Мұғалімдер еңбегінің ақысын қашан алады?

5099
Adyrna.kz Telegram

«Адырнада» Екібастұз қаласына қатысты материалдар легі шыға бастағалы бізге кенді қаладан хабарласушылар көбейіп тұр. Солардың бір тобы – мұғалімдер.

Бірі «зейнетақы аударымдарымыз түспей жатыр», енді бірі «отпускнойымызды ала алмай отырмыз» деп хабарласады. Бұл жайттар тереңірек анықтауды қажет ететіндіктен, бірден жариялай алмадық. Дегенмен бірқатар ата-ананың жанайқайын жасырған жөн болмас деп шештік.

- Таяу арада қаламызға Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов жұмыс сапарымен келіп кетті. Әкімнің алдында Наталья Нефедова жобасын қорғап, «Қайнар» шығармашылық орталығына жаңа ғимарат сұраған көрінеді. Кезінде биліктегілер қаламыздағы тұңғыш қазақ мектебінен сол ғимаратты тартып алғандай етіп алып, «Қайнарға» беріп еді. Бұлай ғимарат іздейтін болса, тарихи мектепті орнында қалдыруы керек еді еді? Байқаймыз, Нефедова өзіне жаққан адамдарды, өзімен жақын қатынастағы адамдар басқаратын мекемелерді ғана көтермелейді екен. Өзімен жақсы араласатын Татьяна Шмидтке Алтынсарин медалін әперуге ықпал етті. Екібастұзда Шмидт ханымның алдын жүз орайтын ұлт ұстаздары жетерлік. Оларды неге байқамайды?! Қыздар гимназиясының қыз балалары өзге мектептің босағасында көздері жәутеңдеп отыр. Оларды көзге ілмей, «Қайнарға» ғимарат сұрағанын қалай түсінеміз?

Сонымен қатар, Екібастұзға талай жүлде әкелген көркемсурет мектебі ескі үйдің өңі қашқан ғимаратында, былайша айтсаң, подвал тектес бір елеусіз орында отыр. Эстетиканы қолдан жасайтын жас шеберлердің осындай быт-шыт жерде отырғанын басшылар неге көрмейді? – дейді ата-аналар.
Біз анықтаған тағы бір жайт, Әшімбетов мырза әкім болған тұста Екібастұз басшылары көркемсурет мектебінің мұғалімдерін құлша жегіп, Екібастұзға кіре берістегі көрнекі жерлерді, қаланың аялдамаларын сырлатыпты. Классикалық өнер шеберлерін еден жуушы дәрежесіне түсірген ғой, қарапайым тілмен айтқанда. Бірақ суретші-мұғалімдер әлі күнге дейін сол еңбегі үшін ақшасын ала алмай жүр екен. Қатты дауыстап талап етейін десе, білім бөлімінің басшысы Жазира Хамзабаева соңдарына түсіп ала ма деп қорқатын сияқты.
Осы жарияланым хас өнер иелерінің адал еңбегінің ақысын алуға септігін тигізсе, нұр үстіне нұр болар дейміз.

Асуан Тайжан,

Павлодар облысы

Пікірлер