Қазақтың қазіргі сауатсыз үкіметін – екі апта емес, екі сағат билікте қалдырауға болмайды!

6451
Adyrna.kz Telegram

Ел басшысы, қатерлі індеттің құрбандарына Аза күнін жариялағаннан кейін үкіметпен қашықтан шұғыл жиылыс өткізді. Қапаланып-қайғырды да, ұрсып-жекіді де, ескерту-сөгістер де жариялады. Ақырында, үмітсіз үкіметке тағы екі апта мұрсат берді...

Меніңше, былтырғы Арыс азабы мен биылғы Мақтарал сергелдеңін айтпағанда, алты айдан астам уақытта қытайдың қара індетіне қарсы жұмылуға қауқары жетпеген үкіметті дереу (ертең емес, бүгін...) таратып жіберіп, құқық қорғау орындары пандемияға бөлінген қыруар қаржыны мұқият тергеп-тексеруге кірісуі керек.

Әлемдік індетке миллардтаған қаржылар бөлінсе де, дәрі-дәрмектер тапшылығын қолдан жасаған (дәрі сататын компаниялардың қоймасында сұраныстағы дәрі-дәрмектер лықа толып тұрған), ауруханаларда орын әзірлемеген (ауыр сырқаттарды қабылдамаған), тыныс алу апараттарын алдын-ала сатып алуды ұйымдастырмаған басшылырдың түгелі (үкімет мүшелерінен бастап) қызметтерінен босап, қылмыстық жауапқа тартылуы керек.

Қазақтың қазіргі сауатсыз үкіметін – екі апта емес, екі сағат билікте қалдырауға болмайды!

Ел билігіне өткір мінезді, жанашыр жауапкершілікті, шұғыл шешімді, таным-тәжірибесі толыққанды жігіттер келсін! Бүгінде тәжірибе жинап, тәлім тәмсілдеп жататын уақыт жоқ: әрбір сағат, әр күн – аса қымбат!

  1. Қазақ Үкіметінінің тізгінін – өте өжет әрі ауқымды әрекеттің адамы – Иманғали Нұрғалиұлы ТАСМАҒАМБЕТОВтың қолына беру керек.
  2. Қаржы министрілігін – әлемдік қос дағдарыс кезеңдерінде екі мәрте үкіметбасы болған – Кәрім Қажымханұлы МӘСІМОВке сеніп тапсырсақ!
  3. Денсаулық министрлігін – әлеуметтік саланың майталман маманы, бірнеше ірі аймақтарды үлгілі істерімен өркендеткен – Қырымбек Елеуұлы КӨШЕРБАЕВ басқарса!

Атқарушы билік тез етек-жеңін жинап, жұмыла жұмыс істеуі үшін – К.МӘСІМОВ пен Қ.КӨШЕРБАЕВқа – Премьер-министрдің Бірінші орынбасары лауазымдары қосымша қуатты құзыреттерімен күшейтіліп берілсе!

Бәлкім, осындай оңды өзгеріс пен батыл бетбұрыстың арқасында жазықсыз қазағымызды қанды қырғынан арашалап қалармыз! Ал, әзірге орыс пен қытай дәрігерлері (тыңшылары десе те болар) Қазақ Еліне «көмекке» жіберіліп, еліміз бен ұлтымызға қауіп төніп тұр...

 

Мыңжан BAIZHANIN,

қоғам қайраткері

Пікірлер