Түркі жұртының таңғажайып уақыт жүйесі немесе "тоғыс есебі"

3337
Adyrna.kz Telegram

Егер де фантастикалық шығармалардағы «уақыт машинасы» жасалып, осы мақалада келтірілген формулаларды ежелгі заман халқының кез келгеніне тарту етуге мүмкіндік туса, сол адамның әлгі елдің патшасынан сыйлық ретінде «ат басындай алтын» алары даусыз болар еді (Журналист досымның әзілге бергісіз шындығы).

* * *

Шығыс Каролина университетінің (АҚШ) электрондық ақпарат жүйесінде әлемдік күнтізбе мәселесін зерттейтін және талқылайтын арнайы форум бар (USA, East Carolina University Calendar Discussion List By). Есімдері әлемге танымал көптеген ғалымдар, астрономдар, программистер сол форумға мүше. Бұл форумға күллі түркі жұртының жалғыз өкілі болып осы жолдардың авторы ғана тіркелген. Арнайы кәсіби білімі жоқ қатардағы оқырман қауым бұл мақаладағы сандар, теңдеу жүйелері мен кестелердің мәнін түсінбеуі мүмкін. Бірақ әлгі форум мүшелері бұл есептердің нені білдіретінін бірден аңдайтын кәсіпқойлар.

Көлденең көк аттылардың бұл форумда ділмарсуына жол берілмейді. Ондайлар мәдениетті түрде дереу өз орнына қойылады немесе ендігәрі бұл форумға кірмейтіндей етіліп масқара етіледі. Қысқасы, бұл форум «білімім бар» деген өзіне сенімді азаматтардың нағыз сынға түсіп, шыңдалып шығатын ғылыми ортасы деп айтуға болады. Тек 2014 жылғы 7 ақпан мен 30 шілде арасындағы осы ғалымдармен болған пікірталастың өзі (әрине, ағылшын тілінде) 59 бетті құрапты. Бұл жазбалардан әуелде «бейшара nomad-тың ұрпағы не біледі дейсің?!» деп менсінбеуден басталған сынап-мінеулердің соңы, бірте-бірте автордың жаңалығы мол жобаларын «мойындаумен, мақұлдаумен» және одан кейінгі уақытта шешуі қиын күрделі мәселелерді ақылдасып тұрумен аяқталатынын көруге болады…

* * *

Өкінішке қарай, бұл шағын мақалаға соңғы 29 жыл бойына зерттеген материалдарымызды түгел сыйғызу мүмкін болмады. Жазу жолын үнемдеу үшін тіпті әдебиеттерге сілтеме жасаудан да бас тартып отырмыз. Зерттеулеріміздің «жаңалық» деп айтуға тұрарлық ең таңдаулыларын жан-жақты сипаттауға да газет беті тарлық етті. Осының өзі зерттеу жұмыстарымыздың бір ғылыми кітапқа жүк болатынын байқатса керек. Сонау 1985 жылдары «Қазақтың ұлттық күнтізбесі» деген қарапайым тақырыппен басталған зерттеу жұмыстарымыз, уақыт өте келе ғаламдық шеңбердегі күнтізбелер тақырыбымен тығыз байланысып кетті. Тарихтары осыдан 6-7 мың жылдар бұрын басталған ежелгі күнтізбелердің ішінде, құрылымы мен қарапайымдылығы жағынан ең озығы ежелгі түркілерге дейін – сақтар дәуірінде ойлап табылған (біздің болжамымыз) «Тоғыс есебі» болып шыққанын мақтанышпен айтуымызға болады.

Қазіргі кезде 266-шы Рим Папасы Франциск қызмет етіп жатыр. Әйтсе де, осы папалардың ішінде 234-ші Григорий XV (1554-1623) папаның есімі ең танымал әрі өте жиі айтылады. Неге? Оның бұл құрметке ие болуына – 1582 жылы қазіргі Григорий (Еуропа) күнтізбесін ендіруі себепші болып отыр…

Тоғыс есебімен бір дерлікте қазіргі уақытта әлем халықтары бірыңғай түрде пайдаланатын – Күн және Ай күнтізбелері де назардан тыс қалған жоқ. Бұларға арналған кешенді жобаны «Еуразия күнтізбесі» деп атадық. Әсіресе осы жобаның бір нұсқасы болып табылатын «Шамси-Нұр» күнтізбесін де Қазақстан Республикасы үшін балама жоба ретінде ұсынуға болады. Елімізде Ислам діні кең қанат жайып келе жатқандықтан, мемлекетіміз ресми емес түрде арабтың 30 жылдық цикліне негізделген Ай (Қамари) күнтізбесін қолданып келеді. Оның айқын дәлелі Ай күнтізбесі бо­йынша Құрбан айт мейрамының ресми мереке ретінде бекітілуі деп айта аламыз. «Шамси-Нұр» күнтізбесінің бір қанатын құрайтын жаңа сипаттағы Ай күнтізбесінің дәлдігі 2 миллион жылға есептеліп жасалған. Ал Күн (Шамси-Нұр) күнтізбесінің дәлдігі осы жолдардың авторы есептеп шығарған 3712 жылдық «Еуразиялық күнтізбе» цикліне негізделген. Уақыт есебін мүлде жаңа арнаға түсіретін бұл жобалар әлемге аты танымал шетелдік ғалымдардың сынағынан өтіп, үлкен бағаға ие болды. Оны реті келгенде басқа мақаламызда баяндаймыз.

