Қазір Ресей екі иінінен дем алып тұр. Губернатор Фургалдан басталған толқу қазір Владивостокқа да жетті. Мәскеу мен Санкт-Петербург те қазандай қайнап, қақпақтың ашылуын күтуде. Хабаровскіде бүгін басшыларын қолдап алаңға шыққан халықтың саны үш жүз мыңға таяу деген ақпарат тарауда. Ресми билік 50 мыңдай адам шықты дейді. Бұл оқиғалардың бәрі Ресейді қай қиырға бастауда? Талай бұлғақ пен сырғақты көрген Кремль қандай амал-айла қолданады? Путин режимінің соңы емес пе деген көптің көкейіндегі сауалдарға жауап іздеген едік.
- Ресейдегі биылғы митингілер Путин режимін төңкере ала ма?
- Путин түсіп кеткен рейтингісін көтеру үшін айналасындағы елдерге басып кіре ме?
- Беларусьтегі толқуларды Кремль ұйымдастырды дейді. Қаншалықты рас?
Қуаныш Еділхантегі, белсенді Фейсбук қолданушысы:
1. Ресейдегі биылғы митингілер Путин режимін төңкере алмайды деп ойлаймын. Өйткені Хабаровскідегі толқулар әлі күнге дейін жалғасып жатқанмен де оны басқа қалалар тарапынан қолдаулар аз. Барлығы да әліптің артын бағып отырғандай. Ал мұндай жаппай қолдау болмаған жерде бір ғана қаладағы бас көтеруді басып тастау биліктің қолынан келеді.
2. Путин түсіп кеткен рейтингісін көтеру үшін айналасындағы елдерге басып кіре алмайды деп ойлаймын. Өйткені оған біраз ресурс керек, ал Ресей онсыз да бірнеше майданда соғыс жүргізіп жатыр. Меніңше ол алдымен Донбасстағы гибридтік соғысын жалғастыра береді. Жақында армян-әзірбайжан жанжалы басталды, бұл да аз ресурсты талап етпейді, ал ол жанжалдың артында Ресей тұрғаны кәміл. Бұл жерде Путин шамасы Ердоғанға қысым көрсеткісі келді деген ойдамын және ол қысқа мерзімді ғана жанжал болады деп есептеді. Бірақ соғыс созыла берсе бұл Путинге тиімсіз болып шығады. Қазақстан жағдайында шекараға әскерлерін шоғырландыру, оқу-жаттығулар ұйымдастыру, т.с.с. бопсалаулар болуы әбден мүмкін, бірақ ашық соғыс қимылдарына бара қоймас.
3. Беларусьтегі толқулар, меніңше, беларусь халқының өз ісі, оған Путин араласты деген әңгіме қисынсыз сияқты. Ол әңгімені Лукашенконың өзі таратуы мүмкін, өйткені еліне сүйкімсіз болып көріну кімге ұнайды дейсіз. Ал шындығында ол қаншама жылдар бойы билік басынан кетпей өз еліне өте сүйкімсіз басшы атанғаны өтірік емес.
Серік Елікбай, сарапшы-журналист
1. Митингілер шеруі - Путин режимін ғана құлатып қоймайды, азамат соғысының басы болады!
Путин бұған дейін Краснояр губернаторы Лебедті, Алтай губернаторы Евдокимовті өлтіріп жіберген.
Енді Фургалды соттауға шамасы жоқ!
Аяқ астынан ЛДПР "дәмеленіп" қалды...
2. Путин еш елге басып кіре алмайды.
Оған моральдік, материалдық Қоры жоқ!
3. Путин режимі бар "халық таңдауына" қарсы.
Ол айлас та мұңдас Беларус,Қазақстанның әміршіл жүйесінің сақталуына мүдделі.
Беларустағы дүмпуден Путин ада.
Асхат Қасенғали, саясаттанушы
1. Путин режимін қазіргі таңда болып жатқан митингілер құлатады я шайқайды дегенге өз басым сенбеймін. Неге? Өйткені бұдан ірі толқуларды Мәскеудің қақ төрінде Навальный бірнеше мәрте жасады. Соның өзінде былқ етпеген режим, қазір шайқала қоймас. Путин өз тағын нықтап, Конституциямен белгілеп алды. 1-шілде Ресей тарихын жаңа кезеңге бастады. Енді жау кеткен соң қылышыңды боққа шаптың кесірін жасап отырған ресейлік кей топтардың талпынысы нәтиже бермейді. Ал Қиыр Шығыстаға толқулар о баста Конституциялық реформаға емес, губернатор Фургалдың тұтқындалуына байланысты басталды. Яғни астарында олигархтық-кландық қақтығыстар жатыр. Сондықтан олда Путинді шайқалта алмайды. Путин қазір өз тағында өте нық отыр деп санаймын.
