Ұлт көшбасшысының ұлы парасаты

6924
Adyrna.kz Telegram

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару идеясы туралы толғаныс

Ұлтымыздан шыққан көрнекті қоғам қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедұлы «Өз жұртына жұмыс істеп, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі» деген еді. Сондықтан өз ұлты үшін қызмет еткен басшылардың еңбегін, ерлігін, ізгі істерін бағалау, насихаттау бізге үлкен парыз. Мені осылай ойландырған, толғандырған Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел басқарудағы орасан зор еңбегі еді.

Қара жердің қабырғасын қайыстырып алыс сапарға жол тартқан өмір керуенінің көшінде ғұмыр кешкен жұмыр басты пенделердің тағдыры алуан түрлі. Біреулер бес-ақ күндік жалғанды жалпағынан басып, арыстандай ақырып, астындағы алтын тағына мәз болып, бақ пен дәулет, мансабының буына семіріп, тірлігінде аз ғана уақыт дүрілдеткенімен уақыт атты әділ сынның өткелінен өте алмай, жел айдаған қаңбақтай ел есінен әлдеқашан ұмытылып, ескерусіз қала береді. Уақыт – әділ таразы, уақыт – әділ сыншы. Өз есімін алтын әріппен тарих бетіне жазғысы келетіндердің қаншасы қатаң уақыт сынағында қажалып, арманының асқар тауы шағылып, салындысы суға кетті десеңізші?! Міне, бұл арзан атақ, құрғақ даңққа бой ұрған өзімшіл пенделердің тағдыры.

«Таза алтынды мәңгі дат шалмайды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» деген дана халқымыздың сөзінде терең мән жатыр. Табиғат та бұл өмірге дара таланттарды үйіп-төгіп сыйлай бермейді, некен-саяқ береді. Нағыз ұлт ардагерінің қайсар рухы терең ақыл-парасатымен, халыққа деген адал еңбегімен, адамдық кемелдігімен, кемеңгерлік қасиетімен ұштасып жатады.Міне сондай ұлты үшін қызмет еткен, күллі дүниеге аты танылған кемеңгер тұлғаның бірі – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев деп айтсақ артық болмас.

Ел басқару өнері – кез келген адамның қолынан келе бермейтін, аса үлкен ақыл-парасатты қажет ететін өнер. Ежелгі Грекияның әйгілі ойшылы Демокрит «Мемлекет басқару өнері – өнер атаулының төресі» деп тектен-тек айтпаған. Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қара ормандай қалың халықтың сеніп тапсыруымен Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті болып сайланды. Ол осындай аумалы-төкпелі жылдарда жүректілікпен ел тізгінін қолына алды. Содан отыз жылға жуық уақыт қазақ елінің көркеюі мен гүлденуі үшін орасан зор еңбек сіңірді. Нақтылап айтсақ, Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан елін күллі дүниеге танытып мойындатты. Ол жаңа тәуелсіздік алған жас мемлекетті қайта құрып, халықты бақытты тұрмыс кешіруге нұрлы жол салды.

Халқымыздың танымында «Әр адамның өз жұлдызы болады», «Қазақ жұлдыз санамайды, аққан жұлдызға қарамайды» деген сияқты ырымдары мен тыйымдары көп. Сол танымға байланысты қазақтар жұлдызды киелі санаған. Нұрсұлтан Назарбаев та солай дүниеге жұлдызы жоғары келген  адам. Халқымыздың аспан әлеміне, жер-суға, ата-баба аруағына сыйыну үрдісі қазірге дейін жалғасып келеді. Қазақ бата бергенде «Айың оңыңнан тусын» деп тілек жасайды. Нұрсұлтан Назарбаев осындай айы оңынан туған адам. Елбасы: «Жасырмаймын. Мен де Райымбек сияқты әулие бабалардың шапағаты шалған адамдардың бірімін. Әкем мен шешем үй болғаннан он жыл бала көрмепті. Бір шикіөкпеге зар болып жүргенде ауыл адамдарының бірі Райымбек батырдың зиратына барып түнеуге кеңес беріпті. Құдайдан шын тілесең, саған әулиелер аян беруге тиіс депті анамызға. Екеуі зират басына түнеп шығады. Шешем түс көреді. Түсінде терең судың түбінен мылтық тауып алады. Осыны жақсылыққа жорып, екеуі риза болып қайтыпты. Содан кейін дүниеге Мен келдім» («Райымбек». Астана, «Елорда». - 2005 ж.) деп өзінің дүниеге қалай келгендігінен сыр шертеді.

