Карантин созылса 42500 теңге төлене ме? Жұртты мазалаған сауалдарға жауап

4133
Adyrna.kz Telegram
Әлеуметтік төлем аударылатын есепшот ашу үшін поштаға келген адамдар мен полиция қызметкері. Қызылорда қаласы, 13 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Қазақстан үкіметі елдегі төтенше жағдай кезінде табыссыз қалған адамдарға 42500 теңге (95$) төлеп жатыр. Қазірге дейін бұл көмекті үш миллионнан астам адам алған. Бірақ жұрт арасында осы төлем жайлы сұрақ көп. Азаттық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдап, жұрт көкейіндегі сұрақтарға жауап алды.

  • 42500 теңге көмек негізі кімдерге беріледі?

Бұл төлем төтенше жағдай (ТЖ) салдарынан табысынан айрылғандарға төленеді. Билік оларды екі топқа бөлген. Бірінші топқа ТЖ кезінде жұмысын тоқтатқан шағын және орта бизнестің ақысыз демалысқа кеткен жалдамалы жұмысшылары; ресми тіркеліп, салық төлеп жүрген жеке кәсіпкерлер; нотариус, адвокат, кәсіби медиатор, сот орындаушысы кіреді. Екінші топқа ресми тіркелмей, зейнетақы қорына, медициналық сақтандыру қорына, салық ретінде ақша аудармай өз бетінше табыс тауып жүргендер енеді. Екінші топтағы өз-өзін жұмыспен қамтығандар 42500 теңге көмекке өтініш бермес бұрын бір рет болса да Бірыңғай жинақ төлемін (БЖТ - ЕСП) төлеуі тиіс. 42500 теңгені алу үшін өтінішті eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және Telegram мессенджеріндегі me/Help42500Bot деп аталатын бот арқылы беруге болады. Кейін 42500 теңге төлем тағайындалып жатса, телефоныңызға SMS хабарлама келіп, ақша банк шотыңызға аударылады. Өтінішті 24/7 режимінде, яғни кез келген уақытта беруге болады.

  • БЖТ қанша теңге, оны үйден шықпай қалай төлейді?

Ресми тіркелмей жұмыс істеген қала тұрғыны 2651 теңге, ауыл тұрғыны - 1325 теңге БЖТ төлеуі тиіс. Оны 5505 нөміріне SMS хабарлама жолдау немесе банк қосымшасы арқылы төлеуге болады. Телефон хабарламасына ЖСН-мен бірге қала тұрғыны GORODESP, ауыл тұрғыны SELOESP деп жазуы тиіс. 42500 теңге алуға байланысты барлық сұрақты 1414 нөмерінен білуге болады.

Билік коронавирусқа байланысты карантин режимі енгізілетінін хабарлағаннан кейін азық-түлік алу үшін дүкен алдында кезекте тұрған адамдар. Орал, 15 сәуір 2020 жыл.
Билік коронавирусқа байланысты карантин режимі енгізілетінін хабарлағаннан кейін азық-түлік алу үшін дүкен алдында кезекте тұрған адамдар. Орал, 15 сәуір 2020 жыл.
  • Мүгедектер және зейнеткерлерге 42500 теңге беріле ме?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың сөзінше, төтенше жағдай кезінде зейнетақы, мүгедектерге жәрдемақы төлеу тоқтаған жоқ. Сондықтан мүгедектерге, зейнеткерлерге 42500 теңге берілмейді. Бірақ зейнеткер, мүгедек не үкіметтен жәрдемақы алатын кез келген адам ТЖ жарияланғанға дейін жұмыс істеп, салық төлесе, БЖТ аударса, олардың 42500 теңге алу туралы өтініші қарастырылады.

  • Атаулы әлеуметтік көмек алатындарға ше?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың сөзінше, АӘК – зейнетақы я жәрдемақы емес. Бұл – көмек. Сондықтан АӘК алушы 42500 теңгеге өтініш бере алады. Егер ресми түрде жұмыс істемесе бір рет болса да БЖТ төлеуі тиіс.

  • Көмек үйде баламен декрет демалысында отырған әйелдерге төлене ме?

Мемлекеттік қызметтен декретке шыққан әйелдерді қоспағанда, бір жастан асқан бала күтімімен отырған әйелдерге 42500 теңге беріледі. Бірақ өтініш бермей тұрып, бір рет болсын БЖТ төлеуі тиіс. Ал бір жасқа толмаған бала қарап отырған әйелге жәрдемақы төленгендіктен 42500 теңгеге өтініш бере алмайды.

  • Карантин уақыты созылған жағдайда 42500 теңге тағы беріле ме?

42500 теңге ТЖ мерзімі созылған сайын төленеді және айдың толық аяқталуына қарамайды. Мәселен 15 сәуірде төтенше жағдайдың алғашқы айы бітіп, ол келесі айда бір күнге созылса да, сол айға толық төленеді.

Коронавируске байланысты төтенше жағдай кезінде пошта мекемесінің қоршауындағы "Жүруге тыйым салынады. Үйде болыңыз!" деген жазу. Қызылорда қаласы, 13 сәуір 2020 жыл.
Коронавируске байланысты төтенше жағдай кезінде пошта мекемесінің қоршауындағы "Жүруге тыйым салынады. Үйде болыңыз!" деген жазу. Қызылорда қаласы, 13 сәуір 2020 жыл.
  • ТЖ уақыты созылса, 42500 теңгеге қайта өтініш беру керек пе?

Өтінішті бір рет берсеңіз жеткілікті, төлеу мерзімі автоматты түрде ұзартылады. Ал өз-өзін жұмыспен қамтушы 42500 теңгені алуға байланысты БЖТ-ны бір рет төлесе жеткілікті. Азаматтардан 42500 теңге туралы өтініш ТЖ аяқталғанға дейін қабылдана береді.

  • Жұрт 1414 номірінен "42500 теңге алу үшін банк есеп шотын жіберіңіз" деген SMS алғанын айтады. Бұл хабарлама кімге жіберіледі?

42500 теңгені аудару үшін банк есепшоты қажет. Сіз көмекке өтініш толтырғанда есепшотты көрсетуіңіз қажет. Ал есепшот болмаса формадағы сол тұсты толтырмай тастап кетесіз. Бірақ бір ай ішінде банкке барып, есепшот ашып, оны 1414 нөміріне SMS арқылы жолдауыңыз керек.

  • Интернеті жоқ ауылдағы тұрғындар өтінішті қалай береді?

42500 теңгеге өтінішті бәрібір онлайн беруге тура келеді. Ауылда интернет болмаса интернет жақсы ұстайтын басқа елдімекенге барып, смартфон арқылы Telegram мессенджеріндегі t.me/Help42500Bot деп аталатын бот арқылы өтініш бере аласыз.

  • Стипендия алатын студенттерге жәрдемақы беріле ме?

ТЖ кезінде табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге әлеуметтік төлем тағайындау барысында студенттер жеке санат ретінде қарастырылмайды. Еңбек кодексіне сәйкес, Қазақстан азаматтарына 16 жастан бастап жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Азаттыққа берген ресми жауабында "Студенттер шәкіртақы алатынына/алмайтынына қарамастан бос уақытында жұмыс істеуі мүмкін. Олардың барлығы үшін тәртіп бірдей. Егер студенттер жұмыс істеген болса, жұмыс беруші тарапынан әлеуметтік жарналар төленген болса немесе бейресми өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат ретінде бір рет БЖТ төлесе, онда 42500 теңге алуға өтініш бере алады" деп жазылған.

Карантин сәуірдің соңына дейін созылды. Жұрт не дейді?
  • 42500 теңгеге өтініш неше күнде қаралады?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өтініш үш жұмыс күні ішінде қаралатынын мәлімдеді. "Үш күн ішінде жауап келмесе алаңдаудың қажеті жоқ. Өтініш қаралып, оған қатысты шешім түбі SMS хабарлама болып келеді" деп жазылған министрліктің Азаттыққа берген ресми жауабында.

  • Егер сіз 42500 теңге төленбейтіні жайлы хабарлама алсаңыз, қайта өтініш беруге бола ма?

Егер сіз техникалық ақау болды деп күдіктенсеңіз, 42500.enbek.kz сайты арқылы өтінішті қайта беруіңізге болады. Егер өтініш толтырғанда қате кетсе, жауап күту керек. Жауап келген соң қайта өтініш бере аласыз.

  • Қазақстанға сырттан көшіп келген, бірақ әлі ықтиярхат пен оралман куәлігін алмаған этникалық қазақтар 42500 теңге ала ма?

Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айрылған жағдайда әлеуметтік төлем алуға өтініш беру үшін оларда ықтиярхат, сонымен қатар тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі болуы керек.

  • Егер банктегі есепшот бұғатталса, 42500 теңге түсе ме?

Қазақстан үкіметі бұғатталған есепшоттарға түскен 42500 теңгені алуға болады деп сендіріп отыр. Егер 42500 теңге көмекті банкоматтан ала алмаса банкке хабарласуы тиіс. Банк бұғатталған есепшоттан ақшаны бермесе Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарласыңыз.

  • Ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелгенде 42500 теңгеге өтініш бере ала ма?

Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ресми жұмыссыз ретінде тіркелгендерге 42500 теңге төленбейді. Себебі олар жұмыссыз ретінде мемлекеттен жәрдемақы алады.

  • Жеке төлқұжатының уақыты өтіп, карантин кезінде оны қайта жасата алмағандар 42500 теңгеге өтініш бере ала ма?

Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жеке куәлігінің уақыты өтіп кетіп, карантин уақытында жаңадан жасата алмаған азаматтар да 42500 теңгеге өтініш бере алады. Өтініш толтырғанда ескі төлқұжаттағы деректерді көрсете бересіз.

Коронавируске байланысты төтенше жағдай кезінде "Нұр Отан" партиясы кеңсесіне жәрдем сұрап келген тұрғындар. Қызылорда, 28 наурыз 2020 жыл.
Коронавируске байланысты төтенше жағдай кезінде "Нұр Отан" партиясы кеңсесіне жәрдем сұрап келген тұрғындар. Қызылорда, 28 наурыз 2020 жыл.
  • 42500 теңге алғандар "Нұр Отан" партиясы Birgemiz қорынан берілетін 50 мың теңгеге өтініш бере ала ма?

Иә, бере алады. Бұл қаржы Birgemiz қорынан төленеді. 50 мың теңге көмек алушылардың тізімін әр өңірдің әкімдігі анықтайды. 50 мың теңге тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар, бірінші топтағы мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, ең төменгі зейнетақы алып жүрген зейнеткерлер, жетім балалар және Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен оларға теңестірілгендер, еңбек ардагерлері берілуі мүмкін.

  • 42 500 теңге алып, оны қайтарып бергісі келетіндер не істеуі керек?

Төлем қаражатын қайтару қажет деп санасаңыз, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының шотына жібере аласыз.

Бенефициар БСК: "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КеАҚ

Бенефициар БСК: GCVPKZ2A

Бенефициар ЖСК: KZ67009SS00368609110

Бенефициар БСН: 160440007161

Бенефициар Кбе: 11

ТТК: 049

Өркен ЖОЯМЕРГЕН,

"Азаттық" радиосы

Пікірлер