Бүгін Путин «Ресей Федерациясының Конституциясына өзгерістер туралы» заңға қол қойды. Бұл Ресей үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін назар аударатын және алаңдатарлық құжат болғалы тұр.
Біз Орта Азия республикалары басшыларының 20-30 жылдан бері тақты отырып, оны ешкімге бермей келе жатқанын білеміз. Енді бұл империялық пиғылын қашан да бірінші орынға қоятын Путинге де қатысты болайын деп тұр. Сол үшін елдің Конституциясын өзгертті, өз дегенін істеді. Сонымен...
Бүгінннен бастап, «путиндік» Констуция күшіне енді. Енді Ресей президенті күшіне мінеді, алдағы уақытта империялық пиғылын жүзеге асыра бастауы да мүмкін. Неге? Оның қандай себептері бар?
- Оның өкілеттілігі 2024 жылы аяқталады. Содан соң қайтадан президенттік сайлауға түседі.
- Егер аман болса, қандай да бір аяқасты оқиғалар орын алып қалмаса, 2030 жылы өтетін президенттік додаға тағы да қатысады.
- Сөйтіп, КСРО-ның мирасқоры ретінде қалған Ресей құлаған Кеңес Одағының саясатын қайтадан көксейді.
- Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғында қолдан қуыршақ социалистік мемлекеттер құрып, жарты Еуропаны әскери қуатымен уысында ұстаған кеңестік Мәскеу қазір де өткен тарихына аса империялық мақтанышпен қарауға құштар.
- Демек, Владимир Путиннің бар арманы – Ресейдің әскери әлеуетін күшейту арқылы жарты әлемге әмірін жүргізу. Бірақ қаншалықты жүзеге асады, бұл басқа мәселе.
- Сол үшін өз саясатына ыңғайлап, елдің Конституциясын өзгертті. Бұл өзгерістің басында астыртын және ашық империялық пиғыл жатыр. Басқа ешнәрсе емес.
- Жалпы КСРО-ның мемлекеттік тарихын алып қарасақ, өмір сүрген 70 жылдың ішінде елді негізінен ең ұзақ мерзімде екі-ақ адам басқарған. Олар – Сталин мен Брежнев. Путиннің «ресейлік арманы» да осы.
- Демек, Владимир Путин дәл қазір КСРО-ның мирасқор елі ретінде осы үрдісті тұрақты түрде жалғастыруға аса ынтық. Бүгінгі жасалынып жатқан әрекеттер мұны толыққанды дәлелдеп отыр.
- 68 жастағы Путин әлі күшінде. Демек, ол өле-өлгенше Ресейді басқарады және орынтақтан айрылып қалмауға тырысады.
- Сонау Таяу Шығыс елдерінде, тіпті қашық жатқан Сирияда, Венесуэлада позициясын айқын білдірген Ресей енді геосаяси мүддесін әлемде ашық көрсетуге ұмтылады.
- Ресей, жалпы Путин үшін алдағы уақытта Дональд Трамптың екінші мерзімге президенттікке сайланғаны керек. Өйткені «қарт құрлық» ЕуроОдақ елдері Трапмтың саясатын құптамай отыр. Араға жік салған осы саясатты Путин барынша пайдаланып қалуға тырысады.
- ТМД аумағын қарастырсақ, әр мемлекетте Ресейдің геосаяси мүдде үшін қолдан жасалынған «ыстық нүктелері» бар. Молдовада-Приднестровье, Грузияда - Абхазия мен Оңтүстік Осетия, Әзербайжанда- Таулы Қарабақ, Украинада –Луганск мен Донецк және Қырым. Кейбір сарапшылар алдағы уақытта бұған Қазақстан қосылуы мүмкін екендігін де айтады. Құдай бетін ары қылсын, бірақ Ресей мен Қазақстан арасында «Мәңгілік достық туралы» шарт бар және екі ел арасында шешімін таппаған шекаралық мәселе жоқ. Барлық құжаттар екі жақты мақұлданып, бекітілген және мойындалған. Бұл жағынан Қазақстан ұтты десек те, Путин мемлекет басында тұрғанда оған еш сенім жоқ. Ресей президентінің жақында «Кеңес одағынан бөлініп шыққан республикаларға кейбір территория сыйға кетті» деуі де бекер емес
- Демек алдағы уақытта Путин мемлекет басында тұрғанда ТМД аумағында кейбір елдер үшін территориялық тұтастыққа сызат түсуі әбден мүмкін.
- Украина оқиғасынан кейін Ресейге әлем қанша санкция салғанымен, ресми Мәскеу айылын жимады. Елдің экономикасы мен халықтың тұрмысы ауыр жағдайда қалса да, Ресей өз мүддесі үшін халықаралық қауымдастықтың пікірі мен қысымын шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. Қазір де пандемия мен мұнай бағасының құлдырап, экономика нашарлап, жағдай оңып тұрмаса да, Путин Конституцияға өзгеріс енгізді. Басқалай айтқанда, Путин мен оның маңайындағылар осы сәтте мүмкіндікті өз ыңғайына қарай пайдаланып кетті.
- Путин кімге сенеді? Ресейде тұратын 145 миллион халыққа ма? Жоқ! Ол Ресейдің әскери күшіне ғана сеніп отыр және барған сайын әскери салаға бөлінетін қаржыны арттырып келеді.
- Бұдан шығатын қорытынды: елдегі саяси элита мен электорат «келесі президент кім болуы мүмкін?» деп алдағы уақытта бас қатырмайды. Путин басқару институттарына өкілеттіліктерді бөліп берудің орнына енді оларды өзіне тәуелді және кіріптар етеді.
- Сөйтіп, Владимир Путин Конституциядағы өзгерістерге сай елдегі билігін бұрынғыдан да өлшеусіз тұрғыда күшейте түседі.
Еркін Қалдан, «Адырна» ұлттық порталы