Алматы – алты алаштың алтын тәжі

2550
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың рухани астанасы атанған Алматыға мың жыл! Алматының ежелгі қалалардың бірі екендігін дәлелдейтін дерек­тер жетерлік.

Тіпті «Қазақ Совет энциклопедиясында» Алматыны адам ерте заманнан мекендегені туралы ашық жазылған. Энцик­лопедияда: «Біздің дәуірімізден бұрын VII-VIII ғасырларда сақ тайпалары қоныстанған. Сақ­тардан кейін саяси басшылыққа ие болған Үйсін тайпалары» деп жазады. Бұл қала орта ғасырда Алматы деген атымен белгілі болған деседі. Мұнда дулаттардың «Алматы» атты қыстағы болды. Кейін 1854 жылдан бастап, мұнда «Верное» деген орыс бекінісі орнайды. Кейін оның Верный атанғаны белгілі. Бұған 1990 жылы табылған күміс теңгені қо­сыңыз. Маңдайшасында «Ал­матуда басылған» деген арабша жазуы бар теңге ХІІІ ғасырға тие­сілі көрінеді. Археолог-ғалымдар Алматыға жақын жерлердің бірінде ақсүйек сақтар мен үйсін көсемдерінің 47 қорғаны сақтал­ғанын айтып жүр. Бұл қорған­дардың ең үлкенінің көлемі –100, ал биіктігі 15 метрге жетеді екен. Деректерге сүйенсек, қорғандар 3000 жыл бұрын салынған кө­рінеді. 


Қалай айтсақ та, Алматының тарихы өте ертеден басталады. Алматының тарихының ертеден басталатынын сезгендіктен де болар, қалаға тиесілі газеттің бірі «Алматы ақшамы» маңдайшасына «Мың жасаған шаһардың шам­шырағы» деп баттитып жазып жүргеніне бірнеше жыл болды. Бір анық дүние: Алматы­ның қа­бырғасы мың жыл бұрын қалан­ғандығы. Оған ешкім шек келтіре алмас. Алатаудың баурайындағы Тәуелсіздік бесігіне айналған әсем қаланың мың жылдығын тойлау басталып кетті. ЮНЕСКО-ның мерейтойлық даталар тізі­міне енісімен, Алматының алыста қалған даңқты күндерін жарияға жар салудың алғашқы көріністері басталып кетті. Сондай ізгі ша­ралардың бірі – Наурыз-айтыс.
Табиғат жаңарып, күн мен түн теңелетін, Самарқанның көк тасы еріп, Жер-ана түлейтін, адам­заттың бойына қан жүгіріп, тал-теректер бүршік жаратын, қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезіп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайтын ұлық мерекеде Наурыз-айтыстың ұйымдастырылуы әрі оның 
«Мың жасаған шаһарға» арна­луының да ерекше сыры бар. Қасиетті қара жер, қара топырақ бусанып, ұлы даланың төсінде қызғалдақтар құлпыратын, бел-белестерге қызылды-жасылды кілем төселетін Ұлыстың ұлы күнінде аузымен орақ орған азулы ақындарды Алматы өзінің төріне жинады. 
Әсем қаланың терең тарихын айтпағанның өзінде, бұл жас­тардың қаласы. Алматыны поэзиясына арқау етпеген ақын кемде-кем. «Алматы түнін» әнге айналдырмаған сазгер де аз. Көптің көңілінен шыққан бұл әндер қазір де өз тыңдаушысын жалықтырған емес. Шайыр­лардың өлеңіне арқау болған мың жасаған шаһарды айтыс ақын­дары жырға қосты. Студенттер сарайында өткен бұл айтыс бұрынғыдан ерекше. Өйткені халықаралық деңгейде өткен додаға Моңғолия мен Қырғыз елінің да ақындары келді. 

