Ақындар айтысы – ұлттық қазынамыз

5060
Adyrna.kz Telegram

Қазақ сөз өнері тарихындағы авторлары белгілі айтыс өлеңдері – ұлттық әдебиетіміздің дәстүрлі мұрасы, халқымыздың рухани мәдениет қазынасы. Айтыстарға қатынасушы ақындардың әрқайсысының әлеуметтік-қоғамдық, эстетикалық-гуманистік дүниетаным көзқарастары шығармаларының халыққа жағымды ықпалын айқындайды. Осы ықпал арқылы ақындардың шығармашылық деңгейін бағалайтын халықтың сыншыл талғамы да танылады. Айтыстардың авторлық нұсқалары – әдебиет ұғымының аясында қарастырылатын мұралар. Әрбір ақынның сөз арқауына алынатын мәселелерді авторлық идеяның мақсатты бағдарында жырлауға ұмтылатыны – табиғи жағдай. Ақынның авторлық идеясы өмір шындығына қатысты деректерді іріктеп қолдануына, деректілігіне негізделеді. Ақын – автор өзінің тақырыбына сай ой желісін сақтай отырып, айтыстың басталуынан аяқталуына дейінгі біртұтас композициялық өрілімді сақтай жырлайды. Дәстүрлі ақындар поэзиясының негізгі жанрларының бірі айтыс өнерінің тақырып, идея тұтастығы жүйесінде автордың көркемдік шеберлігі, тілі, өзіндік мәнері айқындалады. 

ХVІІІ-ХХ ғасырларда ұлттық әдебиеті­міз­дің авторлық поэзиядағы айтыс жанры көрнекті сипатпен қалыптасты, дамыды, бүгінгі заманға жалғасты. Ақындар айтыс­тары қазақ әдебиетінің ұлттық сипатын мәңгілікке сақтаған жанр екендігін түпкілікті дәлелдеді. Ақындар айтысының әдеби шығармашылық болмысы туралы ұлттық әдебиеттану ғылымының негізін салушы ұстаз-ғалымдарымыздың (А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, С.Мұқанов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, М.Ғабдуллин) еңбекте­рінде классикалық ғылыми тұжырымдар жасалған. Айтыстардың авторлары ұмытылған түрлері «драмалық фольклор» (С.Қасқабасов, Ш.Ыбраев, М.Жармұхамедұлы, Р.Нұрғалиев зерттеулері бойынша) санатында бағаланады. Мысалы: айтыс ойындары (мал мен адамның, өлі мен тірінің, төрт түліктің және жануарлардың айтыстары), қайым айтысы, бәдік айтысы, жар-жар айтысы, қағысулар, диалогтар. Ақындар айтыстарының жанрлық қалыптасуында фольклордағы осы үлгілерінің дәстүрлік және көркемдік негіз болғандығы ақиқат.
Ақындар айтысы жанры – қазақ сөз өнері тарихындағы әдеби шығарма­шылықтың нақты үлгісі. А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, С.Қасқабасов, Р.Бердібаев, М.Жармұхамедұлы, Ш.Ыбыраев ақындар айтыстарының жанрлық даралық сипатына әдебиет ұғымы аясында қарастырылатын поэтикалық болмысына тиянақты баға берді.
Ақындар айтысы – лирикалық, эпикалық, дидактикалық-философиялық, әуездік-мақамдық, т.б. ерекшеліктерді жинақтаған поэтикалық синтез сипатты күрделі жанр. Ақындар қоғамдағы тұрмыстық, әлеуметтік мәселелерді барлық кезеңдерде де қамтып жырлады. Қазақ әдебиеті тарихындағы ақындардың ауызша және жазбаша айтыстары аталған ерекшеліктерімен саралана қалыптасты. Мысалы, ХVІІІ-ХІХ ғасырлар және ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдеби дамуда мынадай көрнекті ақындардың шығармашылығындағы ауыз­ша және жазбаша айтыстары арқылы даралана танылды: Шал Құлекеұлы, Шортанбай Қанайұлы, Сүйінбай Аронұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Құлмамбет Құланаян, Мұрат Мөңкеұлы, Жамбыл Жабаев, Әбубәкір Боранқұлұлы, Шөже Қаржаубайұлы, Біржан Қожағұлұлы, Ақан Қорамсаұлы, Сара Тастанбекқызы, Әсет Найманбайұлы, Нұржан Наушабайұлы, Ерімбет Көлдейбекұлы, Омар Шораяұқлы, Жүсіп Ешниязұлы, Жүсіп Кәдірбергенұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Мұсабек Байзақұлы, Мансұр Бекежанұлы және т.б. Бұл ғасырларда қазақ әдебиетінің негізгі сипатын құрайтын ақындар шығармашылығында ауызша және жазбаша айтыстардың мазмұн мен пішін жүйесіндегі классикалық үлгілері жасалды.
Қазақ әдебиетінің тарихында еларалық-ұлтаралық, яғни халықаралық ақындар айтыстарының да маңызды орны бар. Қазақ және туысқан түркі (қырғыз, қарақалпақ, татар, өзбек) халықтары ақындарының айтыстары әдеби байланыстар кеңістігінде елеулі орын алады. Туысқан халықтар ақындарының бетпе-бет отырып өнер тілімен сайысып сұхбаттасуы – түркі халықтары мәдениеттері тарихының дара ерекшелігі. Қазақ және қырғыз ақындарының айтыстары екі елдің рухани мәдениеті тарихында маңызды үлес болып қосылды. Сүйінбай мен Қатағанның, Құлмамбет пен Қаламқастың, Сарыбас пен Қалмырзаның, Кенен Әзірбаев пен Халық Акиевтің, Жақсыбай мен Османқұлдың және т.б. ақындардың айтыстары еларалық-халықаралық мәдени байланыстар жүйесінде поэтикалық ықпалдастықты қалыптастырды. Аталған айтыстардың әдебиет туындыларына тән бейнелілік өрнектері осы жанрдың классикалық көркемдік үрдісіне негіз қалады. Айтыстардағы ақындардың шынайы келбеттері психологиялық шабуыл (қарсыласының мысын басу, көңіліне үрей, алаңдау, абыржу туғызу) арқылы айқындалады. Көркем бейнелі, поэтикалық мағыналы ойлармен, көркем кестелі шумақтармен төкпелей жырлау тұрақты қолданылады. Ақындар халық әдебиетіндегі дәстүрлі әсірелеулерді (гиперболаны) өзінің шабыт қуатын ұлғайта елестетуге, кішірейтуді (литотаны) қарсыласының көңіл-күйін әлсіретуге арнайды. Сес көрсету – ақындық дәстүрдегі ежелгі поэтикалық-психологиялық тәсілдердің бірі. Тыңдаушыларының, қарсылас ақынының жан-жүйелік, ішкі көңіл-күй әлемін өзіне бағындыру үшін ақындар осы тәсілді тұрақты қолданады. Еларалық-ұлтаралық айтыстар – бейбіт қатар өмір сүруге дәнекер болған қарым-қатынастар құралы қатарындағы мәдени қазына. Халықтардың дербес болып қалыптасқан тарихын құрметтеп жырлау арқылы ақындар жалпыадамзаттық гуманистік мұраттарды игерген азаматтық-қайраткерлік ұстанымдарын дәлелдеді. Мысалы, Сүйінбай мен Қатағанның айтысында екі ақынның да туған халқына арнаған перзенттік махаббат әуендері байқалады. Екі ақын да өздерінің туған өлкелерінің географиялық кеңістігін, адамдардың материалдық және рухани мәдениетті дамытқан ұлағатын жырлады. Ыстықкөл жайлауы, Алатау өңірі, қазақтың барлық өлкелері (Жетісу, Сыр бойы, Сарыарқа, Еділ, Жайық өзендері мен Орал тауы төңірегі және сол мекендердегі қазақтың ататек жүйесіндегі барлық әулеттер) толық қамтылады. Демек, бұл айтыс – Сүйінбайдың бүкіл Қазақ Елін тұтастай қамтып жырлаған нағыз ұлт ақыны екендігін дәлелдеген шығарма. Сүйінбай – қазақ даласын мекендеген барлық ататек-әулет жүйесінің әрқайсысына тән ерлік, елдік қасиеттерді саралай, нақты тарихи деректермен поэтикалық бояулары қанық ажарлау, құбылту, айшықтау тілімен жырлаған. «Қарға тамырлы қазақ» қалпымен құрайтын тарихи, табиғи халықтық-этнографиялық дәстүрлі заңдылықты мадақтайды. Ақынның бүкіл қазақ халқының тарихын, этнографиялық болмысын толық қамтыған азаматтық қайраткерлік көзқарастары өлеңі өрнегіндегі көркемдік кестелері (теңеу, эпитет, метафора, кейіптеу, символ, т.б.) тұтасқан осы туындысы – айтыс жанрының нағыз классикалық үлгісі. Сүйінбайдың осы үрдісін Құлмамбет, Жамбыл және Қазақстанның басқа аймақтарындағы ақындар жалғастыра жырлады. Бұл – қазіргі ақындар айтыс­тары үшін тағылым алар әдеби мектеп дәстүрін танытатын мұра.
Ақмолла мен Нұрыш, Мәшһүр Зында, Әбубәкір мен Нұрым айтыстары – қазақ, татар, башқұрт халықтары әдебиеттері байланыстары аясындағы туындылар. Ал қазақ пен қарақалпақ ақындары Мансұр мен Дәменің, Әжінияз бен Меңештің, Ырыстының, Әбубәкір мен Құлмамбеттің, Сейдәлі мен Алтынның айтыстары да осы жанрдың әдебиеттер байланыстарын нығайтудағы ықпалды бағдарын кеңейте түсті.
ХХ ғасырдың 40-80 жылдарындағы қазақ әдебиеті тарихының ұлттық болмысын танытуда ақындар айтысы жанры дәстүрлі қызметін жаңғырта жалғастыра дамыды. Қазақ ауылдарындағы, қалаларындағы Кеңес заманының қоғамдық-әлеуметтік өзгерістері, халықтың тұрмысы, ауылшаруашылығы, өндіріс өнімі, ғылым мен техника жаңалықтар уақыт шындығы мен халықтың арманына орайластыра жырланды. Кеңес заманындағы ақындар айтыстарының саяси-идеологиялық ықпал, бақылау шеңберінде өрістеген – сол кезеңнің ақиқаты. Қазақ поэзиясындағы дәстүрлі авторлық поэзия үрдісін уақыт шындығымен, халықтың арманымен орайластыра жырлаған Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин, Доскей Әлімбаев, Шашубай Қошқарбаев, Кенен Әзірбаев, Нұрлыбек Баймұратов, Жақсыбай Жантөбетов, Маясар Жапақов, Үмбетәлі Кәрібаев, Төлеу Көбдіков, Қазанғап Байболов, Әлібек Байкенов, Нартай Бекежанов және т.б. халық ақындары даралана танылды. Суырыпсалма және жазбаша ақындық өнер сапаларын тұтастандыра ұстанған дәстүрлі поэзияның көрнекті тұлғалары әдебиетіміздің, халықтың ұлағатын нығайта түсті.
Қазақ сөз өнерінің ұстаз тұлғалары А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин және солардың ізіндегі жаңа толқын көрнекті қаламгерлер – бәрі де Жамбыл және оның дәстүріндегі айтыс ақындарының шығармаларын ұлттық әдебиет дамуының өзекті арнасы ретінде таныды. Себебі дәстүрлі ақындар поэзиясы өкілдерінің шығармашылығында айтыстар (ауызша да, жазбаша да), сонымен бірге лирикалық-дидактикалық философиялық өлеңдер, эпикалық дастандар мол орын алды. Ұлттық әдебиетіміздің көп томдық тарихнамасында дәстүрлі ақындар поэзиясы өкілдерінің негізгі тұлғалары болып келе жатқаны – тарихи ақиқат. ХХ ғасырдың бірініші жартысындағы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен қазақ өнерінің әйгілі онкүндіктерінде қазақ мәдениетінің ұлттық сипатын танытқандар (1936 жылы – Жамбыл, 1949 жылы – Нартай бастаған халық ақындары) дәстүрлі ақындар поэзия­сы өкілдері болды. Қазақ тарихындағы ел басына күн туған, етігімен су кешкен сын кезеңдерде айтыс өнерінің көрнекті тұлғалары ақын-жыраулар поэзияның көсемдік ұстаным тұғырынан, халықтың жан-жүйесіне демеушілік қызметінен ешқашан айныған емес. Сондықтан Кеңес дәуіріндегі идеологиялық-насихаттық жүйе дәстүрлі ақындық поэзияның осы қызметіне сүйенді. Кеңестік идеологияның осындай саясатының арқасында билік пен мемлекет тұтастығының, мемлекеттің нығаюына пайдалы ықпалы анық танылған тұлғаларға мәртебелі атақтар берілді. Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин, Сәттіғұл Жанғабылов, Кенен Әзірбаев, Қайып Айнабеков, Нұрлыбек Баймұратов, Қалқа Жапсарбаев, Жақсыбай Жантөбетов, Үмбетәлі Кәрібаев, Қуат Терібаев, Әбдіғали Сариев, Қалихан Алтынбаев КСРО Жазушылар Одағының мүшелері қатарына ресми түрде алынды.
