Мыржан Кенжебайға жауап: Қазақта бірнеше Қабанбайдың болғаны көптік ете қоймас

6832
Adyrna.kz Telegram

Алматыдағы бір ғалымдар бизнесмендерге Қобыланды жырын жаттатып көріпті. Сондай бір жоба жасап, ақша болмағаннан кейін тоқтап қалған ғой. Тілге шорқақ кәсіпкерлерді алғашында осы жобаға тартып, оларға Қобыланды жырын жаттатады.

Қалада әбден жатбауыр болып, тілінен, мәдениетінен қол үзіп қалғандарда біраз уақыттан кейін ана тілін, дәстүрін үйренгісі келетін ниет пайда болып, тіпті кейбіреуі баласын қазақ мектебіне апарып бергісі келіпті. Қызық, ә?!

Жобаға қатысқан бір бизнесмен әпкеміз өмірінде алғаш рет құрбандық шалып, байтал сойып (өзі сөйдепті), жеті атасын жаттап алады. Дәл осындай оқиға өткен ғасырларда Финляндияда да болыпты.

19 ғасырда фин халқы өзін ең сорлы, артта қалған ең мешеу ел санаған екен. Содан олар баяғы заманнан бері келе жатқан «Калевала» дейтін эпосын қайта жаңғыртып, оған бір меценаты бар ақшасын салады. Оған дейін финдардың әдебиеті негізінен швед тілінде дамыған.

1809 жылға дейін Финляндия швед корольдігінің құрамындағы елеусіз жатқан бір ел болатын. «Калевала» шыққаннан кейін фин халқының өмірінде өзгеріс болып, жоғалтқанын қайта тапқандай болып, біртіндеп ұлттық жаңғыру басталыпты.

«Калевала» қазір Финлияндияның ұлттық мақтанышына айналып отыр. Оны әлем әдебиетіндегі баламасы жоқ бірегей эпос деп баяғыда бүкіл елге мойындатып тастады. Ондай эпостар да көп бізде. Адольф Янушкевичтің қазақтар туралы жазған естелігінде бір қызық эпизод бар. Бірде ол далада жылқы бағып жүрген бір топ қазақтың арасында отырғанда, бір қазақ домбырасын қолына алып, батырлар жырын айта жөнеледі.

Айналасындағылар оны ұйып тыңдап отырады. Бір кезде жыршы майдан даласына ауысқанда, ұрандаған, қиқулаған аламандардың атының дүбірі құлағына келген кейбір қазақтар әлгі жерде қаны ойнап кеткеннен кейін шыдай алмай атып тұрып, қалай айбалтасына жармасқанын білмей қалыпты.

Жырдың тура сол жеріне келгенде рухтанып, қай-қайдағысы қозып кеткен ғой. Ұлттың арғы тарихынан сыр шертетін эпостардың рухты қозғап жіберетін осындай бір қасиеті бар ма деп қалдым.

Қазіргілердің өлуге шақ қалған рухын ояту қиындау шығар. Бірақ «Қобыланды» сияқты батырлар жырын жастайынан жаттап өскен қазақтың баласы дәл содан қор бола қоймас деп ойлаймын!

Жапониядағы ең үлкен миф – жапон императоры Құдайдан туған дейтін миф екен.

Қанша жерден шындыққа қиыспайтын дүние болғанымен, жапондар ол аңызға тиіспейді. Өйткені, ол – жапон халқының рухани матрицасы.

Бұл олар үшін мызғымайтын, қозғамайтын «киелі» (taboo) тақырып. Сондықтан оған ешкім аттап баспайды, айналып өтеді үнемі. Жапонияның мемлекет ретіндегі әуелгі тарихы да осындай аңыз-аңыз әпсанадан басталған.

Мұны не үшін айтып отырмын? Мырзан ағамыз «қазақта жазба тарих болмаған, оның бәрі өтірік» деп, әлеуметтік желіде «фитна» жасап жіберіпті.

Ұлттық идеология, патриотизм дегеніміздің өзі осындай аңыз-әпсанадан басталады. Бізге өткен тарихымыздың көбі ауызша жетті.

Жазба тарихымыз болмаған деп, соның бәрін сызып тастаймыз ба сонда енді?

Сосын, қазақта бір емес, бірнеше Қабанбайдың болғанының несі жаман?

Дәлелдесін, зерттесін, қазақта бірнеше Қабанбайдың болғаны қазаққа көптік ете қоймас. Фин халқының рухани жаңғыруына да осындай аңыз-әпсана түрткі болғанын өткенде бір жазғанмын.

Жолымбет МӘКІШ
(Жазба facebook парақшасынан)

Пікірлер