I. ТАРИХ ТЕГІНЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ
Қазақ халқы тарихында Ноғайлы заманының, Ноғай елінің алатын орны ерекше. Оның себебі көп. Біріншіден, Ноғайлы кезеңі қазақ халқының Ақ Орда мен Көк Ордадан кейінгі дәуірдегі, әрі ұлт ретінде қалыптасуындағы маңызды кезең болатын. Қазақ-ноғай арасындағы қатынас үздіксіз XV-XVIII ғасырдың 30-шы жылдарына дейін жүрді. Тек 1620-1630 жылдары торғауыт-қалмақтың орыс әкімшілігінің көмегімен Еділ мен Жайық, Ақ Қобан (оны орыстар Кубань дейді) өзен жағалауларына жайғасқаннан кейін ғана қазақ-ноғай арасы алшақтай бастаған-ды.
Ұлы қазақ ағартушыларының бірі – Сәкен Сейфуллин өзінің 1931 жылы жазып шығарып үлгерген «Қазақ әдебиеті» атты мақаласында да қазақты ноғаймен байланыстырады. «Барар жерің Балқан тау, о да біздің барған тау», – деп ол жер аймағында қазақ ұлты құрамына кіретін рулардың ата-бабасы, яғни қалың түрік, қалың ноғайлы елі болып мекен еткен деген тоқтамға келеді: ноғайлыдан ажырап, «қазақ» болғаннан кейін де, қазақтардың қайтадан бұрынғы түп ноғайларына кеткендері де болған, яғни «Ат баспаймын деген жерді үш басады» деген мақалдың тегін еместігі айтыла келе, «…ноғайлы мен қазақтың айырмасы жоқтығын» нақтылай түседі. Сондықтан болар Ноғайлы заманы біздің қазақ әдебиеті мен тарихына қатысты «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Алпамыс» тарихи жырларында кеңінен көрсетілген.
Бірақ, қазіргі Кавказ Ноғайлары біздегі «Қырымның қырық батыры» деген атауға келіспейді. Олар былай дейді: ол «Қырымның қырық батыры» емес, ол «Ноғайдың қырық батыры» деуіміз керек деп уәж айтқанын талай естідік. Бұл мәселеде жеке пікірімді білдіре кетсем, әділеттілікке жүгінсек, ғылыми тұрғыдан «Ноғайлының (Қырымның) қырық батыры» деген ақиқатқа жақындау келетін сияқты. Бірақ мұны ғылыми іргелі зерттеу жұмыстарының нәтижесі аясында, анығын әдебиетші қауым айтар, біздікі тек шынайылыққа жол ашу.
Екіншіден, қазіргі ноғай қазаққа ең жақын туыс халық. Біздің тіліміз, діліміз, тіпті түрімізге дейін, сәл айырмашылықты айтпасақ, айнымайды. Осыған байланысты болу керек, асығыс тұжырым жасаушылар «қазақ пен ноғайдың бірегейлігі» жөніндегі қоғамдық пікірлер де жоқ емес. Қазіргі ноғайлар өздерін өзіндік дәстүрі мен ана тілі, қалыптасу тарихы бар жеке ұлт ретінде санайды. Сонымен бірге, өздерінің Отаны, мекені бар ел екенін алға тартады. Бұл ақылға сиымды. Себебі, қазіргі ноғайлар бұрынғы Ұлы Ноғай Ордасынан қалған Солтүстік Кавказда, өте көркем нулы-сулы өз Отаны мен жерінде мекен етіп отырған халық. Қазіргі Ресейдегі «Минеральные воды», «Есентуки (Есен-Тоқа)» шипажай-сауықтыру жерлерінің көбі Ноғай Ордасының орамы болатын. Оны қазақ білуі керек. Бізге жақын ел сондай шұрайлы жерде болса, Қазақстан үшін тек пайда.
Үшіншіден, біз ноғай тілін, тарихын зерттеу арқылы өзіміздің төл тарихымыз бен тілімізді жаңадан танимыз. Ноғай мен қазақтың ру-тайпалық жүйесі өте ұқсас. Тек қазір қазақта жоқ болып кеткен қатаған, құрама ноғайда сақталған. Бір қызығы, ноғай халқы құрамында түрікмен, ұйғыр деген тайпалар бар. Сосын ноғайда жүз жоқ болады, бірақ мына атаулар пайда болған – жембойлықтар (яғни Жем өзені бойынан шыққан), эдисандар (яғни Жеті сандықтар) бар. Қобан ноғайларының шыққан жерін тайпа аты айтады. Бірақ бізде Жетіру болса, оларда Мың мен Қырық деген ел бар екен. Айтпақшы, Қырым татарының ел құрамында осы Қырық және Қыпшақ, Жалайыр, Найман, Қоңырат, Қият тайпалары кездеседі. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл тайпалар (ноғайлар оларды «ру», «тұқым» дейді) Қырымға біразы Берке ханмен келсе, қалғаны Ноғайдан ауысқан. Оған қоса Қырымда Шырын мен Барын тайпалары жиі кездеседі. Әнес Сарай ағамыз: «Қырымға кеткен Шырын, Барын Тоқтамыстың әкесі Тайқожамен бірге 1390 жылдары, яғни Тоқтамыс пен Едіге, Ақсақ Темір үшеуінің текетіресі кезінде ауысқан» деп жазады. Қырым мен Ноғайда болған Арғындар XV ғасырдың басында Солтүстік Кавказ бен Қырымнан қазақтың Сары-Арқасына қайтып келген сияқты. Керей ханның баласы – XVІ ғасырда қазақты билеген күшті ханымыз Бұрындықтың атын біз кейбірде Мұрындық деп жазып жүрміз. Ал қазіргі ноғайлар «мұзды» – «бұз», «мұрынды» – «бұрын» дейді екен. Сондықтан біздің тарихшылар жазып жүрген Бұрындық хан шынымен Бұрындық деп дұрыс аталуы мүмкін. Оларда халық арасында «Қазаққа кетті» деген ұғым ерікті түрде басқа жаққа кетті, еркіндік алды, яғни бәсекеге төтеп бере алатындай өз-өзіне жауапты, еркін қозғалысқа түсетін адам ұғымын береді. Қазіргі замандағы «Қазаққа кеткендер» Сібір, Түмен жерлеріне, Мәскеуге жұмыс көздерін табуға кетеді екен. Осы тұста, бұл ағайындарды еліміздегі жоспарлы еңбек көші-қон үрдістеріне қатыстыру да көптік етпес еді деген ой тастағымыз келеді.
Бір қызығы, қазіргі ноғайлар бізді «қазақ» және «алаш» деп атайды екен. Кейде «Алаш» екенімізді түйсіне бермейтініміз, ұлт тұтастығының ұйытқысы болған белгісіз кеткен ерлерді ұмыт қалдыратын кездеріміз бар, ал Ноғай халқы қазақтың Алаштың баласы екенін жадында сақтаған. Біздің оларға айтпағымыз: «Ноғай да алты Алаштың бірі». Қазіргі қазақ ноғай мен Қырым татарларын шатастырады. Ал шын мәнінде татарлар мен Кавказ ноғайлары екі халық. Қазаққа жақынырағы – ноғайлар екені анық.
Биылғы жылы 1-ші мамыр – Қазақстан халықтары бірлігі күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев, еліміздің белгілі азаматтары қосылып «Ноғай үйіне» арнайы барып шыққан болатын. Бұл бір тамаша тарихи оқиға болды, үш жүз жылдан астам айырылған туысқан халықтар қазақ пен ноғай қайта қосылғандай әсер етті.
Қазіргі Ноғай халқы Ресейдегі төрт бірдей әкімшілікке қарайды. Ресейдегі ноғайлардың жалпы саны – жүз он үш мыңдай екен. XVІІІ ғасырда, яғни Екатерина патшайымы кезінде орыс әскері Кавказға кіргенде, аман қалған ноғай тайпалары Түркияға үдере көшкен. Қазір Түркияда жарты миллионнан екі миллионға дейін Ноғай халқы тұрып жатыр.
Ноғай халқының дамуына ауыр соққы Кеңес дәуіріндегі Н.С. Хрущевтің саяси билігі кезеңінде болған. Нақтылап айтсақ Кеңес үкіметі 1957 жылы 9 қаңтар күні қабылданған шешіммен Ноғай Даласын төртке бөліп жіберген. Сондықтан қазіргі Ноғайлар Қарашай-Шеркеш, Дағыстан, Шешен Автономиясында және Ставрополь (бұрынғы Ноғай даласы) аймағына қарайды. Таза ноғай ауылдары сақталғанмен, ноғай тілі арнайы курс сабағы ретінде ғана жүргізіледі. Ең үлкен «Қаңлы» ауылы «Минеральные воды» қаласының жанында орналасқан. Осы «Қаңлы» ауылы жанындағы Май-төбеге шығып қарасаңыз, Бес тау, Түйе тау, Жыланды тауларын анық көресіз. Ноғай халқы көптен бері ұлттық Автономия құруға ұмтылыс жасап, талап етуде, бірақ олар Дағыстанда Ноғай ауданына ғана иелік еткен. Жақында ғана Қарашай-Шеркеш Автономиясы құрамында Ноғай ауданы құрылып, ел қуанышқа бөленді. Аудан орталығы Икон (Үлкен) ауылы.
2014 жылдың мамыр айының 14-16-сы күндері Черкесск қаласында I-ші Халықаралық Білім-тәжірибелік ғылыми конференциясы жұмысына бір топ Қазақстан ғалымдары шақырылған болатын. Өкінішке орай, көбі бара алмады, Астанадан белгілі ғалым, археолог Зейнолла Самашев екеуіміз осы жиылысқа қатысып келдік. Осы форумға Түркия ғалымдары мен қоғам қайраткерлері Мұстафа Алтынтас, Мәскеу ғалымы В.В.Трепавлов, Шешенстан Ғылым Академиясының президенті Ш.А.Гапуров, Дағыстаннан профессор Д.Қыдырниязов, Украинадан профессор В.В.Грибовский сияқты ғалымдар қатысып, баяндама жасады. Ноғай ғалымдары тарапынан профессор Р.Кереитов, А.Курмансеитова, В.Булгарова, С.Кукаева, Ш.Құрмангуловалар қатысты.
Конференцияны ұйымдастырушылар Ноғай елінің белгілі азаматтары Казмамбет Янбулатов, Әмір Үйсінбаев, Амирхан Межитов, Валерий Қазақұлы, жазушы Иса Сүйінұлы Қапаев, профессор Нәсіпхан Сүюнова, Асау Сұлтанбековтер осы үлкен ғылыми жиналыстың сәтті өтуіне атсалысты. Бұл кездесуден кейінгі менің көзқарасымда, Ноғай елі қайта түлегендей ой қалдырды. Қалың жұртшылықтың жанарында от, келбеттерінен қуаныш, зор серпілісті көру біз үшін де мәртебе болды. Қарашай-Шеркеш елінің басшысы Р.Б.Темрезовтың, Ел Үкіметінің орынбасары Д.Ю.Суюновтың мәлімдемесін әртараптан жиналған ғалымдар, жиналыс залында толған жұртшылық зор ықыласпен тыңдады. Қалмақ елінен келген Владимир Тептеевтің аузынан еліндегі мұрағаттарында Қазтуған жырау туралы құжаттық материал тапқанын есту бізді де бей-жай қалдыра қоймады. В.Тептеевтің айтуынша, Қазтуғанның анасы қалмақ қызы болған, оның тәрбиесіне қалмақ нағашыларының әсері болғандығына назар аудартқан еді.
II. «…ЭНДИ АЙЫРЫЛАР КУЬН КЕЛДИ, АМАН БОЛҒЫР, ДОС ИГИИТ»
(Ноғайдың «Бозиигит» жырынан)
Отан тарихында әлі де болса ашылмаған, көлеңкелі беттер аз емес екенін ел біледі. Сол бұлыңғыр кезеңдердің бірі – XVII ғасырдың 30-40 жылдары қазақ пен ноғайдың арасының ашылуы. Осы орайда, Шоқан Уәлиханов қалдырған ел аузындағы тарихи жыр мұраларынан:
«Орманбет би өлгенде,
Он сан ноғай айырылды.
Қазақ сыртқа (сартқа) қайырылды,
Ну сан ноғай күңіренді, қайғырды», –
деген шумақтар жоғарыдағы пікірлерді дәйектей түседі. Дегенмен, бұл үрдістің басы XVIII ғасыр емес, тіпті XVI ғасыр да емес, ол Әбусағит Жиреншин ағамыз айтқандай, XV ғасырдың бірінші жартысы болуы мүмкін.
Қасым хан мен Ақназар хандардың Сарайшықты алып, Қазақ хандығының шекарасын Жайыққа жеткізгеннен кейін де қазақ пен ноғай бірде дос, бірде бақталасып тұрған. Олардың арасындағы кикілжің негізінен билік (династия) арасында болған, ал қарапайым халық жауласа қоймаған. Оның дәлелі XV-XVII ғасырлардағы ақын, жыраулар, шешендер, тіпті кейбір хан-сұлтандар (мысалы, Доспамбет, Асанқайғы, Хақназар, т.б.) екі елге ортақ болатын. Екі халықтың тілі, түрі, діні, ділі бір-біріне ұқсас. Кейінірек олар Үлкен Ноғай, Кіші Ноғай, Алты ауыл Ноғайлары болып бөлінеді.
Едіге мен оның балалары Шыңғыс хан тұқымын биліктен аластатады, олардың орнын жергілікті билеуші мырзалар басады. Ықпалды Ноғай Ордасы Қырыммен, Қазақ, Ресей, Польшамен тығыз әскери, экономикалық, дипломатиялық қарым-қатынаста болады. Бар сұмдық Ресей империясының шақыруымен торғауыт қалмақтардың Еділ мен Жайық, Ақ Қобанға келіп орналасуынан шықты. Саны мол қалмақтар Ноғай елін шауып, басым бөлігін өзіне бағындырып алды.
Ноғайлар енді Жайық жағалауынан алыстап Солтүстік Кавказ, Қырымға ойыса бастайды. Екі елдің елшілерін қалмақтар торып, жолдарын бөгеп, кездесулеріне кедергі жасайды.
Осы жерде айтып кетер жағдай – қазақ тарихнамасында тарих қойнауындағы ноғайлар тарихы, әсіресе, қалмақ ортаға түскеннен кейінгі заман аз зерттелген. Ноғайлар да бізден қол үзе бастаған-ды. Екі арадағы хабар жеке адамдар, не болмаса, татар, башқұрттар арқылы келіп тұрған. Бұрынғы еркін қарым-қатынас үзілген болатын. XVIII ғасырда саны мол Ноғай халқы Кавказға қол салған Ресей империясының құрбаны болып кетті. Ноғай Ордасының әлсіреуі бір жағынан өздерінің бектері мен мырзаларының бақталасынан, ішкі шиеленісі салдарынан, ал негізі оларға ең ауыр соққы орыс әскері тарапынан болды.
Ноғай халқы тарихының қайғылы беттері туралы профессор Рамазан Кереитов, Данияр Қыдырниязов, жазушы Сүйін Капаев пен Әшім Сикалиевтердің еңбектерінде көрсетілген.
Әлсіреген ноғайларды Ақ Қобан, Лаба өзендері бойындағы Кір мен Шок (Кременчуг) атты қалашық маңайында орыс әскерлері қырып салады. Қарулары ескі, отбасылармен бей-жай орналасқан ноғай тайпаларын Ресейдің атақты генералы А.Суворов және генерал-поручик М.Н.Леонтьев басқарған әскери жасақтар қоршап алып, түгелдей жойып жіберген. Осы оқиғаның куәгері, офицер В.Потто былайша жазған болатын: «Ночью перешли Кубань, в верстах в 12-ти, близ урочища Керменчук, настигли ногайцев. Они стояли огромным табором, видимо не ожидали нападения. Суворов тотчас подал сигнал к атаке… и началась страшная резня. Хуже вооруженные, хуже предводимые… ногайцы резались со злобой и гибли массами. В бессильной ярости сами истребляли своих детей, резали женщин. Больше десятки тысяч ногайских тел лежало на десятиверстовом пространстве». Осы бір тарихи оқиғаны куәландыратын деректік негіздерді ноғай тарихшылары жиі жазады. Шындығында ондай халықты қыру, туған жерінен аластау ол кезеңде басым болған еді. Ноғай халқының жойылуы – көрші мемлекеттердің саясатының ықпалы еді. Мұндай қырғын туралы естіген ел туған жерін, мекенін тастап, тауды жағалап қашты, кейінірек басым бөлігі Түркияға бет алған болатын.
1770 жылдардан кейін сансыз көп Ұлы Ноғай халқының тек қана жұрнағы қалды деп айтуға болады. Мүлдем азайған ел мүшкіл халге түсті. Қалған тайпалар Ресей әкімшілігіне бағынуға мәжбүр болды. Саны аз болса да ноғайлар 1917 жылғы революция, Азамат соғысын, ІІ-ші дүниежүзілік соғысын бастан өткізді. Ұлы Отан соғысына қатысып, абыроймен Жеңіс туын желбіретуге атсалысты, тіпті ноғайлардан Кеңес Одағының батыры да шыққан.