2. Ресей президентінің рейтингі соңғы уақытта қатты түсіп кетті. Әсіресе коронавирусқа байланысты қабылдаған шешімдер мен халықтың оған наразылығы байқалады. Бірнеше айға әлеуметтік қамсыздандыру бойынша бағдарламалар жасақтағанымен, елдің сатып алу әлеуеті төмендеген. Қызмет көрсету мен сауда-саттық төмендеген. Ал бұл салада Ресей халқының басым бөлігі нан табады. Сөзсіз пандемиядан Ресей экономикасы құлдырап, әлсіреп шығады. Кез келген ел сияқты біраз көрсеткіш артқа кетеді. Яғни өз кезегінде биліктің рейтингі тағы түседі. 2014 жылы құлаған рейтингін Қырыммен көтерген Путин, "бұл жолы тағы басқыншылыққа баруы мүмкін ба" деген сұраққа жауап беру өте қиын. Бірақ Белоруссия мен Ресей арасы тым ушығып кетуіне байланысты, белглі бір дәрежеде авантюристік әрекетке тәуекел жасауы да ғажап емес.
Рүстем Әшетаев, журналист, қоғамдық белсенді
1. Ресейдегі митингілер Путин режимін төңкере алмайды. Өйткені, мемлекеттік төңкеріс жасайтын кез-келген қозғалыс, тек қана сол мемлекеттің астанасында болғанда ғана орын алуы мүмкін.
Мұндай құбылыстар Қытайдың Гонконгінде де, Испанияның Католониясындада, тіпті Британияныңда аймақтарында орын алып жатқанын көреміз. Олардың мемлекетті төңкеруге қауқары болмайды. Өйткені, олардың митингілерінің мақсаты билікті құлату емес. Тек белгілі бір жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерін өз қолдарына алу. Ал, ондай әрекеттер сол елдердің мемлекеттік тұтастығына қаншалықты қауіп тудыратындығы бағаланып, тіпті әскер қолданылуыда мүмкін.
Сепаратизім қауіпі төнген жағдайда, Ресей үкіметі әскер қолдануыда мүмкін деп ойлаймын. Қанша күннен бері ресейдің шығысындағы митингілер жалпы ұлттық сипат ала алмады. Демек, ендігі жерде ол тек белгілі бір аймақтық дүмпу болып қалады. Оның режимге қауіпі бола қоймайды. Кезінде Аман Тулеевтің отставкасын талап еткен аймақтық митингілердің, бұл жолы кері сипаттағысын ғана көріп тұрмыз.
Бұл жерде бар мәселе, сыртқы күштердің осы аймақтық дүмпуді басқа аймақтарғада транспортация жасай аладыма деген сұрақтың айналасында қаралғаны дұрыс. Бұл жерден әзірге сыртқы күштердің қатынасы байқалмай тұрғандықтан, ресей үкіметі ендігі жерде ондай мүмкіндік бере қояды деп ойламаймын. Кез-келген мем.төңкеріс тек сыртқы күштердің араласуымен ғана болатынын ескеруіміз керек.
2. Путин рейтингісін көтеруге мұндай қадамның ешқандайда пайдасы болмайды. Оны үкімет басындағыларыда түсінеді. Қазір тек экономикалық реформалар жасау арқылы рейтингісін көтере алады деп ойлаймын. Көрші елдерімен мұндай қадамға бару, өздерінің абыройына нұсқан боларын біледі. Әрі, мұндай қадамды өз халқыда қолдай қояды деп ойламаймын.
Егерде, көрші елдерінің белгілі бір ұстанған бағыттары мен шешімдері ресей мемлекетіне қауіп төндіретін деңгейге көтеріле бастаса, сол кезде ғана сол мемлекеттерде сепаратистік ошақтарды ашып, солардың қолымен өздеріне төнген қауіпті азайтуға тырысады деп ойлаймын.
Тікелей әскерімен басып кірмей, сепаратистік топтарды қолдау және "гибридтік соғыс" бағытын ұстанады деп ойлаймын.
3. Бұл әбден мүмкін.
Әкі саясаткер Лукашенко Мәскеуді өзінің дегеніне көндіргісі келіп, соңғы кезде қатқылдау мәлімдемелерде жасап келгені белгілі. Батька бірақ біледі түбінде ресейден алыстай алмайтынын. Белбасының кейбір "бұлқан-талқан" қатқыл мәлімдемелеріне қарап, ресеймен "ат жалын кескісі" келіп жүр деп ойлау қателік. Бұл жерде тек мүдделер текетіресі деп қарауымыз керек. Мұны Белбасыда Мәскеуде біледі. Америка мұнайына да есік ашуы --- ресейді өзімен тең дәрежеде сөйлесуге мәжбүрлейтін құрал ретінде пайдаланғысы келген әрекет деп ойлаймын. Оны Мәскеуде түсініп отыр. Беларуссия өнімдерінің 80%-ға жуық тұтынушысы ресей болғандықтан, Белбасы өзінің ресей алдында экономикалық тәуелділігін сезінеді.
Ал митингілеріне келсем, ресейдің Белбасыға қыр қөрсетуі болуыда мүмкін. Немесе, ресеймен беларуссия арасына сына қағуды көздеген үшінші тараптың әрекеті болуыда мүмкін. Бұл жерде дөп басып айту қиын. Бірақ, желдің қайдан соғып жатқандығын Белбасы толық біліп отыр деп ойлаймын. Оны біздер бұдан кейінгі жасайтын қадамдарына қарап бағамдай аламыз. Әзірге ешкім дөп басып айта алмайды.
Оңғар Қабден,
"Адырна" ұлттық порталы