Бердібек Соқпақбаевтың біз білмейтін сырлары

12378
Adyrna.kz Telegram

Қазақ әдебиеті шоқтығы биік тұлғаларға бай. Солардың бірегейі - Бердібек Соқпақбаев. Жазушыны білмейтін, оның «Менің атым  Қожасын» көрмеген, «Балалық шаққа саяхатын» оқымаған пенде атаулы саусақпен санарлық шығар.

Жазушы тағдыры

 Қаламгердің ауыр тағдырын бірі білсе, бірі білмейді. Расында, тағдыр Соқпақбаевты талай-талай соқпаққа түсірді. Сегіз жасында анасынан айырылып, жетімдіктің дәмін татты. Колхоздастырудың зұламат кезеңдерін өткерді. Көзі тірісінде үш баласынан айырылды. «Менің атым Қожадағы» ақылды да сұлу Жанарды білесіз ғой? Бұл кейіпкер автордың бес жасында дүниеден өткен Жанарының құрметіне орай дәл солай аталды.

Соқпақбаев шығармаларының жолы да ауыр болды. «Менің атым - Қожа» Алматыда сынға ұшырады, ал оны қорғайтын жан баласы табылмады. Туындының тұсауын Мәскеу кесті. Бұл туралы Соқпақбаев «Повесть Алматыда біраз қиналыспен басылды. "Балаларға бұл кітап қандай тәрбие бермек?" - деп алая қарағандар аз болған жоқ. Орысша қолжазбаны баспа өзіме қайтарып берді. "Қожаның" тұсауын Москва кесті. Кино түсірілді. 1967 жылы Канн фестивалінде бас бәйгені жеңіп алды»,-дейді.

Ал жазушының  «Өлгендер қайтып келмейді» романы оқырманның қолына үш жылдан кейін ғана тиді. Жазған туындыларының біраз жері кесілді. Бердібек Соқпақбаев көптеген жауһарларды дүниеге әкелді, бірақ олар кезінде бағаланбады. «Өтірік айтуға арым бармайды. Ал шындықты айтсаң, ешкім баспайды»,- дейтін. Ол  сұрамсақтықты жек көрді. Өзгелер секілді «Маған атақ бер , үй бер» демеді. Содан ба, жақын досы С.Қирабаев «Бердібек пәтерсіздіктің ауыртпашылығын көп көрді. Алматының қай жерінде болса да, оның үй жалдамаған ауданы жоқ шығар»,- деп еске алды.

Қаламгер құпиясы

 Балалалар әдебиетінің классик жазушысының неге жазбай кеткені жұмбақ. Өмірінің соңғы жылдарында қоғамнан не себепті алыстағаны жұмбақ. Оның өлімі жұмбақ . Ол - құпияға толы қаламгер. Талай жанның сүйікті романына айналған «Өлгендер қайтып келмейді»-ден соң жазушы жазбай кетті. Өмірінің кейінгі 28 жылында ол ештеңе жарияламады. Неге деп сұрағандарға «Мен газет қарамаймын. Кітап қарауға да құлқым жоқ»,- деп жауап беріпті . Өмірін әдебиетпен байланыстырған жанның жазбай кеткеніне сену қиын.

«Шындық жоқ. Біз өтірікпен өмір сүріп жүрміз» ,- деп күйінетін . Ол өтірік пен жағымпаздыққа толы қоғамды қабылдай алмады. Оған араласпай, тасада өмір сүруді жөн деп тапты . Соқпақбаев өмірінің соңғы жылдары қала сыртында өтті.

Жазушының өлімі де әлі күнге дейін жұмбақ . Драматург Баққожа Мұқай «Шауып жүрген Бекең ауырмай-сырқамай бақи дүниеге аттанып кетті» ,- деп еске алса , Қадыр Мырза Әлі «...Арулап о дүниеге аттандырдық. Қимас қаламгерді қара жер құшағына тапсырдық. Өз қолымызбен жерледік. Әйтсе де көңілде күдік қалды. Адам бірдеңені сезеді. Сезеді! Күдіктенсем, күдіктенгендей-ақ екенмін. Кейін Бердібек Соқпақбаев қазасына куә болған бір әріптесімнен төрт-бес адам болып барып, Кеңсайдағы саяжайынан төбеде асулы тұрған марқұмды өз қолдарынан түсіріп алғанын естідім.

Қазақ баспасөзі оның қалай өлгені туралы шындықты бүгіп қалды... Ол – өзін-өзі өлтіретін адам емес-ті. Қалай дәлелдесе де, мен оның асылып өлгеніне сенбеймін. Алдымен өлтіріп, содан кейін асып кетуі мүмкін»,- деді. Қарындасы Несіпхан Аманбаева да «Аңыз адам» журналына  «Ағамның соңынан біреулер қудалады»,- деп сұқбат берді. Журналист Ерболат Қуатбек осы деректерге сүйіне отырып «Жазушының өліміне қатысты шынайы сот-медициналық анықтама сақтаулы. Мұны құпия түрде жасырып отыр. Бар шындықтың сонда жатқаны анық. Бұл құжат табылмайынша, болжамдар мен күдіктер айтыла да, жазыла да береді»,- деген пайымдама жасады.

 Соқпақбаев қандай адам еді?

 «Бердібек - сөзіне берік, ісіне ұқыпты жан. Мен білетін жазушылардың ішіндегі қарапайым, шаруақоры. Өзіне де, өзгеге де қатал, тура, әділ».

Мұзафар Әлімбаев

«Жазады - түбін түсіріп барып бір-ақ тойтайды. Бұл - Бердібектің шырайы, Бердібекке ғана тән нәрсе».

Сайын Мұратбеков

«Еңбегін бұлдап, бұлданғанын да естіген емеспіз. Көзі тірісінде қиянат көріп, қан жұтқан үлкен дарындар Қазақстанда аз болмады десек, соның бірі Бердібек еді».

Баққожа Мұқай

Биыл кемел талант иесінің өмірден озғанына 29 жыл толады. Ғасырлар өтсе де, оның жарқын бейнесі мен өміршең туындылары ешқашан ұмытылмайды. Себебі, Бердібек - халықтың жүрегінде.

 

Диана АСАНОВА, «Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер