ҚазҰУ – болашақтың мекені

4288
Adyrna.kz Telegram

 

 

Адам баласы осы  қиындығы мен  қызығы қатар  жүретін мынау  дүниеде  қанша жыл өмір сүрседе, қандай іспен айналысса да өміріндегі ең  бір ұмытылмас кездер универистет қабырғасындағы керемет шақтар. 2015 жылы  мектебінен  түлеп ұшқан  жас түлектермен қатар мен де осы бір керемет кезеңнің табалдырығын аттап, балалық шақпен  қоштасып , жаңа бір белеске аяқ бастым.            Менің Алатаудай  асқақ  арманым мені Алматы  шаһарына, Әл – Фараби  атындағы Қазақ  Ұлттық  университетіне  жетеледі. Осыдан бірнеше жыл бұрын арманыма  айналған  білім  ордасы , қазіргі  кезде  шындыққа айналып, сонау  ару қалам- Ақтөбеден  ат  терлетіп, арман қала – Алматыға бас тіреген  жайым  бар.   Мен университеттің есігін  айқара  ашқан  күннен бастап, мені  жаңа  әлем, жаңа  адамдар, жаңа  достар, жаңа мүмкіндіктер  күтіп  тұрғанын оған қоса мойнымда  үлкен  жауапкершіліктің  барын  сезіндім. Өйткені  осындай заңғар  университеттің   студенті  атану әркімге бұйыра бермес бақ деп білемін. Ал  енді  осы   басыма  қонған бақты аялау  әрі  қарайғы  менің  басты  міндетім. Әл – Фараби  бабамыз  өз  сөзінде: «Бақытқа жеткізетін еркін әрекет —  тамаша  әрекет» дегендей, сол тамаша  әрекеттің бірі – ол  білімге  деген  құштарлық  деп  санаймын.

Университет қабырғасында  оқып жүргеніме  бес жыл. Осы бес жылдың  менің  өмірімдегі  естен кетпес, санада  мәңгі  қалар, жүректен  орын  алар  ең  тамаша  кездер. Университетке аяқ тірегелі бері өзімді  нағыз  телегей теңіз білім  ордасына, жалынды жастардың  қатарына  енгеніме  өте  қатты  қуанамын әрі мақтанышпен айтамын. Өйткені,  елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев еліміз бен біздің жастарымыздың басты байлығы — сапалы білім екенін өзінің сөйлеген сөздерінде бірнеше рет атап көрсеткен  болатын. Осы сапалы білімнің қара шаңырағы, Қазақстандағы білім беру жүйесінің тірегі, ескінің көзін көрген, 85  жылдық  бай тарихы жинақталған   ұлттық  университетте еліміздің түкпір түкпірінен, алыс - жақын шет елдерден келіп, оқып жатқан студенттер жетерлік. Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ерекше мәртебесі бар Қазақстанның жетекші , нөмері бірінші   университеті,  сонымен  қатар білім мен  ғылымның  ұлттық көшбасшысы. Жақында  Қазақ  ұлттық  университеті  «QS World University Ranking by Subject 2020» пәндік рейтингісінің қорытындысы бойынша «Заманауи тіл білімі» мамандығы бойынша әлемнің ең үздік 100 ЖОО қатарына енді.

Университет қабырғасында жан – жақты, біліктілігі жоғары, қазақтың керемет ақын – жазушыларының алдын көрген, сол ұлы кісілерден дәріс алған оқытушы-профессорлар, ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, доценттер қызмет атқарады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 180-нен астам гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық мамандықтар бойынша бакалаврларды, магистранттарды, докторанттарды дайындайды. Университетімізде 16 факультет шоғырланған.Осы жерде білім алатын барша студенттер үшін жан-жақты даму үшін, көшбасшылық қабілетті қалыптастыру мақсатында, өз-өзін кемелдендіріп, еркін, заманауи дамыту үшін бар жағдай жасалған. Сол  бар  мүмкіншілікті  пайдалана  білу, әр  студенттің   өз  қолында. Мәселен, интернет орталығы, Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, мұражай, тамақтандыру комбинаты, студенттерге қызмет көрсету  орталығы  «Керемет»,  компьютерлі-техникалық жабдықтар, WI-FI сымсыз интернет желісі , ауқымы кең  спорттық кешен сынды орталықтар орналасқан. Онымен қоса ең бай кітапхана - Әл-Фараби кітапханасы орналасқан. Қойнауы кітапқа бай, зәулім сарайлы кітапханамызда әр студент  өзінің  керегіне еш  қиындықсыз  қол  жеткізе  алады .

Университеттің ерекшелігі және  ең қолайлы тұсы – студенттер үйі де, барлық факультет ғимараты да, жоғарыда аталған кешендердің барлығы бір қалашықтың ішінде  орналасқандығы. Қалашықтың табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Айнала қоршалған жасыл  желекті  ағаштар, хош иісті  гүлдер,саф, таза  ауасы,  ең бастысы шыңы аспанмен таласқан заңғар Алатау орналасқан. Сол Алатаудың шыңы әр студентті, жалпы  әр адамды биікке жетелейтіндей  көрінеді.

Мен осы университеттің ең ежелгі  факультеттерінің  бірі – филология  және  әлем тілдер факультетінің, қазақ  филологиясы  мамандығы  бойынша  төрт жылдық жоғары білімімді алып   қазір  осы  білім ордасының  магистранты атандым. Мен  үшін  жаныма   ең  жақын, жылы мекенге  айналған.  Бұл факультеттің тарихи қойнауы өте бай факультеттердің бірі. Себебі,осы  қара  шаңырақта  қазақтың  ғұламалары  қызмет  атқарған . Олардың қатарында:   әлем әдебиетінің классигі Мұхтар Омарханұлы Әуезов, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, халық жазушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Қабдолов , әйгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Бейсембай Кенжебаев,  белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек Кәкішұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, этнограф, әйгілі С.Аронұлының шөбересі Сұлтанғали Садырбаев сынды т.б.  осындай  ірі  тұлғалардың ізі, рухы бар университетте  оқып, білім алған  адам  рухани, мәдени тұрғыдан  байып шығатыны сөзсіз. Қазіргі  таңда білім  ордасында студенттер арасында от  жалынды, орақ  ауызды  ақындар, қаламы  ұшқыр жазушылар да  жетерлік.

Бұл менің университетімді  асыра  мақтағаным  емес, бұның  барлығы  шынайылықпен, махаббатпен жазылған шынайы  дүние. Менің   осы университетте алған білімім биік шыңға жетеліп келе жатқанына және   өмірден, ғылым жолынан өз орнымды ойып  тұрып  табуға жетелейтініне үлкен  сеніммен  қараймын. Мағжан  Жұмабаев : «Арыстандай айбатты, жолбарыстай  қайратты, Мен  жастарға  сенемін!», - демекші арыстандай  айбатты, жолбарыстай  қайратты  жастардың отаны – Әл – Фараби  атындағы  Қазақ  ұлттық университеті!

 

Жансұлу Аманжанова    

Әл – Фараби    атындағы  қазақ ұлттық  университеті

           Филология   және    әлем тілдері факультетінің

                                                   1-курс  магистранты

Куратор-эдвайзері филология ғылымдарының кандидаты, доцент Л.Т.Әлімтаева

 

 

Пікірлер