Сыйластық сәлемнен басталушы еді. Алайда сәлемнен адам өлімі орын алса, не болмақ?

3320
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылының тұрғыны Байниязов Наурызбек 26.07.2018 кісі қолынан қаза тапты. Ата-анасының әділдік іздеп бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Екі жылдан бері республикалық, облыстық соттарға арыз жазып,  істің ақ-қарасы ашылуын сұраса да, әлі күнге дейін қанағаттанарлық жауап ала алмаған. Зерттеулер тек біржақты жүргізіліп, жабулы қазан жабулы күйінде қалып келеді.

2018 жылы шілде айының 25-інен 26-сына қараған түні сағат 01:00 шамасында Қарабұтақ селосы, Амангелді көшесі, №28 үй маңында Наурызбек Еркебұлан Отаров және НұргелдіҚалиевпен бірге тұрған. Жандарынан автокөлікпен өтіп бара жатқан ауыл жігіттері бұларғк келіп амандасады. Олардың қатарында Еркін Анарбаев, Жасқайрат Калимов, Асылбеков Еламан болған. Жасы кіші Еркін Наурызбекке амандасудан бас тартады.  “Сен неге менімен амандаспайсыңдеген сұрағына Еркін “Мен сенімен амандаспаймын және сені “брат” деп есептемейміндеп қырсыға жауап берген. Осыдан барып екі жігіттің арасында келіспеушілік туындаған. Куәгерлердің айтуы бойынша, Наурызбек Еркінді ұрып, жерге құлатып, басына және бет тұстарына жұдырығымен бірнеше соққы жасаған. Содан кейін жағдай шиеленісіп, екеуі Ақтөбе-Қостанай тас жолы бойында орналасқан ескі автобаза ғимаратының қасында жекпе-жекке шығатын болып келіседі. Оқиға орнында бұл екеуінен басқа   Наурызбектің де, Еркіннің де жолдастары болған. Төбелес кезінде Наурызбек әртүрлі жарақаттар алған. Нәтижесінде Наурызбек оқиға болған күннің ертесіне 26 шілде күні сағат 10:00 шамасында өз үйінде жан тәсілім етті. Бұл жағдай бойынша Анарбаев Еркін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Наурызбектің ата-анасы сот шешімімен келіспейді.  Медициналық сараптамалар Наурызбектің дене жарақаттары ауыр заттардан келгенін көрсетті. Ал куәгерлердің берген мәлімдемесі сараптамалардың нәтижесінен мүлде басқаша, яғни Еркін тергеу кезінде тек жұдырық жұмсағанын айтқан.  Рабиғаның айтуынша, бойы 1.90, салмағы 90 келі денелі жігіт Наурызбектің жалғыз Еркіннен соққы жеуі мүмкін емес. Оған топтық шабуыл жасалған деп отыр.

Тергеу тарапынан жіберілген қателіктер бұл ғанаемес. Наурызбектің достарының айтуынша, олар оқиға болғанға дейін дүкеннен Наурызбекке екі мәрте сыра  алғызып ішкен.  Бірақ медициналық сараптамада Наурызбектің спирттік ішімдік ішпегендігі анықталды және  қан құрамынан спирт табылмаған. Ал бұл нәрсені тергеу барысында ескермеді. Анасының айтуы бойынша, Наурызбек ішімдікке әуес жігіт емес-тін.

Достары Наурызбекті оқиға болған түні үйіне сүйреп әкеліп тұрып анасына баласының арақ ішіп, мас болғанын әрі сол жерде төбелес орыналғанын айтқан. Рабиғаның күйінетіні жәбірленушінің жағдайы ауыр бола тұра, жолдастары әрекетсіздік танытып, жігіттің халі туралы жасырып қалған. Ана байғұс солардың сөзіне сеніп, аурудың белгілері байқалмағандықтан, біраз тынығып алсын деп, таңертеңге дейін баласын мазаламаған. Ал әлгі жігіттер Наурызбектің жүруге мүмкіндігі жоқ екенін көре тұра, қасақана оған медициналық көмек көрсетпеген. Мұндай сұрақтар тергеу кезінде де өз шешімін таппады. Рабиға осы қарама-қайшылықтар негізінде жолдастарыныңда іске тікелей қатысты болуы мүмкін деп күдіктенеді. №52 сот медициналық сараптамасының қорытындысы бойынша жәбірленуші ауыр дене жарақаттарынан кейін дер кезінде медициналық көмек алған болса, оның тірі қалуы әбден мүмкін еді.

Бұдан байқайтынымыз, іске қадағалау жасаушы Әйтеке би аудандық соты да мұндай өрескел қателіктерге аса назар аудармай, мән-жайларды жіті тексермеген. Тергеу Әйтеке би аудандық ішкі істер бөлімі басшысы, майор Ербол Сүлейменовтің жетекшілігімен жүргізілген. Жоғарыда аталған деректер ескерілместен, іс сотқа өтіп кетті. Сол себепті қылмыскер ретінде Еркін Анарбаев қана жауапқа тартылған.

Көптілеуова Рабиға мемлекет басшысына және жоғарғы Сот төрағасына өз жанайқайын жеткізіп, арыз жазды. Ендігі бар үміті Президентке жолдаған хатында (18.06.2020 күні жолдаған):

Құрметті Президент! Осы көрсетілген тергеу тарапынан жіберілген заңсыздықтар бойынша тиісті құзырлы органдарға тапсырма беріп, оны өзіңіздің бақылауыңызға алып, іс бойынша әділдікті анықтауға көмек көрсетуіңізді сұраймын.”

Арыз беруші  Көптілеуова Рабиға бұған дейін 2019 жылдың қазан айында және 2020 жылдың ақпан айында  ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның қабылдауында 2 рет болған. Президент әкімшілігіне де хабарласып, қазіргі таңда жауап күтуде. Аталған органдар елдегі карантин жағдайына байланысты істі қарауды кейінге қалдырып жатқанын айтты.

Байниязов Наурызбек оқуын үздік аяқтап, экономист менеджер мамандығын алып шыққан. Жақсы қызметте болған. Өз ортасына сыйлы жігіт. Ата-анасымен сұхбаттаса отырып, олардың қазіргі ауыр халіне қанық болдық. Қаза болған жылдың күз айында Наурызбектің үйлену тойына дайындалып отырған екен. Бірақ сол оқиғадан кейін екі жылдан бері ішкені ірің, жегені желім болған әке-шеше жоғарыдан қашан хабар келеді деп елеңдеп отыр. “Өздеріңізден күтер үмітіміз мол” деп Наурызбектің әкесі өз сөзін аяқтады. Жүректі елжіретер әке сөзі бізді де бей-жай қалдырмады. Қайғы жұтқан ата-анаға көңіл айта отырып, арызды Ақтөбе облысының әділет департаменті, Ақтөбе облысының прокуратурасы, Ақтөбе облысының әкімінің назарына ұсынамыз.

Аяулым ӘБІЛДА,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер