Алматы облысына қарасты Ұзынағаш елді мекеніндегі Аңсар қазақ ауылында қазақтың байырғы дәстүрінің бірі – қымызмұрындық тойланды. «Дәулет» және «Аңсар» шаруа қожалықтары бірлесіп ұйымдастырған игі шарада ұлттық тағамдар дастарқанға жайылып, ақшаңқан киіз үйлердің ауласында ән мен күй қалықтады. Қымыз бен қымыран ішіп, қызара бөрткен жастар ұлттық ойындардың да көрігін қыздырды.
«Аңсар» шаруа қожалығының директоры Қайрат Махановтың айтуынша, шараның мақсаты – ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды дәріптеу, ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту, ұлттық спорт негізінде салауатты өмір салтын насихаттау, халықтық ән-күй арқылы жас ұрпақты ұлттық тәлім-тәрбиеге баулу, ата кәсібіміз – мал бағудың, қымыз бен қымыран өндірудің қыр-сырымен таныстыру, ұлттық тағамдарды ұлықтау. Қымызмұрындыққа арнайы келген биология ғылымының докторы, профессор, қымыз-қымырантанушы Зұлқарнай Сейітов пен ақын, этнограф Қажытай Ілияс жиналған қауымға қымыз бен қымыранның денсаулыққа пайдасы турасында әңгіме айтты. Қымыз бен қымыранның әзірлену технологиясы таныстырылғаннан кейін белгілі ақын Есенқұл Жақыпбеков бастаған ауыл тұрғындары: «Сауар көп болсын, ақ мол болсын, көкке аузы тиіп, бүйірі шыққан малымыз аузымызды ақтан айырмасын», – деп тілек тіледі.
Алматыдан барған Жоламан Құжиманов, Еркін Нұрханов, Ерлан Төлеутай, Жасұлан Сақаев, Болат Құсайынов сынды әншілер мен Сәрсенғали Жүзбаев тәрізді шертпе күйдің шебері өз өнерлерін ортаға салса, ауылдың алты ауызы ретінде аудандық жас айтыскер ақындар өзара айтысып, әжелер ансамблі ән шырқады. Ұлттық киімдер киген жастар алтыбақан құрып, түрлі ойын-сауық өткізді.
Қыз қуу, кір көтеру, арқан тартыс сияқты ұлттық ойындар орын алды. Шара соңында «Дәулет» шаруа қожалығының директоры Өтеміс Маханов келген сыйлы қонақтар мен өнерпаздарға шапан жауып, сый-сыяпат тарту етті.
Зұлқарнай СЕЙІТОВ, биология ғылымының докторы, профессор, қымыз бен қымыранды зерттеуші:
– Түркілерге жақын якуттар жүйелі түрде қымыз өндірумен көптен бері айналысады. Олар қымыз туралы арнайы заң да шығарған. Немістер сол бағытта қарқынды дамып келеді. Немістер бие сүтін бала тағамы ретінде қолданады. Оның өзі тамаша! Германияға барған балам дүкендердегі бие сүтінен жасалатын бала тағамдарының түскен бетте сатылып кететінін айтып келді. Бие сүтін бала тағамы ретінде Ресейдің де алты облысында қолданады.
Қажытай ІЛИЯС, ақын, этнограф:
– Қымызмұрындық құлын қарақұлақтанып, көкке тойып, топырақ қызып, тобылғы бүрленгеннен кейін жасалады. Себебі құлынды ерте байламайды, қатпа болып қалады. Қымызмұрындық ел жайлаудан түскенше жалғасады. Тамыз айына дейін қымызмұрындықты бере береді. Бір ауыл қымызмұрындық жасап отырса, басқа бие байлап отырған адамдар бір-бір саба қымызын, бір-бір малын өңгеріп, бір-екі кісіден келеді. Сол ауылдың қымызмұрындығы өткеннен кейін келесі ауыл шақырады әлгі топты. Қымызмұрындық деген – осы.
Арман ӘУБӘКІР