Әлқисса. Айтыстың тізгінін қолына алған көрнекті ақын Жүрсін Ерман: «Мың жасаған Алматы – Мысыр мен Бағдат, Тараз бен Түркістан тәрізді мың жылдық тарихы бар қазақтың төл қаласы. Алматының мерейтойы – баршамыздың тойымыз. Алматы – қазақ еліне Құдайдың берген сыйы, басындағы тәжі, омырауындағы алтын алқасы, жұмақ жер жәннаты. Зиялы қауымның бірнеше буынын тәр­биелеп шығарған, еліміздің ша­ңырағына уық қылып қадаған – Алматы. Тәуелсіздіктің тұсауын кесіп, Астанаға тізгінді алып берген Алматы – қазақтың алтын бесігі. Ендеше, бүгінгі айтыс Алматыны жырлауға арналады» деп бастады. «Мың жасаған шаһарды» жырлауға он төрт ақын жиылды. Олардың қатарында Болатбек Оразбаев, Аспанбек Шұғатаев, Жансая Мусина, Иран-Ғайып Күзембаев, Нұрлан Мұсаев, Рүстем Қайыртайұлы, Аза­мат Болгонбаев, Серік Қуан­ған, Мейірбек Сұлтанхан бастаған азулы ақындар бар. 
Айтысқа қазылық жасаған жандар да осал емес. Қазылар алқасының төрағасы, белгілі публицист Нұртөре Жүсіп, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының кеңес­шісі Берік Уәли, белгілі ғалым Хангелді Әбжанов, Қазақ­станның Халық артисі, профессор Есмұхан Обаев, жазушы Смағұл Елубай төрелік етті. «Мың жасаған ша­һар» атты халықаралық айтыс Ө.Жолдасбеков атындағы сту­денттер сарайында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Алматы қаласы әкімшілігінің ұйымдастыруымен өтті. Айтысқа жиналған жұрт алдында Қазақ­стан халықтары ассамблея­сы төрағасының орынбасары Ера­лы Тоғжанов құттықтау сөз сөйледі. «Тәуелсіздіктен асқан ұлы ұғым жоқ. Тәуелсіздіктің арқасында наурызымыз бен дәстүріміз қайта оралды. Тәуелсіздіктің арқасында еліміздің туы желбіреп, бүкіл дүниежүзіне жарқырап танылды. Тәуелсіздіктің арқасында төл өнеріміз – айтысымыз еліміздің жүрегіне жылылық ұялатып, ұлтымыздың рухын көтерді. Тәуелсіздіктің арқасында мың жылдық тарихы бар Алматының төл тарихын тойлатуға мүмкіндік алдық» деген Ералы Тоғжанов айтысқа қатысатын ақындарға сәттілік тіледі.

