«Көзбояушылықпен айналысуды тоқтатыңыздар» – 125 ауылда интернеттің жоқтығы Сапарбаевтың ашуына тиді

4982
Adyrna.kz Telegram

6 сәуірден бастап еліміздегі мектептер қашықтықтан білім беру жүйесіне көшуі тиіс. Алайда бұл мәселе Жамбылда «жүгі жеңіл есектің»  керін келтіріп тұрғандай. Себебі аудан әкімдері ақпараттағы ақпаратты жатқа соғып, түйткілдің түйінін тарқатуды емес, құмға басты тығуды ойлауда. Бұл жайында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында баса айтылды. Бұл туралы "Айқын.кз" хабарлайды.       

Жуырда Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі жергілікті мектептердің біріне бас сұғып, бірқатар жайтты барлаған. Алайда тозығы жеткен парталар мен тақталарда балалардың әлі күнге сабақ оқып жатқанына көзі жеткен аймақ басшысы, интернет туралы сұраудың өзіне ұялған. Міне, осы жайтты жиында Бердібек Машбекұлы сын тезіне алды.

– Көзбояушылықпен айналысуды тоқтатыңыздар. Нақты  ахуалды көрсетіңіздер. Әйтпесе, біз жағдайды жақсарта алмаймыз.

Таразға тиіп тұрған Байзақ ауданындағы мектептің жайы осындай болса, онда шалғай аумақтар туралы не айтуға болады? Мемлекет басшысының қашықтықтан оқытуға көшу туралы тапсырмасын қалай іске асырамыз? – деп облыс әкімі ашуға мінді.

Б. Сапарбаевтың айтуынша, өңірдің білім сапасы сын көтермейді, ал қашықтықтан оқытуды енгізгеннен кейін оның тіпті төмен деңгейге құлдырап кету қаупі бар.

Талдау көрсеткендей, көптеген аудан мектептерінде компьютерлер мен моноблок жетіспейді, ал 125 ауылдық елді мекен интернетпен қамтамасыз етілмеген.

Саятхан Сатылған,
Жамбыл облысы.

Пікірлер