Биыл Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 29 жылдығы және Елбасы, ұлт көшбасшысы  Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жасқа толған жылы. Қазақстан елінің отыз жылға жуық қол жеткізген табысы мен дамуын Н.Назарбаевтың еңбегінен бөле-жара қарауға болмайды. Осыған орай мен ұлы саясаткер, заманымыздың озық ойшылы, әлемдік деңгейдегі қоғам қайраткері, ұлт көсемі Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару идеясының кемелдігі мен тереңдігі туралы сөз қозғауды жөн көрдім.

 

1.Н.Назарбаевтың отаншылдық идеясы.

Қазақ халқының «Отан отбасынан басталады», «Туған жерге туыңды тік» деген керемет сөздері бар. Н.Назарбаев өз отанын, өз халқын шынайы адал жүрегімен сүйе білді. Ол шетелдегі 40-қа тарта мемлекетте тарыдай шашылып жүрген қандас ағайындарға: «...Шетелдегі қазақтардың елге жиі келіп, туған жермен байланыстарын нығайтып отырғандары дұрыс. Қай елде тұрсаңыздар да әрдайым Қазақстанды жүректеріңіздің төрінде ұстаңыздар. Қазақтың тарихи Отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан» деп, тарихи отанын ұмытпауға, оны құрмет тұтуға шақырды.

Мен Қытайда жүрген кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолы», «Бейбітшілік кіндігі», «Ғасырлар тоғысындағы Қазақстан», «Қазақстан-2030», «Қалың елім. Қазағым» сынды кітаптарын тебірене оқыған едім. Аталған кітаптар Қытайда ханзу, қазақ, ұйғыр тілдерінде баспадан шықты. Бұл кітаптар менің Елбасының еңбегін түсінуіме, оның отаншылдық идеясынан өнеге алуыма мүмкіндік берді. Н.Назарбаев өзі жазған кітаптары мен мақалаларында, сөйлеген сөздерінде шетелдегі қазақ халқының жанашыры бола білді әрі тарихи отанына оралуға насихат жасады. Оның нақты мысалы – «Нұрлы көш» атты дүние жүзі қазақтарын тарихи атамекеніне оралту бағдарламасы.

Елбасы дүние жүзі қазақтарының ІІ құрылтайында: «Келем дегендерге Қазақстанның жері кең, елі кең, жағдай бар, заң қабылданды. Құқтарың бар. Қандай жұмыс істеймін десең, қандай бизнеспен шұғылданам десең мүмкіндік бар. Келіңдер де, айналайын қазағым, күніңді көріп байыңдар» деген сөзі шетелдегі қандастарымыздың ет жүрегін елжіретіп жіберді. Қазақстан тәуелсіздік алған отыз жылға жуық уақыттан бері қазақтың «Нұрлы көші» әлі тоқтаусыз жалғасып келеді.

 

2.Нұрсұлтан Назарбаев – ұлт көшбасшысы әрі көреген саясаткер.  

Дүниеге аты әйгілі саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев сонау 1970 жылдың соңынан бастап ел басқару ісіне белсене атсалысты. Әсіресе, Қазақстанның отыз жылға таяу уақыттағы экономикасының дамуына тікелей өзі жетекшілік етті. Сонымен қатар, мемлекеттің өнеркәсіп, білім беру, ғылым мен техника, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, мәдениет, әдебиет, денсаулық, әскери істер, әлем елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнату сияқты маңызды салаларының дамып, өркендеуін Н.Назарбаевтың еңбегінен бөле-жара қарауға болмайды. Мен тәуелсіздік алғанына отыз жылға жуықтаған   Қазақстан сынды жас мемлекетте Н.Назарбаевтың ел басқарудағы кемеңгер идеясын зерттеу мен танудың маңызы өте зор деп санаймын.

