Митинг қарсаңында бас прокуратура екінші рет ескерту жасады

3292
Adyrna.kz Telegram
Нұр-Сұлтандағы Қазақстан Бас прокуратурасының ғимараты.

22 ақпанда азаматтарды "заңсыз митингіге" шықпауға шақырып, ескерту жасаған Қазақстан бас прокуратурасы жұма күні тағы мәлімдеме жасады. Онда ведомство шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовті қаралап, ол шақырған митингіге қатыспауға кеңес берген.

Мәлімдемеде бас прокуратура Әблязовті "қоғамға іріткі салып жүрген қылмыскер", "елдегі ірі оқиғаларды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін қылмыстық жауапкершіліктен қашып жүрген" адам ретінде сипаттайды. Ведомство адамдарды "арандатуға ілігіп кетпей, заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға" шақырады.

Қазақстан билігін сынаушы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын митингіге шақырған сайын бас прокуратура азаматтарға ескерту жасап, "заңсыз митингіге қатысқандар" әкімшілік жазаға тартылады деп мәлімдеумен келеді. Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы 2018 жылы елде "экстремистік ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ал Әблязов Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Кейбір құқық қорғаушылардың айтуынша, ықтимал митинг қарсаңында Қазақстанда белсенділердің қамалып, митинг болады деп белгіленген орындардың қоршауға алынатыны әдетке айналған. Бұл жолы да Қазақстанның түрлі аймағында жиырмадан астам белсенді (кейбір белсенділер бұдан да көп болуы мүмкін дейді) қамалды.

Мұхтар Әблязовқа Қазақстанда "ақша жымқыру", "қылмыстық топ құру", "адам өлтіруді ұйымдастыру" сияқты бірнеше ауыр баптар бойынша айып тағылып, екі рет сырттай сотталды. Әблязов Қазақстан билігі таққан айыптың бәрін жоққа шығарып, "билікке оппозиция болғаным үшін өш алғысы келеді" деп сипаттайды.

Оқи отырыңыз: Сырттай соттаудың қазақстандық "дәстүрі"

Қазақстанда халық қандай да бір бейбіт шеру, митингіге шығатын болса, жергілікті әкімдіктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Билік рұқсат берілмеген митингінің бәрін "заңсыз" деп тауып, қатысушыларын ұстайды және жауапқа тартады.

Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт митинг заңын" қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер