Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару идеясы туралы толғаныс
Ұлтымыздан шыққан көрнекті қоғам қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедұлы «Өз жұртына жұмыс істеп, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі» деген еді. Сондықтан өз ұлты үшін қызмет еткен басшылардың еңбегін, ерлігін, ізгі істерін бағалау, насихаттау бізге үлкен парыз. Мені осылай ойландырған, толғандырған Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел басқарудағы орасан зор еңбегі еді. Қара жердің қабырғасын қайыстырып алыс сапарға жол тартқан өмір керуенінің көшінде ғұмыр кешкен жұмыр басты пенделердің тағдыры алуан түрлі. Біреулер бес-ақ күндік жалғанды жалпағынан басып, арыстандай ақырып, астындағы алтын тағына мәз болып, бақ пен дәулет, мансабының буына семіріп, тірлігінде аз ғана уақыт дүрілдеткенімен уақыт атты әділ сынның өткелінен өте алмай, жел айдаған қаңбақтай ел есінен әлдеқашан ұмытылып, ескерусіз қала береді. Уақыт – әділ таразы, уақыт – әділ сыншы. Өз есімін алтын әріппен тарих бетіне жазғысы келетіндердің қаншасы қатаң уақыт сынағында қажалып, арманының асқар тауы шағылып, салындысы суға кетті десеңізші?! Міне, бұл арзан атақ, құрғақ даңққа бой ұрған өзімшіл пенделердің тағдыры. «Таза алтынды мәңгі дат шалмайды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» деген дана халқымыздың сөзінде терең мән жатыр. Табиғат та бұл өмірге дара таланттарды үйіп-төгіп сыйлай бермейді, некен-саяқ береді. Нағыз ұлт ардагерінің қайсар рухы терең ақыл-парасатымен, халыққа деген адал еңбегімен, адамдық кемелдігімен, кемеңгерлік қасиетімен ұштасып жатады.Міне сондай ұлты үшін қызмет еткен, күллі дүниеге аты танылған кемеңгер тұлғаның бірі – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев деп айтсақ артық болмас. Ел басқару өнері – кез келген адамның қолынан келе бермейтін, аса үлкен ақыл-парасатты қажет ететін өнер. Ежелгі Грекияның әйгілі ойшылы Демокрит «Мемлекет басқару өнері – өнер атаулының төресі» деп тектен-тек айтпаған. Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қара ормандай қалың халықтың сеніп тапсыруымен Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті болып сайланды. Ол осындай аумалы-төкпелі жылдарда жүректілікпен ел тізгінін қолына алды. Содан отыз жылға жуық уақыт қазақ елінің көркеюі мен гүлденуі үшін орасан зор еңбек сіңірді. Нақтылап айтсақ, Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан елін күллі дүниеге танытып мойындатты. Ол жаңа тәуелсіздік алған жас мемлекетті қайта құрып, халықты бақытты тұрмыс кешіруге нұрлы жол салды. Халқымыздың танымында «Әр адамның өз жұлдызы болады», «Қазақ жұлдыз санамайды, аққан жұлдызға қарамайды» деген сияқты ырымдары мен тыйымдары көп. Сол танымға байланысты қазақтар жұлдызды киелі санаған. Нұрсұлтан Назарбаев та солай дүниеге жұлдызы жоғары келген адам. Халқымыздың аспан әлеміне, жер-суға, ата-баба аруағына сыйыну үрдісі қазірге дейін жалғасып келеді. Қазақ бата бергенде «Айың оңыңнан тусын» деп тілек жасайды. Нұрсұлтан Назарбаев осындай айы оңынан туған адам. Елбасы: «Жасырмаймын. Мен де Райымбек сияқты әулие бабалардың шапағаты шалған адамдардың бірімін. Әкем мен шешем үй болғаннан он жыл бала көрмепті. Бір шикіөкпеге зар болып жүргенде ауыл адамдарының бірі Райымбек батырдың зиратына барып түнеуге кеңес беріпті. Құдайдан шын тілесең, саған әулиелер аян беруге тиіс депті анамызға. Екеуі зират басына түнеп шығады. Шешем түс көреді. Түсінде терең судың түбінен мылтық тауып алады. Осыны жақсылыққа жорып, екеуі риза болып қайтыпты. Содан кейін дүниеге Мен келдім» («Райымбек». Астана, «Елорда». - 2005 ж.) деп өзінің дүниеге қалай келгендігінен сыр шертеді. Биыл Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 29 жылдығы және Елбасы, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жасқа толған жылы. Қазақстан елінің отыз жылға жуық қол жеткізген табысы мен дамуын Н.Назарбаевтың еңбегінен бөле-жара қарауға болмайды. Осыған орай мен ұлы саясаткер, заманымыздың озық ойшылы, әлемдік деңгейдегі қоғам қайраткері, ұлт көсемі Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару идеясының кемелдігі мен тереңдігі туралы сөз қозғауды жөн көрдім. 1.Н.Назарбаевтың отаншылдық идеясы. Қазақ халқының «Отан отбасынан басталады», «Туған жерге туыңды тік» деген керемет сөздері бар. Н.Назарбаев өз отанын, өз халқын шынайы адал жүрегімен сүйе білді. Ол шетелдегі 40-қа тарта мемлекетте тарыдай шашылып жүрген қандас ағайындарға: «...Шетелдегі қазақтардың елге жиі келіп, туған жермен байланыстарын нығайтып отырғандары дұрыс. Қай елде тұрсаңыздар да әрдайым Қазақстанды жүректеріңіздің төрінде ұстаңыздар. Қазақтың тарихи Отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан» деп, тарихи отанын ұмытпауға, оны құрмет тұтуға шақырды. Мен Қытайда жүрген кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолы», «Бейбітшілік кіндігі», «Ғасырлар тоғысындағы Қазақстан», «Қазақстан-2030», «Қалың елім. Қазағым» сынды кітаптарын тебірене оқыған едім. Аталған кітаптар Қытайда ханзу, қазақ, ұйғыр тілдерінде баспадан шықты. Бұл кітаптар менің Елбасының еңбегін түсінуіме, оның отаншылдық идеясынан өнеге алуыма мүмкіндік берді. Н.Назарбаев өзі жазған кітаптары мен мақалаларында, сөйлеген сөздерінде шетелдегі қазақ халқының жанашыры бола білді әрі тарихи отанына оралуға насихат жасады. Оның нақты мысалы – «Нұрлы көш» атты дүние жүзі қазақтарын тарихи атамекеніне оралту бағдарламасы. Елбасы дүние жүзі қазақтарының ІІ құрылтайында: «Келем дегендерге Қазақстанның жері кең, елі кең, жағдай бар, заң қабылданды. Құқтарың бар. Қандай жұмыс істеймін десең, қандай бизнеспен шұғылданам десең мүмкіндік бар. Келіңдер де, айналайын қазағым, күніңді көріп байыңдар» деген сөзі шетелдегі қандастарымыздың ет жүрегін елжіретіп жіберді. Қазақстан тәуелсіздік алған отыз жылға жуық уақыттан бері қазақтың «Нұрлы көші» әлі тоқтаусыз жалғасып келеді. 2.Нұрсұлтан Назарбаев – ұлт көшбасшысы әрі көреген саясаткер. Дүниеге аты әйгілі саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев сонау 1970 жылдың соңынан бастап ел басқару ісіне белсене атсалысты. Әсіресе, Қазақстанның отыз жылға таяу уақыттағы экономикасының дамуына тікелей өзі жетекшілік етті. Сонымен қатар, мемлекеттің өнеркәсіп, білім беру, ғылым мен техника, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, мәдениет, әдебиет, денсаулық, әскери істер, әлем елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнату сияқты маңызды салаларының дамып, өркендеуін Н.Назарбаевтың еңбегінен бөле-жара қарауға болмайды. Мен тәуелсіздік алғанына отыз жылға жуықтаған Қазақстан сынды жас мемлекетте Н.Назарбаевтың ел басқарудағы кемеңгер идеясын зерттеу мен танудың маңызы өте зор деп санаймын. Қытай қазағынан шыққан әйгілі ғалым, жазушы Сұлтан Жанболатов: «Әлмисақтан бері кез келген жан патша, тәңірқұт, хан, бек, ұлық, т.б. бола бермейтін сықылды. Бүгінде көп санды адам басшы бола кетпейді. Жоғары билік басына шыққандардың арғы тегіне ғана емес, өсіп-жетілуі, сіңірген еңбегі, көрген-білгені, жан дүниесі, ой-өрісі, аңсаған арманы сықылдыларын ол биікке барып көрмеген біздікімен ұп-ұқсас десек қатты қателесер едік» деп дұрыс айтқан. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев жеткен биікке қазақтан әлі ешкім жеткен жоқ. Сондықтан Қазақстаннан шыққан үлкенді-кішілі басшылар Назарбаевтың ел басқару өнерінен үлгі-өнеге алуы қажет дер едім. Елбасы Н.Назарбаев туралы әлемдік тұлғалардан Маргарет Тэтчер, Ли Куан Ю, Си Цзиньпин, т.б. саясаткерлер жоғары бағаларын берді. Солардың бірі ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2019 жылы сәуір айының 28-і күні Н.Назарбаевпен кездескенде: «Н.Назарбаев мырза Қазақстанның мемлекет құрушы елбасы және ұлт көсемі. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігіне және дамуына, Қазақстан ұлттарына өшпес еңбек сіңіріп, өнеге көрсетті. ҚХР мен Қазақстанның арасында өзара стратегиялық серіктестік орнатуға тарихи үлес қосты. Біз мұны жоғары бағалаймыз» деп, Н.Назарбаевқа Қытай Халық Республикасының «Достық» орденін тапсырды. Н.Назарбаев бір мемлекеттің ең жоғары дәрежелі басшысы бола тұра туған халқының салт-дәстүрінен аттамады. Қайта оны жаңғыртып, өзінің ел басқару идеясына сіңіріп отырды. Қазақ салт-дәстүрі ханға да, қараға да ортақ. Қазақтың ешбір баласына салт-дәстүрден аттауға рұқсат етілмейді. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқан мына аңыз-әңгімесі куә: «Баяғыда тасы өрге домалап тұрған бір хан жанына нөкерлерін ертіп, аң аңлауға шығады. Орман кезіп, қыр асып келе жатса алдынан екі көзі ботадай мөлдіреген, сауыры жез құмандай жалт-жұлт еткен сұлу киік қаша жөнеліпті. Хан садақтан оқ атып киіктің артқы аяғын жаралайды. Бір жағы құлама жар, екінші бүйірден хан нөкерлері қиқу салып қыспаққа алғанда жаны қысылған бейшара киік жандалбасамен сонадайдан көз тартқан ақбоз үйдің ашық тұрған есігінен ішке қойып кетіпті. Үй иелері түскі тамақ ішіп отыр екен. Есіктен енген киік жаюлы дастарқаннан бір-ақ қарғып, төрдегі керегеге тұмсығын тіреп, солығын баса алмай тұрып қалыпты. - Шығар киікті! – деп дауыстайды хан ат үстінде тұрып төрде тамақ ішіп отырған қарияға. - Бұл тау тағысын түстік жерден қуалап келіп сенің үйіңде қолға түсіріп отырмын. Мұның менің олжам екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар. - Сөзің орынды, хан ием. Киік сенің олжаң екені де рас. Бұл сорлы жаны қысылған сәтте менің төріме шығып кетті, ортада дастарқан жаюлы жатқанын өзің көріп тұрсың. Ал ата салтымыз бойынша дастарқанды аттап өте алмайсың. Көздеріне қан толып, бір-біріне өлердей жауыққан екі адамды татуластырарда дастарқан басына алып келмеуші ме еді? Тіпті хан болсаң да дәстүрден үлкен емессің. Ал дәстүрді, қалыптасқан ата салтты бұзсаң қалың елдің табасына қаласың. Жолың болмайды, - депті. Хан аталы сөзден жеңіліп, ат басын кері бұрыпты». Елбасы айтқан осы аңызды естіген әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов: «Кеудесіне парасат ұялаған аңыз екен. Ел басшысы өз елінің ата салтын, дәстүрі мен ибасын шын ділімен құрметтеу арқылы ғана үлкен кемеңгерлік биікке көтеріледі. Ал ғасырдан ғасыр өтіп, әбден сұрыпталған ұлт мәдениетін менсінбей, оған астамси қарағандар әрдайым елдің қарсылығына жолығып отырған» деп тебіренген екен. Міне, Н.Назарбаев осындай ұлттық салт-дәстүрді өзінің ел басқару идеясымен тоғыстыра білген ұлт көсемі әрі шебер саясаткер. 3.Нұрсұлтан Назарбаев – қазақ тарихында тұңғыш рет ұлттық ақшаны айналымға түсірген елбасы. Ақша бір мемлекетттің халықаралық экономикалық қуаты мен беделіне өкілдік етеді. Бір мемлекеттің ақшасының бар-жоғына қарап оның халықаралық беделінің жоғары-төмендігін аңғаруға болады. Н.Назарбаев - қазақ тарихында тұңғыш рет ұлттық валютаны шығарған басшы. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан екі жылдан кейін, яғни 1993 жылы 15 қарашада Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен теңге айналымға түсіп, мемлекеттің экономикалық қуатын дүниеге әйгіледі. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әртүрлі қаржылық ұйымдардың саны қауырт өсті. Экономиканың біртіндеп дамуына байланысты 1991 жылы еліміздегі банк реформасыныңбасталуына негіз болған «Қазақ КСР-дегі банктер және банк жұмысын жүргізу туралы» заң қабылданды. Осылайша Қазақстанда банк жүйесі қалыптасты. «Қазкоммерцбанк», «Халықбанк», «АТФ банк», «Нұрбанк», «Тұран-Әлембанк», «Каспибанк», т.б. банктер осының айқын мысалы.- Елбасы Н.Назарбаев – дүниеге аты әйгілі дипломат.
- Елбасы Н.Назарбаев – ұлт мәдениетінің жанашыры.
Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
жазушы, этнограф