Жәкішевтің үстінен арыз түсірген депутат кім?

4442
Adyrna.kz Telegram

Бүгін “ҚазАтомӨндірістің”  бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев азаттыққа шықты. Оның мерзімінен бұрын босату туралы өтініші осымен үшінші рет қаралып, ақыр соңы сот Жәкішевтің сөзіне құлақ асты. 

Семейде өткен отырысқа Жәкішев қатысқан жоқ, сотты абақтыда видеобайланыс арқылы бақылады.

Сот шешім шығарардың алдында соңғы сөзін айтты.

“Сот биліктің маңызды тармағы әрі бүгінгі қоғамның өкілі. Мені қолдауға жиналған адамның қарасы өте көп.

Мен осы қоғамға қаншалықты қауіптімін? Менің бостандыққа шығуым қоғамға қатер төндіре ме?

Бұған жауап алғыңыз келсе бүгінгі отырысқа мені қолдауға жиналған қалың елден сұраңыз. Менің Қазақстан азаматы ретіндегі басты өтінішім – Қазақстан Республикасында қабылданған заңдар маған да қолданылса деймін”, -деді Жәкішев.

Түнеукүні ақпарат құралдарының біріне сұхбат берген Тоқаев Жәкішев ісіндегі сот шешімі әділ болады деген.

Ал осы Жәкішевтің үстінен арыз түсірген кім? Ол Мұхтарға нендей айып тақты?

Осыдан 10 жыл бұрынғы оқиғаны ой елегінен өткізейік.

Жәкішев “ҚазАтомӨндіріске” 1998 жылы ұлттық компанияның берешегі 85 млн доллардан асып, қарызға белшеден батқан алмағайып кезеңде келді.

Араға бір жыл салып компанияның адымын аштырмай отырған кедергілерден арылып, қарызын өтеді. Қазақстан уранын экспортқа шығармай отырған шектеу алынып тасталды.

Арада 10 жыл өткенде “ҚазАтомӨндіріс” уран өндіруде әлемдегі алпауыт компанияның біріне айналды.

2009 жылдың сәуірінде Мәжіліс депутаты, Nur Otan мүшесі Татьяна Квятковская Жәкішевті “Қазақстанның уран кеніштерін Мұхтар Әблязовтің меншігіндегі компанияларға су тегінге сатып жіберді” деп айыптады.

Ол тұста Әблязов Лондонда бой тасалап жүрген-тін.

“Ол ма, ол (Жәкішевті айтады, ред.)  “Ақдала, “Оңтүстік Іңкәй”, “Қорасан” секілді уранға бөгіп жатқан кеніштерді небәрі 64 мың теңгеге бағалап, әзір іздеуде жүрген Әблязовтың “Бетпақ дала” атты компаниясына сатып жіберді”, – деді Квятковская.

Депутат әлгі компанияны Әблязовтың сенімді серігі  – Рифат Ризоев басқарады деп тұспалдаған.

Жәкішев мұны өзіне жабылған жала деп түсіндіріп, Квятковская әлдебіреулердің тапсырысын орындап отырғанын айтты.

Депутаттың арызынан кейін “ҚазАтомӨндірісті” Бас прокуратура, ҰҚК, Қаржы бақылауы комитетінің өкілдері нысанаға алады. Алайда көзге ұрар кемшілік таппайды.

Соған қарамай 2009 жылдың мамырында Жәкішев жұмысынан босап, Бас прокуратураның нұсқауы бойынша қамауға алынады. Мұхтардан бөлек, оның үш орынбасары – Асқар Қасабеков, Малхаз Цоцорий және Дмитрий Парфеновтің үстінен іс қозғалады.

Сол жылдың жазында ҰҚК ұлттық компанияның топ-менеджерлері Жәкішевтың жемқорлыққа қатысын барын мойындаған видеоны елге жариялайды.

“2004-2007 жылдары Жәкішевтің жөн сілтеуімен бірнеше оффшор компаниясы, астыртын жұмыс істейтін фирмалар ашылып уран сатудан түскен ақша сол жаққа аударылған. 200 мың тонна уранның ақшасы Жәкішевтің жемсауына түскен”, – деп мәлімдеген еді сол тұста ҰҚК баспасөз-хатшысы Кенжеболат Бекназаров.

14 жылға сотталған Жәкішев жазасының 10 жылын толық өтеді. Биыл 11-ші жылға аяқ басты.

Жәкішевтің әріптесі, әрі жақын жолдасы Ғалым Назаров  депутат Квятковскаяның мәлімдемесінде түйірдей негіз жоғын айтқан.

“Бос сандырақ десе де болады.

Неге десеңіз, екі жыл бұрын компанияда кешенді түрде тексеру жүрді. Дәл осы Т.Квятковскаяның тура осы мәлімдемесі бойынша.

Қаржы, Есеп комитетіндегі аудиторлық тексеру, ҰҚК, прокуратура секілді түрлі мемлекеттік орындары жүргізген бұл тексеріс бір жылға созылды. Осы тексерістерде компанияда ешқандай заңсыздықтың болмағаны анықталды”, – деген еді осыдан 10 жыл бұрын “Жас Алашқа” жедел сұхбат берген Назаров.

Оның айтып өткеніндей, «Қазатомпром» өз қалауы бойынша мүлкін әркімге бөліп бере салатын жекеменшік компания емес.

“Бізде директорлар кеңесі бар. Құрамына үкіметтің, тиісті министрліктердің басшылары кіреді. Табыстың барлығы сол кеңесте талқыланады.

Іс-әрекетінің бәрі мемлекеттің қадағалауындағы компанияның басшылығын ғана қудалап, айыптау ақылға сыймайтын қылық. М.Жәкішев барлық уақытта компанияның жүзеге асыратын бар жұмысын жоғарғы жақпен ақылдасып шешті. Өз бетінше әрекет еткен емес. М.Жәкішевтің ешқандай кінәсінің жоқтығына сенімдімін. Және экс-депутаттың мәлімдемесін аққа күйе жағу деп білемін”, – деген Ғалым Назаров.

Осы сұхбаттан аз-кем үзінді ұсынсақ.

– Сіз М.Жәкішевті жақсы білесіз бе?

– Мұхтарды өте жақсы білетін екі адам болса, соның бірі мен десем, артық айтқаным емес.

Себебі Мұхтармен 1977 жылдан бері доспын. Мұхтардың отбасын, бала-шағасын жақсы білемін. Мұхтармен мектепте бірге оқыдық, Мәскеуде бірге білім алдық. Уақыт өте бір жерде қызмет істедік. Зиялы отбасының баласы. Әкесі ҚазҰУ-де мұғалім. Доцент, кафедра меңгерушісі. Шешесі ғылым жолына түскен адам. Мұхтар орайы келген жерден пайда көріп қалу, қымқырып, жымқырып қалу дегенді мүлдем білмейтін өте мәдениетті, адал, таза жүректі адам. «Қазатомпромда» ол үнемі мемлекет пен компанияның мүддесін қорғады.

– М.Жәкішев осы компанияга келгелі жұмысына қатысты үкімет тарапынан қандай да бір ескерту алып па еді?

– Жоқ. Керісінше, былтыр ғана оны «Құрмет» орденімен марапаттады. Мұхтар бұл компанияға 1998 жылдың күзінде келді. Ол кезде компания банкрот болғалы тұрған. Жалпы сомасы 805 миллион доллардай, банктерге доллармен алынған 29 пайыздық несие (43 миллиондай), жұмысшылардың жарты жылғы жалақысына қарыз болатын. Яғни компанияны сатсаң да ешкім алмайтын кез еді.

Рас, 1998 жыл өте қиын жыл болды. Дағдарыс уран өндірісінен айналып өтпеді. Уран бағасы үнемі құлдырап, 2001 жылға дейін тек түсумен, төмендеумен болды.

Жалпы, әлемде табиғи уран өндіретін сол кезде 30 шақты ғана компания бар. 1998 жылдары «Қазатомпром» осы компаниялардың ең соңында тұрды. Сол кездері компания 890 тонна табиғи уран өндірсе, биыл 8,5 мыңдай тонна уран өндірді. Яғни содан бері компания өндірісі 10 есе өсті. Бейнелеп айтсақ, М.Жәкішев жерде жатқан компанияны қабылдап алды.

Ал бүгінгі күні табиғи уран өндірушілердің қатарында «Қазатомпром» әлемдегі ең беделді компаниялардың қатарында. Компанияның беделі өте жоғары. Қаржылық жағдайы тұрақты. Компанияның әлі де қарыштап өсуіне барлық жағдай, керекті баспалдақтың бәрі жасалды.

Осының бәрі Мұхтар Жәкішевтің стратегиялық бағдарламасының арқасында жүзеге асты. Ядролық отын нарығында компания жерасты байлығын шикізат ретінде сатуға машықтанып, жатып алған жоқ. Қайта сол шикізаттан өнім жасауды жолға қоюының арқасында әлемдегі ядролық отын нарығында айрықша орын алды.

Ақпарат  Dalanews.kz   сайтынан тілші Думан БЫҚАЙдың жазбасынан алынды

Пікірлер