АЗАТТЫҚ АЛАУЛАҒАН АЛМАТЫ

Алғашқы болып сахнаға моңғолиялық ақын Серік Қуанған мен алматылық Болатбек Оразбаев шықты. Халықтың басына нәубет төнген қиямет-қайым жылдары шетел асып, тарыдай шашыраған қазақтың мұңын жырлады Серік ақын. «Тағдырдың тәлкегіне жолық­қанда, тентіреп талай-талай тауларды астым», «Қаратаудан шұбырған қалың қазақ, Алатауға қайта кеп бауыр бастық», «Алматының мың жасын тойлаған ел, қасқайып мың жасаңдар Алатаудай» секілді түйдек-түйдек сөз тіркестерін ағытқан ақынға Болатбектің де жауабы ұтымды шықты. «Алматыда азаттық алаулаған», «Адам түгіл аң-құс та қия алмайды, тамаша табиғатын, жасыл нуын. Түйесі де шөккен ғой Райымбектің, топырағын білген соң асылдығын», «Қазағым алып көлге айналса екен, ша­шылған тамшыларын жиып алып» деп әдемі сөз қайтарымын жасады. Серік ақын қарсыласын түйреп өткісі келіп: «Ұшақпен асыл текті сиыр емес, асыл текті елді ап келсін» деп еді, «Бір жусан иісін сағынғанда, Бейбарыс та тәрк еткен сұлтандығын», «Қазақ дейтін жайқалған бәйтеректің, ұмытпа тамыры екеніңді» деп дәлелді сөзбен жауабын қайырды. 
Алматы туралы көрікті жырын арнаған Болатбек ақын:
– Алматы талайларға 
тұрақ болған,
Сүйемін өзен-көлін, 
тасын, құнын.
Қырық жыл ел басқарып 
осы маңда,
Қонаев арқалаған ғасыр жүгін.
Қалдаяқов жүректің 
қылын шертіп,
Қаламнан төгілткен 
Қасым мұңын.
Мұзтаудың мұзбалағы 
Мұқағали,
Осы маңда тудырған жақұт жырын,  – деп толғады. 
Қыз бен жігіттің шебер сайы­сын жасаған шиелілік Мейірбек Сұлтанхан мен Атыраудан келген Әсел Тәушенова болды. Қазақы қалжыңмен өрілген айтыста елдің мәселесі де сырт қалмады. Қай кезде де қызыл тілді өрнектеп, салмақты сайыс жасайтын айтыстың жас бөрісіне атыраулық Әселдің де жауаптары тең түсіп жатты. Ибалы келіннің әдебінен аспаған жас ақынның сахнадағы алғашқы сөз сайысы екен. Соған қарамастан, Әселдің аяқ алысы жаман басталған жоқ. Қарсы­ласымен өткір мәселелерді де бірге көтере алды. Мейірбектің айтысынан көпшілік: «Құдықтың түбіндегі құрбақалар, теңіздің тереңдігін қайдан білсін?», «Ха­лықтың қалаулысы деп жүр­гендер, халықтың қанаушысы боп кетпеңдер», «Шабытпенен әскерге аттанғандар, табытпен еліне келіп жатыр», «Францияда бомбалар жарылып жүр, Сирияда содырлар сабылып жүр. Аллаға шүкір, ағайын азаттықтың, тілейтінім осындай қадірін біл. Сирияға ұлдарың ұрынбасын, жатқа кетіп төкпесін қызың жасын, Алашыма дәл бүгін тілейтінім, бақытымыз басқаға бұрылмасын» деген секілді сал­мақты ой сайысын жадына түйіп қайтты. 
Көрші қырғыз елінен келген Азамат Болгонбаев пен Шұғайып Сезімханның халықаралық айты­сы да көптің көңілінен шықты. Қырғыз бен қазақтың бауырмал­дығын, ынтымағын, береке-бір­лігін сөз еткен ақындар бір-бірін әдемі әзілмен түйреп, екі ұлттың бо­йындағы кейбір кемшіліктер­ді де астарлап қалжыңмен жеткізді. Қырғыз ақынына Шұғайып: «Қыр­ғызға барсаң жеңесің, қазаққа келсең жеңілесің» деп жеңіл түйреп өтіп еді, Азамат та еш саспастан: «Қазаққа жалғыз шақырып, жеңейін деген екен­­сің» деп сытылып шықты. Қазақ пен қырғыздың арасында сөз додасы­ның өткізілуі – бұрыннан қа­лыптасып қалған үрдіс. Сонау Сүйінбай мен Қатағанның айты­сынан бастап, бұл үрдіс үзілмей келеді. Бірде қырғыз елінде өткен халықаралық айтыста қазақтың сегіз бірдей ақыны топ жарып, жүлдемен оралған еді. «Қырғызға келген сегіз ақынға бірдей жүлде бердік» деп Азамат қағытып еді, оған Шұғайыптың да жауабы дайын екен. «Сегіз ақынға жүлде бердім деп қағынасың, қырғыз­дың ақынын жеңіп тұрса, бауы­рым, жүлде бермей неғыласың» деп сытылып шықты. 
Наурыз-айтыстағы сүбелі сөзбен дәмді сайыс өрнегін жасаған Рүстем Қайыртай мен Иран-Ғайып Күзембаевтың жұбы болды. Рүстемнің: «Есірген эстраданың иісінен, дәстүрлі әннің иісі артық маған», «Бас мәселе иісте емес, иісті сезін­бейтін мұрындарда», «Өз тілімді сүйемін ел сияқты, өйткені көк түріктің ұланымын» деген ұтымды тіркестері, Иран-Ғайып ақын­ның: «Сары күзге ұқсасам, ол жаман ба? Жоқ, әлде нұрын шашқан күн жаман ба? Сап-сары боп жүргеннің несі айып, көгілдірлер қаптаған бұл ғаламда» дегені ел есінде қалары анық. Рүстем: «қызыл тіл қиылып түс дәл түбінен, жастарға жанашыр сөз айта алмасақ», «Отыздан ас­пай ерлер опат болса, кім жал­ғар қазақтың қазанатын», «Көзіме сол права көрінеді, көрге апаратын билеттей боп» деп, бүгінгі қоғамның ең үлкен бас ауруына айналған – жол-көлік апаттарын тілге тиек етті. Көлік апатынан қаншама жас қыршы­нынан қиылып жатыр. Мұны бүгін сөз етпесек, бұл мәселенің ше­шімін бүгін таппасақ болмай­ты­нын ақындар дұрыс қозғап отыр. Иран-Ғайып: 
– Алматы – теңдессіз 
алтын шаһар,
Жазылған аты 
алтын әріптермен.
Мақтансам, 
айып болмас өздеріңдей,
Тамырын терең 
жайған даңқты елмен.
Азаттықты қазаққа 
алып беріп,
Алауын мұз үстіне жағып берген, – деп Алматы туралы жырын төкті.
Қай кезде де өткір әзілімен көпшілікті тәнті етіп жүрген орал­дық жүйрік Жансая Мусина мен Астанадан келген Олжас Отардың жұбы көрермен күткен үдеден шыға алған жоқ. Екі ақын да тұр­мыс­тық түйткілден арыға аса алмады. 
Керекулік Аспанбек Шұға­тайыптың жүйріктігіне көрер­меннің өзі куә. Бұған дейін бірнеше додаларда Құлагердей бәйгені бермей жүрген дүлдүлге қарсыласы оңтайлы келмеді ме, ақын бұл жолы бұрынғы шабы­сынан жаңылғандай көрінді бізге. Содан болар, қазылар да төмен баға берді ақынға. 
Алматылық Бибігүл Тілебал­динова мен атыраулық Шалқар­бай Ізбасаровтың сайысы нағыз селтеткізер сыйлық болды. Ә де­геннен-ақ «Мен үшін Бибігүл­мен айтысқаннан, төбелескен артық Тайсонменен» деп шабуыл бас­таған Шалқарбайға Бибігүл де еш саспастан, әзілмен жауап қа­йырды. «Көктем келіп, оянып, жетіп келген аю жігіттің» арынын басты. «Еркелікке мұның табар сыны бар ғой, қыздың назын көтере алмайтын, бұл жігіттің ұрсатын жыны бар ғой» деп әзілмен тағы түйреп өтті ақын қыз. «Әзірейіл емеспіз, көрінгенді өлтірер қылғындырып, әй-шәйға қарамаймын шындап кетсем» деп Шалқарбайдың да жауабы әзір екен. «Ағайын құт әкелсін барша­ңызға, Бибігүл мен Шалқарбай теңелген күн» деп екі ақын да әзілмен өрілген әдемі сөз сайысын жасады. Қыз бен жігіттің жара­сымды қалжыңына жиылған көпшілік те риза болысты. 

ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК ШЫҚҚАН – РҮСТЕМ

Айтысқа қатысқан жеті жұп­тың екеуі ақтық сынға қайта шық­ты. Рүстем Қайыртай мен Мейірбек Сұлтанхан, Бибігүл Тілебалдинова мен Иран-Ғайып Күзембаев жұбы бас жүлде үшін сайысқа шықты. Төртеудің ішінен дара шапқан алматылық ақын Рүстем Қайыртайға бас жүлде бұйырды. Көпшіліктің көзайымына айналған айтыстың жас бөрісі Мейірбек Сұлтанхан бірінші бәйгені жеңіп алса, Бибігүл Тілебалдинова мен Иран-Ғайып Күзембаев екінші жүлдені тең бөлісті. Үшінші үш бәйге кере­кулік Аспанбек Шұғатаев­қа, қырғыз ақыны Азамат Бол­гонбаев пен Шалқарбай Ізба­саровқа бұйырды. Көрермен көзайымы бәйгесін оралдық ақын Жансая Мусинаға табыс етті. Алматылық жас пері Болатбек Оразбаев өз сыйлығын Моңғол елінен келген қарсыласы Серік Қуанғанға сый ретінде ұсынды. 
Бас жүлдені ақынға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Қы­дырғалиұлы табыс етті. Бауыр­жан Байбек: «Елбасы Тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап, айтысты қолдап келе жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Нұр Отан» партиясының Төраға­сы ретінде «Айтыстың «Нұр Отанмен» табиғаты бір, ашық болуы керек, әділ болуы керек, сын айтылуы керек. Сол арқылы біз жетістіктерге жетеміз, халық­тың ауызбіршілігін күшейтеміз, бар кемшіліктерді жоямыз» деп әрқашан айтып келеді. Сондық­тан «Нұр Отан» партиясының мүшелері әрқашан айтысқа қатысып, айтыскерлер тілге тиек еткен сындарды, мәселелерді шешуге тырысады. Әрине, сын айту – оңай, ал қиындықтарды жою – қиын. Сол себепті біз де халыққа ашық түрде «Алматы –2020» даму бағдарламасын ұсынып, халықтың ой-пікірін біліп, мәселелерді шешуге ты­рысамыз. Елімізде келісім, бей­бітшілік пен тұрақтылық болса, онда біз Елбасы айтқандай, да­мы­ған 30 мемлекеттің қатары­на қо­сыламыз. Біз бірге болсақ, бо­лашақта бұдан да биік белес­терді бағындыратынымыз айқын. Қазақ бар жерде айтыс өлмейді, мәңгі жасай береді» деді.

ТҮЙІН

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырза – айтыстың шынайы жанашыры. Міне, оңтүстік астанада Бауыржан Қыдырғалиұлы келгелі айтыс осымен төртінші мәрте өткізілді. Айтыс өнеріне деген алматылықтар ықыласы ерекше. Сөз қадірін білетін қалың көрермен осы жолы да тамаша айтысқа куә болды. 
Айтыс ақындары тарапынан үнемі ізденісте болу керектігі туралы жиі айтылады. Дулы додаға іштей дайындалып, үйден «заготовкасын» жасап келетіндер баршылық. Осы күні сөзсайыс арасында әнге салу үрдісі көбейді. Айтыстың «шоулық» сипатын ашып, халықты бір желпіндіріп алу үшін бұл керек те шығар. Әйтсе де ақындардың осыған тым әуес бола бермегені дұрыс секілді. Бұл күнде тыңдарман жұртшылықтың талап-талғамы өзгерді. Бұрынғыдай «ащы» айту, батырып айту, бақырып айту дегендерге желпіне кететіндер азайып, ойлы сөзге, мағыналы мәтінге, терең түйінге көбірек көңіл бөлетіндер көбейді. Бұл – айтыс өнерінің биіктей түскенін көрсетеді. Халыққа сырбаз да сырлы ақынның сөзі жақын келетіні аңғарылады. Осы ретте айтыс ақындарының саяси сауатты, іштей парасатты болғанын жұрт қалайды.
Шын тұлпар шапқан сайын тынысы ашылып, дүбірге еті қызып тұрады. Ақындар да сол тұлпар шабысты болуы керек. Өкінішке қарай, алғашқы айналымда шашасына шаң жұқтырмайды-ау дейтін мықтылар келесі айналымға шыққанда солықтап, солғын тартып, арыны бәсеңдеп қалады. Бұл да айтыс ақындарының бір шаппалық қауқарын көрсетеді. Ақыры өмірін осы өнерге арнады екен, айтысқа кез келген уақытта, кез келген жағдайда қосыла кететін деңгейде болу – олардың басты мақсаты болуы тиіс. Баяғы Иса Байзақовтай, табан астында суырып салу қасиеті осы күнгі ақындарда кемде-кем. «Он бір күн, он бір түн» дастанын Иса Байзақов тақырыпты естіген мезетте судырлатып айтып салған. «Тай­бурылдың бір күндік кемдігі» айтыс ақындарының барлығының бойында бар. Демек, олардың табандап тұрып өздерімен жұмыс істейтін сәті келді: бұл бағытта үнемі ізденісте, іштей ширығыста болу қажет-ақ; алдымен айтыс тақырыбын бүге-шігесіне дейін зерттеу, күн тәртібінде тұрған мәселені көркемсөзбен өрнектеудің қажеттігі білінеді. Кез келген уақытта суырып салуға әзір болу ақындарды үнемі жауапкершілікте жүруге жетелеуі тиіс.
ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 38-сессиясының шешімімен Алматының 1000 жыл­дығы 2016 жылы аталып өтілетін мерей­той­лық және арнаулы даталар тізіміне енгізілді. Қандай керемет тақырып! Иса Байзақов секілді он бір күн, он бір түн жырлайтын-ақ нәрсе. Алайда Алматының барлық қасиет-қадірін толық ашып берген ақын некен-саяқ. Осыдан-ақ айтыс ақындарының соңғы кезде жиілеп кеткен өнер додасына немқұрайдылықпен қарап жүргендерін аңғаруға болады. Елге мәлім: айтыс жиіледі, ана жерде бір айтыс, мына жерде бір айтыс, соның бәріне қатысу керек; дүрмек пен дабырға ілесіп елден қалмау керек; осындай қуғын жағдайда жүргенде әзірлікті кім ойлайды? Ал Алматыдағы айтыс – Халықаралық дәреже­дегі айтыс! Бұған Моңғолия мен көршілес Қырғыз елінен айтыс­керлер келді. Осы орайда біздің айтыскерлер өздерін іштей басқа елде, халықаралық айтыста отырғандай жауап­кершілік пен даярлықта болуы керек дер едік. Бір ғана қырғыз ақыны Азамат Болгонбаевтың өзін ұстауы, сөз саптауы, аталы сөзді айта білуі біздің айтыскерлерге үлгі болса, қанеки?!.
Сөзде – салмақ бар! Сөзде – жауапкершілік бар! Сөзде – бәрі бар!
Сондықтан қазақ айтыскерлері бекзат өнердің биігіне шығу үшін күндіз-түні талмай даярлықта жүргені керек. Алматыда өткен айтыстан соң ақындар тайлы-таяғына дейін қалмай, Астанадағы «шоу-айтысқа» аттанды. «Хабар» арнасына не керек? Шоу керек! Ал халыққа не керек? Аталы сөз керек! Өздеріне сау сөз керек пе, шоу сөз керек пе – айтыс ақын­дарының таңдау жасайтын кезі келді.


"Айқын".

Пікірлер