Мақтааралда екі ауылды су басып, Ауданда төтенше жағдай жарияланды

3689
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының екі ауылын су басты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды..

Бүгін, 2 мамыр таңғы сағат 04:30-да Мақтаарал ауданының шекарасындағы Орталық далалық коллекторынан (өткізу қуаты - секундына 120 текше метр) су төгіліп, Жеңіс және Жаңа тұрмыс ауылдарын су алып кеткен.

«Сондай-ақ облыстық мәндегі «Мырзакент - Жеңіс - Жаңа тұрмыс» тасжолын су басқан. Көлік жүруі мүмкін емес» делінген хабарламада. Қазіргі таңда апаттық-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Нұрлы жол елді мекендерінің тұрғындары аудан орталығы Мырзакентте орналасқан Мырзакент мектеп-гимназиясына (600 орын), С.Рахымов атындағы жалпы орта мектебіне (700 орын), Пушкин (400 орын), Абылайхан орта мектептеріне (500 орын) эвакуацияланып, оған 6 автобус жұмылдырылған болатын.

Мақтаарал ауданының әкімі, аудандық төтенше жағдай штабының төрағасы Бақыт Асановтың төрағалығымен 2 мамыр түнгі 00:00-де арнайы жиын өтіп, төтенше жағдай жариялау жөнінде тапсырма берілді. Еске сала кетейік, кеше Өзбекстанда Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, елді мекендер, коммуникациялық желілер мен егістіктерге зақым келген болатын.

Пікірлер