Аттиланың ел басқару өнері

3686
Adyrna.kz Telegram

Орталық Азия жерлерінен қазіргі Германияға дейін, Қара теңізден Балтық теңізіне дейінгі кең-байтақ аумақты бағындырып, Еуропа тарихында «Тәңір қамшысы» деген атпен қалған Батыс Ғұн империясының ұлы көсемі Аттила туралы аз жазылған жоқ. Алайда оның көпшілігінде оны «қанішер», «жауыз», «варвар», «басқыншы» ретінде суреттеу басым. V ғасырда өмір сүрген ғұн билеушісі Аттила (Еділ) бүкіл Еуропа халықтары мен патшаларының үрейін ұшырды. Ол Еуропаның ортасында құрылған көшпенділердің Ұлы Ғұн империясын одан әрі күшейтіп, елді кеңейту мақсатында құдіретті Рим империясына қарсы күресті. Сонымен, Аттила бабамыздың өз басына тоқталайық.

«Аттила есімі адамзат тарихындағы ұлы адамдар – Александр Македонский мен Юлий Цезарьдың қатарынан орын алады»
А.ТВЕРРИ. «Аттила тарихы» 

Аттила Батыс Ғұн империясының аты аңызға айналған әйгілі билеушісі, адамзат тарихында өзіндік орны бар тарихи ірі тұлға. Оны Еуропа тарихшылары «Атилла», «Атил», «Эттли», «Этцел» деп те атайды. Яғни Еуропаны мекендеген халықтар өз тілінде әртүрлі атаған. Оның есімі ұзақ уақыт кәрі құрлықта үрей туғызғаны сонша, оны құдайдың бізге жіберген жазасы – «Тәңір қамшысы» деп атаған. Ол туралы Византияның атақты жылнамашысы, V ғ. өмір сүрген 448 жылы Атилланың қабылдауында болған елші Прийск Панийский «Византия тарихы» еңбегінде былай деп жазады: «Ол бүкіл халықтарды сілкіндіру үшін жаратылған ер еді. Бүкіл елдерге сұмдық болып тиді, бәрін де қалтыратып жіберді, ол туралы хабардың өзі қорқынышты еді. Оның жүрген жүрісі маңызды, көзқарасы мен қимыл қозғалысы аса тектілікті көрсетеді. Соғысты жақсы көргенімен тонаушылығы аз болды, ой қабілеті өте жоғары еді, сұраушыға қайырымды, сенген адамына өте мейірімді». Бұл сипаттама Аттиланың ірі тарихи тұлға, дана билеуші, әділетті патша болғандығын білдіреді.
Германдықтардың белгілі эпикалық шығармасы болып табылатын «Нибелунгтар туралы жырда» және өзге де герман эпосының шығармаларында, скандинав сагаларында Аттила Рим империясының қоластындағы халықтарды азат етуші ретінде сипатталады. Аттила туралы тарихи дерек көздері біршама бар. Бірақ, өкінішке қарай, ұлы ғұн көсемі Аттила жайында Еуропа тарихнамасында қайшылықты шығармалар да жетерлік. Атап айтқанда оны «тағы», «қанішер», «жауыз», «варвар», «басқыншы» ретінде суреттеу басым.
Ал латын тарихнамасында «дінсіз» және «қиратушы» Аттилаға христиандық Рим империясын қарсы қойып, хроникаларда ұлы көсем халықты римдіктерден қорғаушы ретінде бейнеленеді. Сондай-ақ, кейінірек француз жазушысы Жан-Жак Руссо да: «Әділетті Аттиланы қанішер деп бүкіл әлемге жалған сөз тарата, көпе-көрінеу бұра сөйлеп, жала жапқан тағы кім?» деп баға берсе, Александр Дюма өз еңбегінде: «Құдіретті тәңірім, мені әрқашан қолтығымнан демеп, әр кез алға жетелейді деген екен Аттила» деп, ұлы ғұн билеушісі туралы өз ой-пікірін білдіреді.
Адамзат тарихында өз орнын тапқан ғұн билеушісі туралы қазақ топырағында ең алғаш қалам тербеген ғалым Шоқан Уәлиханов болса, ғұн мәселесі туралы тұңғыш зерттеген ғалымдардың бірі – тарихшы Самат Өтенияз. Ол өзінің «Аттила» деген кітабында былай деп жазады: «Аттиланың өз басына Еуропада (Түркия мен Венгриядан басқа елдерде) екі түрлі көзқарас бар. Бірі хун короліне христиан діні әсерімен неше түрлі жауыздықты жамаса, екіншілері Аттиланың Еуропа тарихындағы өз орнына әділ бағасын бергендер».
Аттила бейнесі көптеген жазушылардың, комозиторлар мен суретшілердің назарын өзіне аудартты. Олардың ішінде Рафаэлдің Ватикандағы «Аттила мен қасиетті Лев папаның кездесуі», П.Корнелдің «Аттиланың трагедиясы», итальян композиторы Джузеппе Вердидің «Аттила» операсы, З.Вернердің «Аттиланың романтикалық трагедиясы» және т.б. белгілі. Қазақ мәдениетінің тарихында өзіндік орын алатын туынды Италияның атақты композиторы Джузеппе Вердидің «Аттила» операсы. Верди Ғұн императорын Италияны Рим қыспағынан азат еткен даңқты қолбасшы бейнесінде дәріптейді. Құлдық қоғамды жойған, Еуропаға дала демократиясын дарытып, дамудың жаңа кезеңіне ғұмыр берген өз дәуірінің көрнекті реформаторы еді дейді. Ержүрек қолбасшы ретіндегі дара қасиеттерін ашып көрсетумен бірге өз заманының дана дипломаты болғанын да дәлелдеген.
Еуропа мемлекеттері мойындап, Рим папасының өзі тізесін бүгіп, шапанының шалғайын сүйген Аттила бабамыздың ерлігі неліктен біздің жадымызда сақталмай жүр? Бабамыздың бүкіл дүниеге аты шыққан атақты Шыңғысханмен қатар тұрған тарихи тұлға екендігін халқымыз қашан толық мойындайды? Қынжылтатын тағы бір жағдай: барлық оқу орындарында оқытылып жүрген Қазақстан тарихы оқулықтарында ұлы ғұн көсемі Аттила туралы ақпараттар бес-алты сөйлеммен шектеліп қалған. Бүкіл халық болып Аттиланың адамзат тарихы мен өркениетіне қосқан үлесін мойындап, оның ерліктерін паш етіп, үлгі тұтатын уақыт әлдеқашан жеткен секілді.
Бұрын-соңды көшпелілер империясының тарихында, оның ішінде Ғұн мемлекетінің ғұмырында әлемді аузына қаратып, дүние тарихында аңыз ретінде қалған адамдардың саны үшеу ғана. Шығыста – Мөде, түркі қағанатында – Естеми, Батыс Ғұн ордасында – Аттила (Еділ). Алайда осы үшеудің арасында бүкіл бір қоғамдық құрылысты жойып, құлдықтың құруына себепкер болған және бүгінгі Италия, Грекия, Франция, Германия, Румыния, Венгрия іспетті мемлекеттердің бытыраңқы кінәздіктерінің басын қосып, олардың тұтас ұлт есебінде қалыптасуына ұйытқы жасаған Аттиланың жөні мүлдем бөлек.
Өз кезегінде «Тәңір қамшысы» (Бич Божий) деген ат алған Аттила патшаның туы­луы әр деректе әртүрлі жазылып келеді. Мысалы, отандық аттилатанушының бірі М.Базарбаев 392 жылы десе, Морис-Буво Ажан мен Е.Омаров еңбектерінде 395 жыл, ал Ұлттық энциклопедияларда 400 жыл – Қара теңіздің солтүстігі деп берілген. Кейбір тілшілердің Аттила туралы жазған мақалаларында 403 бен 406 жылдар айтылады. Яғни, Еуропаны дүр сілкіндірген Ұлы ғұн билеушісінің туған жері мен жылын көрсететін нақты тарихи құжаттың болмауына байланысты әлі нақтыланбаған.
Аттиланың шығу тегін жазушы ғалым Тұрсын Жұртбай өз еңбегінде былайша таратады. 374 жылы Батыс (Еуропа) Ғұн императорлығының негізін салған Балаәмір (Баламбер, Баламер) 400-жылға дейін басқарған. Ол қайтыс болған соң, таққа оның ұлы Жұлдыз (Улдуз хан), одан кейін билік Жұлдыздың ұлы Қаратүнге (Каратон) көшеді. Оның атақты үш ұлы – Руғила (Ругила, Рула, Руас), Ақтар (Октар) және Мыңзық (Мундзук) болды. Руғила шамамен 412 жылы таққа отырып, 434 жылы қайтыс болғанға дейін билігін жүргізіп, Батыс (Еуропа) Ғұн империясын одан әрі күшейтті. 434 жылы Руғила қайтыс болып, жастайынан жетім қалған Мыңзықтың ұлдары Бледа (Бледе) мен Аттила (Еділ) билікті өзара бөліскен.
Ал гот тарихшысы Иорданның айтуынша, Бледа мен Аттила бір әке-шешеден тарамаған. Руғила үш ағайынды болса (Руғила, Ақтар, Мыңзық), Бледа – Ақтардың, ал Аттила – Мыңзықтың ұлы болған. Сол себепті ағайындылар арасында билік үшін өзара қарама-қарсылық болған. 433-434 жылдары Аттила Бледаны өлтіріп, бүкіл билікті өз қолына алады. Деректерде Батыс (Еуропа) Ғұн ордасының негізін салған Баламер (Баламбер) патшаның б.з.б. 209 жылы Ғұн мемлекетінің негізін салған Мөде қағанның (Маодунь шаньюй) 15-ші ұрпағы екені айтылады.
Сонымен, Аттила ғұн көсемі, император әрі әлемнің ұлы қолбасшысы болды. Елі үшін еңіреп туған Аттила Батыс Ғұн ордасының тағында 19 жыл отырды. 434 жылы Руғила қайтыс болып, елге Бледа билік жүргізгенде орданың ынтымағы бұзылып, бірнеше бөлікке бөлініп кету қаупі туады. Сондай-ақ, жаңа жорықтар кезінде де Аттила мен Бледа арасында келіспеушіліктер орын алады. Мұның ақыры 445 жылы Аттиланың Бледаны өлтіріп, билікті өз қолына толық алуымен аяқталады. Тақ үшін күрес ханзадалар үшін таңсық дүние емес. Бірақ та Аттиланың мұндай қастандыққа баруының үлкен мемлекеттік маңызы болды. Бледаның кезінде Ғұн ордасы ыдырауға айналды. Бледа қызғаншақ әрі өзімшіл, елден гөрі өз басын жоғары қоятын. Бұл – анталаған дұшпанның ортасында тұрған ғұндардың тұқымы құрып кетеді деген сөз. Оның үстіне Рим империясынан ығысқан остготтар (шығыс готтары) мен вестготтар (батыс готтары) Дунай өзеніне тығылып, бүйірден қанжардай қадалып тұрған. Аттила еріксіз туысына қол жұмсады. Оның бұл қастандығын батыс тарихшылары ақтап жазады. Қалай болған күнде де Аттила ғұн патшалығының тағына күшпен отырды .
434 жылы Аттила Византия империясымен келіссөз жүргізіп, Шығыс Рим оған жылына 700 литр (230 кг) алтын төлем төлеуге келіскен соң, ол шығыс аймақтағы жерлердің мәселесімен айналыса бастады. Константинопольмен жасалған келісімшарт 7 жылға созылып, бұл уақыт аралығында Аттила Солтүстік Кавказды Ғұн империясының бақылауына алуды көздеді. Сонымен бірге Орталық Азия мен Қара теңіздің солтүстігінде орналасқан тайпаларды өзіне бағындырып, билік ету аймағын кеңейтті. Алайда Аттиланың осы мәселемен Кавказда жүргенін пайдаланған Византия императоры жылдық төлемді кешіктіріп, төлемей бастайды. Міне, осы уақытта Аттила бастаған ғұн армиясы Кавказдан оралып, Дунай жағалауына шығады. Осы жерден Аттила Шығыс Рим мәселесін біржола шешуді ойлап, жаңа жорыққа дайындала бастады.
440-441 жылдары Аттиланың Византияға алғашқы жорығы басталып, Балқан түбегіне бірнеше бағытпен басып кіреді. Паннонияның (Венгрия) бұрынғы орталығы болған Сингидунум (қаз.Белград), Виминациум, Сирмиум және басқа да бірнеше қалаларды бағындырды. Осылайша, 441 жылы Византия тарапынан қатты қарсылық көрмеген Аттила бүкіл Балқан түбегіне өз бақылауын орнатады. Арада 5 жыл өтіп, 446 жылы Византияға жаңа жорық басталады да, екі рим армиясы талқандалып, 70-ке жуық қала бағындырылды. Аттила оңтүстікте – Фермопильге (Грекия), шығыста – Галлиполиге дейінгі жерді басып алып, Константинополь қабырғасына келіп жетеді. Ғұн билеушісі Византия билеушілерінің зәресін кетіріп, астананы қиратып, жермен-жексен ететінін мәлімдейді. Аттилаға бағынып, салық төлеуден басқа амалы қалмаған Византия императоры Феодосий масқара келісімшартқа қол қояды. Бұл келісім бойынша ол Аттилаға бір мезетте 6000 фунт алтын беріп, жылдық төлемді 2000 фунтқа жеткізіп, уақтында төлеуге уәде береді.
Осылайша, Аттиланың Византияға (Шығыс Рим) қарсы соғысы сәтті бас­талып, нәтижелі аяқталды. Шығыс Рим империясының Дунайға дейінгі қалаларын бірінен соң бірін басып алып, Балқанға келер жол бойындағы бекіністердің бәрін талқандады. Алғашқы шайқастың өзінде Рим әскерін біржола қиратты. Аттила Византия­мен келісімге келіп, Паннони мен Фракия арасындағы көп жерді өзіне қаратып Византия тарапына өтіп кеткен қашқын ғұндарды қайтаруды талап етті. Ғұн билеушісі Константинопольге үш рет елші жібереді. Византия билігі ғұн елшілерінің бәрін сыйлап, қойын-қонышын алтынға толтырып отырған. Бірде Константинопольге елші болып Аттиланың кеңесшісі Эдикон (Едіге) келеді. Аттила өзіне ұнаған адамдарының бәрін Византияға елші етіп жіберіп отырды, себебі онда барған адам алтынға қарық болып қайтатын.
448 жылы Аттила сарайына Византиядан елшілік келіп, оның құрамында грек тарихшысы Прийск Панийский мен ғұн тілін білетін бірнеше адам болған. Елшілік екі мақсатпен келген. Біріншісі, ғұндармен ұзақ мерзімді бітімге келу, оларға алым-салықты уақтында төлеу. Екіншісі, мүмкіншілігі болса, Аттилаға қастандық жасап, ғұн билеушісін өлтіру. Прийсктің жазуына қарағанда, олар Аттилаға у беріп өлтіруге оның ұстазы Эдиконды (Едіге) азғырады. Қарияны бұған көндіру үшін 50 фунт алтын жұмсап, Аттиланы Византия елшілерін қабылдау кезінде өлтіруді жоспарлайды. Бірақ Эдикон сатқындыққа бармай, византиялықтардың жоспарын Аттилаға бүге-шігесіне дейін айтып береді. Аттила бұл зымияндыққа қатты ашуланып, қалай да Византиямен қақтығысуға себеп іздейді.
«Ғұндар дипломатия күшсіз болғанда ғана соғысқа кірісуі керек, алайда соғыс жаңа дипломатияның басталуына да түрткі болады!» деген қанатты сөзді Аттила айтқан деседі. 1989 жылы АҚШ-та Уэсс Робертстің «Аттила ханның басқарушылық өнері» деген кітабы жарық көріп, сол жылы жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде зиялылар мен кәсіпкерлер арасында ең көп оқылған туынды ретінде танылған. Аталмыш кітап одан кейін де үш мәрте сан мыңдаған таралыммен қайтадан басылып шыққан. Ешбір жарнаманы қажет етпей-ақ іскер жандардың «үстелдік кітабына» айналған шығарманы оқығандар «кітаптағы ұстанымдар ешқашан ескірмейді», «дамудың, көшбасшылықтың шеберлігін Аттиладан үйренуге болады», «егер Аттила бүгінде ортамызда болса, әйгілі дипломат, нағыз реформатор, әлемді аузына қаратқан саясаткер болар еді» деген мағынада бірнеше ондаған мақалалар жарық көреді.
Ендігі кезекте құдіретті Ғұн билеушісінің мемлекетті қалай басқару, ел басқаратын адамдарды қалай таңдап дайындау керектігі туралы саясатына тоқталсақ. Қазір әлемде Шыңғысханды ұлықтап, оның адамзат тарихында қалдырған орнына жаңа көзқараспен қарап, оның іс-әрекеттеріне оң баға беру кең өріс алуда. Алайда біздің сөз етіп отырған Ғұн билеушісі Аттиланы да құдіретті монғол қағанымен тең дәрежеде ұлықтауға құқымыз бар деп есептеймін. Себебі, Аттила кезінде батыс зерттеушілері жазғандай тек ғана «варвар», «басқыншы», «жабайы», «қатыгез» болған жоқ. Аттила адамзат тарихында көптеген оңды істерімен де қалды.
Аталған кітапта батыс тарихшыларының ертеректе Аттиланы қатыгез, соғысқұмар қолбасшы, мәдениет пен өркениеттің күлін көкке ұшырған жауыз ретінде сипаттаған кейбір сыңаржақ тұжырымдары осылайша жоққа шығарылған. Аттила заманында ғұн халқы қырықпышақ болып қырқысып жатқан еді. Сондай бей-берекет ауыр кезеңде әлемді жаулап алу түгіл өз халқының басын біріктіру қиын болатын. Ал Аттила билікке келгеннен бастап қоластындағы халықты бір орталыққа бағындырып, ғұндарды Еуропаға үстемдік жүргізуге дейін көтерген даңқты билеуші болды. Көптеген тайпалар мен халықтар Аттиланың жорықтары арқасында сан ғасырдан бері келе жатқан Рим құл иеленушілік қоғамының тұтқынынан босап, қазіргі іргелі елдердің құрылуына себеп болды.
Ғұн билеушісі Руғиланың кезінде Рим империясымен жасалған шартқа негізделе отырып, 12 жасар Аттила Римге кепіл ретінде жіберіліп, Ғұн ордасына Аэций есімді бала кепілдікке беріледі. Кейінірек тағдыр бұл екі баланы 451 жылы Каталаун даласында бір-біріне жау етіп кездестірді. Аттила Римде жүре келе оның ішкі-сыртқы саясатын, армиясының артықшылықтары мен кемшіліктерін жіті зерттейді. Сонымен қатар елшілер мен өкілдер арасындағы келіссөздерді, кездесулерді, көшбасшылықтың қыр-сырын, жазу-сызу мен іс қағаз жұмыстарын үйренеді. Шын мәнінде, Римнің ар-намыс сотында жүрген кезінде Аттиланың көкейіне бүкіл әлемді жаулап алудың стратегиялық мотиві туған.
434 жылы Руғила қайтыс болып, билікті ағалы-інілі Бледа мен Аттила өзара бөліседі. Бледа ештеңеге қызықпай, уақтын көңіл көтеру, саятшылықпен өткізсе, ал Аттила керісінше көрші тайпаларды бағындырып өз иелігін кеңейте түседі. Бледаның кезінде ғұндардың ауызбіршілігі кетіп, олар өзара қырқыса бастайды. Аттила Ғұн ордасының болашағы үшін тумасын өлтіріп, билікті жеке-дара өз қолына алды. Ол кезде ғұндар патшаны мойындағанмен негізінен ғұн қоғамына ақсақалдар үстемдік жүргізетін. Аттила аймақ басшылары болған ақсақалдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, тез тіл табысып, біртіндеп олардың сеніміне кіреді және оларды өзіне тарта білді. Оның қабылдаған әр шешімі орнықты, әділ де таза өміршең болғандықтан Аттиланың абыройы халық арасында тез асқақтады.
Шыңғысхан сияқты Аттила да ел басқаратын адамдарды шыққан тегі мен әлеуметтік жағдайына қарап емес, олардың ақылы мен данышпандығына, сөз тапқырлығы мен айласына, әсіресе адалдығына қарай отырып іріктеп, билікке әкелді. Көптеген ғалымдар Аттиланың көмекшілері болған Эдикон (скиф), Орест (гот), Оногез (алан) сияқты тұлғалардың ғұн болмағандығына қарамастан олар билеушіге адал болып, оған ешқашан қиянат жасамағанын айтады.
Батыс зерттеушілері Аттиланы қанша жек көрсе де, оның керемет шешен, айлакер саясатшы, мәмілегер дипломат, ұлы қолбасшы, дарынды ел басшысы екенін мойындайды. Аттила өз еркімен қақпасын ашқан қаланы қиратуға жол бермей, тек салық алумен шектелген. Ал қарсылық көрсетіп, ғұн сарбаздарының қаны көп төгілген қалалар сөз жоқ талқандалды. Аттиланың бұл әрекетін біз кейінірек ұлы қаған Шыңғысханнан да көреміз. Аттила алдап-арбау, озбырлық, уәдені орындамау, қастандық деген нәрселерге көз жұмып қарамайтын. Сондықтан да көптеген басқа тайпаның басшылары «Римнің сыйлы азаматы болғанша, Ғұн билеушісінің қызметкері болуды» артық санаған. Көптеген Еуропа корольдері Аттила сарайына өз балаларын жіберіп, оның ел басқару өнерін үйренуді насихаттаған.

 
ҰЛЫ БИЛЕУШІ КӨШБАСШЫЛЫҚ ЖАЙЫНДА МЫНАДАЙ ӨСИЕТТЕР ҚАЛДЫРЫПТЫ:
• Біз, ғұндар – басқарудың әр сатыларының бәрінде дарын қабілеті мен шеберлігі жағынан өзгелерден асып туған басшыларды ғана тағайындауымыз керек;
• Әр ғұн өзін өмір бойы шәкірт санап, барлық білім бұлақтарынан үздіксіз сусындасын;
• Біздің ұлт өмірлік дағдымен машық болып қалыптасатын шеберлікті меңгеру үшін адалдық пен батылдықты қастерлеуге тиіс;
• Мықты басшы бір күнде пайда болмайды;
• Әділетсіздікті түп-тамырымен жойып отырмаса, ол үнемі жамандықты шақырумен болады;
• Басшы біреуге ұнауға емес, мойындалуы тиіс және өзгенің жайын жақсы түсінетін, терең сезінетін болуы керек;
• Жат жұрттың мәдениетін, наным-сенімін, салт-дәстүрін сезініп, түсінетін, бағалайтын адамгершіліктің болғаны абзал;
• Қашан қозғалуды, қашан бөгелуді, ахуалдың барлық қырларын сезе отырып тез әрі дұрыс шешімді дер кезінде қабылдай білу. Күмәнданып, өзіне сенбей істі кейінге қалдыру артынан ергендерді адастырады және жауға жем етеді;
• Көшбасшы парызын, міндетін орындағанда өзіне сенімі аз болса, кейінгілерге оның әлсіздігі дереу байқалады;
• Елге сүйеу болу үшін сенімнен өзің де шыға біл, өзгеге оны жүктей біл;
• Жұртты артыңа ерту үшін оларды аялай біл. Өзіңе бағынышты қарапайым жандарды ешқашан қорлама, қатесі болса кешіре біл, жасып жүрсе жігерлендір. Жазалауға асықпа;
• Уақыттың құнын білу – басшы үшін алтынмен тең. Шешім кешікпей, озбай, дәл мерзімінде қабылдануы керек;
• Басшы өзінің де, қоластындағы жандардың да іс-әрекетін кім болса да түсіндіре алатын болуы тиіс;
• Әрдайым қолыңмен жасағанды мойныңмен көтер. Сөзің мен ісің досқа да, дұшпанға да сенім ұялата білсін. Сенімсіз басшыда ықпал болмайды;
• Мақсатқа жететін күш пен тұрақты табандылық болсын. Сақ сындыруға, алданып-арбануға жол берме;
• Басшы ешқашан отбасы, ошақ қасының деңгейіндегі ұсақ-түйек іспен айналыспауы керек;
• Басқарушы тұлға ұстамды, өзіне сенімі нық, игіліктен үмітін үзбейтін көреген болса, жеңілсе де мойымайды, бар мүмкіндікті пайдалана білгеніне дән риза қалпында қала береді;
• Жеңімпаз болу үшін елден оқшауланудың қажеті жоқ, керісінше сенімге селкеу түсіретін дүлей күштерге тосқауыл болатын әлеуетті қуаттың, қажымас қайраттың, айнымас арманның, жасымас жігердің, қайтпас сенім мен қайсарлықтың орны айрықша;
• Өз мүмкіндігін толық пайда­ланбаған адамды ешқашан ынталандырма, оған сый-сияпат жасама. Сен өзің жауаптанған ісің үшін өзгені жазғырма. Ал жан аямай еңбек етіп, елге мол табыс әкелген адамға өзіне лайықты ақысын дер кезінде беріп, топ алдында мадақта.
Аттила өз тұсында ел басқарушыларды оқытатын мектеп қалыптастырғанын америкалық ғалым, доктор В.Роберт өзінің ғылыми мақаласында ерекше атап көрсетеді. Сонымен қатар ғұндардың ұлылығы өз халқының мүддесі үшін жеке бастарын құрбандыққа шала алатындықтары болғандығын Аттила қалыптастырған мектептің жемісі дейді. Осылай деп артында өзінің өнегелі ісі мен өшпес өсиетін қалдырған Аттиланың басқарушылық өнерін жіті зерттеген қазіргі америкалық ғалымдар мынадай тұжырымға келеді:
– Хан ретінде Аттила әлемдік деңгейде ойлайтын тұлға болған;
– Ұлыс-тайпалармен тығыз байланыс орната отырып, басқарушылық ілімін халықпен жіті сабақтастыруы сол кездің өзінде демократиялық ұстанымдардың болғандығын аңғартады;
– Аттила туа біткен психолог іспетті халықты өз маңына топтастыра білген;
– Қара қылды қақ жарған әділ тұлға болды;
– Шешім қабылдағанда асықпай жан-жақты зерделеп, ой елегінен өткізетін, ақыл салатын шебер басшы болды;
– Бұл дүниеге ғұн болып келгендігін мақтан тұтатын, оны өзгелерге мойындататын шынайы ұлтжанды патриот ретінде танылады.
Аттила дәуіріндегі ең басты идея – Бостандық, Рим империясынан тәуелсіздік алу болатын. Аттила ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа үлкен мән берді.
Ол былай дейтін:
* Барлық ғұндар, әсіресе бізге қосылғысы келетіндер біздің дәстүрімізді үйренуге, бейімделуге және сақтауға міндетті. Егер олар ғұн болмаса, римдік немесе Рим империясының одақтасы ретінде күмәндана отырып, біз оларға ескертулер жасауымыз керек;
* Әрбір ғұн бізді біріктіріп және күшті етіп тұрған дәстүрмен қарулануы тиіс. Біз бір мақсат жолында бірігуіміз керек;
* Ғұн үшін «жақсы» болған нәрсе, ұлт пен тайпа үшін де «жақсы» болуы тиіс. Керісінше, ұлт пен тайпа үшін «жақсы» болған нәрсе, ғұн үшін де «жақсы» болуы міндетті, әйтпесе ол Римге қашқын болып кетуі мүмкін.
Ортағасырлық өлеңдер мен аңыздарда «Тәңір қамшысы» атанған талантты және құдіретті билеуші туралы естеліктер әлі күнге дейін сақталған. Бұның өзіндік себептері де бар. Біріншіден, ол Рим қақпасының алдында тұрып, Лев папаның өтінішімен қаланы қиратпады. Ол дінді құрметтеп, Римді қасиетті орын ретінде санаған. Бұл нағыз өркениетті адамның әрекеті. Екіншіден, Аттила өз халқы мен бағыныштыларына кішіпейілді және әділетті болды. Ол өте қарапайым болды, жорық кезінде жауынгерлерімен алау басында бірге тамақтанатын. Қонақтарды сыйлап, қонақжайлылық танытатын. Үшіншіден, Аттила ұлы қолбасшы болып қана қоймастан, мәдениетті жоғары бағалап, өзі де ақылды және білімді болатын. Әрқашан қасына білімді және дана кеңесшілерді жинады. Осындай адамдарды жолықтырғанда оларды өзіне жақын тартатын. Қалаларды бағындырған кезде мәдени ескерткіштерді қиратпауға тырысатын. Барлық уақытта жанында жазушылар мен ғалымдарды ұстады. Византиялықтар табанды түрде Аттиланы басқыншы ретінде қараласа да, ол әрқашан өзінің халқының «варвар» еместігін дәлелдеуге тырысты және онысын дәлелдеді де. Көшпелілердің тарихын жаңа көзқараспен зерттеп жүрген Мұрат Аджидің айтуынша: «ғұндар Еуропаға аяқ басқан кезде жергілікті тайпаларды өздерінің қарапайымдылығымен, әсем жібек және аң терісінен тігілген киімдерімен, өкшелі былғары етіктерімен, әрине қарабайыр жылқыларымен таңқалдырған».
Аттиланың сыртқы келбетін жан-жақты суреттеген елші Приск пен гот тарихшысы Иордан былайша сипаттайды: «Ол халықтарды тітірентіп, елдердің барлығына үрей үймелетіп, барлық жерде өзі туралы өте кең ұғым таратқан еңіреген ер еді. Оның қадамдары паң, қарағанда жанары ұшқындап, дене қозғалыстарының өзімен аспандаған өз қуатын айғақтап тұратын. Соғысты сүйетін ол тіршілікте қайырымды, бір рет сенгенге мейірбан болатын. Сырттай қарағанда тапал, кең кеуделі, кішкентай көзі сығырайған, бурыл тарта бастаған сирек сақал, тәмпіш мұрын, терісінің түрі адам жиіркенгендей ол өз тегінің бар белгілерін паш еткендей».

АТТИЛА ТУРАЛЫ ПІКІРЛЕР...
«Аттила бытыраңқы көшпелілерді біріктіріп, құдіретті империяға айналдырған әлем жаулаушысы болды».
«Шыңғысхан тәрізді Аттила да тек қана соғыс данышпаны ғана емес, дарынды мемлекеттік қайраткер болды».
«Аттила шайқас кезінде аяусыз болғанымен, табиғатынан жауыз болған емес».
«Константинопольмен келіссөз бастаған Аттила бірінші кезекте соғысқа емес, бейбітшілік орнатуға ұмтылды».
Г.В.Вернадский.

«Константинопольден Аттила штабына дейінгі аралықта бұрын тұтқындықта, қазір бостандықта жүрген тайпа басшыларын (гректер) көрдім. Олар маған Аттила патшалығында өмір сүру әлдеқайда жеңіл екенін айтты. Оларға әсіресе қазынаға салық төлемейтіні ұнайтын. Олар маған Римде ақсүйек асыл бекзада болғанша, Ғұн ордасында қарапайым қызметші болған артық дегенді айтты. Аттила өзіне бағынышты халықтан мүлдем салық жинамайтын. Ол алым-салық жайын ойламайтын, себебі қазына барлық уақыт соғыс олжасы мен Византия алтынына толып тұратын».
«Ол бүкіл халықтарды сілкіндіру үшін жаратылған ер еді. Бүкіл елдерге сұмдық болып тиді, бәрін де қалтыратып жіберді, ол туралы хабардың өзі қорқынышты еді. Оның жүрген жүрісі маңғаз, көзқарасы мен қимыл қозғалысы аса тектілікті көрсетеді. Соғысты жақсы көргенімен тонаушылығы аз болды, ой қабілеті өте жоғары еді, сұраушыға қайырымды, сенген адамына өте мейірімді».
Приск Паниос, V ғ. өмір сүрген тарихшы және елші,
«Византия тарихы» еңбегінің авторы.

«Аттила өркениетті қиратушы, ақымақ жаулаушы болған жоқ. Оның саяси басқару мен қоғамдық тәртіпті орнатудағы жетістігі шайқастағы жеңістерінен ешбір кем түспейді».
«421 жылдан бастап Аттила билікке араласып немере ағасы Руғиланың маңызды тапсырмалаларын орындады. Руғила немере інісі Бледаға қарағанда мемлекеттік маңызы бар істерді Аттилаға сеніп тапсыратын. Тек қана күтпеген және тосыннан келген ажал Руғилаға тақты Аттилаға аманаттауға мүмкіншілік бермеді».
Морис – Бувье Ажан.

«Ғұн жорығы Рим империясы еңсесін езіп тастаған тайпалардың үмітін оятты. Ғұндардың батысқа жасаған жорығының дүниежүзілік тарихи мәні осында, Аттиланың әлемдік тарихи ролі де осы».
А.БЕРНШТАМ.

«Аттила есімі адамзат тарихындағы ұлы адамдар – Александр Македонский мен Юлий Цезарьдың қатарынан орын алады».
А.ТВЕРРИ, француз тарихшысы.

«Ол халықтарды тітірентіп, елдердің барлығына үрей үймелетіп, барлық жерде өзі туралы өте кең ұғым таратқан еңіреген ер еді. Оның қадамдары паң, қарағанда жанары ұшқындап, дене қозғалыстарының өзімен аспандаған өз қуатын айғақтап тұратын. Соғысты сүйетін ол тіршілікте қайырымды, бір рет сенгенге мейірбан болатын. Сырттай қарағанда тапал, кең кеуделі, кішкентай көзі сығырайған, бурыл тарта бастаған сирек сақал, тәмпіш мұрын, терісінің түрі адам жиіркенгендей ол өз тегінің бар белгілерін паш еткендей».
Иордан, гот тарихшысы,
«Геттер мен олардың іс-әрекеті» еңбегінің авторы.


Бауыржан АЙМАНОВ,
Жаңаөзен қаласы,
№ 18 орта мектептің тарих пәні мұғалімі,

«Түркістан» газеті.

 

Пікірлер