Музей экспонаттарын зерттеудің философиялық негіздері

5578
Adyrna.kz Telegram

Музей – мәдени дәстүрлер көрінісі, ғасырларды бір‑біріне жалғап тұрған тарихи естеліктердің ордасы. Ал осы сипаты мен мәнін ашатын рөл – көне жәдігерлер еншісінде. Жалпы, музейлердің межелеген мақсат‑міндеттері өзгерген жоқ, алайда жедел қарқынмен өз дамуын жалғастырып келе жатқан уақыт музейге келушілерге қызмет көрсету қызметін жаңаша қарқында дамытуды міндеттеуде. Бұл үшін музей экспонатын зерттеудің философиялық негіздерін саралап, тың ізденістерге ден қою орынды. Ол үдеріс экспонатты таныстырудан бастап, экспонат туралы мәліметтердің танымды‑ақпараттық  мазмұнын, тарихи құндылығы мен өзіндік ерекшелігін, бастау кезеңі мен бүгінгі өзгерістерін және тағы басқа аспектілерді қамтиды.

Көне жәдігерді алғаш жинақтау барысында оның құндылық сипаты үш бағытта айқын көрінеді: мәдени, дүниетанымдық, діни. Ал музейге келген соң, тарихи мәніне феноменологиялық сипаты үстеліп, жеке құбылыс ретінде символдық‑семантикалық мәні тереңдейді. Музейдегі зерттеу жұмысының өзіндік ерекшеліктері мен уақыт өлшемі де әрқилы. Көне жәдігер – уақыт тынысын өз бойынан өткеретін ерекше құбылыс. Ол уақыт өткен сайын тың сипатын аша түседі: қайта зерттеп, философиялық негізде тың мәліметтермен толықтырып отыру мүмкіндіктеріне басымдық береді.

Философияда дәстүрлі түрде ойлаудың болмысқа (біздің жағдайымызда болмыс – музей экспонаты), ал болмыстың логикалық ойлауға (жаңа философиялық‑логикалық тұжырымдар жасауға) қатынасы туралы мәселе қарастырылады.  Ал ойлау мен зерттеудің логикалық тізбегі, мазмұндық философиясы – музей экспонатын зерттеу барысында тың көзқарастарға мүмкіндік тудыратын бағдар. Біз философиялық негіздеуді экспонаттың жасалу себептері мен мақсаты, негізделген қызметі, тұрмыстағы қолданысы мен нақты рөлі қамтитын (онтологиялық) және діни түсініктер мен дүниені танудағы өзіндік көзқарас ерекшеліктері, заттық‑болмыстық негіздерін айқындайтын (гносеологиялық) бағыттарда зерделеп келсек, жаһандану жағдайында музей экспонатының сипатын тың философиялық негізде қарастыруға мүдделіміз.

Қазіргі кезде музей экспонаттарын зерттеудің философиялық негізі ретінде прагматикалық және феноменологиялық бағыттарды қамту өзекті болып отыр. Тұңғыш Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қоғам мен сананы жаңғыртуға негіз болатын философиялық бағыттардың бірі – прагматизмге: «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес. Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады. ...Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп, межелі міндеттерді атап көрсеткен.

Ұлы дала елінен табылған тарихи жәдігерлер, музей экспонаттары  қай дәуір философиясының да жүгін көтеретін мазмұнға ие. Ол – әлі толық зерттеліп бітпеген телегей теңіз. Кез келген экспонаттың ашылмаған сыры бар және ол міндетті түрде философиялық негіз, пайымды пікірлерге сүйеніп жұмыс істеуді талап етеді. Ойымызды түсіндіру мақсатында бірді‑екілі мысалға жүгінсек: мәселен, батырдың дулығасы. «Батыр бабалар» мемориалдық музейінің экспонаттар қорындағы батырдың бас киімі – көшірме.

Демек, біздің зерттеуіміз салыстыру, индукция, дедукция, аналогиялық т.с.с тәсілдер бойынша жүзеге асырылып, дулығаның тарихи‑этнографиялық, әлеуметтік‑мәдени, танымдық‑ақпараттық сипаттарын ашатын мәліметтер қорын құрайды. Музейдегі құнды артефактілердің бірі – қылыш. Қаруды зерттеу жұмысы негізінде қылыштың жасалу технологиясы, қай шеберханада жасалғаны, кімдер жасағаны, қолданыс мерзімінің кезеңі және кім тапсырғаны туралы деректер нақты берілген. Қылыштың айтулы тұлға Бопай ханымға тиесілі екені жөнінде (ауызекі) мәлімет те бар.

Көріп отырғанымыздай, артефакт жөніндегі қалыпты үлгідегі мәлімет бар, алайда зерттеу осымен тоқтамайды. Егере олай етсек, онда музей жұмысы келушілердің қызығушылығын үстеп, бәсекеге қабілетті жұмыс деңгейін көрсету мүмкіндігінен алшақтайды. Міне, осы тұста зерттеуді феноменологиялық және прагматикалық философиялық ой тұжырымдау бағыттарына негіздесек, музей экспонатына қатысты мәліметтерді тың тұрғыдан толықтыру өрісі кеңейеді. Ойымызды сабақтап, зерттеу ісіне қатысты жоғарыдағы мысалдар төңірегінде ойымызды жинақтап, тұжырымдасақ.