* * *

Неге екені белгісіз, адамзат өркениетінің ең бастапқы кезеңдерінде пайда болған ежелгі күнтізбелердің бәрі дерлік – Жерден бірнеше жүз миллиардтаған шақырымға орналасқан, қашықтығы тек жарық жылымен есептелетін алыс жұлдыздарға бағытталыпты. Мәселен, ең ежелгі деп есептелетін Мысыр (Египет) күнтізбесі – Сириус (Сүмбіле) жұлдызына, ежелгі шумер, майя, ацтек, ежелгі грек, ежелгі рим, үнді, қытай, сақ-түрік және т.б. ежелгі халықтардың күнтізбелері – Үркер (Плеяды) жұлдыз шоғырына негізделіпті. Біздерді ежелгі халықтар неліктен жұлдыздарға, соның ішінде «Үркерге» негізделген күнтізбелерді пайдаланды деген сұрақ қызықтырды. Сол себепті зерттеулеріміздің дені осы жұлдыздық күнтізбелердің сырын ашуға бағытталғанын бірден айтып өткіміз келеді.

ҮРКЕР – Торпақ шоқжұлдызындағы галактикалық шашыранды жұлдыз шоғыры. Торпақ шоқжұлдызының өзі – эклиптика бойына орналасқан 12 шоқжұлдыздың біреуі. Үркер жұлдыз шоғырында шамамен 3000 жұлдыз бар деп есептеледі. Шарль Мессье шашыранды жұлдыз шоғырының орнын анықтап, оны өз каталогына «M45» деген атаумен енгізді. Бұдан әрі оқырман қауымға түсінікті болуы үшін күрделі астрономиялық терминдерді қарапайым қазақ сөзімен жеткізуге тырысамыз. Көзі қарақты адамдар Үркердің 14 жарық жұлдызын, ал былайғы жұрт 5-6 жұлдызын көре алады. Сақ-түркі қауымы әр фазасындағы Ай табағының Үркер жұлдыз шоғырын басып өтуіне негізделген жұлдыздық күнтізбені «Тоғыс есебі» деп атаған (1 сурет).

Жалпы «эклиптика» сөзін астрономия ғылымында «Күннің жыл бойына аспан экваторындағы жүріп өтетін жолы» деп атайды. Осыған қарап эклиптика сөзі (лат. «есlіptіca», грек. «еkleіpsіs») әлдебір «сызық, жол» дегенді білдіреді десеңіз, қатты қателесесіз. Эклиптика сөзі – «тұтылу» деп аударылады. Яғни, ежелгі заманда Ай мен Күннің тұтылуын бақылау кезінде – әртүрлі фазасындағы Ай табағының эклиптика сызығының солтүстігіне 4 градустай таяу орналасқан Үркерді басып өтетін «тоғысу» құбылысы (покрытие/открытие Плеяды Луной) анықталған. Одан әрі бақылау нәтижесінде Ай мен Үркердің тоғысуының Жердегі жыл маусымдарының ауысуымен тығыз байланысы бар екендігі байқалған. Жұлдыздық 28 күн жер бетіндегі өсімдік, жан-жануар және адамның өсіп-дамуымен тығыз байланысты болып шығады. Осы себепті күллі әлем халықтары жұлдыздық күнтізбені таңдаған болса керек деп болжаймыз:

1) 28 × 4 = 112 күнде дәнді дақыл, жеміс-жидектердің дені пісіп-жетіледі.

2) 28 × 7 = 196 күнде мал-жануарлар мен хайуанаттар күйлеп-төлдейді.

3) 28 × 10 = 280 күнде адам баласы жатырда жетіліп, дүниеге келеді.

Әйтсе де Үндінің ежелгі астрономиялық жазбаларында адамзат баласын Жерге орналастырған «құдайлар» Үркер (Криттика) жұлдыз шоғырынан келген деп маңдайдан соққандай «бадырайып» жазылған. Қалай болғанда да, ежелгі халықтардың жаппай Ай мен Үркердің «тоғысу құбылысын» өз күнтізбелерінің негізіне алуында, біз әлі байыбына жетпеген бір құпия болса керек деп ойлаймыз. Енді ежелгі жұлдыздық күнтізбелер жүйесінің негізіне алынған үш уақыт мөлшерін келтіреміз. Олар:

1) Жұлдыздық (сидерлік) жыл – 365,25636042 немесе 365 күн 6 сағат 9 минут 9,54 секунд.

2) Сидерлік (жұлдыздық) ай – 27,321661 немесе 27 күн 7 сағат 43 минут 11,51 секунд.

3) Сидерлік (жұлдыздық) жыл – 27,321661 × 13 ай = 355,181593 немесе 355 күн 4 сағат 21 минут 29,64 секунд. Бұл үшінші мөлшер ғылыми айналысқа тұңғыш рет енгізіліп отыр.

Бұдан әргі жерде шатаспас үшін «жыл» мөлшерін – жұлдыздық жыл, ал «ай» мөлшерін – сидерлік (тоғыс) ай және осы айдан пайда болатын жылды – сидерлік (тоғыс) жыл деп атаймыз.

Ежелгі замандағы жұлдыздық күнтізбелерде көп шатасулардың орын алуына үш жағдай әсер еткен деп есептейміз. Олар:

1) Жоғарыдағы үш шаманың астрономиялық дәл мөлшері белгісіз болды;

2) Бір күн жылында болатын 13 тоғысудың екеуі солтүстік және оңтүстік жарты шарларда көрінбей, уақыт есебі жылға толмай үзіліп қалып отырды. Сол себепті ежелгі майялардың күнтізбесіндегі жыл 260 (273) күнге, ежелгі римде 304 күнге және т.т. тең болды.

3) Ай мен Үркердің «тоғысуын» дәл есептеуден гөрі, әсіре боямалау, бұл құбылысты мистикаға айналдыру басым болды.

Осы себептерге байланысты жұлдыздарға негізделген күнтізбелер бірте-бірте ұмытылып, оларды жыл он екі ай бойы көрініп тұратын қазіргі күні біздер қолданатын Күн (Шамси-Григориан) күнтізбесі мен синодтық (туар) ай және таза Ай (Қамари) күнтізбесі алмастырды.

1) Тропиктік (Күндік) жыл – 365,2421896698 не 365 күн 5 сағат 48 минут 45,19 секунд (2000 жылы ғылыми түрде анықталған тропиктік жыл мөлшері);

2) Синодтық (туар) ай – 29,5305882 немесе 29 күн 12 сағат 44 минут 2,82 секунд;

3) Синодтық (туар) жыл – 29,5305882 × 12 ай = 354,3670584 немесе 354 күн 8 сағат 48 минут 33,85 секунд.

Кейінгі заманда жұлдыздық күнтізбелерді зерттеушілер, бұл уақыт жүйесінің құрылымын дұрыс түсіне (мистика мен шындықты ажырата) алмағандықтан, оны әбден шатастырып, күріш пен күрмек ми ботқадай араласып кеткеніне көзіміз жетті. Сол себепті отыз жылға жуық уақытымыз күрішті бір бөлек, күрмекті бір бөлек жинастыруға жұмсалды. Ақыр соңында жұлдыздық күнтізбелердің жүйесін ұғынуға қол жеткіздік.

Жоғарыдағы ежелгі халықтардың ішінде шындыққа барынша жақын болғандары – ежелгі шумерлер, жо­йылып кеткен майя-ацтек тайпалары, ежелгі гректер және сақ-түрік тайпалары деп нық сеніммен айтуға болады. Басқа ежелгі халықтардың бәрі дерлік 13 сидерлік (жұлдыздық) айдан кем болмайтын мөлшерді 12 айға «сыйғызуға» әрекеттеніп және жылдың басын мүлде «қолайсыз» 1қаңтардан бастап қатты шатасқан. Бұл жерде еуропалықтардың «13» санынан өлердей қорқатын ырымшылдығы да өз әсерін тигізбей қоймады. Оны алысқа бармай-ақ, бүгінгі күні әлемдік ресми күнтізбе ретінде қолданылатын Григорий (Еуропа) күнтізбесінің «атасы» болып есептелетін ежелгі рим күнтізбесінің жүйесінен көруге болады. Ежелгі рим күнтізбесінде қысқа жыл «355 күн», ал ұзын жыл «377-378 күн» болғаны белгілі. Ежелгі римдіктер Үркерді «Виргилия» деп атаған.

1901 жылы Грекияда теңіз түбінен табылған «Антикитер механизмі» (грекше Μηχανισμός των Αντικυθήρων)) ежелгі заманның (б.з.д. 150 жыл) тұңғыш астрономиялық компьютері деп есептеледі. Антикитер механизмін мұқият зерттеу нәтижесінде, оның негізіне 19 жылда бір қайталанып отыратын 235 синодтық (туар) ай және 254 сидерлік (тоғыс) ай есепке алынғаны мәлім болып отыр (2-сурет). 2001 жылы Германиядағы Небра елді мекенінен (Лейпцигтен батысқа қарай 60 км орналасқан Саксония-Анхальт жері) табылған «Аспан дискісінде» (Небесный диск из Небры) жетілік және толық Ай табағының Үркерді басып өтіп бара жатқан кезі бейнеленген. Бұл таңғажайып артефакт б.з.д. 1600-1560 жж жасалған деп саналады (3-сурет).

Ежелгі майя күнтізбесінде 13 айдан тұратын 260 күндік күнтізбе болған. Егер ай сайын 1 күн ойша қосылып отырса, онда 13 айда 273 күн болған болар еді. Сондай-ақ ежелгі рим күнтізбесінің негізінде қалыптасқан қазіргі айлар жүйесінің алғашқы 9 айы да 273 күнге тең болып шығады (31 + 28 + 31 + 30 + 31 +30 + 31 + 31 + 30 = 273 күн). Бұл 10 сидерлік (тоғыс) айға (27,3 × 10 = 273 күн) тең уақыт болып шығады. Мұның бәрін жай кездейсоқтық деп айтуға болмайды…

Жоғарыда айтқан үш себеп (астрономиялық мөлшерлердің белгісіз болуы) Тоғыс есебіне жанама түрде көптеген амалдардың (мысалы «жеті амал» және т.т.) пайда болуына әсер етті. Тоғыс есебінің жүйесін дұрыс ұғыну кезінде, тек таза ғылыми анықтамаларға сүйеніп, біршама күріш пен күрмекті бөліп ажыратуға көп күш-жігер жұмсағанымызды айта кетпесек болмайды. Тоғыс есебін басқа жұлдыздық күнтізбелер сияқты шатасып кетуден аман алып қалған жай – ата-бабаларымыздың 13 санынан қорықпауы болды. Яғни «тоғысу айын» 28 күн етіп дөңгелектеп алып, оны 13 айға көбейткенде, нәтижесінде 364 күн пайда болады (28 күн × 13 ай = 364 күн). Бір күнтізбе арқылы – Үркер жұлдыз шоғыры, Айды және Күнді біріктірген мұндай классикалық үлгіге қалай таңданбассың!

Бірақ, өкінішке қарай, Тоғыс есебінің 13 айлық жүйесі тағдыр тәлкегіне ұшырады. Әуелі 1849 жылы француз философы Огюст Конт Орталық Азияны зерттеушілердің еңбегінен 13 айлық күнтізбені «меншіктеп» алып – өзі жасаған күнтізбе ретінде әлемге жар салды. 1954 жылы БҰҰ осы 13 айлық жүйені әлемдік күнтізбенің бір үлгісі ретінде талқылауға ұсынды. «Оу, жарандар, бұл ежелгі түркілердің күнтізбе жүйесі ғой» деген бір ғалым болмады. 2000 жылдың басынан бастап «Симметрия-454» күнтізбесінің авторы, Канададағы Торонто университетінің профессоры Ирвин Бромберг 13 айлық «Тоғыс есебін» 12 ай етіп іштей өзгертіп (28 + 28 + 35 = 91 × 4 = 364 күн) өз идея­сы етіп ұсынып отыр. Ол аз десеңіз 2012 жылы Сайлыбай Бекболатов деген азамат бұдан мыңдаған жылдар бұрын жасалған 13 айлық «Тоғыс есебі» күнтізбесінің жүйесін 1 күн қосып өзгертіп, «мәңгілік қазақ календары» деп атаумен шектелмей, өз жобасы ретінде тұсаукесер өткізіп, бүкіл елге жар салды.

Х.Әбішевтің «Аспан сыры» (Алматы, 1966-2009), А.Машановтың «Ғажайып от ошағында» (Алматы, 1978) және М.Исқақовтың «Халық календары» (Алматы, 1980) атты кітаптарында – 13 айлық «Тоғыс есебі» туралы халық аузынан жазып алынған біршама дұрыс деректер келтірілген. Бірақ, өкінішке қарай, бұл үш кітапта да Тоғыс есебіне терең математикалық талдау жұмыстары жүргізілмеген. Бұл талдауды біздер жүргізгенде, мынадай қызық заңдылықты байқадық. Тоғыс есебінің қарапайым математикалық теориясы:

28 күн × 13 ай = 364 күн × 3 жыл =1092 күн ÷ 4 жыл = 273 күн

28 күн × 39 ай = 1092 күн ÷ 40 ай = 27,3 күн.

Міне, осы қарапайым теңдеу жүйесіне орай тілімізде «Қырқына шыдап – қырық біріне шыдамапты» деген мәтел (қанатты сөз) қалыптасқан. Расында да 41-ші айда 365 күндік жылдың уақыт есебі «бұзылып» кетеді:

28 күн × 40 ай = 1120 күн ÷ 41 ай = 27,317 күн.

1120 күн ÷ 3 жыл = 373,33 күн – 8 күн = 365 күн (яғни 8 күн артық болады).