Бұл қысқаша мағлұмат ел арасына тарату және таныстыру мақсатында беріліп отыр.
Мысалы, Ноғайлар арасында да қазақ халқында кең тараған дастандар «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Төлеген мен Қыз Жібек», басқа да жыр өлеңдер сәл өзгергенмен бізге ұқсайды. Тек біз бұрын көп естімеген «Сүйімбике» дастаны (зарын) ноғайдан естідім. Күйеуінен, баласынан айырылған Қазан ханшасы Сүйімбике Жүсіп қызы былай деп жырлайды:
«Сюмбиике атым,
Ноғай затым,
Коьзим ясыл, иок рахатым,
Коьрдим мехнат,
Шектим азап,
Мутылмайды еш хасретим».
Ал дана қазақта өткен заманнан жеткен:
«Тегінде ноғай, қазақ тегіміз бір,
Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір.
Орманбет хан Ордадан шыққан күнде
Асан ата қайғырып, айтыпты жыр…» деген сияқты деректер мұрағатта көп кездеседі.
III. НОҒАЙ ЭТНОГРАФИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ ҮЗІК СЫР
Қазіргі Ноғай халқы антропологиялық түрі бойынша үшке (үш топқа) бөлінеді. Әрине, көбі маңғол типтес, яғни кәдімгі қазақ. Көп ноғайды көргенде өзімізді көргендей боласың, бір ауылда жүргендейсің. Оған қоса сөйлеуі кәдімгі қазақша болса, мақал-мәтел, дүниеге көзқарасы, өзін ұстау дегендей…
Келесі тобы Қазан татарларына ұқсайды. Көздері көкшілдеу, шаштары сары. Ал үшінші тобы тау халықтарына – кабарда, шешен, абазиндерге ұқсайды. Бірақ ноғайлар іштей бөлінбейді, олар қалыптасқан ұлт, ұлттық санасы жоғары. Жалпы ұлт тарихы адамның кескінінде байқалып тұрады. Ноғай мырзалары, тау халықтары, славян, татар қыздарына жиі үйленіп тұрған. Әрі аралас болған соң түрлері бізге қарағанда сәл өзгерген.
Дастархан жаю дәстүрі де ұқсайды. Тек іс-қимылдары шапшаңдау ма, деп ойлап қалдым. Мысалы, біз сияқты дастархан басында көп отырмайды, айтатын тілектері (тост) де қысқа болып шығады. Айтпақшы, «қысқа қайырады» демекші, сол Черкесскіде бір ноғай азаматы маған былай деді: «Осыдан үш жылдай бұрын қазақтармен құда болып, Алматыға бардым. Біз тілек айтқанда қысқа сөйлейміз, ал қазақтар мол сөйлейді екен. Тіпті бір құдамыз айтуы бойынша, біздер келеді екен деп үш күн бойы кітапханаға барып дерек жинап, дайындалғанын айтты», – деді. Мен күліп: «Бауырым, қазақтардың әзілін түсінбегенсің, – дедім. Олар университетте оқып жүріп кітапханаға жоламайды. Ал әдемі, ұзақ сөйлеу, ол – біздің әдетіміз. Қазаққа мүмкіндік берсең, жарты күн тоқтамай сөйлеуі мүмкін. Және бір ойын қайталамай сөзін саралай береді. Сондықтан қазақ кітапханаға барып, тілек айтуға үш күн дайындалады деген, анекдот қой!» деп күлістік.
Ноғайлар домбыраны жақсы көреді, бірақ өкінішке қарай, аз ойнайды екен. Олар: «Қазақтардың 100 пайызы домбырада ойнайтыны рас па?», – деп сұрайды. Мен: «Ертеректе ойнаған шығар, қазір 70 пайызға жетпес!», – дегенімде, таңқалып риза болды. Қуантарлық жағдай, жастары Қазақстанға келіп домбыра, қобыз, шертер ойнап үйрене бастаған.
Сырттан қосылған сөздер де бар екен. Мысалы, ноғайлар «ару» деген сөзді жиі пайдаланады. «Ару – келістім, жарайды, жақсы» дегені. Сонымен қатар, «ару қыз» деп те айтады екен. Ал жалпы, «ару» деген сөз қарашай бауырлардың «әру» деген сөзінен кіруі мүмкін. «Рахмет» сөзін аз пайдаланады екен, оның орнына «сау бол!» дейді. Осы орайда атыраулық бажам Кәрім де «сау бол!» деп жиі айтатынын еске алдым. Ал тағы бір күлкілі жағдай. Екі ноғай жігіті Шымкентке барған екен. Таксиден шығарда жүргізушіге «сау бол!» десе, ол азамат: «сау болың не, бірінші қызмет ақысын төлесеңші!» деп шүйліккен көрінеді. Бір қызығы, ноғайлар біздің ортақ киіз үйді пайдаланады, бірақ оны «Терме» деп атайды. Осындай кейбір алшақтық болмаса, қалғаны кәдімгі қазақ тілі. Олар «ж» әрпінің орнына «и»-ді пайдаланса, «і» әрпіне де «и» әрпін қолданады. Мысалы: «жеті құдық» емес, «иеті құдық». Соншама жыл бөтен ортада тұрса да тілін, ділін, рухын сақтап қалған бауырларға риза боласың. Ноғай мен қазақтың түрі, жүрісі, ақкөңіл, жомарттығы, жайдары мінезі, барлығы ұқас. Тіпті шайқалған жүрісі де айнымай қалған. Қатар тұра қалса, тек келбеттерінің сарылығы болмаса, айыру қиын. Ертеректе бір ақсақал айтып еді: «Қазақ пен ноғайдың иісі де бір» деп. Сол шындыққа жанасатындай ой қалдырды.
Дастархан жасағанда ноғайлар қой сояды, бірақ айырмашылығы – жілікке бөлмейді. Төрге сыйлы адамдарын отырғызып, батасын алып отырады. Ал енді билері бізге ұқсамайды. Ноғайлар лезгинка биін билеп, әндерін де Кавказ әуендеріне ұқсатып алған. Бірақ әндері қазақи. Мысалы, Қазтуған, Доспамбетпен қатар, «Сағындым», «Ақ көгершін» сияқты әндері көп.
Біздің тілдеріміздің айырмашылығы ХХ ғасырдың 30-шы жылдарымен байланысты. Олар «в» әрпін қосу арқылы «ауылды» – «авыл» деп жазады. Ал ауызша «ауыл» деп нақты айтады. Қайдан қосылғанын білмеймін, ноғай тіліне «ь» жіңішкелік белгісі кіріп кеткен. Бәлкім, «ә» әрпін айту үшін бе, «ә»-ні «а+ь» арқылы көрсетеді. Бізді «қазақтар» не «қазақлар» деп отырады екен. Сонымен қоса, «Сіздер Алаш елі боласыздар» деп қосады.
Ноғайлар тарихты шерткенде Маңғыт елі мен Едігені көп айтады. Ол әрине, орынды – себебі, Едіге маңғыт (қоңырат) елінен шыққан. Маңғыт тайпасы қазақта «Қоңырат ішінде – маңғытай» болып отыр. Олардың: «Қазақтар (алаштар, қазақлар) Едігеге ескерткіш қоятыны рас па?» – деген сұрақтарына: «Дәл қазір ондай мәселе жоқтығын» жеткіздім. Дегенмен, кезінде «Едіге, Тоқтамыс, Ақсақ Темір бір-бірімен билікке таласамын деп, Дешті-Қыпшақ, Ақ Орда еліне, түркі тайпаларына орасан зор зиян келтіргенін, тарихтың сан салалы бұлтарыс беттері ашылмағанын» атап өтуге тура келді. Ноғайлар қазір тұрмысында бие ұстамайды, сондықтан қымыз ішпейді. Бірақ қымыз туралы біледі. Десе де, көпшілік ортада «қымызды кім ішпейді, қызға кім сөз айтпайды» мақалын келтіріп отырды. Үй-жиһаздары мен безендірілуі, кілем-көрпесі қазақтармен бірдей десе де болады.
ЫНТЫМАҚҚА ҰМТЫЛЫС
Дәл қазір Ноғай халқы ешкімнен кем емес. Тұрған жері ыңғайлы, тамағы тоқ, рухы биік. Бірақ оларға Қазақ елі тарапынан, ең бірінші, рухани жағынан қолдау көрсететін көмек қажет. Яғни кітап, музыкалық әуендер мен әндер, көркем әдеби кинофильмдер керек болып тұр. Қазір Мемлекет тарихы институты ғалымдары осы игі істі бастап кетті. Жағдай болса көмектесу қажет, кітаптар жинақталғаннан кейін Ноғай еліне жеткізуіміз керек.
Екінші мәселе, тарих пен филология мамандығы бойынша ноғай жастарына жағдай жасау керек. Онымен қоса консерваторияда оқытып алсақ тамаша болар еді. Тарих, әдебиет, қоғамтану саласында ноғай-қазақ қарым-қатынасын кеңінен зерттеу мәселесі күн тәртібіне қойылуы қажет. «Халық тарих толқынында» бағдарламасына қосқан дұрыс болар деп ойлаймын.
Үшінші жағдай, ноғай жастары жұмыссыздық болған соң Кавказда, Сібірде, жалпы Ресейге шашылып кеткен. Ал біз олардың ішіндегі мамандарды, әсіресе, техникалық жағынан біліктілігі бар мамандарын Батыс Қазақстан мұнай, газ, құрылысқа тартсақ, екі бауырлас халық жақындаса түсер еді деп ойлаймын. «Минеральные воды» әуежайынан Ақтауға дейін ұшақ бір сағат ұшады екен. Келесі мәселе, екі ноғай ұлттық аудандарымен қарым-қатынас нығайып, әдебиет, мәдениет онкүндігі өткізіліп тұрса. Ноғайлар Нұрғиса Тілендиевті, Бекболат Тілеуханды, басқа да біздің әнші-күйшілерімізді қатты қастерлеп аузынан тастамайды.
Ал Елбасы Н.Ә. Назарбаевты өз Президентіндей көріп, Қазақстанды «арқа сүйер дәулет (мемлекет)» деп санайды. Кезіндегі Ұлы Ноғайдан қазақ шыққан, яғни олар біздің нағыз бауырларымыз. Қазақ елінің жаңа дәуірінің кемел келбеті әлем халықтарын қызықтыруда. Президенттің биылғы Жолдауындағы: «…Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама» екенін көрсетуі де тегін емес еді. Қазақ тарихының қойнауында көрініс берген жікшілдік, жершілдік, рушылдық, бақталастық ешуақытта елді жаңа сатыға көтерген емес-ті. Елдігіміз барда өткеннен тағылым ала, қажетті жерде қол ұшын бере алға ұмтылу негізгі бағытымыз болып қала бермек. Келешектің кемелдігі де ел-жұрттың кеңдігіне, сый-құрметтің молдығына, ынтымақтың бірлігіне байланысты емес пе, ағайын!
ОЙ-ТҮЙІН: Кезінде Еуразия даласын дүрілдеткен, Мәскеу, Киев, Варшава сияқты қалаларды жаулап алып, тізе бүктірген елдің көрінісі жоғарыда айтылған халге жетті. Кең-байтақ жерді иемденген ноғайлардың, азғантай ауыл көлеміндегі ноғайларға айналу тарихы кімді болса да ойландырмай қоймайды. Ноғай Ордасындағы ішкі қайшылықтар, мырзалар мен бектердің жан басын күйіттеп сатқындыққа баруы, сыртқы күштердің етене ел ішіне кіруі, халықтың есін тандыра ес жиғызбауға жол ашты. Соның салдарынан біртұтас сүттей ұйыған ел жерден аластатылып, наным мен сенім, дәстүр-салттарынан алшақтай түсті. Басқа дәстүрді кіріктірді, өз ғұрыптарын сыртқа ығыстырды. Мұндай үрдістің шет-жағасы бізге де таныс. Абайша айтсақ: «…өз ырқыңды» өзгеге ұстатпау жолы, сол халықтың бойында тәуелсіз ұлттық рухани тәрбиені ұстап тұратындай күш-жігер тұрақтылығы сақталынуы шарт. Демек, тарихи тағылым туған жер мен ата дәстүр құндылығын ешқандай байлық пен биліктің ауыстыра алмайтындығын дәйектесе керек-ті. Сондықтан да «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» ел ұраны ғана емес, болашақ ұрпақ қажеттілігіне айналып отыр. Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы – мәңгілік тәуелсіз ұлттың жасампаздығын нығайтуға бағытталған бастама һәм ақиқат көзі. Ұлттың рухы – рухани сананың жетілуінде екенін ескерсек, адамзат өркениетіндегі қазақы болмысымыздың мәңгі сақталу жолында, үнемі жасампаздыққа қарай ұмтылу қазіргі міндетіміз һәм парызымыз емес пе, ағайын!
Бүркіт АЯҒАН,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры,
«Қазақ әдебиеті».