Ғалым Аманқос Мектеп-тегінің «Жігіт» сөзінің түп-төркіні» атты зерттеу мақаласы тіліміздегі этномәдени сөздің шығу тегі хақындағы алуан түрлі болжамдар мен тұспалдарға түзету жасап, ғылыми дәйек, бұлтартпайтын уәжбен дәлелдеген. Атақ-дәрежесі жер жарған оқымыстылардың айтқаны болған, әмірі жүрген кеңестік дәуірдегі әдістемелік ғылыми үдеріс тіліміздегі байырғы атауларды қайткенде де өзге мәдениеттің ықпалынан тудыруға негіз болатын пікір қалыптастырды. Дәл осы үрдіс бойынша төлтума «жігіт» атауының этимологиясына байланысты да сан-саққа жүгірткен қисындар беделді лексикографикалық еңбектерде орын алып келді. «Соқыр көргенінен жазбайды» дегендей, «дуалы ауыздардың» тұжырымы кітәптан кітәпқа көшіп, қоғамдық санаға жауындай сіңді. Осы ретте бұл мақаладағы жаңалықтың ғылыми мәні ерекше зор. Өйткені ғалымның ежелгі руникалық мұраны түпнұсқадан зерделеуі «жігіт» сөзінің сыр-сипатын айқындап, қалыптасқан қағиданы бұзды деген ойдамыз. Ғылыми мақала болғандықтан автор стилін қаз-қалпында сақтағанды жөн санадық. [Редакция атынан].
«Жігітті шешенсіген дауда сына,
Мақтаған қыран құсты ауда сына.
Қарын тоқта әркім-ақ үйде батыр,
Жігітті батырсынған жауда сына».
Ақансері Қорамсаұлы
Қазақ тіл білімі ғылымында ең кенже дамыған сала – сөздің түп-төркінін зерделеу, яки этимологиялық талдау жасау. Жалпы, төрүк тілдерінің лексикалық қорындағы сөздерді төркіндеткен зерттеулер аз емес. Алайда төрүктің ұлыттық болмыс табиғатына тән сыр-сипатын дәл ашатын, ғылыми мән-маңызын танытатын сапалық деңгейі мәз емес. Өйткені төрүктану ғылымына елеулі де өлшеусіз үлес қосқан өзге ұлыттың өкілдері жеткілікті бола тұра, олардың жат этникалық тілдің табиғи байлығын қамтитын сөздік қорының қыр-сырын терең де, толық төркінін таратып, талдап беруі екіталай. Ол түгіл қаны-жаны төрүктекті қазақ, этимология саласымен шұғылданатын қаншама лингвист-ғалым бола тұра, «жігіт» сөзінің түп-төркінін бүгінгі таңға дейін тапқан жоқ.
«Жігіт» сөзінің таралған географиялық ареал аймағы саяси картада өте кең аумақты қамтиды. Аталған атаудың шығу тегін зерттеген еңбектер де аз емес. Алайда қилы-қилы ғылыми болжамдар мен топшылаулар этномәдени атаудың нақты табиғатын әлі ашқан жоқ.
Қырғыз ғалымы К.Сейдакматов: «Қырғызша жігіт сөзі ержеткен ұландарға қарата айтылады. Байырғы төрүкше йетик сөзіндегі — т және — к дыбыстары орын ауыстырып йетик > йекит метатезаланған. Жігіт болғанда адам балалық дәуірді өткеріп, жетіледі. Есейіп қалған ұлдарға қарата «жігіт болып қалыпты» деп айтатынымыз бекер емес, жігіт сөзінің өзі «жет+ик» морфемаларынан құралған. Ержеткен, бойжеткен кез баланың жетілгені болады…» (К.Сейдакматов. Кыргыз тилинин кыскача этимологиялык сөздүгү. «Илим» баспасы, Фрунзе, 1988. 95-бет), – деген тұжырым жасайды.
Қазақ даласын ертеден шарлап, зерттеу жұмысымен шұғылданған орыс ориенталист ғалымдары, жиһанкездерінің жазып қалдырған еңбектеріне сүйене отырып, КСРО Ғылым Академиясының Тіл білімі институты Э.В.Севортянның басшылығымен, кейінгі томдарына Л.С.Ливитскаяның жауапты редакторлығымен жарық көрген «Төрүк тілдерінің этимологиялық сөздігінде» «ЙИҒИТ» атауының тас бітігтен бастап күллі төрүк мұраларында және тілдерінде тұтыну пішінін, мағыналық білдіретін реңктерін тізіп шығып, сол бойынша бастапқы семасын табуға ізденіс жүргізген. Сөйтіп төрүк тілдерінің қолданысында «Йиғит» сөзі төрт түрлі мағына үстейтіндігін айқындаған:
- Ержеткен, ұлан, жасөспірім, өрімдей жас;
- Азамат;
- Батыл, шабандоз, ерен, ер;
- Жауынгер, солдат, батыл.
Сондай-ақ «йигіт» атауының Л.Будагов сөздігінде «жасөспірімнің белгілі жас ерекшелігі (20-30 жас аралығы) мөлшерін білдіретінін, Э.К.Пекарскийдің жақұттарда «ер жету, есейгендік, сақайғандық, бозбалалық шақ» ұғымында тұтынатынына сілтеме жасаған. Моңғол тіліндегі «іде» (ішу, жеу), «іде» (батылдық, күштілік, физикалық ептілік), «ідер» (еті тірі, жігерлі, отты, жасөспірім) сөздерімен қызықты семантикалық паралель жасап, ой өрбітеді. В.Котвичтің пайымдауы бойынша, «yigit» «тегін» сөзінің трансформациясы», алайда бұл пікірін негіздеп, бекітетін таяныш дәйегі жоқ (Этимологический словарь тюркских языков. М., «Наука», 1989 ж., 198-199-беттер).
Енді кейбір тілдік мәселеге барынша түсінік беріп өтелік. Неге тіліміздегі «жігіт» сөзінің тұлғалануы «йигіт» пішінінде? Себебі қазақ тіліндегі «ж» дыбысы X ғасырға дейін дыбыстық жүйемізде мүлдем болған емес. Сондықтан сөздік қорымыздағы ж-дан басталатын «жер», «жұрт», «жігіт» сөздері X ғасырға дейін тілімізде «йер», «йурт», «йигіт» лексикалық тұлғасында қолданылғанын естен шығармағанымыз жөн. Орайы келгенде ғылыми әдебиеттерде және ғалымдар еңбектерінде моңғол мен төрүктекті ұлыт тілдерін туыстық табиғатын тым жақындатып зерттеу, «түрүк-моңғол тілдері» деп қосарлаудың астарында саяси мән бар сыңайлы. Шынына келгенде, моңғол мен төрүктекті ұлыт пен ұлыс генетикалық үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, екі басқа этникалық топ екені тайға таңба басқандай ап-анық. Тілдердің бір-біріне туыс, туыс еместігі олардың сан есімінен айқын көрініс табады. Бұл ретте моңғол тілі мен төрүк тілінің сан есімі бірімен-бірі жуыспайтын, мүлдем екі бөлек. Мысалы: бір — нэг, екі – хоёр, үш – гурав, төрт – дөрөв, бес – тав, алты – зургаа, жеті – долоо, сегіз – найм, тоғыз – ес, он – арав. Екіншіден, моңғол тілі дыбыстық жүйесіндегі созылыңғы дауысты дыбыс қырғыз тіліне ғана тән болғанмен өзге төрүктекті тілдерде жоқ құбылыс. Үшіншіден, біздің жыл санауымыздан бұрынғы 209 жылы Құн Үйінің қағаны Мөденің тұсында моңғолдардың арғы бабалары Дунху Үйін тас-талқан қып жеңіп, сол дәуірден төрүклендіріле бастағандығы мәлім. (Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. Алматы, 1998, т. 1. С. 46-58.). Төрүктекті ұлыттың ежелгі саяси-мәдени, жауынгерлік қуатының жойқын дәуірлеген шағында қоршаған көршілеріне ықпалы жүріп, ол өз кезегінде тілдерінен көрініс тапты. Біздің жыл санауымыздың VIII ғасырынан басталған араб шапқыншылығы Орта Азия, Қазақстан аумағындағы Тәңірлік діни сеніммен ұлыттық рухани ерекшелікті жоюға алапат күш салды. Жат жұрттық басқыншылар әсіресе тасбітіктен тұратын ешбір елде салыстырарлық үлгісі жоқ далалық демократияның шынайы белгісі төлтума мәдениетін аса қатыгездік тағылықпен ондаған жыл бойы мыңдаған әскери күшпен жермен жексен етті. Біздің бағымызға сол дәуірдегі төрүк жерінің бір пұшпағы саналған бүгінгі Моңғолия аумағындағы рухани игіліктеріміз арабтың арам пиғылынан аман қалды. Араб басқыншылығы төрүк мәдениетін қиратып қана қойған жоқ, сонымен бірге ежелгі руникалық жазу дәстүрімізге тиым салып, араб графикасына көшуге мәжбүрледі. Әкімшілік билік тарапынан ұлытымызға жасалған қатаң қысым тіліміздегі қоғамдық-саяси, мәдени-рухани сөздік қорымыздың құрамын өзгертті. Парадокс сонда -– моңғол тіліне сіңген төрүктекті атаулар сол күйі сақталып қалды. Мәселен, құрылтай – съезд, төр – үкімет, бичик – жазу, битик – кітәп, тағысын тағы. Сондықтан рухани мәдениетімізді, сөз қазынамызды қаз-қалпында сақтап қалған моңғол халқына құрметіміз шексіз. Сонымен моңғол тіліндегі төрүкизмдердің қалай енгендігі басы ашық мәселе екендігі жоғарыдағы сөз төркінін тарқатушылардың топшылау нұсқасын мүлдем жоққа шығарады. Дағдыға айналған әдет бойынша кеңестік лексикографтар йиғит сөзін ide = идээ «жейтін (нәрсе); тамақ, ide = [дұрысы] идэр «жас», идэрхэг = идэрхэг «1.балаңдау, балғындау; 2. қуатты, күшті», идэрших = [дұрысы] идэрши-х>идэржи-х «жасаю, жасару, ажарлану» (Б. Базылхан. Моңғолша – қазақша сөздік. Улаанбаатар-Өлгий, 1984, 276-277-беттер) семантикалық моңғол тілімен байланыстыруды көздеген. Зады, ежелгі төрүк руникалық тас бітігіндегі «іде» мен моңғол тіліндегі «идээ» атауының семасы жер мен көктей бір-бірімен қиыспайтын екі бөлек ұғым. Төрүк тіліндегі іде «ие, мырза», ал моңғол тіліндегі идээ «жеу, ішу» мағынасын білдіреді. Демек, бұл екі атаудың лексикалық сыртқы ұқсастығы болмаса, семантикалық мағынасы бірімен-бірі мүлдем жанаспайды. Моңғол тілінде «жігіт» атауы «залуу эр, залуу хүн» (Б.Базылхан. Қазақша-моңғолша сөздік. Уланбатыр, 1977, 13-б.) лексикалық пішінінде қолданылады.
Академик Әбдуәли Қайдар ілгерідегі «жігіт» атауына қатысты зерттеушілердің еңбектерін ой сүзгісінен өткізе келіп, «БАЛАҢ ЖІГІТ//БОЗ БАЛА <кәмелеттік жасқа жаңа толған жас бала. Ар-ұяты бетінде ойнаған, балалығы кетпеген сері де сырбаз, көргенінен көрмегені көп адал да аққкөңіл. Балалықтың уыты қайтпаған жігіт> (295-б.), – деп күнделікті ауызекі қалыптасқан түсінікті бейнелеген. «ЖІГІТ//ЖАС ЖІГІТ <кәмелеттік жасқа жеткен, ақылы мен ой-өрісі толысқан, парасаты биік жан> (Қайдар Ә. Қазақтар ана тілі әлемінде. (Этнолингвистикалық сөздік) І том. Адам. – Алматы: «Дайк-Пресс», 2009., 296) деген анықтама береді. Ғалымның этнолингвистикалық еңбегінде «жігіт» сөзінің шығу тегі, этимологиясы ғылыми-әдістемелік аналитикалық мүлдем талдау жасалмаған. Академиктің «кәмелеттік жасы» – қай жас? Ғалым «ақылы мен ой-өрісі толысқан, парасаты биік жан» деп нақты жас шамасын айқындамаған. XIX ғасырдың екінші жартысындағы Л.Будаговтің куәлігінше «жігіттік шақ 20 мен 30 жас аралығын қамтыған». Қазақтың көшпелі өмір салтында ұл бала 13 жаста отау иесі атанып, ел шетіне жау тисе, атқа қонып, отанын қорғауға аттанатын. Бүгінгі өлшеммен алсақ «кәмелеттік жас» мөлшері 18 жас. Көшпелі жаугершілік дәуірде еркек кіндік 13 жаста ат жалын тартып мініп, ерте есейгендігіне әдеби мұралардан ұлытымызға етене таныс. Халқымыз «қорған бұзатын» қырық жасында ерлігімен танылғанды да жігіт дейтіні баршаға мәлім. Демек, осы тәрізді логикалық ала-құлалық пен қайшылық ғалым анықтамасының дүдәмалдығын, негізсіздігін аңғартады.
«Уикипедия – ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет:
Бүгінгі түсінігімізде – ер жеткен, кәмелетке толған ер азамат, бозбала. «Елемес – аузынан мәйегі шығып тұрған жас жігіт» (С.Омаров, Қайырлы.). «Жігіт» сөзінің ертедегі, алғашқы мағынасы өзгешерек болған. Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі Күлтегін немесе Тоныкөк жазуларына көңіл аударсақ, «ігід» сөзін оқып, «қолдау, көтермелеу» деген түсінік аламыз. Ал Юсуп Баласағұнның «Хұдатқу білігі» еңбегінде «ігід» – тәрбиелеу, дағдыландыру, өнеге беру мағыналарына ие (ДТС, 204). Осы деректерге қарағанда, қазіргі қолданылып жүрген «жігіт» деген сөзіміздің алғашқы мағынасы «қолдау, көтермелеу», одан бері келе «өнеге беру, тәрбиелеу» мағынасына дейін жетіп, ең соңында, біздің кезімізде, – өнеге көрген, тәрбие алған, ой-өрісі қалыптаса бастаған адамға айтылатындығын көріп отырмыз» (https://kk.wikipedia.org/wiki/). Әмбебап анықтамалық еңбекке де түзету жасап, «жігіт» сөзінің түп-төркінін таратып, уәжді дәлелмен ғылыми тұжырым жасалуы шарт. Руникалық тас бітікте «ігід» сөзінің «қолдау, көтермелеу» мағынасында қолданған архайзм сөз екені рас. Бірақ бұл жігіт сөзінің шығу тегіне қатысы жоқ.
Ескі сөз жаңа сөздің қазығы. Тіл-тілдің бәріне тән сөзжасамның ең өнімді әдісі – екі сөздің бірігуінен туған дербес лексикалық атау. VIII ғасырға дейінгі тас бітікке бәдізделген мұраларымызда «жігіт» атауының орнына «іді» сөзі қолданылды. Әлбетте, тірі тіл тұтыну барысында ұшталып, уақытпен бірге фонетикалық құрамы, лексикалық пішіні өзгеріп, семалық мағынасы толығуы табиғи құбылыс. – Іді – ие, мырза, қожайын, өкім жүргізуші (КТк., 4; Тон., 11, 47). Өтүкен йышда йіг іді ерміс… – Өтүкен қойнауында игі ие жоқ еді… (КТк., 4). Күлтегін ескерткішінен бұл аударманы жасағанда ғалым Ғұбайдолла Айдаров (Күлтегін ескерткіші. – Алматы «Ана тілі» баспасы, 1995, 168-б.) бүгінгі оқырманға түсінікті болуын ескеріп, уақытпен кеңістік арасындағы «іді» сөзінің лексикалық тұлғасы мен дыбыстық құрамы өзгерген «ие» эволюциясын аңғартады. Ежелгі руникалық жазу ережемізде – «Д» таңбасының идеографиялық мағынасы од іДі, яғни от есі семасын білдіреді (Т.С.Досанов. Тайна руники. – А., «Өлке», 2009, 32-б.). Жалпы, «д» мен «т», сол сияқты «с» мен «з», «б/п» мен «м» бағзы тілімізде бір дыбыстың фонетикалық екі варианты екеніне мысал жетерлік. Екіншіден, тілдік бұл заңдылық ақпараттық құпияны сақтау барысындағы халықтық табулау, яки жұмбақтауынан тууы да ықтимал. Мәселен, қазақ түшкіргенде «Ақ қас!» дейді. Этномәдени сөздегі «қас» табуланған «қаз» ұғымын білдіреді. Мағынасы: есте жоқ ескі заманда «іштен булығып күшпен шығатын түшкірік кезінде адам жаны да қоса ауыздан ұшып кетеді» деген қорқынышты сенім болған. Сондықтан халқымыз төтемдік Қаз-анамыздың атын атап, рухын көмекке шақырған. Өкініштісі, бұл дыбыс жүйесіндегі ерекшелікке тілтанушы ғалымдар тарапынан терең зерделенбеуі сөзжасамның байырғы табиғи қалыптасу, мағыналық дербестелу үдерісі ғылыми назардан тыс қалған.
Сайып келгенде, тіліміздегі «жігіт» сөзінің ілкі қалыптасуы VIII ғасырдағы Орқұн-Енесай тасбітіктерінен басталды. Тағы да қайталайық «ж» фонемасы қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне X ғасырдан кейін пайда болды. Тас бітікте «йігіт» атауы «Өтүкен йышда йіг іді ерміс…» (КТк., 4) деген сөйлемде екі дербес мағыналы сөздің тіркесуінен бастапқы конструкциялық қалыптасу үдерісінің пішінін анық аңғарамыз.
Бір қызығы, тасқа бәдізделген – «йігіт» (КТү., 19) сөзі мәтінде «көтер» мағынасында қолданылды. Бірсыпыра зерттеушілер лексикалық сыртқы ұқсастық қуалап, «йігіт» атауы тас бітіктегі «көтер», «қолдау» мағынасынан қалыптасты деп қате топшылады.
Түйіндесек, – «игі, асыл, ізгі» (КТк., 4) + – «іді – ие, мырза» мағыналарын білдіретін дербес екі сөздің бірігуінен лексикалық қорымыздағы бүгінгі «йігіт» > «жігіт» атауы қалыптасты. Демек, «жігіт» лексемасының бастапқыдағы номинативті мағынасы «ізгі ие, игі мырза, ізгі жасөспірім, игі=ізгі, текті, асыл, игілікті, мейірбан, қайырымды», яғни жан-тәнімен кіршіксіз таза, ел-жұртының адал перзенті, орыс тіліндегі «благородный хозяйн, благородный господин, благородный юноша, великодушный хозяйн» дегенді білдіретін біріккен сөзден жасалды. Тілдің даму барысында «жігіт» атауының лексикалық мағынасы тарылуы мен кеңуі заңды құбылыс. Қазақ тілі сияқты орыс тіліндегі «жігіт» сөзінің мағынасы бастапқы түпнұсқадан ауытқып, еркін баламасын берген.
Қысқасы, төрүк мәдениетінің ықпалы шарықтаған даңқты шағында, жауынгерлік дабылы жер жарған тарихи дәуірде «жігіт» атаусөзі көршілес мемлекеттердің тіліне еніп, еуроазия кеңістігіне кең тараған.
Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,
Шет тілдер және іскерлік карьерасы
университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты
"Қазақ әдебиеті" газеті.
Мақала автордың рұқсатымен басылымға сілтеме жасап алынды