Дәстүрлі ақындар поэзиясын бүгінгі жалғастырушыларды ұлттық әдебиет дамуының құрамында қарастырып бағалаған алыптар өнегесі (С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов) Тәуелсіз Қазақ Елінің жаңа тарихын жасап жатқан қазіргі кезеңдерде көмескілене бастағандай әсер береді. Республикалық және халықаралық айтыстардың талай рет жеңімпаздары, қатысушылары болған, поэзияның айтыс­тан басқа да жанрларындағы (лирикалық өлеңдер, дастандар) туындыларын қамтыған бірнеше кітаптары да жарық көрген ақындардың мемлекеттік басқару мекемелері тарапынан елеп-ескеру шараларын көруі – табиғи заңдылық емес пе? Бірақ, бұл – әзірше енді ғана назарға алына бастаған мәселелердің бірі.
Ресми түрде «Қазақ ССР-ның Халық ақыны» құрметті атағы (1948 ж.) белгіленіп, Төлеу Көбдіков (1954), Кенен Әзірбаев (1961), Қалқа Жапсарбаев (1961), Үмбетәлі Кәрібаев (1961), Омар Шипин (1961), Ғабдыман Игенсартов (1962), Нұрхан Ахметбеков (1963), Манап Көкенов (1980), Көкен Шәкеев (1987), кейіннен Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Қалихан Алтынбаев, Қонысбай Әбілев осы атақты иеленді. Осы дәстүрді қазір де жалғастыру қажеттілігі – уақыт талабы.
Мемлекеттік басқару жүйесінің халықтық қолдауға ие болуында ата-бабалық дәстүрлі ақындар поэзиясының тұлғалары ықпалының маңызды болғандығын тарихымыздың аталған белестері, уақыт шындығы дәлелдеді. Сондықтан ауызша және жазбаша ақындығымен халыққа өте танымал, беделді болған ақындарды мемлекет тарапынан қазіргі кезеңде де, болашақта да елеп-ескеру арқылы ұлттық мәдениеттің нығая түсуіне демеу жасалатыны анық.
ХХ ғасырдың 90-жылдары және қазіргі ХХІ ғасырдың бас кезі – Қазақстан Тәуелсіздігі әлемдік деңгейде салтанат құра бастаған жаңа тарихи кезең. Айтыс ақындарының қатарына жаңа есімдер қосылды. Аманжол Әлтаев, Мұхамеджан Тазабеков, Мэлс Қосымбаев, Серік Құсанбаев, Бекарыс Шойбеков, Елена Әбдіхалықова, Дәулеткерей Кәпұлы, Ақмарал Леубаева, Кәрима Оралова, Әзімбек Жанқұлиев, Айтақын Бұлғақов, Айнұр Тұрсынбаева, Оразалы Досбосынов, Әбілқайыр Сыздықов, Ринат Зайытов, Айбек Қалиев, Аспанбек Шұғатаев, Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина, Еркебұлан Қайназаров, Болатбек Оразбаев, Мейірбек Сұлтанхан, Қалижан Ділдашев және т.б. жас толқын қосылды. Бұл толқындағы ақындар суырыпсалма (импровизация) өнердің жемістері өлең өрнектерін, бейнелілік-көркемдік сипатын байыта түсті. Ең бастысы – Тәуелсіз Қазақстан Республикасының әлем өркениеті кеңістігіндегі мемлекеттік беделді мәртебесі айрықша ұлықталуда.
Сөзіміздің арқауындағы негізгі мәселе – айтыс ақындары өлеңдерінің әдебиет жанры екендігі. Сондықтан қазіргі айтыс ақындары да ұлттық әдебиет тарихы арнасында жүрген жауапкершілікті үнемі естен шығармауы тиіс. Қазіргі айтыс ақындарының барлығы да орта және жоғары білім иелері. Араларында филология ғылымының кандидаттары, докторлары, ғылым магистрлары (Мэлс Қосымбаев, Елена Әбдіқалықова, Аманжол Әлтаев, Серікзат Дүйсенғазин, Дәулеткерей Кәпұлы, т.б.) да бар. Айтыс өнері арқылы танылған ақындарымыздың қазақ және туысқан түркі халықтарының, әлем мәдениетінің, ислам дінінің толық тарихымен қаруланған білімдарлықтары көрінуі тиіс.
Ақындардың айтыстарына әділдік пен қазылық шешім жасаудың да ұлттық дәстүрлі классикалық халықтық үлгідегі қалыптасқан жолы бар. Яғни, ақындар айтыстарына осы өнердің аға буын тұлғалары аса көрнекті ақын-жыраулар ғана төрелік ететін болған. ХІХ-ХХ ғасырлардағы классикалық ақындар айтыстарына Сүйінбайдың, Құлмамбеттің, Тұрмағамбеттің, Даңмұрынның, Мансұрдың, Жамбылдың және т.б. көрнекті тұлғалардың аралық-басалқы (төрелік-тоқтам) насихат-арнау өлеңмен қорытынды жасау үрдісі қалыптасқан. Бұл дәстүрді қайтадан жаңғырта қолданып қалпына келтірудің пайдасы зор. Өнер сайысын әділ бағалаудың жолын ақын-жырау бабаларымыздың өздері қалыптастырған дәстүрін жаңғырта қолдануға болады. Ұлттық әдебиетіміздің тарихындағы ақындар айтыстарының классикалық ерекшеліктері осылайша үнемі жаңғыртыла дамытыла жалғастырылуы Тәуелсіз Қазақ Елінің қазіргі мемлекеттік бағдарламаларының да жүзеге асуына ықпалын тигізе алады. Осы орайда, ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап қазіргі ХХІ ғасырдың белестеріне дейін баба дәстүрлі ақындар айтыстарының республикалық, халықаралық көлемде кеңінен өрістеп дамуында жоғары деңгейдегі біліктілікпен ұйымдастырушылық-басшылық етіп келе жатқан, қазіргі кезде Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің Халықаралық Одағының төрағасы, көрнекті ақын Жүрсін Ерманның азаматтық-қайраткерлік қызметі халықтың, ыстық ықыласына ие болып отыр. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен жаңа дәуірде тың серпінмен өткізіле бастаған айтыс өнері енді әлем өркениеті кеңістігіне кең қанат жаятыны ақиқат. 2015 жылдың желтоқсан айында «Намибияның Виндхук қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитетінің сессиясында Қазақстан мен Қырғызстан бірлесіп жолдаған «Айтыс – импровизация өнері» атты номинациясы Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне енгізілді» («Егемен Қазақстан», №233 (28711), 4 желтоқсан, жұма, 2015жыл). Осы комиссияның 2014 жылғы сессиясында БҰҰ ЮНЕСКО-ның тізіміне өз елімізден «Қазақтың дәстүрлі домбыра күй өнері» және Қырғызстанмен бірлесіп ұсынған «Киіз үйді жасаудың дәстүрлі білімдері мен дағдылары» атты номинациялары да енген болатын. Демек, көпғасырлық тарихы бар Қазақ Елінің дәстүрлі ақындар айтыстары сөз бен саз тұтастығымен адамзат ұрпақтарын Ұлы Дала Елінің мәңгілік дүниетаным ұлағатымен баурайды.


Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымының докторы, 
профессор, Жамбыл атындағы 
және Түркі әлемі «Қызыл Алма»
Халықаралық сыйлықтарының 
лауреаты

"Ана тілі"

Пікірлер