Өмірзақ Ақжігіт: Сауда-сауық-сайран орталықтары халықты асырай ала ма?

4089
Adyrna.kz Telegram

ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа: Сауда-сауық-сайран орталықтары мен автосалондар, авиакомпаниялар мен аэропорттар асырай ма халықты ертең?..

Құрметті Президент мырза!

Бүгінгі дағдарысқа байланысты Үкіметіміз 361 мекемеге қаржылай көмек көрсететін болып жатыр. Ол тізімде 218 құрылыс (оның 80- BI Group қарасты), 86 – сауда мен жылжымайтын мүлікті жалға берушілер, 26 – көлік, 15 – энергетика және 5 – тау-кен компаниясы бар екен. Бірақ, бір де бір өндіріс компаниясы жоқ көрінеді. Оны саралаған ҚР Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағы мәлімдеме жасапты.

Мәлімдемедегі «авиакомпаниялар мен аэропорттарға, энергетикалық, элиталық тұрғын үй салатын және элиталық автомобиль сататын компанияларға қолдау көрсетуге басымдық беруге болмайды»; «Тізімге мақсаты мен бағыты жағынан мемлекеттен көмек алуға тиіс емес бизнес өкілдерінің кіруіне жол беруге болмайды!»; «Үкіметтің нақты өндіріс кәсіпорындарына көмек көрсетудің орнына миллиардтарды тарифты көтеріп қойып, аса бір мұқтаждық көрмейтін монополистерге жұмсауы мемлекеттік ұйымдардың беделін түсіреді, оған жол беруге болмайды!»; «бұл – барлық кәсіпкерлер мен елдің бүкіл тұрғындарының бетіне түкіру болып көрінеді» деген, «тізімді қайта қарау керек!» деген сөздерін оқығаныңызға күмәнім жоқ. Бұдан артық ащы да ақиқи айту мүмкін емес.

Мен тек өз тарапымнан мұндай қаржыны ең алдымен ауыл шаруашылығын көтеруге: егіншілікті интенсивті пайдалануға көшіруге, одан да бұрын етті, сүтті, жүн мен теріні тереңдете өңдеу ісіне жұмсауға міндетті екенімізге Сіздің назарыңызды аударғым келеді. Бұл мәселе 30 жылдан бері айтудай айтылып, бірақ, әлі күнге қолға алынбай-ақ қойған мәселе. Біздің сүт пен айранды, сарымай мен ірімшікті Ресей мен Қырғызстаннан, етті ...Аргентина мен Бразилиядан алып отырғанымыз естіген құлақтан ұят. Сіз осы дағдарысты, Төтенше жағдайды пайдаланып ауыл шаруашылығын көтеріп алмасақ, ертең ақша таба алмай қаламыз. Біз сонда ғана баяғыда брендімізге айналуға тиіс экологиялық таза Тағам өнеркәсібі мен киім шығаратын Жеңіл өнерәсіпке негіз салып аламыз. Сонда ғана халқымыз қандай дағдарыс болса да өзінің аш-жалаңаш қалмайтынына сенімді болады. Өйткені, мақта мен жүніміз, теріміз бар біздің ішкиім-көйлектен бастап ішік-тонға дейін өзімізді толық қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз жетіп-артылады. Сырты құндыздай жылтырайтын, ішінде неше түрлі жылытқышы бар жеп-жеңіл тайжақы жауын мен аяздан бірдей қорғайтын, нағыз әлемдік қазақ бренді болар еді...
Дағдарыс ұзаққа созылмайды деп ешкім кепілдік бере алмайды. Мұнайдың бағасы көтерілмей қойса, экспортқа шығаратын өніміміз шамалы-ақ, сонда не істейміз? Жарайды, 1 миллион олигархтар мен байлар қинала қоймас, қалған 17 милиион халықты немен асырайсыз? Жауапкершілік сіздің мойныңызда ғой? Жапония мен Қытай өткен, «бір ауыл – бір өнім» қағидасын ұстансақ, «Все силы – на Дениикина!» деген Лениннің ізімен «Бар күшіміз – ауылды өркендетуге!» деген ұранмен қимылдсақ, бір-екі жылда «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» деген Бейімбет атамыздың арман-өсиетін іске асырар едік.
Бүгін таңда халыққа, әсіресе қазаққа ең бірінші керегі – күнделікті тамағы мен басына баспана. Тамақ жайын ауылды көтеріп шеше аласыз. Баспананы шешу үшін – Астана мен Алматыдан бастап барлық қаладағы жалға берілетін және бос тұрған пәтерлерді тексертіңіз. Мыңдаған емес, жүз мыңдаған қазаққа баспана тауып бересіз!..
Құрметті Президент мырза! Ұлттың тағдыры шешілетін сәтте қызмет мәртебесі мағдайыңызға бұйырды. Батыл да жедел қимыл күтеді ел-жұрт сізден. Өйткені, мүмкіншілік те, ауыдан шыққан сөз секілді, қайтып келмейтінін сіз жақсы білесіз.
Ісіңіздің алға басуына тілектеспін. Алла-Тағала өзіңізге жар болсын!

Құрметпен, Өмірзақ Ақжігіт, тәуелсіз журналист

Пікірлер