Шуақты көктемнің алғашқы күні тағы бір мерекемен толысты. Тұңғыш рет аталып отырған «Алғыс айту күніне» орай серіктестігіміздің жастарға арналған жоспарлы шарасы жалғасын тапты. «Ұлас-электрон» ЖШС-нің ұлт мұрасын ұрпаққа насихаттауға арналған «Мәңгілік елдің мәңгілік құндылықтары» тақырыбындағы арнайы жобасы аясында кезекті тағылымы терең іс-шара өтті. Алматы технологиялық университетінің қолдауымен өткен мерекелік кеште Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман асқақтата ән салды, тыңдаушылар қошеметтеп тамсанды. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші, ұстаз Мұрат Әбуғазы күмбірлете күй төгіп, жастардың жүрек қылын тербеді. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті баспасының директоры, ҚР мәдениет қайраткері, ақын Серік Қалиев жырдан шашу шашып, жиылған жұртты желпіндірді. Арнайы қонақ ретінде белгілі қоғам қайраткері Асылы Осман, Алматы қаласындағы этномәдени орталық қызметкерлері шақырылды. Оқу орнының студенттері дәстүрлі өнердің тұнығынан сусындап, бабалар мұрасына, киелі өнердің бүгінгі насихатшыларына ризашылық білдірді.
Айшат ОМАРОВА,
Алматы технологиялық университеті Жастар кеңесінің төрайымы:
– «Ұлас-Электрон» ЖШС-нің бүгінгі таңда қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттап, әуезді әні мен күйін үндестіре отырып, кездесу өткізуі құптарлық іс, әсіресе, біз сияқты техникалық мамандар дайындайтын жоғары оқу орындарында келелі іс-шаралар өткізіп, жастардың ұлттық рухын оятып, жігерлендіріп, ұлтжандылыққа баулып жүргені көңіл қуантарлық. Ал, бүгін біздің білім ордамызда «Алғыс айту» күніне орай керемет кездесу ұйымдастырылды. Студенттеріміз рухани азық алып, қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрлі ән-күй өнерімен жандүниесін байытып, патриоттық сезімдерін оятты. Сол себепті де «Ұлас-Электрон» компаниясы ұжымына студенттер атынан алғысымды білдіремін! – деді.
Өзге диаспора өкілдерінің студенттері қазақ халқына алғысын білдіріп, жүрек сөздерін айтты.
Бақытжамал РАҚЫМЖАНОВА,
Алматы технологиялық университетінің студенті (татар ұлтының өкілі):
– Бүгінгі 1 наурыз – Алғыс айту күнімен баршаңызды құттықтаймын! Өзге ұлт өкілдері қазақтың шаңырағы астында тату-тәтті тұрып жатқанына, әрине, қуаныштымыз. Мына біздерді жатсынбай, бөліп-жармай, бауырына басып отырған қазақ бауырларымызға мың да бір алғыс!
Диана РОЛОВА,
Алматы технологиялық университетінің студенті (орыс ұлтының өкілі):
– Елімізде алғаш тойланып жатқан мерекемен қазақ халқын құттықтаймын! 130-дан астам өзге ұлт ұрпақтары мекен еткен Қазақстан мемлекетіне дәл осындай мереке қажет деп ойлаймын. Бұл – бізді бүгінге дейін өз баласындай көріп, қолда барын аямаған қазақ жұртшылығына ыстық ықыласымызды білдіруге таптырмас мүмкіндік десем да артық емес… – деп, ағынан жарылды.
Бағзыдан келе жатқан ұлттық музыкалық қазынамызға сызат түсірмей, шашауын шығармай сақтау, оны әлемге паш ету – ұлттық мәдениетті замана көшінен қалдырмаудың қамы. Сондықтан да жыршы, дәстүрлі әншілер мен күйшілеріміз көнеден келе атқан ән мен термені, құдыретті күй сазын жас буынға насихаттаудан жалыққан емес. Халықтық өнердің өкілдерін жастармен жиі қауышуға дәнекерлік жасап жүрген серіктестіктің басты мақсаты – ұлы мұраларды ұрпақ санасында жаңғыртып, жандандырып, терең таным қалыптастыруға ықпал ету. Төл өнерімізді тынбай насихаттап келе жатқан серіктестігіміздің нәтижелі жұмысы алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Жұлдызай ӘБДІМАНАПҚЫЗЫ, "Алматы ақшамы".