Смағұл Елубай: Жоюдың жойқын жоспары

11838
Adyrna.kz Telegram

19 –шы ғасыр басында өмір сүрген ағылшын философы Томас Мальтус Жер бетіндегі адам санын азайтудың пайдасы туралы атышулы теория жариялады. Бұл теория бойынша Жер бетінде адамзаттың көбеюі сол адамзаттың өзіне тікелей қауіп-қатер төндіреді-міс. Керісінше, Жер бетінде адам санын түрлі тәсілдермен азайтып отыру адамзат болашағы үшін пайдасы шаш-етектен шарапатты іс болады-мыс. Капитализм бұл жаңалықты қол шапаттап қарсы алды. Тіптен, ту етіп төбесіне көтерді.19 –ғасырда теңдессіз қаруға, заут, параход, пойызға ие болған шынжыр балақ, шұбар төстерге жетпей тұрғанының өзі осы кісәпір теория еді. Алыс-жақынды басып алып, елін талап, жерін тонап дәндеген бұл басқыншылардың арманы енді жалпақ Жерді иемдену еді. Мальтус сол империашыл арманды дөп басты. Яғни, адамзаттың жарқын болашағы үшін анау артта қалған халықтарды қынадай қыра отырып Жердің жүгін жеңілдету, Мальтустің арқасында қылмыс емес, ізгілікті іске айнала бастады. Содан, бұл бәтшағарлар бейбіт жатқан елдерге бықпырттай тиді. Қарсы келгенді қазық қылып жерге қақты. Нахақ қан дариядай ақты. Осы тұста бұл басқыншылардың алдынан бір үлкен кедергі шықты. Ол Құдай еді. Адамға деген аяушылықты, әділеттілікті алға тартып Құдай олардың қолын қақты. Әлемді «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстағысы келген шынжыр балақ, шұбар төстерге Құдайдың бұл моралі ұнамады. Билік пен байлық жолында тұрған кедергіден, Құдайдан құтылу керек болды. Ақшаның істемейтіні жоқ. Ақшаға сатылмайтын адам жоқ. Бұл көкжалдардың қолында әлем ақшасы шоғырланып қалған.Көкжалдар ғылымға ақша салды. Сөйтсе, ғылымды жасайтын да пенделер екен, көп ақшаны көргенде олар «иіліп төсек, жайылып жастық болды» қалталыларрдың алдында. Тек, жақсы төлесең болды. Капитал Ч.Дарвинге барлық жағдайды жасап, кемеге отырғызып, теңіздің ары жағына аттандырды. Әлемді аралатып, адамды жаратқан Құдай емес, хайуан екенін дәлелдейтін еңбек жазуға жағдай жасады. Дарвин бұл тапсырманы артығымен орындады.Құдайды мансұқтап, адамның хайуаннан шыққанын ғылыми «дәлелдеп» шықты. Эволюция заңын түзді. Құдайды мансұқтауда ол Мальтусті шаң қаптырып кетті. Адамзат тарихынан Құдайды айдап шықты. Алпауыттар қуанғаннан бөріктерін аспанға атты. Дүниені жаулаудың жолында тұрған Құдайдан құтылды. Ат төбеліндей әлем алпауыттары енді Құдай тағына өздері отырғысы келді. Қысқасы, Құдай болғысы келді. Дарвин теориясын Батыс Құрандай жаттады. Оқулыққа енгізді. Бұл теория адамды аңға теңеп, адамның тегін аңнан шығарды. Сөйтсек, арғы «атамыз» аң жарықтықтың бар білгені әлі жеткенді алып ұрып, екі бүктеп бір шайнау болған екен. Солай сұрыпталып, табиғи түрде дамиған екен. Міне, жаратылыстың басты заңы. Соныңмен, жасасын әлімжеттік! Жасасын күштілер! Жойылсын әлсіздер! Құдайдан безгендердің ұраны осы болды.
19 ғасырдың екінші жартысында «Құдай өлді!» деп жар салды Ницше. Анау-мынау емес, Құдайдың өзін «өлтірген» бұл ойшылды Батыс төбесіне көтерді. Әсіресе, фашистік идеология. Сонымен, Батыс 19 ғасыр аяғында, 20 ғасыр басында Құдайдан безді. Құдайдан безгендердің бір тобын Маркс басқарды. Лениннің ұстазы. Енді бос қалған Құдай тағына талас басталды. Оның аты - Бірінші Жаһандық соғыс. Бұл соғысты бастағандар, әрине, Мальтус, Дарвин, Ницше теориясымен мұздай қаруланған көкжалдар еді. Өйткені, бұл Құдайдан безгендердің /оларды масондар деп те атайды/ 1897 жылдан бастап әлемді үй артынан билейтін астыртын ұйымы жұмыс істей бастаған. Әлемді «ашса – алақында, жұмса – жұдырығында» ұстауды мақсат еткен. Бұл ұйым «Комитет 300» атанды, осы аттас Джон Коулман жазған кітабының арқасында. Әлемнің 300 олигархы бас қосқан астыртын әлемдік өкімет еді бұл.
Бірінші жаһандық қырғын соңы Ресейде азамат соғысына ұласты. Жұрт ақ болып, қызыл болып бөлініп қырқысты. Сол зұлмат жылдары бейбіт жатқан қазақ байғұс қосақ арасында кетті. «Ұзында өші, қысқада кегі жоқ» қазақты ақ та қырды.Қызыл да қырды. Ақ та тонады, қызыл да тонады. Қарсы келгенді қылыш жүзінен өткізді. Қарусыз қазақ қарулы ақ пен қызылдың табанында қалды. Талауға түсті. Бұның салдары ашаршылыққа алып келді.
1919 жылы Тұрар Рысқұлов Түркістан советтерінің төтенше съесінде: «1918-19 жылдары аштан қырылған қазақтар саны 1 миллион 214 мың адам, тағы да 2 миллион адам ашаршылыққа ұшырады» деп мәлімдеді.
1922 жыл аяғында ашаршылыққа ұшырағандарға көмек комиссиясын басқарған Мұхтар Әуезов өзінің есепті баяндамасында: «Өткен 1921-22 жылғы ашаршылықта қырылған қазақтарың саны 1 миллион 700 мың. Оның 700 мыңы балалар!» деді.
Түркістан большевиктерінің тұңғыш төрағасы болған Кремль жіберген комиссар Иван Осипович Тоболин 1921 жылы бір партиялық мінберден: «Марксистік тұрғыдан алғанда экономикалық әлсіз қазақтар, бәрібір, құрып-бітіп, жойылуға тиіс!» деп мәлімдеді.
Яғни, марксистік теориямен қаруланған большевиктер үшін қазақтардың миллиондап қырылуы, қарусыз халықты қарулы ақ пен қызылдың 3 жыл ұдай торғайдай тоздыруынан емес, «қазақтардың қырылуына қазақтардың өздері кінәлі екен, олардың экономикалық тұрғыдан әлсіздігі кінәлі» екен.
1921 жылы Орынборда жарық көрген «Очерки по истории казах-киргизского народа» атты монографиясында орыс тарихшысы Александр Чулошников төңкеріс қарсаңындағы қазақтар саны 8 миллион адам деп жазды.
Ал, 1926 жылғы халық санағы болса, Қазақстандағы қазақтар санының 6 миллионнан асқанын хабарлады.
1939 жылғы санақ нәтижесі Қазақстандағы қазақтар саны 2 миллион 300 мың кісі деп көрсетті.
Сонда, 1921 жылғы кітабында тарихшы Александр Чулошников көрсеткен 8 миллион қазақтан Қазақстанда 2 миллион 300 мың қазақ қалған болып шықты. Яғни, небары, 10-15 жылда, большевиктер билігі астында болған қазақтар 60 пайыздай халқынан айырылған болып шықты.
Қазақстандық жазушы Валерий Михайлов: «Казахи, действительно, за каких-то 10-15 лет лишились около половины населения. Мировая история не знает трагедии подобного масштаба» деп, жазды «Хроника великого джута» кітабында.
Тарихи деректер осылай дейді. Тарихи деректер 1920-30 жылдары большевиктер қоластында болған қазақ деген халықтың Жер бетінен жойылып кетуге сәл-ақ қалғанын көрсетеді. Ал, Кремль өкілі Тоболиннің пайымдауы бойынша қазақтардың қырылып жатуы марксистік теорияға сәйкес табиғи құбылыс екен. Заңды екен. Яғни, оларды құтқарып жатудың қажеті жоқ екен. Сол ауызына келгенін айтқан антұрғанға: «Әй, не оттап тұрсың?! Қазақ деген халық сенің Марксіңнен де бұрын бұ далада мыңдаған жыл өмір сүрген! «Экономикалық тұрғыдан жойылуға тиіс» болса сол мыңдаған жылдар бойы неғып қырылып қалмады? Мына сенің қызыл ғасырыңа 8 миллион халық болып қалай жетті?» деп, сұрақ қоятын бір Толағайдың табылмағаны ма деп едік. Сөйтсек, табылыпты. Қазақ басына күн туған сол бір топалаң тұста Тұрар Рысқұлов Тоболинмен табандап тұрып айтысқан екен.
Тоболиннің тұсында бір қырылған қазақ, Голощекиннің тұсында екі қырылды. Қазақты қырған бұл екі басшы, және оларға Қазақстан тапсырған Сталин үшеуі де өз аттарын тарихқа халық қанымен жазған қандыбалақтар болды.
Сондықтан, бұл жендеттер қарғысқа ғана лайық деп, төмендегідей тақпақ-толғауды түсірдік қағазға.
Ай,замана-ай, заман-ай!
Аз қазақты көргенде,
Көзден жасым тамады-ай.
Кешегі қызыл саясат,
Аямапты қазақты.
Орнатам деп жұмақты,
Орнатыпты дозақты.
Содан қазақ сорлапты,
Әр бұтаның түбінде,
Бөпесін құшып құндақты,
Бір-бір ана зарлапты.
Көзден жасы парлапты,
Көкке сауып емшегін,
Қара жерді төбелеп,
Қызылдарды қарғапты.
Қарғыс атып қызылды,
Олар содан оңбапты,
Күндердің күні болғанда,
Қызыл жүйе құм қапты.
Ай, заман-ай, заман-ай!
Аз қазақты көргенде,
Көзден жасым тамады-ай!
Қойдан қоңыр халқымды,
Қырқа матап қырыпсың!
Қырылып қазақ жатқанда,
Мұртыңнан күліп тұрыпсың,
Көріңде жатып өкіргір,
Мұртты көсем кәпір құл!

Көріп отырғаныңыздай, бұл қызыл көсемдер жұртты саналы түрде жою теориясымен мұздай қаруланған Мальтус мұрагерлері екен. Оған мысалдар жетіп артылады. Сталиннің Мальтус мұрагері болғанын бұл жендеттің өз ауызынан шыққан мына бір сөзі айғақтап тұр. Совет Одағындағы отызыншы жылдардағы ашаршылық турады «Жатва скорби» атты кітап жазған ағылшын тарихшысы Роберт Конгвест Сталин мен Черчилл арасында болған мына бір тарихи әңгімені аталмыш кітабында келтіреді:
«Сталин позже скажет Черчиллю, что «пришлось расправиться с десятью миллионами кулаков, из коих громадное большинство было уничтожено, а, остальные высланы в Сибирь»
Қараңыз: мұртты көсем: «он миллион шаруаны жойдым» деп Черчилл алдында мақтанып тұр! Яғни, ол өзінің халықты қырудан алдына жан салмаған жендет екенін өз ауызымен өзі айтып тұр! Яғни, ол өзінің тарихтағы теңдессіз Мальтус мұрагері екенін айтып тұр.
Ресей Мемлекеттік Думасы 2008 жылғы 2 сәуірде қабылдаған қаулысында «КСРО басшылығының астық дайындауда қолданған репрессивті саясатынан 1932-33 жылдары КСРО –да 7 миллион адам қырылды» деп мойындады. Ал, БҰҰ Ассамблеясы қабылдаған құжатта КСРО –да 1932-33 ж.ж. ашаршылық құрбандарының саны 10 миллион адам шамасында делінген.
Әрине, Мальтус теориясын жүзеге асырып Жер бетін «артық адамдардан» аластауда Гитлер Сталиннен асып түскені белгілі. Бұл екі жендеттің егесінен Екінші Дүниежүзілік соғыс майданында елу миллион жазықсыз пенде жер жастанғаны белгілі.
Бірақ, Мальтус мұрагерлері бұл қырылған елу миллионды місе тұтпады. Оларға бұл аз болды. Соғыстан кейін бұл қандыбалақтар мыңғырған миллирдтарды қырудың жоспарын құрды. Әлемнің 300 олигархы жыл сайын бас қосатын бұл астыртын ұйым адам баласын қысқартудың жаңа жоспарын түзді.Адам баласы көбейіп кетіп Жер ресурстарын жеп бітпес үшін , біріншіден, Жер бетінде бейбіт заман болмауы керек екен. Соғыс өрті қайта-қайта өршіп тұруы керек екен. Соғыс болып тұрса бұл олигархтар қыруар табысқа кенеледі екен. Олар өндіріп жатқан қымбат қарулардың қаны жерге тамбайды екен. Ол қаруды Бүкіл әлем өз жаны үшін-ақ сатып алады екен. Мінеки, сондықтан соғыс болып тұруы керек екен! Мұнай, қару, банк, қаржы бизнестері қолдарында шоғырланған шонжарлар үшін соғыс ашатын сылтауды ойлап табу соншалықты қиын шаруа емес еді. Тек, ешкім қарсы шықпаса болды. Қарсы шыққанның басын алды. Осы астыртын ұйымның 1963 жылы бетін ашпақ болған АҚШ президенті Джон Кеннедидің басы кетті. Оны бұлар айдай әлем алдында талтүсте оққа байлап атты. Өзгеге сабақ болсын деп. Астыртын өкіметке қарсы шыққандардың күні не болатынын көрсетті. Содан кейін, бұл астыртын өкімет білекті сыбанып жіберіп басы артық адамдардан Жер жүгін жеңілдету ісіне кірісті. 1968 жылы астыртын ұйымның ықпалымен ашық жұмыс істейтін «Рим клубын» құрды. Оған өздері таңдап әлем интеллктуалдарын жинады. 100 елден - жүз интеллектуал. «Комитет – 300» енді осы атақты адамдардың қолымен от көсеуге кірісті. «Рим клубы» қоғамдық ұйым, адамзат болашағына алаңдап, адамзат болашағын талқылайтын ашық алаң деді. Керемет! Оған кімнің дауы бар? Енді бұл халықаралық клуб не дер екен деп бүкіл әлем оларға құлақ түрді. 1972 жыл. Рим клубы өзінің тұңғыш бас қосуында-ақ төрткіл дүниенің төбе шашын тік тұрғызды. Бұл әлемнің төбе шашын тік тұрғызған американдық ғалым Д. Медоуздың «Өсудің шегі» атты атышулы баяндамасы еді. Оның тобықтай түйіні мынандай: «Жеті миллиард болғалы тұрған Жер бетіндегі адам санын 1 миллиардқа дейін қысқарту керек! Әйтпесе, Жер ресурстары жұрттың бәріне жетпейтін болды!». Сонда, Жер бетінде кімдер қалып, кімдер қалмауға тиіс деген сұрақ туады ғой! Оған жауап дайын: Медоуздың пайымынша, Жер бетінде адамзаттың асылы ақ нәсілділер ғана қалуға тиіс. Қалған жұмырбастылар жаппай жойылғаны жөн. Әңгіменің қысқасы осы. Бір «алтын миллиардтан» басқаның бәрі, яғни, күміс миллиард, қола миллиард, мыс миллиард, мырыш миллирд дегендер «алтын миллиардтың» бақыты үшін Жер бетін босатуы керек екен. Қанша қандыбалақ болса да бұндай әзәзіл теорияны Гитлер де, Сталин де айтпап еді. Олар ойыншық екен, мына бүгінгі жендеттердің жанында. Сөйтіп, бұ заманның жендеттерін көргенде, бүгінгі адамзат, о заманның жендеттерімен жылап көрісетін жағдайға жеткен еді.
Бұл ақпаратты енді естіп отырған оқырман өз құлағына өзі сенбеуі мүмкін. Мына кісі қалжыңдап отырған шығар деп. Жоқ, ағайын, қалжың емес. Бұл ақпарат - айдай әлемге әлдеқашан мәлім ақпарат. Кей ақпаратты кеш еститін өзіміз ғой. Батыстағы Мальтус мұрагерлері бұл ақпаратты «Рим клубы» мінберінен баяғыда таратып, жарты әлемді жарты ғасыр бұрын мойындатып, мақұлдатып қойған. Мақұлдап қана қоймай осы бағытта, жұртты жаппай қыру бағытында нақты жұмысқа да кіріскен.
Осы бағытта жойқын қару жасауда ҚСРО алдына жан салмады. Жарты ғасыр ұдай қазақ жерінде ядролық қару жарды. Адам баласын миллиондап қыратын бұ қаруды, бірақ, мальтусшілер місе тұтпады. Оларға адам баласын миллиардтап қыратын қару керек еді. Ол- биогиялық қару еді. Құдайдан баяғыда безген ғалымдар бұ жолда жарты ғасыр жатпай –тұрмай ізденіп, іздегенін ақыры тапты. Өмірге тажалдардың тажалы Коронавирус келді. Ухан лабораториясынан ырғып шыққан бұ тажал бүгінде жаһанды шарлап адам баласын баудай түсірумен жүр.
Біз естіген діни әңгімелерде Қиямет-қайымда Жер бетіне Тажал атты құбыжық шығатыны айтылатын. Адамзатқа ойран салатыны айтылатын. Ол Тажалға адамзаттың әлі келмейтіні айтылатын. Сонда аспаннан Ғайса түсіп, жерден имам Мәді шығып ол Тажалды өлтіретіні айтылатын. Өкінішке орай, вирус атты бүгінгінің бұ тажалын өлтіретін күш әлі табылмай тұр. Заманақыр белгісі осы емес пе?!
Бүгінгінің Тәжтажалын жасауға үлес қосқандардың бірі ретінде әлем ақпарат құралдарында Билл Гейтс айтылып жатыр. Адамзатты қысқарту идеясын айтумен келген бұл миллиардер, бұл идеяны іске асыруға қыруар қаржы салғаны да белгілі. Мәселенің сорақысы сол, Билл Гейтс Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымына қомақты қаржы салып, бұл ұйымға өз ықпалын жүргізіп отыр делініп жатыр. Яғни, адамзат қойды қасқырға бақтырып отыр деген сөз. Расында, әлемді ақша билейді. Имансыз ақша бүкіл әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр. Бүгінгі заманда, осылайша, мальтусшілердің дегені бола беретін болса, онда біз көпұзамай талай «қызықтарға» куә болатын шығармыз.
Мальтустың мұрагерлерінің арқасында өткен ғасыр басында қазақ Жер бетінен жойылып кетуге шақ қалды дедік. Енді, мінеки, сол Мальтустің бүгінгі мұрагерлерінің арқасында тұтас халқымызға тағы да бір тықыр таянып келеді. Яғни, өз жерімізде, өз елімізде отырып тыныш өмір сүруден қалдық. Бүгінгі мальтусшілер бізді тынышымызға қояр түрі жоқ. Біресе, ауызымызға тұқымымызды тұздай құртатын тамағын тықпалайды, біресе, іргемізден індетін кіргізеді, біресе, пайдасы күмәнді инемен шаншиды, біресе, чиптендіріп бәрімізді бір шыбықпен айдағысы келеді, әйтеуір, бізге тыныштық беретін түрі жоқ. Қылкөпір үстінде келе жатқандаймыз. Аңдамасақ арам қататын түріміз бар. «Тәуелсіздікпен төрт құбыламыз теңеле ме деп мәз болып жүргенде, тағы неге тап болдық?!» деп отырмыз.
19 ғасырда Құдайды мансұқтаған мальтусшілер 20 ғасырда әлемді екі рет әлемдік соғысқа салды дедік.
19 ғасырда Құдайды мансұқтаған мальтусшілер 20 ғасырда қазақты Жер бетінен жоюға аз-ақ қалды дедік.
21 ғасырда құдайсыз ғалымдар, енді, адамзатты бір-ақ жалмайтын биологиялық қаруды қолға алды дедік.
Бұл биологиялық қару кәзірдің өзінде адамзатты әпжыландай жалмап келеді. Үшінші әлемдік соғысты көзбен көріп отырмыз. Оның қашан, қалай аяқталатыны тағы белгісіз.
Бірақ, тарихтың соңғы бір ғасырында бір нәрсеге біздің көзіміз жетті. Құдайдан безген қоғамнан әрнәрсе күтуге болады екен. Соған көзіміз жетті. Құдайдан безгендердің адам баласын әсте аямайтынын көрдік. Құдайдан безгендердің өздерінен өзгені өлтіруге өлердей құштар болатынын көрдік. Өлтірген сайын өлтіруге құштар болатынын көрдік. Сөйтіп, Құдайдан безгендердің қылмыс пен күнәға белшесінен батқанын көрдік.Фашистер де, коммунистер де Құдайсыз қоғам құрды. Бірінен –бірі өткен теориялар ойлап тауып, бітіргені халықты қыру болды. Бүгінде бұл Құдайдан безгендердің қолында /олар өздерін сатанистер дейді/ әлемнің бар байлығы шоғырланған. Енді, олар, мына жаңа ғасырда адамзаттың басына ақырзаман орнатпақ ниетті. Өйткені олар өздерін «сатанистерміз» дейді. Сайтанның сойыл соғарларымыз дейді. Ібіліске табынады. Бірақ, біз бір нәрседен үміт үзгіміз келмейді.Қанша құдіретті болса да, ол сайтанға табынғандар аз. Халық көп. Құдайдан безгендер қанша құдіретті болса да оларды көп халық жеңуге тиіс.
Көп болмасаң көретін күнің қашанда қараң.Қызыл террор болмағанда бүгінде 45 – 50 миллион халық болып төрт құбыламыз теңеліп, шалқып отыратын едік. Қазақстанда қазақ саны бүгінде, небары 13 миллион. Сыртта - 6 миллион. Қазақтың саны Қазақстанда 20 миллионға жеткенде ғана түн ұйқымызды төрт бөлмей тыныш ұйықтай алады екенбіз. Өйткені, демография ғылымында өз жерінде 20 миллионға жеткен халық көпсанды халықтар санатына қосылады. Елі, тілі жойылып кету қауіпінен құтылады. Ендеше, шетелдегі 6 миллион қандастарымызды ата жұртқа қайтару - Қазақстан үшін де, қазақ халқы үшін де мына күнде өзгеріп жатқан құбылмалы дүниеде Мәңгі Ел болып қалудың негізгі кепілі. Басты кепілі. Басқа балама жоқ. Өйткені, Тәуелсіздік тұғыры – халық. Қатары селдіремеген халық.

Пікірлер