Тоғыс күнтізбесі ішінара мына теңдеумен түзетіліп отырған деп болжаймыз:

765 күн ÷ 28 күн = 27,32142857 немесе 27 күн 7 сағат 42 минут 51,43 секунд.

Тоғыс есебін одан әрі талдау, төмендегі екі теңдеу жүйесін құрады:

Тек жұлдыздық жылмен байланыс­ты бірінші теңдеу жүйесі:

1) 39 жыл × 4 цикл = 156 жыл

2) 56 980 күн ÷ 156 жыл = 365,2564103 немесе 365 күн 6 сағат 9 минут 13,85 секунд (қазіргі мөлшерден 0,00005 немесе 4,31 секунд қана артық)

3) 56 980 күн ÷ 2035 ай = 28 күн ÷ 4 апта = 7 күндік апта

Барлық уақыт мөлшерімен байланысты екінші теңдеу жүйесі:

1) 765 күн × 202 цикл = 154 530 күн – 26 күн = 154 504 күн

2) 154 504 күн ÷ 423 жыл = 365,2576832 немесе 365 күн 6 сағат 11 минут 3,83 секунд (қазіргі мөлшерден 0,001323 немесе 1 минут 54,29 секунд артық)

3) 154 504 күн ÷ 435 жыл = 355,1816092 күн ÷ 13 ай = 27,321662 күн

4) 154 504 күн ÷ 436 жыл = 354,3669725 күн ÷ 12 ай = 29,530581 күн

5) 154 504 күн ÷ 5518 ай = 28 күн ÷ 4 апта = 7 күндік апта

6) 28 × 13 ай = 364 күн × 424 жыл = 154 336 күн + 168 күн = 154 504 күн

Ежелгі сақ-түркі қауымының тек бүгінгі күні мәлім болып отырған бұл теңдеу жүйелері ежелгі «қараңғы түнек» дәуір үшін үлкен ғылыми жетістік болып есептелетінін мойындамау мүмкін емес!

Тоғыс есебі неліктен жыл басы болып есептелетін 21-22 наурыздан бас­талмай, екі айдан кейін болатын мамыр айынан басталған?

Мамыр айының орта шенінде «астрономиялық жаңа ай» немесе қазақша «өліара ай» (Айдың 30 не 29 күні немесе айдың 1 жаңасы) Үркерді басып өткен түні – Тоғыс есебі бас­талып, ол 1 тоғыс айы деп аталады. Одан кейінгі тоғыс айларының басында бұл күндер көбінесе тақ күндерге (27, 25, 23, 21, 19, 17 … 9, 7, 5, 3 фазалары немесе 1 тоғыс айы, 27 тоғыс айы, 25 тоғыс айы, 23 тоғыс айы … 9 тоғыс айы, 7 тоғыс айы, 5 тоғыс айы, 3 тоғыс айы) сәйкес келіп, 2 күндік айырмашылықпен керісінше есептеліп кеми береді. Мұның себебі туар (синодтық) айдан тоғыс (сидерлік – жұлдыздық) айы 2 күндей қысқа: 29,5305882 – 27,321661 = 2 күн 5 сағат 51,31 секундқа кем болады. Осы себепті кейде тоғыс айларының басы айдың жұп сандық фазаларына (28, 26, 24 … 10, 8, 6, 4, 2) сәйкес келіп қалса да, тақ сан ретінде есептеле береді. Сақ-Түркі жұртының көрегендігі мен ғұламалығы жылдың басын мамыр айы­нан бастауында және ай атауларын ай фазаларының сәйкес келетін күн санымен атауында деп кесіп айтуға болады (4-сурет). Өйткені басқа жұрттар осыны аңғармай көп шатасқан…

Осы арада айта кететін бір нәрсе – 27,321661 күнге тең сидерлік ай 28 күннен 16 сағат 16 минут 48,49 секунд қысқа болғандықтан, Тоғыс есебінің 364 күндік жылы 355 күндік жұлдыздық жылдан шамамен 9 күн (Тоғыз – Тоғыс) артық болып шығады. Сол себепті – сақ-түркі қауымы төмендегі үш күннің біреуін сәйкес келуіне қарай тоғыс айының басы деп есептеген. Ежелгі римде бұл күндерді «нон», «ид» және «календ» («календарь» деген сөз осы сөзге қатысты пайда болған) деп атаған болса керек:

1) Айдың табағы Үркердің қарсы алдына келген күнін «ауыл-үй қонды» деп атаған. Қазіргі астрономияда бұл күнді «прибытие» деп атауға болады (әзірге атауы жоқ);

2) Айдың табағы Үркерді жапқан күнін «тоғысты» деп атаған. Қазіргі астрономияда бұл күнді «покрытие» деп атайды;

3) Айдың табағы Үркердің артына шыққан күнін «өріп шықты» деп атаған. Қазіргі астрономияда бұл күнді «открытие» деп атайды.

Егер Үркер мен Айдың тоғысуы 40 күн бойына көрінбей кетсе, жаңа сипаттағы Тоғыс есебі де бұрынғы күнтізбелер сияқты қателікке ұшырамай ма деген сұрақ туындайды.

Атамыз қазақ – Үркер 40 күн бойына аспанда көрінбей кететін мезгілді «Үркер жерге түсті» деп атаған. Бұл кезеңде – Үркер оңтүстік жарты шардағы елдерге көрініп тұрады. Әйтсе де жуық түрде маусым айының соңы мен келесі жылдың мамыр айына дейін Үркер қайтадан Қазақстан жерінде көрініп тұрады. Қазіргі жаһандану (глобализация) заманында біздер өмір сүретін солтүстік жарты шарда, оңтүстік жарты шардың хабар-ошарын, ол жақта «тоғысу» болған-болмағанын білу 1 секундтың ісі екені белгілі. Қайта керісінше Тоғыс есебі екі жарты шар халқының (мысалы Қазақстан мен АҚШ) өзара ынтымақтастықта, бейбіт қарым-қатынаста болуына ықпал етеді деген сенімдеміз.

Қаншама әдебиеттерді ақтарсақ та, ежелгі халықтардың жұлдыздық күнтізбелері дәл осы «тоғысу құбылысына» негізделген деген деректі таба алмадық (мүмкін бар да шығар). Ақиқатында барлық ежелгі халықтар Ай табағының әртүрлі фазасының әлдебір жарық жұлдызды (көбінесе Үркерді) басып өтуін «қасиетті құбылыс» деп санаған және уақыт жүйелерін соған негіздеген деп болжам жасаймыз. Оның дәлелін алысқа бармай-ақ әлем елдерінің жалауларынан көруге болады. Мысалы Австралия, Әзірбайжан, Алжир, Ангола, Коморы, Қытай, Ливия, Мавритания, Непал, Өзбекстан, Пәкістан, Түркіменстан, Түркия т.б. елдердің жалауларында жарты Айдың алдында не бір жұлдыз, не бірнеше жұлдыз тұрғанын көреміз. Осының бәрі сол елдердің көне уақыт жүйесі жұлдыздық жыл мен Ай мен Үркердің тоғысуына негізделгенін дәлелдейді. Бір қызығы сақ-түркі жұртының жұрағаты болып табылатын қазақ халқы мен басқа түркі тілдес халықтар «Тоғыс есебі» туралы мәліметті әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Ал, керісінше, осы бір қызықты да таңғажайып уақыт жүйесі басқа халықтардың санасынан «өшіп» қалғаны таң қалдырады. Шамасы «дилемма» дегеніміз осы болар…

* * *

Тоғыс есебін тереңдеп зерттеу нәтижесінде осы жолдардың авторы қазіргі кезде 4640 жылға есептелген Тоғыс есебінің жаңа жүйесін жасап шықты. Мұнда біздің заманымызға дейінгі (б.з.д.) 1901 (–1900) жылдан бастап, біздің заманымыздың (б.з.) 2740 жылына дейінгі аралықтағы әрбір айдағы тоғысу даталары көрсетілген. Айдың күрделі қозғалуы салдарынан 1 күндік қателік болуы мүмкін. Бірақ ол дұрыс уақыт есебіне пәлендей әсер етпей, келесі айда өз-өзінен түзеліп кетеді.

Әлемді таң қалдыратын және уақыт зерттейтін ғылымға көп «азық» болатын жаңа сипаттағы Тоғыс есебінің сыртқы және ішкі жүйесі қандай болмақ?

Жоғарыда айтқан 29 жылдық зерттеуіміздің басым бөлігі Тоғыс есебі үшін жаңа сипаттағы теңдеу жүйесін есептеп шығаруға жұмсалды. Әуелгі кезде, әбден ұңғыл-шұңғылына дейін елеп-екшелген, сынақтардан өткізілген және әлемдік деңгейдегі сарапшылардың қызығушылығы мен қолдауына ие болған бірінші теңдеу жүйесін есептеп шығардық:

Бірінші теңдеу жүйесі:

16 × 29 = 464 × 4 = 1856 жыл

677 890 ÷ 1856 = 365,2424569 күн

677 904 ÷ 1856 = 365,25 күн

677 916 ÷ 1856 = 365,2564656 күн

677 904 ÷ 1913 = 354,3669629 ÷ 12 = 29,53058024 күн

677 904 ÷ 24812 = 27,321619 күн

677 904 ÷ 6 күн = 112 984 апта.

* * *

2014 жылдың шілде (рамазан) айында екінші теңдеу жүйесін есептеп шығардық. Бұл теңдеу жүйесінің де әлемдік ғалымдарды қызықтырары даусыз. Сақ-түркілердің 12 жылдық хайуанаттар мүшелі, шумерлердің 18 жылдық циклі, майя-ацтектердің 52 жылдық циклі және т.б. циклдерді тоғыстыратын төмендегі 1404 жылдық циклды ең бірінші рет қазақ оқырмандарына таныстыру үшін оны төменде ықшамдап беріп отырмыз.

Екінші теңдеу жүйесі:

2 жыл × 702 жыл = 1404 жыл ÷ 4 жыл = 351 жыл;

6 жыл × 234 жыл = 1404 жыл ÷ 9 жыл = 156 жыл;

12 жыл × 117 жыл = 1404 жыл ÷ 13 жыл = 108 жыл;

18 жыл × 78 жыл = 1404 жыл ÷ 26 жыл = 54 жыл;

27 жыл × 52 жыл = 1404 жыл ÷ 36 жыл = 39 жыл;

512 800 күн ÷ 1404 жыл = 365,2421652421652 күн

512 811 күн ÷ 1404 жыл = 365,25 күн

512 820 күн ÷ 1404 жыл = 365,2564102564102 күн

512 799 күн ÷ 17365 туар ай = 29,53060754391016 күн

512 800 күн ÷ 18769 сидерлік (тоғыс) ай = 27,32164739730406 күн

512 799 күн ÷ 7 күн = 73257 апта; 512 820 күн ÷ 7 күн = 73260 апта.

512 800 күн ÷ 20 күн = 25 640 ай /күн ÷ 70,2 жыл = 365,2421652421652 күн

512 820 күн ÷ 20 күн = 25 641 ай ÷ 70,2 жыл = 365,2564102564102 күн

Жоғарыдағы екі теңдеудің негізінде жаңа сипаттағы Тоғыс есебінің 76 жылға (19 жыл × 4 цикл = 76 жыл) есептелген жүйесін жасадық (1-ші кесте).

Бұл мақалада көп жайларды кеңінен әңгімелеуге газет беті тарлық етіп отырғанын байқап отырған боларсыздар. Сол себепті оқырман қауымды жан-жақты сипаттама бермей, «Тоғыс есебінің» алдағы уақытта болатын «тоғысу» құбылыстарымен бірден таныстыруға мәжбүр болып отырмыз (2-ші кесте).

Оқырман қауым 2-ші кестедегі 4-бағанда көрсетілген күндері өз көздерімен Ай мен Үркердің тоғысуын көре алады. Мысалы, Алматы қаласында тұратындар 18 тамыз күні түнгі сағат 23-тен бас­тап оңтүстік-шығысқа (тау) таяу жақтан Айдың соңғы ширегінің Үркер жұлдыз шоғырын баяу жа­уып өтетінін көре алады. Әсіресе бұл құбылысты дүрбі немесе телес­коппен бақылау есте қаларлықтай әсер береді. Бұл құбылысты бақылау алдында «О методике любительских астрономических наблюдений» атты мақаланы ғаламтордан (http://www.astrogalaxy.ru немесе http://www.astronomy.ru) оқып шығуға кеңес береміз.

P.S. Осы мақаланың аннотация­сында АҚШ-тағы Шығыс Каролина университетінің жанында әлемдік күнтізбе мәселесін талқылайтын арнайы форум бар деген едік. Сөзіміз дәлелсіз, жалаң болып шықпауы үшін осы мақаладағы автордың 1404 жылдық теңдеу жүйесі мен 2550 жылдық Исламдық Ай Һижрасының жаңа жобасы қазіргі уақытта қалай талқыланып жатқанын ағылшын тіліндегі түпнұсқасында беріп отырмыз, сондай-ақ пікір жазған ғалымдарды да қысқаша таныстыруды жөн көрдік.

Sent: 30 July 2014 18:29

Karl Palmen

Әлемдік күнтізбелер сарапшысы: Karl Erik Vaughan Palmen, 16.02.1959 жылы Taunton, Somerset, Англияда туылған. Ноттингем университінде (University of Nottingham) жоғары білім алған. 1986 жылдан бастап әйгілі Rutherford Appleton Laboratory (STFC) зертханасында (http://www.stfc.ac.uk) жұмыс істейді. Оның күнтізбе саласындағы материалдарымен (http://www.hermetic.ch) сайтынан таныса аласыз.

Dear Kaldarkhan and Calendar People

Thank you Kaldarkhan for letting us know of the 1404 years. It is interesting, but I’m not sure whether it would be much use in practice. The types of 1404-year cycle have different numbers of days in them. This limits their usefulness. I prefer cycles where the number of days are exactly equal such as.

658532 days = 1803 years × 365.2423738… days

658532 days = 22300 lunar months × 29.53058296… days

658532 days = 94076 weeks × 7 days

There are many more such cycles at (http://the-light.com/cal/LunisolarA.htm)

The cycles with a whole number of weeks are shown in blue (e.g. 1556, 1803, 2175, 2919, 2930, 3150, 3234 years ). Such a cycle would have to be very long to include Julian calendar years or Sidereal years. Also I don’t think 1404 is very special. There may be many other such numbers. For example, 896 (suggested by Brij):

896 years = 2 × 2 × 2 × 2 × 2 × 28 years

327276 days = 896 sidereal years × 365.26339… days

327264 days = 896 Julian calendar years × 365.25 days

327264 days = 46752 weeks × 7 days

327259 days = 11978 sidereal months × 27.321673… days

327258 days = 11082 lunar months × 29.530590… days

327257 days = 896 years × 365.2421875 days

327257 days = 46751 weeks × 7 days

896 years ÷ 7 = 128 years

46751 days = 128 years × 365.2421875 days

29 × 896 years = 7 × 3712 years (Eurasian calendar)

Karl

* * *

Sent: 30 July 2014 08:25

Аты-жөні: Dr. Irvin Lloyd Bromberg, Канаданың Онтарио штатында туылған. Әлемдік күнтізбенің бір нұсқасы ретінде ұсынылып отырған «The Symmetry454 Calendar» және «The Symmetry010 Calendar» күнтізбесінің авторы. Қазіргі уақытта Tоронто университетінде профессор лауазымында қызмет етеді. Оның екі күнтізбе жобасы туралы материалымен (http://www.sym454.org) сайтынан таныса аласыз.

Irv Bromberg

I prefer cycles where the number of days are exactly equal such as

658532 days = 1803 years × 365.2423738… days

[Irv adds] = 365+437/1803 days = 365d 5h 49m 1+59/601s, which is very slightly longer than the present era mean northward equinoctial year (which is currently getting slightly longer anyway). A leap day calendar for this cycle would have 437 leap days per cycle.

658532 days = 22300 lunar months × 29.53058296… days

[Irv adds] 22300 mean synodic months = 100 saros intervals = 4 x 5575-month lunar cycles (25 saros intervals each) with 2958 full 30-day months per cycle = mean month is 658532/22300 days = 29+2958/5575 days = 29d 12h 44m 2+82/223s, and it contains very close to 24103 sidereal months, 23899 anomalistic months, and 24200 draconic months. This mean month is slightly short for the present era but an excellent choice for a long-lasting fixed arithmetic lunar cycle.

658532 days = 94076 weeks × 7 days

[Irv adds] So a leap week calendar based on the 1803-year cycle would have 320 leap weeks per cycle.

The 1803-year leap week cycle is identical to four 231-year cycles (with 41 leap weeks) alternating with three 293-year cycles (with 52 leap weeks), that is 231+293+231+293+231+293+231 = 1803 years, and accordingly has a mean year that is intermediate between the longer mean year of the 231-year cycle and the shorter mean year of the 293-year cycle.

For a lunisolar calendar the 1803-year cycle would have 664 leap months.

Irv Bromberg, University of Toronto, Canada

* * *

Sent: 30 July 2014 21:13

Karl Palmen

Dear Kaldarkhan and Calendar People

I’ve noticed that adding the 1404-year and 896-year cycles creates a lunisolar cycle of 2300 years:

840057 days = 2300 years × 365.2421739… days

840057 days = 28447 lunar months × 29.530600766… days

It is not as accurate as the 2900-year cycle mentioned in earlier E-mails:

1059203 days = 2900 years × 365.2424138… days

1059203 days = 35868 months × 29.43058436… days

Adding the 2300-year and 2900-year cycles makes five 1040-year cycles:

379852 days = 1040 years × 365.2423077… days

379852 days = 12863 months × 29.53059162… days

Karl

* * *

Sent: 30 July 2014 19:28

NEW 2550 YEAR ISLAMIC LUNAR HIJRAH CALENDAR

Karl Palmen

Dear Kaldarkhan, Victor and Calendar People

This cycle of 2550 lunar years is exactly equal to 36 cycles of my yerm lunar calendar at (http://www.hermetic.ch/cal_stud/palmen/yerm1.htm). Each cycle of the calendar is:

52 yerms = 850 months = 25101 days

36 x 25101 days = 903 636 days.

Sometime after inventing my yerm lunar calendar, I found one of the cycles between the lunar and solar Hijrah epochs and so I number that cycle 1, the current cycle is 21. See http://the-light.com/cal/converter/ to calculate yerm calendar dates.

The 30-year cycle of the Tabular Islamic Calendar is equivalent to my Yerm Calendar cycle cut short to 22 yerms = 360 months.

See http://www.hermetic.ch/cal_stud/palmen/yerm1.htm#tool . This also shows a more accurate cycle of 79 years. No simple arithmetic calendar can save the Islamic World from being forced to watch neomia (young crescent moon), because of short term variations in the timing of the young crescent moon, which may be up to 14 and a half hours early or late.


 

Қалдархан ҚАМБАР,

Алматы қаласы әкімдігінің 

«Ақпараттық-технологиялық орталық» 

ЖШС қызметкері,

«Түркістан» газеті

 

Пікірлер