5 мамыр - дүниежүзілік бронх демікпесіне қарсы күрес күні

2986
Adyrna.kz Telegram

Алғаш рет демікпеге қарсы дүниежүзілік күрес күні 1988 жылы атап өтілді. Өткізу мақсаты - жалпы осы ауру туралы пациенттердің, дәрігерлердің және тұрғындардың ақпарат алуын жақсарту, бронх демікпесі бар пациенттердің мәселесін шешуге және оларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға қоғам назарын аударту.

        Бронх демікпесі – бұл қабыну, ісіну және қақырық пайда болу салдарынан дұрыс тыныс алуға кедергі келтіретін, соның нәтижесінде  өкпеге апаратын тыныс алу жолдарын тарылтатын ауыр дерт.

Статистикалық деректерге сәйкес 2019 жылы Қазақстанда бронх демікпесінің 108 958 жағдайы тіркелді, оның ішінде 19 040 жағдай алғаш рет тіркеліп отыр.

79 058 адам диспансерлік есепте тұр, оның ішінен 17 жасқа дейінгі бронх демікпесі бар балалардың үлесі 22,7% құрайды.

Ауру, әдетте, жас кезінен басталады. Шамамен балалардың 50%-ы оны дұрыс емдеген жағдайда есейген уақытында демікпе ауруынан жазылып жатады.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сарапшылары бронх демікпесі кезінде асқынудың алдын алу үшін белгілі бір қағидаларды ұстануды ұсынады.

Демікпе кезінде нені жеуге болмайды: балық өнімдері, теңіз өнімдері, уылдырық, еттің майлы сорты (үй құсы, шошқа еті), қақталған тағамдар, майлы тағамдар, жұмыртқа, бұршақ өнімдері, жаңғақ, шоколад, бал, томат, қызанақтан жасалған соустар, ашытқыдан жасалатын тамақтар, цитрустар (апельсин, лимон, мандарин, помело, грейпфруттар), құлпынай, таңқурай, қарақат, өрік, шабдалы, қауын, алкоголь.

Нені қолдануды шектеу қажет: жоғары сұрыпты ұннан жасалған нан-тоқаш өнімдері, тоқаштар, қант пен тұз, сүт өнімдері (сүт, қаймақ, сүзбе).

Демікпе кезінде нені жеуге болады: ботқа (маймен), сорпа (майсыз), тауық еті, майсыз сосискалар мен шұжық (докторлық), қара бидай наны, кебектен жасалған нан, сұлыдан немесе галеттен жасалған печенье, көкөністен және жемістерден жасалған салаттар, компот, минералды су, шай, кофе (құрамында кофеин болса).

Тамақтану тәртібі – қатты тоймай, күніне 4-5 рет тамақ жеу. Тамақты бумен пісірген дұрыс, бірақ қайнатуға, бұқтыруға, қыздырып пісіруге де болады. Тамақты тек жылы күйінде жеу қажет.

Демікпенің асқынуы

  • пневмоторакс (өкпеқап қуысына ауаның түсуі)
  • жедел тыныс жетіспеушілігі
  • өкпенің эмфизематозды бұзылысы

Бронх демікпесі созылмалы ауру екендігіне қарамастан, оны толығымен бақылауда ұстауға болады. Демікпені жақсылап бақылау сізге ауру белгілерін жойып, асқынудың пайда болу қаупін төмендетіп қана қоймай, өмір сүру сапасын жақсартуға және қалаған нәрсеңізді істеуге мүмкіндік береді.

Аурудың алдын алу үшін Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сарапшылары ұсынған кеңес:

- ұстамаларды тоқтату үшін өзімен бірге үнемі ингаляторды алып жүру;

- басталып келе жатқан ұстама белгілерін біліп, оны тоқтатуды үйрену;

- ауру қоздыратын факторлардан аулақ болу;

- міндетті түрде дәрігердің ем бойынша берген кеңестерін орындау;

- көңіл-күйіңіз жақсы болса да, дәрігерге жылына кемінде 2 рет бару;

- үйдегі тазалықты қадағалау және кез келген аллергенді жою: шаң-тозаң, жануарлардың жүні, кене және т. б.;

- темекі түтінінен, газ түтінінен аулақ жүру. Егер темекі шегетін болсаңыз, оны тастаңыз;

- ұстамалар жиілігін азайту үшін барлық тағайындалған препараттарды қабылдау;

- жүрек пен өкпе жағдайын жақсарту үшін спортпен шұғылдану.

 

Жалпы бронх демікпесін емдеу кезіндегі болжам оң нәтижелі болады, алайда көп жағдайда аурудың анықталған деңгейіне, мұқият диагностикалауға, пациенттің емдеуші дәрігер берген барлық ұйғарымдарын нақты орындауына және аталған ауру ұстамасын тудыруы мүмкін факторларды шектеуге байланысты болады.

 

Өзіңізді күтіңіз және ауырмаңыздар!

Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы

Пікірлер