаттан тыс кеңесшісі қызметінен босатылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Әбдімәлікұлына экономиканы дамыту жөніндегі ұсыныстары үшін алғыс айтты» – дейді Б. Уәли.
Президент бұған дейін үкіметтің жұмысын сынға алып, жағдайды түзеуге екі апта уақыт берген. Алайда Олжас Әбдімәлікұлы шенді емес, штаттан тыс адам. Осыдан бірнеше күн бұрын фейсбук желісінде елімізде 2 млн адамның коронавируспен ауырғанын жазған еді.
«Қазір ресми дерек бойынша, 67 мың адамнан коронавирус анықталды, жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмониямен ауырды, пневмония бойынша таза өсім 163 мың. Сонда 67+163= 230 мың.
Яғни коронавируспен ауырғандар саны кемінде 230 мың. Егер өсімді есепке алмасақ, онда коронавируспен ауырғандар 301 мың адам болмақ.
Бірақ үйде ауырғандар да бар. Ауруханаға тек симптомы бар науқастар қаралып, 85 пайыз симптомсыз ауырғанын ескерсек, 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған немесе ауырып жатыр.
Ресми дерек бойынша, коронавирустан 464 адам қайтыс болды, 15 шілдеге дейін 3327 адам пневмониядан көз жұмды, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,75 есе көп, былтыр осы кезеңде 1896 адам қайтыс болды.
Сонда коронавирустан кемінде 1895 адам, ең көп дегенде 3791 адам қайтыс болды. Бұл статистикаға коронавирустан емделіп, бірақ басқа себептен қайтыс болғандарды (инсульт, инфаркт, т.б.) да қосу керек», - деген еді бірнеше күнгі фейсбук жазбасында.
Анықталғандай, кеңесшіге ешқандай ақы төленбейді екен. Әрі келісім алты айға дейін жасалған.
«Былтыр желтоқсан айында президент кездесу кезінде штаттан тыс кеңесші болуды ұсынды. Кейінірек мұның шамамен алты айға шығар, маусымда ауыс-түйіс болуы мүмкін екенін айтты. Маусымда кететін шығармын деп ойладым, шамасы, ол уақытта президент басқа шаруалармен жүрсе керек. Бүгін таңертең хабарласып, жұмысыма алғыс білдірді. Біраз пайдам тигенін айтып, ауыс-түйіс жасағанын жеткізді.
Енді штаттан тыс кеңесші емеспін. Бұл қызметке ақы төленбейтін, ешқандай да келісімшарт, не кабинет, не қызметкерлер болмады… Жазбаларымды әрдайым штаттан тыс кеңесшінің емес, жеке адамның жазбасы деп астын сызып көрсетуге тырыстым. Бұл жазбалар менің кейбір пікірімді саясиландырып жіберетін. Сондықтан енді менің жазбаларым ондай саяси реңкке ие болмайды деп үміттенемін.
Президенттің штаттан тыс кеңесшісі ретінде халық үшін қолымнан келгенін жасауға тырыстым. Ары қарай да пайдамды тигіземін деген үміт бар. Оның үстіне бизнес, мемлекеттік органдар және президент әкімшілігімен жұмысымызда ештеңе өзгермейді«, – деп жазады О.Құдайбергенов.
Жасұлан Асқарұлы,
"Адырна" ұлттық порталы