Жошы ханның Орда-Ежен және Шайбан атты ұлдарынан (Шыңғыс ханның немерелерінен) тараған ұрпақтардың бірінің екіншісіне қысым жасауы аймақтағы соны серпіліске ұйтқы болды. Орда-Ежен әулетінің қос сұлтаны Жәнібек пен Керей Шайбан әулетінен хандық құрып тұрған Әбілқайыр билігінің ықпалынан шығып кетті – осы оқиға орын алған 1456 жылды біз сол соны серпілістің, мүлдем жаңа құбылыстың бастауы, Қазақ хандығының негізі қаланған уақыт деп санаймыз. Шығыс, батыс, орыс оқымыстыларының және бүгінгі зерттеушілердің арасында бұл датаны растайтындар да, күмән келтіріп, басқа уақытты белгілейтіндер де жеткілікті. Дегенмен сол сұлтандардың өз қарамақтарындағы жұртын бастап Шудың төменгі ағысына қоныстануы қазақтың өз атымен жарыққа шығатын мемлекеттілігінің алғашқы іргетасы болғанын ешқайсысы жоққа шығармайды. Жаппай мойындалған 1465 жылды біз де терістемейміз, өйткені бұл еркіндік сүйгіш аз топ қарасының көбейіп, дербес ел екенін жария еткен шағына сәйкес келеді.
Ақ Орданың бір бөлігінде Шайбан ұрпағы Әбілқайыр хандық құрып тұрған жылдарда оңтүстік аудандарды бұрынғысынша Орда-Ежен ұрпақтары билеп жүрген-ді. Солардың ішіндегі Керей мен Жәнібек те өздері басқаратын аумақтарда белгілі-бір ру-тайпалардың ханы (кіші хандар) болатын. Кезінде Жәнібектің әкесі, Ақ Орда билеушісі Барақ ханды қолдаған ру-тайпалардың Сыр бойы қалаларымен байланысып жатқан едәуір бөлігі оларға бағынатын-ды. Тәуелсіз қалыпта өмір сүріп жатқан. Алайда бұл жәйт, әрине, Әбілқайыр ханды қанағаттандырмайтын. 1428 жылы таққа отырған ол хандықтағы билігі күшейген шақта, ақыры, мемлекетінің құрылымы мен құрамын нақтылауды қош көреді. Сөйтіп, 1446 жылы хандықтың оңтүстігіне жорық жасап, Сырдария қалаларын алған. Астанасын Сығанаққа көшірген.
Демек, сол жылдан бастап Жошы хан ұрпақтарының екі бұтағы өкілдері арасындағы қарсы тұрушылық өрши түскен болуға керек. Тиісінше, Әбілқайыр ханның озбыр билігіне наразы сұлтандар сол шамада Моғолстан ханы Есен-Бұғамен келіссөз жүргізуді бастаған болуы ықтимал. Сосын, Мұхаммед Хайдардың «Рашид тарихында» («Тарих-и Рашиди») айтылатындай, олар өздеріне бөліп берілген Моғолстанның батыс шет аймағын құрайтын өлкеге орныққан. Ал Моғолстанның шығыс бөлігі арқылы 1457 жылы Сыр бойына өткен ойраттар Сығанақ қаласы маңында Әбілқайыр ханның әскерін тас-талқан еткен. Сырдарияның ортаңғы ағысындағы қалаларды талан-таражға түсірген. Осы шапқыншылықтан кейін Әбілқайыр ханның құзырынан қашып, Жәнібек пен Керейге қосылушылар қатары көбейе түскен де, аз уақытта қазақтар саны алдыңғы тарауда айтылған мөлшерге жеткен…
Астанасы түбінде күйрей жеңіліп, қалмақтар қойған ауыр шарттарға мойынсұнған Әбілқайыр ханның ес жиюына бірнеше жыл кетеді. Сосын ол өзінің шапқыншылықтан күйзелген иеліктерінде тәртіп орнатуға кіріседі. Ішкі жағдайын біршама реттегеннен кейін, құзырынан бөлініп өз алдына хандық құрып алған Жәнібек пен Керей хандарды жуасытып алмаққа бекінеді. Сондай мақсатпен жорыққа шығады. Бірақ жорық кезінде қаза табады. Бұл 1468 жыл еді.
