Карантин кезінде кітап шығару адам жанынан артық бола қоймас

3421
Adyrna.kz Telegram

Елорда күнін де атап өттік. Елдегі пандемия жағдайына қарамастан айтулы мерекені жылдағыдай дүрілдетіп өткіздік. Оған дәлел Нұр-Сұлтан қаласында бой көтерген елбасының ескерткіші. Бір тәуліктің ішінде бұл шараға халық өз наразылығын білдіріп те үлгерді. Пост та жазылды, өлең де арналды.

Біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Тағы бір жаңалықпен бөлісуге асықпыз яки “мәжбүрміз”. «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Нұрсұлтан Назарбаев Қорымен бірлесіп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың мерейтойына орай «Заманауи қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуы (алғашқы қолдан)» кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кітапта Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының егемен Қазақстанның заманауи мемлекеттілігін бекіту мен нығайтудағы рөлі ашылған. Басылымда Елбасының басшылығымен елдің қалыптасу және даму процесі, мемлекеттік басқару институттарын құру мен жаңғырту кезеңдері айтылған. Қазақстан Республикасы Конституциясы негізінде қазақстандық қоғамның жаңғыртылуы жан-жақты қамтылған.

Кітаптың онлайн таныстырылымы салтанатына ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Ж.Асанов, ҚР Әділет министрі М.Бекетаев, ҚР Конституциялық кеңес мүшесі Ү.Шапақ, АХҚО Басқарушысы Қ.Келімбетов және Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары И.Рогов қатысты.

Кітаптың ерекшелігі – оны құрастыруға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жасалған реформалар мен өзгерістерге тікелей қатысқан мемлекеттік және қоғам қайраткерлері атсалысты.

Шараға  одан бөлек Латвия Конституциялық сотының төрағасы И. Зиемеле, АХҚО ХТО Төрағасы Б.Доманн, АХҚО Академиялық кеңесінің мүшесі Әбдірайымов Б.Ж. және Ғылым академиясының тілтану мамандығы бойынша академигі Ш.Құрманбайұлы қатысты.

Экономикалық ахуал ақсап тұрған кезеңде мұндай мәдени шараларды жүргізу ақтала ма?  Елдегі кризистік жағдайда мемлекет тарапынан кітап басып шығару ісі тиімді бола ма, жоқ па, ол жағын бағамдауды оқырманның өз еркіне қалдырдық. Бәлкім, пандемия деп алдағы жоспарларды ығыстырған да дұрыс емес шығар? Бастысы, биліктің де, халықтың да көзі тура болғай!

 

 

Аяулым ӘБІЛДА,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

 

Пікірлер