Прагматикалық негіздеме дулыға мен қылыштың көне жәдігер ретінде қарастырылып қана қоймай, оның болашаққа қызмет ете алатын үлгі екенін зерттеуге жол ашады. Нақтылай түссек: дулыға – соғыс жарағы. Алайда оның моделі өзгерістерге ұшырай отырып, тың идеяларға қызмет етуде: ұшқыштың шлемі, ғарышкер скафандры, өрт сөндіруші және құрылысшының қорғаныс бас киімі және т.б. Қылыш – қорғаныс құралы, бірақ оның формасы қару ретінде талай өзгеріске ұшырағаны, жетілдірілгені анық. Қылыштың көне ғасырдан қолданыс идеясының бастауы болғанының бір дәлелі – тоқыма өнеріндегі арқау жіпті нығыздап отыратын ағаш қылыш. Ол жерде қылыш жүзінің өткір болуы тіптен қарастырылмайды. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, қажет жағдайда жолды бөгейтін шлагбаум, сурет қағазын біркелкі кесетін құрал т.т. негізінде қылышты тұрмыстық жағдайда, бейбіт қолданыста қолданудың креативті шешімдері жатыр. Демек, экспонат – белгілі бір тарихи қызметімен танылғанымен, уақыт өзгерісіне қарай бейімделіп, адамзат дамуына үлес қосып отырған өнім үлгісі.

Экспонаттың феномендік сипаты оның ерекшелігіне негізделеді. Сыртқы сипаты өзге үлгілерден айырмашылығы жоқ болғанымен, әр заттың өзіндік ерекшелігі бар. Көшірме десек те, түпнұсқа болса да оны жасаған ұстаның жұмыс стилі, материалды сұрыптау және қолданудағы өзіне тән шеберлігі сақталады. Ол көлемі, жасалуы мен материалдың қолданылу ерекшеліктерін бұрынғы қалыпта бергенімен, саналы тіршілік иесінің өзіндік философиясы мен соған орай жұмыс жасау алгоритмі танылып тұрады. Бұл – шебердің жеке қолтаңбасы.

Жоғарыда келтірген деректер музейге келген адамның назарын аударады. Адамда оны ұстап көру, оның қалай жасалғанын сезіну қызығушылығы туындайды. Неге болмасқа? Міне, енді прагматизм мен іскерлік бағыты орын алады. Экскурсия аяқталған соң белгілі бір материалдар (қағаз, ермексаз, ағаш т.б.) ұсынылып, «шеберлік сыныбына» қатысу немесе сол жерде «Қызықты иделар» тақырыбында тың ойлар туындатуға негізелген жеделсайыс түрлері ұйымдастырылса – нұр үстіне нұр. Тек танысып қайтып кетпей, көрген мен естігенді көңілге қондыратын, танымдық‑зияткерлік бұдан да өзге жұмыс бағыттары өте мол. Ол музейге келушілердің мәлімет алып қана қоймай, тың деректермен танысуына, музейге жиі келуіне ықпал ететін көпшілікпен атқарылар шығармашылық бағдары.

Музей экспонаттарын зерттеудің философиялық негіздерін айқындай білу – музей қызметкері біліктілігінің көрсеткіші. Экспонатты зерттеудің ғылыми мазмұнын, тарихи деректерін заманауи философия тұрғысынан зерделеу – музей ісін жүргізуге тың леп. Сонымен қатар, зерттеудің философиялық мәселелерін қозғау барысында көне дәуір және қазақы философия, бабалар даналығы мен тұрмыстық прагматикасына негізделген мәселелерін ескеру де маңызды. Ол креативті ізденістер мен бәсекеге қабілетті қызмет көрсетудегі іскерлік, зор мүмкіндіктер бастауы болып табылады.

А. А. Қасымбек,  «Батыр бабалар»

мемориалды музейінің ғылыми қызметкері,

Әлеуметтік ғылымдар магистрі

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан энциклопедиясы, VII-том
  2. Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007.
  3. Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет
  4. Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласы. http://sayasat.aktobe.gov.kz/kk/node/49208
  5. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: Аруна Лтд. ЖШС, 2005
  6. Бруссо Ф. Опыт канадских музеев: возрастающее взаимодействие с обществом // Музей и общество: материалы междунар. конф. Красноярск: Высш. шк., 2002.
  7. Бөгенбай батырдың дулығасы · Жаңалықтар · «Қазақстан тарихы» порталы e-history.kz/kz/publications/
  8. Т. Васильева. Региональный музей как ентр духовной жизни. http://regionsar.ru/ru/node/307
  9. Зерттеу әдістері және әдістемесі туралы жалпы түсінік. https://mylektsii.ru/11-25563.html

 

Пікірлер