Деструктивті діни ағымдар халыққа заңсыз өз үстемдігін жүргізгісі келеді

5397
Adyrna.kz Telegram

 

Қазіргі таңда ғылым мен технологиялардың қарқынды дамуы ақпараттық және медиакеңістіктің құрылымдарын күрделі ойындар алаңына айналдырды. Нәтижесінде кез келген қоғамдық пікірдің қалыптасуына бүгінде ғаламторды пайдаланатын миллиондаған адамдардың белсенділігі ықпал етіп келеді. Өкінішке орай мұндай белсенділердің арасында экстремистік және террористік ұйымдардан құралған деструктивті күштер осы кеңістіктің барлық мүмкіндіктерін өз қызметінде оңтайлы пайдаланып отыр. Ақпарат алмасудың әр түрлі заманауи тетіктерін шебер қолданатын деструктивті ағым идеологтары оқу, хат алмасу, бейне және аудио материалдар арқылы радикалды көзқарастарды таратуда. Мазмұны және ішкі мәні бірдей материалдар сан-алуан жолдармен, әр қилы формада ғаламтор пайдаланушылардың санасына құйылып келеді.

Діннің адам санасына ықпал етудегі әлеуеті жоғары. Осыған орай теріс пиғылды халықаралық ұйымдардың медиа-студиялары және басқа да ақпараттық насихат құралдары әртүрлі қаржылық көздер арқылы молынан қаржыландырылып отыр. Аз уақыт аралығында деструктивті идеяларды тарату арқылы тұрақты біртұтас мемлекетті соғыс алаңына айналдырып, елді ыдыратып жіберуге болатынын Ливия, Сирия, Ирак және Йемен елдерінің тағдырынан айқын көруге болады.

Деструктивті және экстремистік топтар тарапынан жүргізіліп отырған кең көлемді насихат жұмыстарының мақсаты ортақ – әрбір шаңырақта өшпендiлiк пен алауыздық отын тұтату және қоғамдағы ауызбіршілікті жою, сол арқылы мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiріп, елдің конституциялық құрылысы мен аумағының тұтастығын бұзу.

Бүгінгі күнде статистикалық мәліметтер бойынша дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 73% қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейтінін «Қазақстан Республикасындағы терроризм және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қоры хабарлады. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламторда ашатынын көрсетеді.Яғни қазіргі ғаламтор сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар, блог-платформалар және басқа да байланыстырушы масс-медиа құралдары әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде.

Деструктивті діни ағымдар барлық тарихи кезеңдерде қоғамды ыдыратушы құрал ретінде өз белсенділігін жоғалтпаған.Саяси мүдделер мен қаржыны мақсат еткен діни ағымдар бүгінде технологияның жетістіктері арқылы прозелитистік әрекеттерін жаһандық деңгейде жүзеге асыруға қол жеткізді.Солардың ішінде салафизм идеологиясына негізделген Қазақстанда тыйым салынған «ИГИЛ», «аль-Каида» секілді халықаралық экстремистік ұйымдар қажетті қаржылық және адам ресурстарымен жабдықталған, трансұлттық деңгейде қанатын кең жайған дербес жүйеге айналып отыр. Жаһандану кезеңінде ғаламтор және әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, дүниенің әр жерінде тұрақтылықтың бұзылуына әрекеттенген мұндай топтар дін атын бүркеніп, өздерін шариғаттың заңдарына негізделген мемлекет құрушы күштер ретінде жарнамалауда.

Кез келген теріс пиғылды діни топ көздегеніне тез жету үшін әрі қатарын жаңа адепттермен толықтыру үшін өзінің шынайы мақсатын жасыруға және зұлымдықтарын ақтауға тырысатыны белгілі. Осыған орай деструктивті ағым өкілдері өз уағыздарында бұрмаланған әр түрлі діни дәйексөздерді келтіре отырып, өздерінің жолын әділ әрі ақиқат етіп көрсеткісі келеді. Алайда бейбітшілік пен бауырмалдылыққа үндейтін шынайы діни сенімде адамдарға зұлымдық пен әділетсіздік танытуға, нақақтан жан иесін өлтіруге жол берілмейді. Бұл қағидаттар киелі кітаптарда тайға таңба басқандай жазылған.

Радикалды діни ұйымдардың идеологиясын шынайы діни сеніммен байланыстыруға болмайтынын мынадай айырмашылықтардан көруге болады:

- деструктивті ағымдар ымыраға келмейді және өзге дін өкілдерімен өзара келісім орнату мәселесін жоққа шығарады;

- деструктивті топ идеологтары адамдар арасында орныққан бауырластық, достық, туыстық және отбасылық қатынастарды бұзуға үндейді;

- радикалды топ мүшелері мақсаттарына жету үшін дінде тыйым салынған әрекеттерді жасаудан тайынбайды, тіпті көптеген бейкүнә адамдар мен эмиссарларды, соның ішінде БАҚ өкілдері мен елшілерді жазықсыз өлтіруде;

- радикалды ағымдар саяси және қаржылық мүдделер үшін мемлекеттің тұрақтылығы мен тұтастығын бұзуға, жергілікті халыққа заңсыз өз үстемдігі мен билігін жүргізуге әрекеттенеді;

- діни заңнамаларда бекітілген нормаларды сақтамай өз нәпсілеріне еріп, қылмыстық жазаны жүзеге асырады.

Деструктивті ұйымдар жүргізіп жатқан қызмет шынайы діннің қағидалары мен ұстанымдарына толығымен қайшы келеді. Сондықтан мұндай ұйымдардың әрекеттері дінге, діндарлар қауымына және жалпы адамзатқа қарсы жүргізіліп жатқан қылмыс ретінде бағаланады.

Деструктивті діни ағымдар өз қатарын мейлінше көп адаммен толықтыруға асығады. Сол үшін мұндай ұйымдардың өкілдері арбау жұмыстарында өтірік айту, мәліметті бұрмалап жеткізу, арнайы психологиялық айла-тәсілдер қолдану секілді жолдармен неофиттердің санасына ықпал етеді. Теріс пиғылды ұйымдар қоғамға өздерін діни, емдік, сауықтыру, мәдени, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетуге әрекеттеніп, жақтастарының санын көбейтуге тырысады.

Адам санасын улайтын деструктивті ұйымдардың басты қаупі – бұл ортаға сенім білідіріп келген адамның дербес ойлана алу, сын көзбен қарау, өз бетінше шешім шығара алу, қалаған өмір салтын таңдау қабілеттеріне шектеу қойылады. Яғни азаматтың жеке бас бостандығы мен құқықтарына қол сұғу орын алады.

Деструктивті топтың мүшелігіне кіру барысында тұлға әр түрлі психологиялық кезеңдерден өтеді. Бұл кезеңдерде адам қате діни ұстанымдарды шынайы сенім ретінде қабылдайды. Ол кезеңдерді шартты түрде төртке бөліп қарастыруға болады:

1) алғашқы байланыс орнату кезеңі адамның жалған діни ағым өкілдерімен танысуымен басталады. Осы кезде радикалды идеологтар өз ұстанымын таңу үшін бұрмаланған ақпараттарды ұсынып, қызметін адал әрі дұрыс деп көрсетеді. Прозелитистік мақсатта психологиялық ықпал ету тетіктерін қолданады.Бастапқы кезеңде идеологтар арбалатын адамның бойында дінге қызығушылықты ояту үшін өздерінің діни сенімге беріктігін, әрқашан көмек көрсетуге дайын екенін дәлелдеуге тырысады. Осылайша достық байланысты орнатқан адаммен тығыз қарым-қатынас жасауды қолға алады.