Ақ Орда аумағында қырық жыл әмірші болған Шайбан әулетінің өкілі Әбілқайыр хан осылай өмірден өткеннен соң, Жәнібек пен Керей оның иелігіне оралып, Сығанақтағы жоғарғы билікті басып алады. Содан бастап, Шайбани Әбілқайыр хан тұсында «көшпенді өзбектер мемлекеті» атанып өзгеріске ұшыраған байырғы Ақ Орданы Жошы ұрпағының басқа бұтағы – Шайбанның ағасы Орда-Еженнен тарайтын Орыс-хан әулетінің оғландары қайта басқара бастайды. Ұлыс сапалық тұрғыда бір этносқа тұтастанып, қазақ атымен жаңа сатыға шығады, Ұлы Далада Қазақ мемлекетінің туы желбірейді…
Жалпы, бұрынғы Ақ Орда аумағының оңтүстік бөлігінде, жоғарыда айтқанымыздай, Орда-Ежен ұрпақтарының билігі іс жүзінде үзілмеген болатын. (Бұған көне шығыс қолжазбаларының деректерін негізге алған бүгінгі зерттеулерде айтылған күллі ой-пікірді талдап қарастырған сайын көз жете түседі). Сол себепті Жәнібек пен Керей қарамағындағы жұртын дербес өмір сүруге бастап шыға алды, сол себепті де қазақ ру-тайпалары олар көтерген ту астына жиылып, бүкіл аймақтың саяси тарихына және ұлан-ғайыр дала төсін мекендейтін барша жергілікті алаш жұртының тағдырына айтулы өзгеріс енгізді. Қарасы көбейіп, 1465 жылы хандық туын тіккен халқымыз елдігімізді жаңа тұрпатта жаңғыртты. Осы жаңа саяси және мемлекеттік құрылым Әбілқайыр хандығындағы билікті қолға алу арқылы мүлдем күшейе түсті. Тарихта қырық жылдай Әбілқайыр мемлекеті, Көшпенді өзбек ұлысы атанған Ақ Орда жаңа сапалық деңгейге ауысып, дербес Қазақ хандығы ретінде өмір сүре бастады.
Ал дербес ұлттық Қазақ мемлекетін құрған Жәнібек пен Керей хандар қазақ даласындағы халықты бір шаңыраққа ұйыстырған Жошы ұлысының әміршісі, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханнан тараған, саяси билікті екі ғасырдан астам уақыт бойы қолда ұстап, билеуші болып келе жатқан өте күшті, беделді әулеттің өкілдері болып табылады. Тағдыр оларға ата-бабалары билеп келген аумақтағы мемлекеттік құрылымды мүлдем соны сапаға ауыстырып, жаңғыртуды, жаңа этностық бірлікке негізделген қазақ ұлттық мемлекетін құруды бұйыртты.
Олардың Шыңғыс ханнан Орыс ханға дейінгі аталары бір, ал одан бері қарай екеуі екі әулетке бөлінеді. Бұлар – Орыс ханның Тоқтақия және Қойыршақ деген екі ұлынан тараған оғландар. Шыңғыс ханның немересі Орда-Еженнен жүз жыл кейін дүниеге келген ұрпағы Орыс ханның шөберелері. Керей – Болаттың ұлы, Тоқтақияның немересі, ал Жәнібек – Барақтың ұлы, Қойыршақтың немересі. Керей – аға баласы, жасы да Жәнібектен үлкен. Сондықтан, қазақтыққа шығуды шөберелес інісі Жәнібекпен бірге бастағанмен, ата салтына сай, қазақ тағына одан бұрын отырған. Керей дүниеден озғаннан кейін елді Жәнібек биледі.
Орыс ханның осы қос шөбересі алғашқы жылдарда бірінен соң бірі хан сайланып, Қазақ мемлекетін нығайтысты. Әрине, бұл екі хан қазақтың барлық ру-тайпалары мен жер-суын түгел біріктіре алған жоқ. Бірақ олар қазақ атымен аталған ұлттық мемлекетті тұңғыш рет тарих сахнасына алып шығуымен аса қадірленеді және ешқашан ұмытылмайды. Олардың даңқты ісін ұлдары лайықты түрде жалғастырды. Он шақты жыл ел басқарып, шамамен 1480 жылы өмірден озған Жәнібек ханнан кейін таққа Керей ханның ұлы Бұрындық сұлтан отырған. Ал Жәнібекұлы Қасым сұлтан ел құрылымының бір ұлысын басқарды. Бұрындық ханмен қатар мемлекеттік істерге араласа жүріп, ол да тарихтағы өз орнын алуға беттеп келе жатты…
Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында Самарқанда өткен бір семинарға қатысушылар тау баурайынан орын тепкен Шах-и-зинда мавзолейлер кешенінде болған едік. Сонда экскурсия жүргізушіден бір қызық дерек білгенбіз. Ол ортағасырлық сәулет ескерткіштері шоғырын таныстырып келе жатып, биікке салынған Мұхаммед пайғамбардың ағайыны Қусам ибн Аббастың мазарына апаратын мың-сан тепкішекті жол бойындағы бір күмбезге ешкім қойылмаған, оны көзі тірісінде өзіне Бұрындық салдырған, бірақ ол қазақ даласында, алыста қаза тапқандықтан, денесі мұнда әкелінбеген деген-ді.
Бұрындық – қазақ тарихында ерекше орны бар есім. Ол Әму мен Сыр аралығы аймағындағы (Мауереннахр-Мавераннахрдағы) билеушілермен, Моғолстан әміршілерімен соғысты. Қазақ халқының этностық тұтастығына қол жеткізуді көкседі. Қазаққа тән аумақты әкесі құрған хандық құрамына халқымен бірге жинастыруды көздеді. Жеңістерге жетті. Гидтің әңгімесін тыңдағанда, Әмір Темір заманынан Мавераннахрдағы бас қала, оқу-ағарту, өнеркәсіп, ғылым мен өнер орталығы болып келе жатқан Самарқанда, бәлкім, белгілі бір кезеңде Бұрындықтың жұлдызы жарқыраған болар деп ойладық. Онда Бұрындық ханның қызы Миһр-Сұлтан ханым тұратын. Кезінде оны әкесі Шайбани Мұхамед сұлтанның ұлы Темір сұлтанға тұрмысқа берген еді. Ханымның Самарқанда және қала маңындағы жерлерде үлкен байлығы болатын…
Бұрындық хан Қазақ Ордасы басында Жәнібек ханнан кейін отыз жылдан астам уақыт тұрды. Сан мың сарбазы бар қуатты әскерге қолбасшылық етті. Қазақияның, яғни ұлттық аталымымен айшықталған мемлекеттің үшінші ханы ретінде, оны нығайту үшін көп күш-қайрат жұмсады. Оның билік құрған уақыты ұрыстар мен қақтығыстарға толы болды. Сыр өңірі мен Жетісуда Мавераннахр, Моғолстан билеушілерімен шайқасты. Батыстағы қазақ ру-тайпаларын хандыққа қоспаққа Ноғай Ордасына барды. Сарайшықты біраз уақыт қазақ елінің бас қаласына айналдырды.
Қысқасы, қазақтың этностық аумағын біріктіру, мемлекеттілігін нығайту жолында белсенді күрес жүргізді. Ел билеген алғашқы жиырма шақты жылында Қазақ хандығының аумағы ұлғайып, қуаты артуы жолына көп күш жұмсаған, тиісінше өзінің де беделі өсіп, атақ-абыройы, айбыны асқақтаған еді. Алайда билігінің одан кейінгі кезеңінде – 16-шы ғасырдың алғашқы онжылдығында едәуір қателіктер жіберді. Шайбан ұрпақтарының қазақтарға қарсы жорықтарына тойтарыс беру мәселесінде мемлекет мүддесіне қайшы келетін енжарлық көрсетті. Ал бұл кезде ел ішінде Қасым сұлтанның беделі артып келе жатқан. Жұртшылық оның отан қорғаудағы қажыр-қайратына, еңбегіне, ерлігіне сүйсініп, ханнан артық құрметтеді. Сонда, өзінің билеушілік беделін жоғалтқанына көзі жетіп, Бұрындық хан 1511 жылы тақты тастаған да, Мавераннахрдың бір қиырына кеткен…
Осы жылдан қазақ мемлекетінің басына атағы дүркіреген әскербасы Қасым сұлтан келді. Әз атанып, халықтың ерекше сүйіспеншілігіне бөленген Жәнібек ханның баласы. Оның хан сайлануымен мемлекеттіліктің айрықша жарқыраған кезеңі басталды. Қасым хан билікте болған он бір жыл қазақ мемлекетінің қуаты артқан, кемеліне жетіп, өзге елдер құрметпен қараған дәуір болды. Хандықтың халық бір миллионнан асты. Армиясындағы сарбаздар мөлшері үш жүз мыңға жетті.
Қасым хан ел басқарған жылдары Жайыққа дейінгі аймақ, оңтүстік өңір біржола хандық құрамына енді, еліміздің жалпы аумағы шамамен қазіргі көлемге жетті. Ел-жұрт ұмытпай, әлі күнге дейін сүйіспеншілікпен еске алатын «Қасым ханның қасқа жолы» атты әйгілі құқықтық құжат жасалды. Осынау заңдық жинақтың арқасында мемлекеттікті нығайтуға бағытталған шаралар жүзеге асырылып, халықтың тыныс-тіршілігінде тұрақтылық орнады. Оны түрлі әлеуметтік топ қолдап, қуаттағандықтан да, ішкі жағдай жақсарды. Мал шаруашылығымен, қолөнермен, егіншілікпен шұғылданатын аймақтар арасында өнім алмасу, сауда-саттық жасау кең өріс алды. Жайық бойындағы Сарайшық қаласы қазақ елінің астанасына айналды.
Қазақия халықаралық деңгейде таныла бастады. Мәскеу (Московия) патшалығымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Алыс мемлекеттерден елшілер келіп-келіп жатты. Күні кеше соғысып жүрген дүрдараз көршілер Қазақ хандығының күш-қуатын мойындап, енді онымен тату болу жолын ұстанды.
(Жалғасы бар)
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарих ғылымының кандидаты