Қытай қазағынан шыққан әйгілі ғалым, жазушы Сұлтан Жанболатов: «Әлмисақтан бері кез келген жан патша, тәңірқұт, хан, бек, ұлық, т.б. бола бермейтін сықылды. Бүгінде көп санды адам басшы бола кетпейді. Жоғары билік басына шыққандардың арғы тегіне ғана емес, өсіп-жетілуі, сіңірген еңбегі, көрген-білгені, жан дүниесі, ой-өрісі, аңсаған арманы сықылдыларын ол биікке барып көрмеген біздікімен ұп-ұқсас десек қатты қателесер едік» деп дұрыс айтқан. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев жеткен биікке қазақтан әлі ешкім жеткен жоқ. Сондықтан Қазақстаннан шыққан үлкенді-кішілі басшылар Назарбаевтың ел басқару өнерінен үлгі-өнеге алуы қажет дер едім.

Елбасы Н.Назарбаев туралы әлемдік тұлғалардан Маргарет Тэтчер, Ли Куан Ю, Си Цзиньпин, т.б. саясаткерлер жоғары бағаларын берді. Солардың бірі ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2019 жылы сәуір айының 28-і күні Н.Назарбаевпен кездескенде: «Н.Назарбаев мырза Қазақстанның мемлекет құрушы елбасы және ұлт көсемі. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігіне және дамуына, Қазақстан ұлттарына өшпес еңбек сіңіріп, өнеге көрсетті. ҚХР мен Қазақстанның арасында өзара стратегиялық серіктестік орнатуға тарихи үлес қосты. Біз мұны жоғары бағалаймыз» деп, Н.Назарбаевқа Қытай Халық Республикасының «Достық» орденін тапсырды.

Н.Назарбаев бір мемлекеттің ең жоғары дәрежелі басшысы бола тұра туған халқының салт-дәстүрінен аттамады. Қайта оны жаңғыртып, өзінің ел басқару идеясына сіңіріп отырды. Қазақ салт-дәстүрі ханға да, қараға да ортақ. Қазақтың ешбір баласына салт-дәстүрден аттауға рұқсат етілмейді. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқан мына аңыз-әңгімесі куә: «Баяғыда тасы өрге домалап тұрған бір хан жанына нөкерлерін ертіп, аң аңлауға шығады. Орман кезіп, қыр асып келе жатса алдынан екі көзі ботадай мөлдіреген, сауыры жез құмандай жалт-жұлт еткен сұлу киік қаша жөнеліпті. Хан садақтан оқ атып киіктің артқы аяғын жаралайды. Бір жағы құлама жар, екінші бүйірден хан нөкерлері қиқу салып қыспаққа алғанда жаны қысылған бейшара киік жандалбасамен сонадайдан көз тартқан ақбоз үйдің ашық тұрған есігінен ішке қойып кетіпті. Үй иелері түскі тамақ ішіп отыр екен. Есіктен енген киік жаюлы дастарқаннан бір-ақ қарғып, төрдегі керегеге тұмсығын тіреп, солығын баса алмай тұрып қалыпты.

- Шығар киікті! – деп дауыстайды хан ат үстінде тұрып төрде тамақ ішіп отырған қарияға. - Бұл тау тағысын түстік жерден қуалап келіп сенің үйіңде қолға түсіріп отырмын. Мұның менің олжам екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар.

- Сөзің орынды, хан ием. Киік сенің олжаң екені де рас. Бұл сорлы жаны қысылған сәтте менің төріме шығып кетті, ортада дастарқан жаюлы жатқанын өзің көріп тұрсың. Ал ата салтымыз бойынша дастарқанды аттап өте алмайсың. Көздеріне қан толып, бір-біріне өлердей жауыққан екі адамды татуластырарда дастарқан басына алып келмеуші ме еді? Тіпті хан болсаң да дәстүрден үлкен емессің. Ал дәстүрді, қалыптасқан ата салтты бұзсаң қалың елдің табасына қаласың. Жолың болмайды, - депті. Хан аталы сөзден жеңіліп, ат басын кері бұрыпты».

Елбасы айтқан осы аңызды естіген әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов: «Кеудесіне парасат ұялаған аңыз екен. Ел басшысы өз елінің ата салтын, дәстүрі мен ибасын шын ділімен құрметтеу арқылы ғана үлкен кемеңгерлік биікке көтеріледі. Ал ғасырдан ғасыр өтіп, әбден сұрыпталған ұлт мәдениетін менсінбей, оған астамси қарағандар әрдайым елдің қарсылығына жолығып отырған» деп тебіренген екен. Міне, Н.Назарбаев осындай ұлттық салт-дәстүрді өзінің ел басқару идеясымен тоғыстыра білген ұлт көсемі әрі шебер саясаткер.

 

3.Нұрсұлтан Назарбаев – қазақ тарихында тұңғыш рет ұлттық ақшаны айналымға түсірген елбасы.

Ақша бір мемлекетттің халықаралық экономикалық қуаты мен беделіне өкілдік етеді. Бір мемлекеттің ақшасының бар-жоғына қарап оның халықаралық беделінің жоғары-төмендігін аңғаруға болады. Н.Назарбаев -  қазақ тарихында тұңғыш рет ұлттық валютаны шығарған басшы. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан екі жылдан кейін, яғни 1993 жылы 15 қарашада Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен теңге айналымға түсіп, мемлекеттің экономикалық қуатын дүниеге әйгіледі.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әртүрлі қаржылық ұйымдардың саны қауырт өсті. Экономиканың біртіндеп дамуына байланысты 1991 жылы еліміздегі банк реформасыныңбасталуына негіз болған «Қазақ КСР-дегі банктер және банк жұмысын жүргізу туралы» заң қабылданды. Осылайша Қазақстанда банк жүйесі қалыптасты. «Қазкоммерцбанк», «Халықбанк», «АТФ банк», «Нұрбанк», «Тұран-Әлембанк», «Каспибанк», т.б. банктер осының айқын мысалы.

 

  1. Елбасы Н.Назарбаев – дүниеге аты әйгілі дипломат.

«Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» дейді қазақ. Қазақстанның тұңғыш елбасы Н.Назарбаев аумалы-төкпелі халықаралық жағдайда Тәуелсіз Мемлекеттер достастығы (ТМД) елдерімен оңтайлы қарым-қатынас орнатуды мақсат етті. Бұл мемлекеттің сыртқы саясатындағы негізгі бағыттары болды. 1991 жылдың соңында Қазақстанды 108 мемлекет таныды, 70 мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнады. Елбасы өзінің көреген дипломатиялық идеясының жетекшілігімен шетелдермен барыс-келісті тіпті жақсартып, күллі дүние елдеріне нұрлы жол салды. Міне, осылай құлшыныс жасаудың арқасында бүгінгі таңда Қазақстан БҰҰ-ның 16 ұйымы мен бағдарламаларының, сонымен қатар басқа да халықаралық ұйымдардың мүшесі немесе қатысушысы болып отыр. Олардың ішінде: Азиялық даму банкі, ЕҚЫҰ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және басқалар бар.

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Орталық Азияда ғана емес, Еуразия аумағында да маңызды роль атқарды. Қазақстан мемлекеті Қытай Халық Республикасымен 1992 жылы 3 қаңтардан бастап дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қазір ҚХР Қазақстанның сауда серіктестері ішінде бірінші орында тұр. Елбасы осылайша әлемдегі 139  мемлекетпен арадағы достық қарым-қатынасты жақсартты. Өзінің «Нұрлы жол» атты бағдарламасын ұсынып, Қазақстан экономикасының дамуына алтын қанат бітірді.

 

5.Елбасы Н.Назарбаев – қала өркениетін жалғаушы. 

Тарих керуені талай-талай жойқын соғыстарды, қан кешкен дәуірлерді бастан кешірсе де, адамзат баласы жаратқан шұғылалы мәдениеттің ізін өшіре алмады, қайта уақыттың өтуімен адамзат баласы жаратқан асыл өркениет үздіксіз өркендеп дамыды.

«Өркениет – қалалық мәдениет» (Страбон). Өркениеті болмаған халықта қала мәдениеті дамымайды, сондықтан қала тарихы – халық тарихының асыл жауһары болып табылады. Елбасы Н.Назарбаевтың астананы көшіру туралы саяси шешім қабылдауы Қазақстан тарихында ұлы бұрылыс жасады. Осы еңбегінің нәтижесінде күллі дүние таң қалған жаңа қала, көрікті астана – Нұр-Сұлтан қаласы бой көтерді. 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп әлемге жариялап, келесі жылы 10 маусымда тұсаукесер тойы өтті. Қазақстан мемлекетінде Нұр-Сұлтан қаласының бой көтеруі қара ормандай қалың халықтың арманы мен үміті еді. Міне, бұл Н.Назарбаевтың ұзақты болжайтын саясаткер, қазақ елінің тарихи  қала өркениетін жалғаушы, асқан ойшыл екенін дәлелдейді.

 

 

 6.Елбасы Н.Назарбаев әлемге танылған үздік реформашы.   

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік міндетін атқаруға кіріскеннен кейін Қазақстанда өмір сүріп жатқан 130-дан астам ұлт пен этникалық топтардың тұрмысын жақсартып, әл-ауқатын арттыру үшін қыруар реформалар жүргізіп, кемелді жоба-жоспарлар жасады, құнды бағдарламалар ұсынды. Мысалы, «Қазақстан-2030», «Еліміздің жаңа  ғасырдағы тұрақтылығы мен қауіпсіздігі», «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңғыру жолында», «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан», «Дағдарыстан жаңару мен дамуға», «Қазақстан-2050», «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ», «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол», т.б. жиырмадан астам жолдауы Елбасы Н.Назарбаевтың үздік реформашы екенін дәлелдейді. Әсіресе, оның «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы ұзақ мерзімдік болашақты болжаған тарихи дәуірлік сипатқа ие. Осы еңбегінде Елбасы «Мәңгілік ел – бұл біздің жалпықазақстандық ортақ үйіміздің ұлттық идеясы, біздің бабаларымыздың арманы» деген керемет сөзін айтқан еді.

Елбасы Н.Назарбаев еліміз тәуелсіздік алған отыз жылға таяу уақытта қайқайып өрге шапқан қаракердей топ жарып түрлі реформалар жасап, Қазақстанның атақ-даңқын аспандатқан үздік реформашы ретінде әлемге танылған тұлғаға айналды.

 

  1. Елбасы Н.Назарбаев – ұлт мәдениетінің жанашыры.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығында мемлекеттің экономикалық жағдайы біртіндеп оңалып, дағдарыс кезінде жабылып қалған мекемелер (кітапханалар, клубтар, мұражайлар, т.б.) қайтадан ашылып, халықтың тоқыраған мәдениеті жанданып, тың табыстарға қол жеткізді. Осындай мемлекетті қайта құру сияқты күрделі кезеңде мәдениетке қолдау көрсетіліп, ұлттық құндылықтарды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданып, тіл мәселесі құқықтық шешімін тапты. «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ал орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі» деп жарияланды. Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройын жоғарылатты. Тұңғыш Президент БҰҰ-ның мінберінде қазақ тілінде баяндама жасап, қазақ деген ел бар екенін әлемге жария етті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіз Қазақстанның әдебиет, музыка, театр, айтыс, кино, спорт секілді саналуан мәдениеті қарыштап дамыды. Соның ішінде ақындар айтысы ерекше жанданды. Абай мен Жамбылдың 150 жылдық мерейтойларында, Түркістан қаласының 1500 жылдығында, Тараз қаласының 2000 жылдығында және басқа да айтулы шараларда ақындар айтысы асқан салтанатпен өтті.

Қазақстанның кино өнері де өзіндік биікке көтерілді. Мысалы, «Отырардың күйреуі», «Батыр Баян», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Жамбылдың жастық шағы» қатарлы тарихи кинотуындылар көрермендердің қызу алқауына бөленді.

Елбасы Н.Назарбаев ұлы ақын Абай Құнанбайұлының халықаралық мерейтойында: «Біз бүгінгі тарихи кезеңде, адамзаттық қауымдастыққа енді танылып, сенімді ықпалдас, сертке берік серіктес ретінде алғаш рет бой көрсете бастаған кезімізде беделімізді асырып, рухани бедерімізді айқындай түсетін Абайдай беліміз барлығына шүкірлік етеміз. Сондай беліміздің атын аспандата ұлықтай алатын еліміз барлығына да шүкірлік етеміз. Құдайдың бізді бұндай күнге жеткізгеніне де тәуба дейміз. Сондай кезеңде өмір сүріп, сондай ел мен сондай қоғамға жан-тәнімізбен қызмет ету маңдайымызға жазылғанына да мың қайтара тәуба дейміз» деп тебірене сөйлеп ұлтымыздың ұлы тұлғасын ұлағаттаған еді.

Елбасы Н.Назарбаев қазақ халқынан шыққан тарихи тұлғалардың еңбегін бағалай білді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін аудан-ауылдарға, көшелерге аты әйгілі тұлғалардың атын беріп әспеттеді. Мысалы, Абылай хан, Төле би, Қабанбай батыр, Бөгенбай, Райымбек, Наурызбай және басқа тұлғалардың есімі ардақталды.

2003 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша тұңғыш рет халқымыздың мәдени мұрасын түгендеу жұмысы жүргізілді. «Мәдени мұра» бағдарламасы жолға қойылғаннан кейін қыруар тарихи-мәдени ескерткіш қалпына келтіріліп, ғылыми жұмыстар жүргізілді, жазбаша және ауызша таралған ұлттық әдебиет үлгілері жиналып, жүздеген том жинақтар баспадан шықты.

Елбасы 2017 жылдың 12 сәуірінде өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің нұрлы болашағы үшін атқаруға тиісті маңызды мәселелерді ортаға салды. Соның бірі – қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі еді. Латын әліпбиіне көшудің саяси, мәдени, әлеуметтік астарында ұзақ болашақты көздеген аса көреген саясат пен парасат жатыр. Елбасы Н.Назарбаев міне сондай ұлт мәдениетінің шынайы жанашыры.

Өз заманының озық ойлы ғұламаларының бірі Жүсіп Баласағұн: «Парасат қайда болса ұлылық сонда, Білім қайда болса биіктік сонда» деген керемет сөз айтқан екен. Н.Назарбаев осындай парасаты мен ұлылығы бір бойына тоғысқан ұлт көсемі. Қазақстан тәуелсіздік алғалы мемлекет тоқыраудан дамуға, саннан сапаға, аласадан биікке, әлсізден күштіге, балалықтан даналыққа қарай керуен тартты. Осылайша мемлекет көркейіп гүлденді. Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір-бірімен жарасымды береке-бірлікте өмір сүріп келеді. Сондықтан Қазақстанның бүгінгі жеткен табысы мен дамуы Н.Назарбаевтың сара саясатының жемісі деп айтуға әбден болады.

Орта Азияның беделді тарихшыларының бірі Наршахи: «Халқың қара нан жесе, сен де қара нан же, бал жесе, сен де бал же. Халқың қара нан жеп, өзің бал жеп отырсаң сенімнен айрыласың, адалдығыңа нұқсан келеді, биліктен ажырайсың» деген екен. Елбасыны Құдай халықтан ажыратпады. Халықпен тағдырлас, мұңдас, тыныстас болды. Тұңғыш Президент Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері жар құлағы жастыққа тимеді. Ыстығына күйді, суығына тоңды, мұз жастанып, қар төсеніп елі үшін аянбай еңбек етті.