2) екінші кезеңде адам арбаушыларға толыққанды сенім білдіріп, неофит ретінде діни ұйымның мүшелігіне кіреді. Осы кезде идеологтар неофитке «біздің ұстанатын діни сеніміміз ғана ақиқат», ал «шынайы бақытқа тек топ ішінде ғана қол жеткізуге болады» деген ойларды таңады. Сондай-ақ осы кезде неофит басқа жолдармен келетін ақпараттардан оқшауланып, ой-өрісі, санасы идеологтар көрсеткен бағытпен қалыптаса бастайды.Нәтижесінде идеолог жеке өмірін толыққанды бақылауға алған неофиттің әрбір қадамын бағалай отырып, оның кез келген мәселеде ақыл-кеңес сұрайтын ұстазына айналады.

3) бұл кезеңде деструктивті топ ішінде психологиялық өңдеуден өткен, сыртқы ақпараттық және әлеуметтік байланыстардан оқшауланған адам топ мүшелеріне бауыр басып, өзінің өмірін толығымен осы топтың мүддесіне арнауға дайын болады. Деструктивті топтан тыс тұрған туысқандардың, қоғамның, мемлекеттің барлығы арбаудан өткен адам үшін жат болып келеді. Ондай адам топтағы адамдарды ғана өзіне шынайы дос тұтып, ұйымдағы басшысының әміріне көзсіз бойсұнады.

4) соңғы кезеңде идеологтардың ықпалымен адамның өмірге және айналасындағыларға қатысты ұстанымдар қалыптасады. Өзгелерді өзінен артық көрген адамға жалған сенімге негізделген идеялар мен көзқарастар таңылып, мұндай адам ұйымның мүддесі үшін өзінің жанын да, малын да құрбан етуге дайын тұрады.

Кез келген діни ағымның деструктивтілігі оның мақсаттарынан және іс-әрекетінің нәтижесінен аңғарылады. Теріс пиғылды ағымның арбауына түскен адамның жеке өмірінің деңгейі, сондай-ақ оның әлеуметтік, физикалық, экономикалық, рухани және моральдық жағдайы бұзылады. Соның салдарынан отбасы мен қоғам зардап шегіп, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келеді.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен елдегі діни саланы реттеу мәселелері Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан қазіргі таңда Елбасымыздың  жүргізіп жатқан сарабдал саясатының арқасында, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың бірлесе үйлесімді жасап жатқан жұмыстардың нәтижесінде елдегі діни ахуалдың тұрақтылығы сақталып келеді.

Мемлекет басшысының нұсқамаларын орындау аясында террористік қатерлерді бейтараптандыруға арналған Қазақстанның жеке дербес жүйесі құрылды әрі ол жыл сайын жетілдірілу үстінде. Елімізде экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимылға қатысты біршама тәжірибе мен біліктілік базасы жинақталды. Ол ең алдымен алдын алу шараларын жүргізу, халықтың діни-құқықтық сауаттылығын арттыру, түрлі радикалды идеологиялардың ықпалына төтеп беретін иммунитетті қалыптастыру жұмыстарынан тұрады.

Бұл орайда дәстүрлі діни-рухани құндылықтардың ұлттың болашағын құруда ықпалды фактор екенін ұмытпауымыз қажет.Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен руханияты, өмірлік ұстанымдары мен салт-дәстүрлері, ойлары мен көзқарасы, дүниетанымы осы діннің құндылықтарымен сабақтаса қалыптасты. Сондықтан шеттен келген теріс пиғылды күштердің ықпалына төтеп беретін ең тиімді жол – Елбасының таяуда жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсетілгендей ұлттық кодты, ұлттық құндылықтарды, елдік мақсат пен мемлекеттің ұлттық құрылымын, қазақ елінің тарихи мұраларын жаңғырту болып табылады.

Жаһандық деңгейде әрекет ететін деструктивті ағымдардың ықпалымен күресте қоғамда ұлттық және діни-рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ғана біз бүгінгі қоғамды және келешек ұрпақты жат идеологиялардың кері әсерінен қорғауды қамтамасыз ете аламыз.

М.Ж.Муслимов, ҚР ДІАҚМ ДІК «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» РММ Діни бірлестіктерді зерттеу бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері

 

Пікірлер