Серік Әбілұлы. Дарынды дирижер, көрнекті композитор

4194
Adyrna.kz Telegram

(Кәрім Әбдірахманұлы хақында)

Өмірдің не бір сырлы соқпақтарын басып, асуларын асып, арман атты бір бұлдыр елестің жетегімен бүгінге жеткен дарынды дара тұлға, аяулы аға, ардақты өнер иесі – Кәрім Әбдірахманұлы өзінің өнер деп өткен өнегелі өмірінде қасиетті халқының әні үшін әлектеніп, күйі үшін күйінбеген, ойланбаған, толғанбаған күні жоқ десем, асыра айтқандық болмас. Ал енді бұл мәнді де мағыналы сөз тіркестеріне ағаның әр аттаған қадамдары мен арайлап атқан таңдары, манаурап батқан күндері мазмұн болмақ.

«Кім келіп, бұл өмірге кім кетпеген» дегендей, бұл ғаламға сансыз адам пендесі шыр етіп келіп, шырқырап кетіп жатады.  Ал енді осы жан иелерінің ішінде еселі еңбектері арқылы ел есінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жатталып жататын ардақты адамдар санаулы ғана. Сондықтан да Кәрім Әбдірахменұлы сияқты ағаларымыздың кешесі мен бүгінін ел есіне келтіріп, өмірге деген көзқарас турасында тоқталуды жөн көрдік. Әсіресе, болашағын бірден болжап кете алмайтын жастарымызға «бәрін де бастан бастау» керектігін ұғындырып, тынбай еңбектенудің жеңістері мен жемістерін таңбалап, «тарих парағынан табылатын болайық» дегім келеді.

Кешегі өткен бабаларымыздың «өкініш орны толмайды» деп торыға отырып, артына қалдырған ақылияларының да тектен-текке айтыла салмағандығын, бүгінгі уақытты аялағанда барып, ертеңгі уақыттың естелігіне жазылуға болатынын ескерткім келеді.

Осыдан жарым ғасырға жуық уақыт бұрын жаңа жыл сауық кешіне арнап ән жазып, жаңа бір тың жолға қадам тастап, өзінің тұңғыш туындысын ғасырлар қатпарын құраған «жыл» турасында жазды. Оны сауық сахнасында орындап, сабақтастары мен мұғалімдерінің қызғын қарсы алуына бөленген Кәрім Әбдірахменұлы сол бір орта мектеп құшағындағы күндерінің өзінде тынбай іздене білген.

Әне, содан тартып өзіне қатаң талап қойып, жора-жолдастарының ойын-тамашаға жұмсаған уақытын ол жалықпай ізденуге пайдаланып, ешкімде кезікпес ерекше қызғындықпен ентелей алға тартты. Күн сайын кемелденіп, жыл сайын жетіліп, түрлі форма-жолдармен кең өріске бет алды. Мүмкіндіктің барынша тың да жаңа мазмұндар ізденіп, музыка жазудың жай-жапсарын беріле зерттеп, «Мақтанышым достарым», «Қызғалдық», «Ақ сәуле», «Сарқылмас махаббат», «Наз», «Толқын», «Сайра, домбыра» сияқты әр түрлі стильдегі әндер жазды.

Оған қоса «Айлы түн», «Жылқышы қыз», «Қуаныш» қатарлы күйлерді жарыққа шығарды. «Қара жорға салтанаты», «Айгөлек», «Көкпар», «Қоңыраулы қозы» тектес бірқыдыру би музыкаларын жазып, күн-түн демей толғанудың нәтижесінде бұл күнге дейін екі жүздің үстінде шығарма жазды. Бұл туындылары әр сахналарда орындалып, радио-теледидарда жарияланып, біразы кітап-журналдарда басылып, халықтың қажетінен шықты. Тіпті, тек қана қазақтың емес күллі дүние халқының рухани азығына айналды. Сонымен қоса «Сәлиха-Сәмен» операсының, музыкалы пьеса «Үйсін рухының», ұласпалы телефильм «Таңжарықтың» және сол тектес бір қаншалаған шығармалардың музыкасын жазып, өзіндік ерекшеліктерін дөп басып бейнелеп берді.

Кәрім аға «Балалығым бір дастан, шалалығым бір дастан» демекші,  – деп кеңес барысында өзінің кешегі күндерін есіне алып былай толғанды:

«Мен 1944 жылы 28 желтоқсанда Алтай аймағының Буыршын ауданында дүниеге келіппін. Содан 1947 жылы «Үш аймақ төңкерістік үкіметі» Алтай аймағы басшыларын қайта тағайындаған кезде, әкем Әбдірахман Тоққұл Алтай амағы уәлиінің орынбасары болып, қызметі ауысқан соң үйіміз де Сарсүмбе (қазіргі Алтай) қаласына көшіп барып, балалық дәуірім сонда өтті.

Менде жастайымнан қалыптасқан бір әдет – әр нәрсеге әуес едім. Тіпті, шынымды айтсам, қызықпайтын дүнием болмайтын. Мәселен, сурет салу, спорт түрлері, әдебиет-көркемөнерге деген құштарлық мені мазасыз күйге түсіретін. Ал соған жарай бойымда әрқайсысына деген бейімділік болды. Менің ең алдымен игерген музыкалық аспабым ауыз сырнайы еді.

Бастауыш мектептің ойын-сауық группасында сырнаймен ән-биге сүйемел жасау – музыкалық жолымның бастамасы болды. Кейін орта мектепке барғанда домбыра, мандолина қатарлы аспаптарды үйрендім. Мұғалімдерімнің жетелеуінен тыс, үйде әке-шешемнің қолдауы да жақсы болды. Мейлі үлкен бол, кіші бол, қандай жұмысты бастарда болсын, нәтижеге жетуде болсын, адам әрқашан екінші бір жақтың қолдауынсыз кез келген істі істеп кетуі екіталай.  Түсінген адамға «қолдау» деген бір қасиетті сөз. «Қолдаушың барда қор болмайсың» деген де бекер айтылмаса керек.

Отбасымдағы өзімнің арнаулы сандықшамда сурет салуға қажетті бояулар мен жүн қаламдар және өзім сүйіп оқитын көптеген кітаптар сақталушы еді. Мені жанындай жақсы көретін әкем марқұм бір рет Құлжаға жиынға барған жолында мандолинаның бір түрі мандол деген аспап әкеліп берді. Осындай біршама жақсы мүмкіндіктер менің көркемөнер жөнінде недәуір түсінікке, практикалық ықтималдыққа ие болуыма себепші болды.

1957-1959 жылдары әке-шешем дүние салды. Аспан құлап басыма түскендей сол бір шақтарымда тағы да сол бала кезден өзіне баураған сазды сырластарым қайғыма ортақтасып, қасіретімді жеңілдетті. Көңілім толқи қалған кездерде домбырам мен мандалинымды кезек тыңқылдатып, кеңескендей болғанда барып тынысым қалпына түсетін еді. «Әкең өлсе өлсін, әкеңді көре қалған өлмесін» дегендей, иллаһи, ақ көңілі аңқылдаған халқым аман болсын!

Содан 1960 жылы  ақпан айында Алтай аймақтық ойын-сауық үйірмесіне  ресми музыкант болып қабылдандым да, бала күнгі әуесім болған ардақты аспаптарымды алдыма алып, әлдилей жөнелдім...».

«Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталуы тиіс» тиіс деген ғой алып Мұқағали. Әне, сол сияқты Кәрім ағаның кешірмелері әуелі музыкаға деген әуестіктен басталды да, соғы дирижерлікке ұласты. Ол ресми оркестрде дирижер болған сонау алпысыншы жылдардағы Алтай аймағында құрылған тарихи дастан «Шығыс қызардыдан» бастаған екен.

Содан бері жарым ғасыр уақытта осы бір жапалы да даңқты жұмыспен айналысып, сансыз шығармаларды әр түрлі әуендерге бөлу арқылы әрлендіре түсті. Кәрім ағаның бұл саладағы жетістігі айтып тауысқысыз, ұшан-теңіз еселі еңбектері күй болып күмбірлеп, ән болып әуелеп, ел есінде қалары сөзсіз.

Біз бұл күндері «Ұлт аспаптары оркестрімен» орындалған не бір ғажайып күйлер мен әндерді радиодан естіп, теледидәрдан көріп келеміз. тіпті, кей уақыттар да атын да естіп көрмеген киелі ұлттық аспаптарымызды ұстап, сахнаға көтерілген артистерімізге әр дайым алғыстарымызды жаудырып, сұлу сазды сүйсіне тыңдап, сүйіне қарап отырамыз.

Міне, осы көріністерге куә болып келе жатұан Кәрім ағаның жетекшілігіндегі Іле қазақ автономиялы облыстық көркемөнер үйірмесінің ұлт аспаптар оркестрі топ етіп төбеден түсе қалған жоқ. Қайта бұраң жолдарды артқа салып, сансыздаған өнер қайраткерлерінің арқасында аяғын тәй-тәй басып, қаз тұрып, солардың табан ет, маңдай терлерінің бодауы негізінде бұл күнге жетіп отыр.

Ендеше, осы бір үлкен тарихи міндетке өз үлесін қосып, оркестрдің құрылу барысында бастан аяқ қасында болып, ашты-тұштысын бірге татқан ардақты ағамыз, қасиетті өнер ордасының қара шаңырағындай сезілетін оркестр өмірі жайлы былай толғанады:

«Түрлі зерттеу нәтижелері бүгінгі күнде қазақ ұлттық музыка аспаптарының алпыс неше түрге жеткендігін анықтады. Және ол ішекті-ысқымалы, шертпелі, үрлемелі, ұрмалы-соқпалы деп бөлініп, бүкіл адамзат музыка аспап түрлерінің құрамын құрайтын төрт үлкен саланың бәрін де қамтығандығын көрсетіп отыр. Мұның өзі қазақтың музыка аспаптарының біршама кемелді екендігін әрі түр жағынан мол болғандығын білдіреді.

Бірақ, бұл зерттеулер кейінгі кезде нәтиже бергендіктен қытайда көпке дейін домбыра ғана сахнаға шығып жүрді. Бұл жағдай ұлттық музыка мәдениетінің дамуына көп кедергі болып келді. Сондықтан ұлт аспаптар оркестрін құрып, ұлттық музыка мәдениетін дамытудың аяқ алысын тездету, өресін жоғарылату талабы мен ойы халық ішінде де, өнер саласында да, елім деп егіле білетін парасатты басшылар көңілінде де болып келді.

Сонымен, облыстық ойын-сауық үйірмесін қайтадан жаңалап құру қызметі жүрілген 1975 жылдары қобызды сахнаға көтеру міндеті де жолға қойылып, Жәнабіл Сымағұлұлы, Ерғали қатарлы басшылардың нұсқауында кезіндегі облыстық мәдениет мекемесінің бастығы Сәбитқазының ұйымдастыруымен үйірмеде Камал Мақайұлы, Баяқын, Дәулет Халықұлы, Лу Ынжы және мен қатарлы бес адамнан арнаулы группа құрылып, қобызды қатарға қосу жөніндегі  жұмыс қызу басталды.

Мұнда қобыз жасау жағында Әділхан Әбділдәұлы ересен еңбек сіңірді де, ал сахнаға тұңғыш Кәдек Қырғызбайұлы алып шықты. 1986 жылы облыс бастығы Дияр Құмаш, орынбасарлары Зақан Омарұлы, Малгаждар қатарлы кісілердің қолдауымен, мәдениет мекемесінің бастығы Ырымхан Айдарханның атсалысуында облыстан арнаулы қаржы бөлініп, Шаңхай ұлт аспаптары зауытына Әділхан Әбділдәұлын жіберіп, домбыра, қобыз, дауылпаз тектес бір пар аспаптар жасатып, оркестрдің тұңғыш тұлғасын іске қостық. Оркестрдің музыкалық қорын толықтыру үшін «Жеке батыр», «Сахара жастары» сияқты күйлер жаздық және халық күйлерін оркестрге түсіріп орындадық.

Ал, біздің оркестрдің бүгінгідей  біршама кемелді күйге келуіне  Қазақстандағы өнер қайраткерлерінің өзіндік үлесі болды. 1995 жылы облыс басшылары Асхат Керімбай, Бекмұқамет Мұса, Хәкім Бөкен қатарлы кісілердің көңіл бөлуімен  қазан айында мәдениет мекемесінің бастығы Ғалым бастап, мен және Төкен қатарлы бір тобымыз Алматы қаласына барып, Қазақстан Республикасы мәдениет министрлігінің орналастыруымен «Құрманғазы атындағы академиялық аспаптар оркестрімен келісім жасасып, Тұяқ Шәмелов, Қуаныш Ақмұратов, Құндыз Қаламбаеваларды Құлжа қаласына ұстаздыққа шақырып, қылқобыз, прима қобыз, домбыра орындаушылық курстарына сабақ беруге келісіп қайттық.

Бұл курс 1996 жылы қаңтардың ортасынан көкектің соңына дейін ашылып, облыстық ән-би үйірмесінің музыканттары толық қатысудан сырт, Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарынан да шәкірттер қатысып, курс ойдағыдай нәтижелерге қол жеткізді. Сонымен бірге үйірмеміздің «Ұлт аспаптар оркестрінің» орындаушылық өнері жоғарылай түсіп, халықтық, ұлттық қобыз және оның жетілдірілген түрі ресми іске қосылды.

Қазір «Ұлт аспаптар оркестрінде» жоғары-төмен, орта дауыстар группаларына бөлінген домбыралар тобы мен қобыздар тобы, шертер, сыбызғы, ұрмалы-соқпалы аспаптарды қамтыған бір жүріс ұлт аспаптары жұмыс істейді. Міне, осындай жүйелі оркестрдің құрылуы – ұлттық музыка мәдениетін дамытуда қолға келтірген зор табыс болып тарихқа қалды.

Қытай музыканттар қоғамының мүшесі, Шинжияң музканттар қоғамы төрағасының орынбасары, Іле облыстық музыканттар қоғамының төрағасы, «Мемлекеттік бірінші дәрежелі композитор» Кәрім Әбдірахменұлы Іле оқу-ағарту институты, облыстық көркемөнер мектебі және үйірме құрамындағыларға «Нота назариясы», «Музыкалық негізгі білімдер», «Гармония», «Мелодия» қатарлы сабақтарды беріп, өнер саласындағы өркендердің муызка сабағынан сауат ашуына бір кісілік үлесін қосты.

Музыка зерттеу істерімен де шұғылданып, «Қытай энциклопедиясы би-музыка тобының» және «Қытай аз ұлт аспаптық күйлері» жинағының дайындалу жұмыстарына қатысып, «Қазақ ұлтының музыкасы», «Қазақ халық күйлері жөнінде шолу», «Қобыз», «Жарапазан» қатарлы ғаылыми мақалалар жазып, ізгілікпен ізденіп келді.

Сонымен бірге, 65-інші жылдары Алтай аймақтық ойын-сауық үйірмесі музканттар группасының жауаптысы болғаннан бастап күні бүгінге дейін түрлі әкімшілік қызметтен де қол үзбей, өзінің ұйымдастыру, басшылық ету жақтарындағы артықшылықтарын да көрсетіп, қос тізгінді тең ұстады. Атадан қалған «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген баба талабынан шықты.

«Білімі күшті мыңды жығар, білегі күшті бірді жығар» дейтін халық мәтелін жадында тұтқан ол, өзінің сонау 1973-1976-1978-1985 жылдардағы орталықта және Шаңхай, Гансу өлкелеріндегі  қысқа мерзімдік оқу орайларында игерген назариялық және әмалияттық білімдерін нақтылы іс барыснда пайдаланды. Оларды өзіндік ұлттық ерекшелікке сай талғам таразысынан өткізіп, ақиқатты әмалияттан іздеу тұрғысынан жанды қолданып келді. Әр қандай уақытта халықтық ән-күйдің қасиетін басты, маңызды орынға қоя білді.

Мейлі, шығармашылықпен шұғылдансын, мейлі, халық ән-күйлерін нотаға түсіріп, дыбыстарға және аспаптарға бөліп оркестрге орналастырсын, шәкірттеріне сабақ бергенде болсын, қай-қашанда ұлттық сарынды сақтау жөніндегі ойларын ортаға тастауды ұмытқан жоқ. Сондықтан да ол қасиетті қазақ өнерінің қадіріне жеткен аяулы да ардақты азамат есептелмек.

«Шекті өмірде шексіз еңбек сіңіру» екінің бірінің қолынан келе беретін іс емес екендігі белгілі. Оның үстіне тынбай талпынып, бастан ақыр бір қалыпты сақтап, ерінбей еңбектеніп, қажымай-талмай қайраттанып, қандай да бір еңбек нәтижелерін қанағат қылмады. Не масаттанбай, атақ-даңқы арта түскен сайын кіршіксіз кішіпейілдігін көрсетіп, «Мен пәленмін» деп ешкімді елемейтін тәкаппарлықтан бойын аулақ ұстады. Үлкен-кішінің бәрімен де жүрек тоғыстырып, ойын ортақтасыра білген, дарынына дархандығы сай ақжарқын аға Кәрім Әбдірахменұлы кейінгі жастар үлгі етуіне татитын дара туған талант иесі.

Ал оның тұғыры биік, тұлғасы бөлек құнды да құдіретті шығармалары музыка саласында еңбектеніп келе жатқан мамандарымыз бен және олардың ізбасарларының зер сала зерттеуін күтіп тұрған тың тақырып болмақ. Көгілдңр көктке көптеген жұлдыздар бар. Бірақ, шолпан біреу ғана.

Таң алдында туған шолпандай болып, шоқ жұлдыздар арасынан ерекше жарқырап көрінетін аяулы аға еңбегі бұдан былай тіпті де көрнекілене беретіні хақ!

 

Автор туралы:

Серік Әбілұлы 1973 жылы 4 ақпанда Қытайдың Алтай аймағындағы Үліңгір көлі бойында, Жетіарал деген жерде  дүниеге келген. Шыңжаң Университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін, Шыңжаң партия мектебінің экономикалық басқару факультетін бітірген.

«Дариға-ай», «Шолпан», «Самал» публицистикалық, «Күміс жебе», «Қобыз сарын», «Аққу арман» жыр жинақтары, «Күн» атты балаларға арналған шалқыма, балладалар жинағының авторы.

Серік Әбілұлы Қытайдағы қазақ радиосында ұзақ жылдар қызмет етіп, сол елдегі қандастардың мәдениетіне елеулі үлес қосқан тұлғаның бірі. Ол қазақтың таңдаулы 50 әнін қытай тіліне аудартып, ұлтымыздың кең тараған 500 күйі мен 200 халық әнін таспаға түсірген, 100-ге жуық ән мәтіні мен көптеген әннің авторы, радио эфирінде 30-ға тарта роман оқыған танымал диктор, ақын, әнші, сазгер.

Құлаққа жағымды қазақы қоңыр дауыс иесі Серік Әбілұлы қазір атамекенге оралды.

Пікірлер