Халқымыздың «Өзіңді өзің тану – даналықтың белгісі» деген кемеңгер сөзін ойымызда ұстап, бірін-бірі көре алмайтын күндестік пиғылдардан арылып, «алты бақан алауыз болудан» сақтанып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының жетекшілігінде Қазақстан тәуелсіздігінің нығаюы мен гүлденуіне атсалысайық, ағайын! Өйткені, Елбасының сөзімен айтқанда: «Қазақтың тарихи отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан».

Сан ғасыр қойнауындағы тарихты жаратушы да, таратушы да қара ормандай қасиетті халық. Тарих жолы қым-қуыт күрделі де алысқа керуен тартқан ұзақ жол. Тарихы жоқ халық дүниеде болған емес. Қай халықтың тарихы мен мәдениеті болсын, оның сан ғасырды бастан кешкен бұралаң да күрделі жолымен сабақтасып жатады. Әр дәуірдің ұзақ ғасырдағы керуен жолы тарих болып таңбаланып бізге жетіп отырған. Қазақ халқынан шыққан ғұламалардың бірі Төле би Әлібекұлының «Өсетін ел тарихын таспен жазады, өшетін ел тарихын жаспен жазады» деген сөзінде терең мән жатыр.

Қазақ халқы қилы-қилы зар заманды, тар жол, тайғақ кешулерді, қанға боялған қырғын соғысты, үркін-қорқынды, ашаршылық жайлаған апатты бастан кешіріп, «мың өліп, мың тірілді». Қазақ баласы қырыққа таяу мемлекетке тарыдай шашылып кетті. Тарих қазақты арлы-берлі көп шайқады. Ақыры бағы бар қазақ халқының маңдайына 1990 жылдың басында тәуелсіз Қазақстан мен тұңғыш Елбасы, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сыйлады.

Білікті ғалым Ақселеу Сейдімбеков: «Тарих көшінің ұлы шеруінде әр ұрпақтың өзіне ғана тиесілі міндеті болады. Ол міндетті сол ұрпақ қана келістіріп атқара алуға тиісті. Себебі, кез келген ұрпақ өзі өмір кешкен кезең үшін өткен мен болашақ арасының жанды көпірі, оның тал бойында өзіне дейінгі сан ғасырдың жүгі бар. Сол жүктің сабақты жібіне дейін қалдырмай болашаққа қол жалғау – жер басып жүрген тірілердің киелі міндеті», - деген салмақты сөз айтқан еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басқаруда әлемдегі дамыған елдермен бейбітшілік, достық қарым-қатынас, саяси-экономикалық ынтымақтастық орнатып, өзіне тиесілі міндетті абыроймен орындады. Қазақстан халқының ес жиып, етек-жеңін жапқан бақытты кезі – дәл тәуелсіздік алып күллі әлемге танылған, Нұрсұлтан Назарбаев ел тізгінін ұстаған кез.

Атақты әдебиет сыншысы Зейнолла Қабдолов: «Әр адам – зерттелмеген кен, оны зерттеу керек. Зерттеп қана қоймай, сол кеннің көзін ашу керек» дейді. Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару идеясының кемеңгерлігін зерттеу, тану, насихаттау Қазақстан топырағында өмір сүріп жатқан әр адамның борышы деп санаймыз. Оның «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы болашақ ұрпақтарға өнеге болатыны талассыз шындық. Өйткені біз «Қазақстан» және «Нұрсұлтан Назарбаев» деген қос атпен әлемге танылдық. Елбасының ел басқарудағы озық идеясын, асқан ойшылдығын, кемеңгерлігі мен парасатын, ұлы тұлғаны ұлағаттау – халқымыздың ата-дәстүрі.

«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мына бейбіт заманда ел аман, жұрт тыныш болса екен.

 

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

жазушы, этнограф

Пікірлер