Қазы асап, қымыз-балмұздақ жейтін жаз. Жас ғалым ерекше әдіспен қымыздан балмұздақ жасап шығарды

2625
Adyrna.kz Telegram
Түркістан облысында жас ғалым, колледж оқытушысы Жадыра Байдалы қымыздан балмұздақ жасап, табиғи өнімдердің қатарын молайтты,  деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы zakon.kz-ке сілтеме көрсете отырып. 

Бойжеткеннің сөзінше оның басты мақсаты – ұлттық балмұздақтың биологиялық құндылықтарға бай және адам ағзасына пайдалы екенін дәлелдеу. Бие сүтінен жасалған балмұздақ басқаларға ұқсамай отта піседі, құрамы өзгермейді, табиғи таза өнім ретінде пайдаланылады.

"Біздің нарықта ұлттық және пайдалы қымыздан жасалған өнім түрлері жетіспейді. Балмұздақ жастардың да, балалардың да көңілінен шығады. Ол биоөнімдерді пайдалану арқылы халқымыздың денсаулығына оң әсер етеді", - деді Жадыра Байдалы.

Өнертапқыштың хабарлауынша, сусынның құрамы табиғи иммундық қасиеті бар дәрумендерге бай және адам денсаулығына пайдалы түйіршікті ақуыздар мол.

Мұнымен қоса, жас оқытушы Жадыра Байдалы саумал қосып жасалған сабын шығаруды қолға алған. Өзі мұндай сабынның адам денсаулығына емдік қасиеті бар екендігін айтып отыр.

Орайы келгенде айта кетейік, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті Гүлия Әлиханқызы қымызды халықаралық нарыққа шығарып, әлемге таныту үшін жаңа технологияларды қолданып, ұнтақ түрінде де шығару керек екендігін айтқан еді. Ғалымның пайымдауынша, бұл жағынан Германия бізден көш ілгері тұр. Олар қазір қымыздың ұнтағын ғана емес, таблетка түрін де жасап шығарып жатыр.

Сонымен қатар, mezgil.kz порталының жазуынша,  неміс кәсіпкері Ганс Цольманның осыдан екі жыл бұрын қымыздың  дәрумендерге бай екенін ескеріп, қымыз сөзін «Кумылак» деп алмастырып, патенттеп алған.  Қазақтың жабы тұқымды жылқыларын өсіріп, одан өнім алып  отырған Ганс Цолман саумалдың құрғақ түрін жасай алатынын да жасырмаған болатын. Шетелдіктер қымыздан балмұздақ жасап, косметикалық тауарлар өндіруге кіріскен. Ал қытайлар қымыздың көп ауруға ем екенін зерттеп, дәрілер өндіруге бет бұрғаны айтылады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер