«Шортандар» бостандыққа шығып, «шабақтар» ұсталып жатыр

3235
Adyrna.kz Telegram

Карантиннің бірқатар шенеуніктерге «пайдасы» тиген тәрізді. Онда да экс-шенеуніктерге. Айыпты болып, тар қапаста 4-5 жылын өткізгендердің кейбіреулері соңғы апталарда бостандыққа шыға бастады.

Алдымен «мемлекеттік құпияны жария етті» деп айыпталып, 5 жылға сотталған  Президент жетекшісінің бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев маусым айының ортасында жаза мерзімінің аяқталуына 1 жыл, 4 ай, 21 күн қалғанда бостандыққа шықты.

2017 жылдың 12 қаңтарында Бағлан Майлыбаев «Қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану» және «Мемлекеттік құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету» бабы бойынша күдікке ілінген. Қарапайым тілмен айтқанда, Майлыбаев «отанына опасыздық жасаған адам» болып есептеледі.

Бостандыққа шыққанымен, енді Майлыбаев өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев та мерзімінен бұрын бостандыққа шықты, яғни шартты түрде босатылды.

12 жылға сотталып, жаза мерзімі 11 жылға қысқартылған Дүтбаев жазасының жартысына жуығын өтеген. Жалпы қылмыскердің түрмедегі бір күні бір жарым күн болып есептеледі.

ҰҚК-нің бұрынғы басшысы өз билігін асыра пайдаланған, сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп немесе ысырап еткені үшін, сондай-ақ, қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе мүлікті заңдастырғаны үшін сотталды. Ол да енді өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.

Үшінші іс жемқорлық айыбымен сырттай сотталған Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасы, экс-депутат Аманжан Рысқалиевтің отбасына қатысты. Айта кетейік, 16 маусым күні Жоғарғы сот бас прокуратураның кассациялық шағымын қарап, Рысқалиевтерге тәркіленген дүние-мүлкін қайтару жөнінде шешім шығарды.

Үш қылмыстық іс, үшеуі де кезінде қоғамның назарын аударған. Кешегі жүйе оларды қылмыскер деп таныған. Ал бүгінгілер оларды ақтап, мерзімінен бұрын бостандыққа шығарды. Мұнда қандай жасырын сыр? Халық мәселенің ақ-қарасын білмей, әрі-сәрі күйде отыр. Күмән көп. Күмән көбейген жерде халықтың сенімі азаяды. Бірақ жемқорлық жайлаған бүгінгі қоғам сотталған адамнан да ешқашан сабақ алмайды. Себебі, қазіргі жүйеде былық көп.

Сондықтан жең ұшынан жалғасқан жемқорлық әлі тоқтамай  келеді. Сотталып шыққан «шортандардан» кейін Сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл агенттігінің  өкілдерінің құрығына енді «шабақтар» іліне бастады. Бұрынғылар министр деңгейіндегілер болса, бұл жолғы ұсталғандар  – департаменттің басшылары мен әкімнің орынбасарлары.

Риддердегі мамандандырылған республикалық колледждің мектеп-интернаты құрылысы үшін  10 миллион теңге мен бағасы 13 миллион теңге тұратын «Тоyota Hilux» көлігін пара ретінде алмақ болған шенеунік ұсталды. Ол – Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және  денешынықтыру ісі жөніндігі комитеті төрағасының орынбасары. Оған  қатысты тергеу ісі басталды.

Бұл ғана емес, кеше Алматы облысы Жамбыл ауданының халықты жұмыспен қамту орталығының директорына пара алғаны үшін 12,5 миллион теңге айыппұл салынды. Ол мемлекеттік бағдарламаға орай, несие алып беру үшін азаматтардан бірнеше рет 500 мың теңге көлемінде пара алған.

Сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің Қостанай облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Арапбаев пен Ергелдинов «1 миллион теңге көлемінде пара алды» деп күдікке ілінген. Енді олардың әрқайсысы 30 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.

Міне кез келген аймақта осындай жемқорлық әрекеті өрістеп барады. Қазіргі қауіпті үрдіс - білдірмей алып қалу, қазынаның байлығын талан-таражға түсіру. Тазалық, әділдік, тәртіп болмаған жерде былық көбейеді. Бюджеттен қарпып жеу мемлекеттік билікте істейтін  кез келген деңгейдегі атқамінердің үйреншікті әдетіне айналды.

Кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері ЖШС өкілінен 33 миллион теңге көлемінде пара алмақ болған Ақмола облысындағы бір аудан әкімінің орынбасарын ұстады. Бұл ғана емес, Алматы облысындағы әскери бөлімшенің командиріне 30 миллион теңге айыппұл салынды, оның орынбасары да 10 миллион теңге айып төлейтін болды. Біріншісі парақорлығы үшін полковник, екіншісі майор әскери шенінен айрылды. Бірақ...

Біздің мемлекеттің шенеуніктері айыпты болып сотталып жатқандарды көріп отырса да, бәрібір жемқорлық әрекетін  қоймайды және тоймайды. Пара алып тез байығысы келеді. Өйткені бәрі жеп үйренген. Ал бюджеттің қаржысын қарпып жеп үйренген басшы отанын ойлай ма? Жоқ! Олар ұсталғанша қазынаның ақшасын осылай жей  береді. Өйткені...

Жемқорлық деген жегі құрт! Олар  – жегі құрт қой...

 

Еркін ҚАЛДАН

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер