Қазақтың бауырында жылан жылынып жатқан жоқ па?

6951
Adyrna.kz Telegram

Оқырманға Жамбыл облысы, Қордай ауданында не болғанын баяндап жату артық болар. Елдің көзі бар, құлағы бар. Дүнгендер мен қазақтардың арасында жылт еткен араздықтың ұшқыны әп – сәтте намыстың алауына айналғанын халық біліп отыр.

Әкелерін ауруханаға алып бара жатқан жігіттердің көлігінің алдын басқа бір көлік тежейді. Содан, жаңағы жігіттер алдындағы көлікке «Былай тұрсаңшы! Өтіп кетейік!» қатқыл айтқан болар. Аурухана асығып бара жатқан адам көліктен түсіп, барып амандық – саулық сұрасып, қал – жай біліп,  «Былай тұрасыздар ма? Рұқсат етсеңіздер, өтіп кетейік деп едік!»сызылып тұрмайды ғой енді. «Жақсы! Өте ғой!» деудің орынына жолды кескестеген көліктің ішінен бәленбай жігіт шығып, әй – шәй жоқ, артындағы көліктің жүргізушісіне әкіреңдей жөнеліпті.  Осы адамдық па? Әкесінің жерінде жүргендей әкіреңдегендүнгендер екен. Беттеріне қаратып дүнгенді дүркіретіп қоя ма, қазақтардың азуы да қақпандай қарс ете қалған. Содан төбелес басталған. Дүнгендер көп екен, екі жігітті әкесімен қоса сабапты. Сабыр Адай айтқандай, «Жалғыз түп жусан түбінде, Қазаққа ортақ намыс бар» емес пе? Дүнгендер қазақтарды сабапты, қарияға қол көтеріпті дегенді естіген сол айналадағы басқа қазақтар Қордайды басына көтерген. – Дүнгеннің осы басынғаны, осы қорлығы жетті! – депті. Соған қарағанда, қазақтың баяғыдан кеткен есесі болып тұр. Әрі қарайғы оқиға қалай өрбігені белгілі. 36 тұрғын үй, 11 коммерциялық нысан және 44 автокөлік отқа оранды. Дүнияны қойшы, ең өкініштісі 10 адам өлді.

Жамбыл облысының Қордай ауданында орын алған қақтығысқа байланысты мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев лезде үн қатты.

  • Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің салғырттығы салдарынан арандатушылар қантөгіс жасады. Олар жазаланады. Мемлекет зардап шеккендерге қолдау көрсетеді. Бейбітшілік пен келісім — біздің басты байлығымыз, оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ! – деп жазды Президент Тwitter – дегі парақшасында.

Мемлекет басшысының Жамбыл облысындағы жағдайға байланысты мәлімдемесі де кешіккен жоқ. Мәлімдемеден кейін Премьер – Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Президенттің жағдайды тұрақтандыру, жапа шеккендерге көмек ұйымдастыру, оқиғаның салдарын жою туралы тапсырмасын алып,  Үкіметтік комиссияны бастап, Қордайға кетті. Сол сапар Сапарбаевтың вице – премьер ретіндегі соңғы іссапары екен. Кейіннен ол ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Жарлығымен Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды.

 

ДҮНГЕНДЕР БІРЕУГЕ СЕНІП ОТЫР МА?

 

Құдайға шүкір, мемлекет бар, билік бар. Билік тек өлгендерді тірілте алмайтын болар, бірақ өртенген үйді қалпына келтіретіні, шекара асқан азаматтарды да жылы ошағына қайтаратыны, Қордайды қайтадан бейбітшілік бесігіне бөлейтіні белгілі. Президенттің шұғыл қимылына, батыл саясатына, өнікті жұмысына сенеміз, сондықтан оқиғадан кейінгі  жағдайға аса бір алаңдамай отырмыз. Бізді оқиға дейінгі жағдай алаңдатып отыр.

Біріншіден, дүнгендер осы жердің иесі әрі заңды мирасқоры қазақтарға неге зіркілдеді? Әуелде бір қазақтың қызын зорлаған олар енді ақсақалымызды неге сабады? Дүнгендер біреуге сеніп отыр ма? Осы сұрақ маза бермейді. Екіншіден, қазақ тарихта біреуге зәредей зиян қылған ұлт емес. Қазыбектің «Біз қазақ мал баққан елміз, Ешкімге тиіспей жай жатқан елміз!» дегені – деген. Қазақ неге дүнгендердің үйін өртеп, өздерін қуды? Демек, кеткен кек, қайтпаған есе, ішкі есеп бар. Әйтпесе, әйел, бала – шағаны қуып, біреудің шаңырағын өртейтін безбүйрек ұлт емес біздің қазақ. Олардың дүнгеннің қатын – баласында шаруасы да болмаған. Үкіметтің комиссиясы не шешім айтады? Баяғы қазақ кінәлі болып шықпай ма? Бұл – үш.

АРАЗДЫҚ — АШУҒА, АШУ — ҚАҚТЫҒЫСҚА ҰЛАСҚАН.

Әлеуметтік желіде Қордайдағы жағдайды әркім әрқалай баяндауда. Ақпараттардың дені – бірін – бірі қайталайды. Әрбір ақпарат көзі, әрбір журналист деректердің «тысын жаңартып, өңін ауыстырып» өз позицияларына ыңғайлаған. Оқиға орынында болып, Қордай шындығын көзімен көрген журналистің бірі — «Адырна» ұлттық порталының бас редакторы Оңғар Қабден. Әріптесіміз өртенген көшелерді кезіп, жергілікті халықпен пікірлесіп, әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге де шығып отырды. Біз оқиға туралы нақты ақпаратты сайттардан көшірмей, ортасында жүргендерден алайық деп Оңғар әріптесімізбен байланыстық. Порталдың редакторы уақыт тауып, Whats App арқылы жолдаған сауалдарымызға лезде жауап берді.

Оңғар Қабденнің айтуынша, дүнгендердің қазақтың қариясын соққыға жығуы — оқиғаның тап бір себебі емес. Ұлттар арасында осыған дейін араздық болған. Сол араздық ашуға, ашу қақтығысқа ұласты. Жаңа жылдың алдында, желтоқсанның 10 – ы күні дүнгендер екі мұғалімді ұрған. Оның алдында мемлекеттік туды өртеп жіберген. Оларда қазақтарды менсінбеушілік болған.

  • Қордай ауданындағы ең үлкен ауылдар – Масанчи мен Сортөбе. Масанчи ауылында 18 мың дүнген, Сортөбе ауылында 24 мың дүнген тұрады екен. Бұл екі ауылда жергілікті қазақтардың үлесі – 10 пайыз ғана. Дүнгендер өте бай тұрады. Қазақша сөйлемейді. Мұғалімдерге «Бізге қазақ тілінің керегі жоқ. Математика мен дүнген тілін оқыса жарайды!» дейтін көрінеді.

Олар өздерінің бөтен елде екендіктерін мүлде сезінбейді. Төбелестің алдында «Жер – сендердікі, билік – біздікі!» деп ұрандатқан осылар болатын.Осының өзі көп нәрсені түсінікті етіп тұрған жоқ па? Дүнгендер өздерін автономиямыз деп сезінетін сыңайлы.

Қордайдағы оқиғаны қанша жерден тұрмыстық жанжал, бұзақылық десек те, шетел баспасөздері, үлкен ақпараттық агенттіктері ұлтаралық қақтығысқа жатқызуда. Шын мәнінде солай. Бұзақылық болса, екі тарап «бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп тарқасушы еді. Бірақ, 10 адамның өлімін қайда қоямыз? Бұзақылық ұлтаралық қақтығысқа себеп болып отыр.

Қордайда қару дауысы естілді. Қаруды бірінші қолданған – дүнгендер. Жергілікті халықтың айтуынша, дүнгендер автомат асынып шығып, оқ жаудырған. Жағдайды бақылауға алуға келген полицейлер де қаруды көріп сәл абдырап қалыпты. Олар дүнгендер мылтық асынып шығады деп күтпеген. Қазақтарды қарумен қуалаған. Қашқандардың көлігін өртеуді де солар бастаған. Дүнгендердің үйлерінің, кафелерінің, дүкендерінің, көліктерінің өртенуі – қазақтардың жауыздығы не болмаса басбұзарлығы емес, дүнгендердің ісіне жасаған қарымтасы ғана.

Үйлердің көп өртенгенін, өрттің жан – жақтан болғанын өзімнің көзіммен көрдім.

Қақтығыс бір түнде өршіді, тәулік ішінде басылды. Өйткені, ішке әскер мен полиция кіріп, жағдайды тұрақтандырды.

Басында 8 адам қайтыс болды, 8 – і де дүнген ұлтының өкілдері деген ақпарат тарап, есімдері жарияланды. Арасында қазақтың бар екені айтылмады. Бірақ, біз сол күні Қордай ауданы, Талапты ауылында тұратын 1995 жылы туған Дархан Әбдірахым деген қазақ жігітінің өлгенін, бірнеше қазақтың жоғалып кеткенін естідік. Бұл туралы ресми ақпарат кейін ғана берілді.

Қақтығыстан кейін дүнгендер ауылдан қашып кетті. Әрине, тыныштықты мылтық дауысы бұзғаннан кейін ешкім де қауіпті жерде қалғысы келмейді. Дүнгендердің біразы дереу Қырғызстанға өтті. Осы жерде бір күдік бар. Қырғыз еліне шекарадан 4 мың жарымдай дүнген өтіпті. 7000 – дай адам өтті деген де дерек айтылды. Қазақстан азаматтары мыңдап бөтен елге қалай өтті? Яғни оларда қос елдің де азаматтығы болған. Қырғызстанға Қырғызстанның азаматы болып, сол мемлекеттік паспортымен өткен. Оларға Қазақстанның азаматтығын кім берді? Соның бәрі тексеруді қажет етеді.

Дүнгендердің арасында да тыныштықтың бұзылғанын, татулықтың жібі үзілгенін қаламайтын бейбіт халық бар. Оқиға болған түні дүнгеннің ақсақалдары «Бұл не болып кетті? Қазақтармен арамыз мұндай нашар емес еді ғой!? Бәріміз де мұсылманбыз. Қалай болғаны?» деп жылап отырыпты.

Журналист ретінде де, қазақтың ұлы, елдің азаматы ретінде де жергілікті ұлттың, мемлекетті құраушы ұлттың, яғни ел мен жердің иесі қазақтың мәртебесін айқындайтын, басқа ұлттардан бір бас артық қоятын заң қабылдау керек деп есептеймін.

Бұл қақтығыс бірінші қақтығыс емес. Өзге ұлттан ұят болады деп бәрін жылы жауып, жауырды жаба тоқи беретін болсақ, қазақтың беделін заң қорғамайтын болса, бұл оқиға әлі талай қайталанады. Басқа ұлттарға мемлекеттік тілді білудіміндеттеу керек. Билік бірлікті берік ұстауды, ұлтаралық татулықты сақтауды халықтың мойынына артып, бүлік болса елді кінәлай бермеуі керек. Халықта онсыз да мәселе көп. Олар бөтен ұлттың алдында қорсынғанды көтермейді. «Қайтсем бала – шағамды асыраймын?», «Қайтсем несие, қарызымнан құтыламын?» деп қиналып жүрген жұрттың жүйкесіне ши жүгіртіп ойнауға болмайды. Мұның салдары ауыр болуы мүмкін. Қазақ ұлтының мәртебесі мен елдің әлеуметтік жағдайы билік биігінен көтерілмесе болмайды. Өзге ұлттардың бәрі де ауқатты тұрады. Бұған  еңбекқорлығы да себеп болар, бірақ мемлекет те олардың басынан сипап отыр. – дейді бізге берген сұхбатында журналист, «Адырна» ұлттық порталының бас редакторы Оңғар Қабден.

Оңғар әріптесіміздің сөзі ойландырды. Жарайды, қақтығыс басталды,тыныштық бұзылды. Ауыл өмір үшін қауіпті аймаққа айналды. Қауіптен алыс жерге кету керек.  Қауіп – қатерден алыс боламыз деп дүнгендер үйін тастап қашсын, ауданын, облысын тастап қашсын. Бірақ, өзін осы елдің бір бөлшегі, қазақты отандасы санайтын азамат мемлекетін тастап қаша ма? Бұл нені білдіреді. Біз 130 ұлттың баласының ауызына асымызды тосып, «Көк тудың астында көңілді жүріңдер! Ассамблея туының астында асыр салыңдар!»деп өбектеп отырмыз – ау. Сол өбектеу түбімізге жететін сияқты. Мемлекетіне сенсе, аты дардай Ассамблеяға сенсе дүнген дүркірей көшіп, шекара асып кетер ме еді? Өз бастарына күн туғанда мынау. Құдай бетін әрі қылсын, әлдеқалай күн туса бұлар қазақтың жері үшін қолына қару алып, жауға шаппайды – ау!? Дорбасын арқалап, тыныш жаққа шабуы бек мүмкін.

Қақтығыс дүнгендерден басталған. Қазірдің өзінде «Қазақстан – көп ұлтты мемлекет! Бізге бірлік қымбат. Басқа ұлтты кемсітуге, қорлауға болмайды. Дүнген ағайындармен тату болуымыз!» керек деген әңгімені ресми басылымдар айта бастады. Осы әңгіме ертеңдүнгенді —  жәбірленуші, ал қазақты зорлық қылушыға, жауыз, қылмыскерге айналдырып жібермей ме?

 

ДҮНГЕНГЕНДІҢ БОЛАШАҒЫ ҚЫТАЙМЕН БАЙЛАНЫСТЫ МА?

 

Мақаланы оқып отырған адам «Мыналар «Дүнген, дүнген!» деп қоймады ғой дейтін болар. Олай айта бермес едік. Себептер болып тұр.

Билік басу айтты, ел сабасына түсті. Дүнгендер әлі дүрлігіп жатыр ма екен? Ол ұлттың да ресми өкілдері ортақ саясатқа үн қосқан болар. Соны білейік деп, Қазақстан дүнгендері ассосациясының төрағасы Хусей Дауровтың Facebook желісіндегі парақшасына кірдік. Кірдік те, Қытайға кіріп кеткендей болып, сәл тұрып қалдық. Жазбаларына қарасаң Хусей мырзаны Қазақстан дүнгендерінің емес, Қытай дүнгендерінің Ассосациясының төрағасы деп ойлайсыз. Ол біресе Қытайдың экономикалық дағдарыстан шығу туралы шешіміне қолдау білдіреді, біресе «Қытай мен Ресей арасындағы тауар айналымы бір жылда 110 млрд. долларды құрады!» деп мақтанады, «Алматыға Қытайдың ең креативті қаласы Шеньчженьнан қытай жастары келді!» деп сүйінші сұрайды, «Мы с вами Уханьцы, мы с вами Китай!» деп Қытайға жігер береді, «ҚХР төрағасы Си Цзиньпинь халқымен бірге деп…» көкірегін тағы да мақтаныш кернейді дүнгенбасының. Ол тіпті, оқырмандарын ұзақ өмір сүрудің де қытайша әдісін ұстануға шақырады. Хусей мырза «Қазақстандықтардың зейнетақы жүйесі түгілі, билікке деген сенімі жоғалып барады. Кінәлі министрлер мен шенеуніктер отставкаға кетуі тиіс!» деп орыс тілінде жазба жазып, билікті де сынап қояды. Бұл кісі сонда дүнгендердің болашағын Қазақстанмен байланыстырып отыр ма, әлдеҚытаймен бе?

Қанша дегенмен Қазақстан Республикасындағы бір ұлттың өкілі ғой, елдің азаматы ғой, дүнгендердің атынан бірліктің, адамдықтың  сөзін сөйлеп, Президент Қ. Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына үн қосқан шығар деп, оны қарадық. Президенттің мақаласын ашып та қарамаған болар, бірақ Қытай халықтық демократиялық республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі Чжан Ханьхуеяның арнайы «Интерфакс» үшін жазған «Китайский Синьцзян – прекрасное место где царит гармония» деген мақаласын әлемге жар салып жариялап қойыпты парақшасына. Сөйткен, Хусекең жан керек болғанда, ақпанның 8 – і күні сағат түнгі 04: 30 – да «Құрметті, Қасым – Жомарт Кемелұлы! Сізден шұғыл арада Қордай ауданының территориясына әскер енгізуіңізді сұраймыз…Сізден біздің өмірімізді сақтауыңызды, басбұзарлықты тоқтатуыңызды және бейбіт өмірімізді қайтаруыңызды өтінеміз… Көмектесіңіз бізге, балаларды және қарттарды құтқарыңыз!» деген жазба қалдырады.

Осыны көріп, «Қазақтың бауырында жылан жылынып жатқан жоқ па?» деп те ойланасың.

ТҮЙІН.

Әрине, ұлтымызды сүйеміз, оның қор болмағанын қалаймыз. Бірақ, басқа ұлттарды жек көреміз деген сөз емес. Атадан келген қан жауға түйіліп, қонаққа жайылуды үйретті. Анадан келген сүт жатқа да жақынға да мейіріммен қарауды үйретті. Асыл дініміздің қасиетті кітабы Құран «Шын мәнінде мүміндер – бауыр!» деп тәрбиеледі.  Алланың елшісі, адамзатты асылы (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мұхаммед пайғамбар да «Дін – көркем мінез» деп, ал шынайы мұсылманға «Өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам» деген анықтама беріп, соған сай болуға шақырды. Дәстүрін дінімен егіз өрген қазақтың мұсылман баласы ретінде біреуді кемсітуге арымыз бармайды.

Ұлтаралық дау туса, «Бәрінен де бейбітшілік пен бірлік керек! Бірлік шайқалса,Тәуелсіздікке зияны тиеді» дейміз. Ал сол Тәуелсіздік кімге керек? Бәрінен бұрын қазаққа керек емес пе? Сондықтанда, Қазақстандағы қандай шешім де қазақтың ыңғайы үшін қабылданса екен! айтқымыз келгені сол.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Батыс Қазақстан облысы

Сырым ауданы

 

Пікірлер