Жар-жар айтылып, бата берілді

4263
Adyrna.kz Telegram

Қазақ үйлену тойына ерекше қырағылықпен қараған. Жаңадан қосылған жас жұбайларға бата беріп, «Жар — Жар» айтып, қос ғашықтың ақ некесінің адал болуын тілеу,қазақтың салт-санасында әлімсақтан бар дәстүр. Ұлыстың ұлы күнінің қарсаңында оңтүстік астанамыздың орталық неке сарайында қос ғашық ата-бабаның салтымен ақ некесін қидырды. Қос жүректің лүпілінің қатар соғылып, екі жастың өмір атты теңізге қол ұстасып, қадам басу салтанатына біз де куә болдық. 

Біз ежелден ырымшыл халықпыз. Әр­бір мереке, той-думанның өз жөнімен, жоралғысымен өткізілгенін қалаймыз. Содан болар, жаңа түскен келінді тіл-көзден сақтап аластау, басына орамал салып, үлкенге құрмет, кішіге ізет ретінде иілдіріп сәлем салғызу, ақ отауға оң аяқ­пен қадам бастырып, жас келіннің қо­лынан шай ішу, қайын інілер мен қайын сіңлілерге ат тергету сынды дәстүрлер ерек­ше сақталады. Алайда соңғы кездері қа­зақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ұмыт қалып, жас ұрпаққа сарқыншағы ға­на қалып барады.

Дәстүрді жаңғырту мақсатында әрі күл­лі мұсылманның жаңа жылы — Наурыз мерекесінің құрметіне орай, «Алматы ақшамы» газетінің тілшілері Думан Анаш пен Әйгерім Сауытбекова Наурыз мере­кесінің қарсаңында неке қию рәсімін қа­зақтың жөн-жоралғысымен, атадан қал­ған салт-дәстүрмен атап өтуді жөн са­напты. «Жас отау» неке сарайы жастарға бұл істе тілекші болды.

Құстың қос қанатындай болған ға­шық­тарды «Жас отау» неке сарайы ілти­патпен қарсы алды. Хакім Абайдың «Кө­зім­нің қарасы» әнінің ырғағымен қос ға­шық бір-біріне қолқанат болып, өмір ай­дынында қос аққудай бірге жүзуге серт берді. Театр актері Бейбіт Қарамановтың орын­дауындағы ақын Тоқтарәлі Таңжа­рық­тың «Апа, сенің келінің» атты өлең жолдары елдің көркі атанған қыз бала ақ отауды аттаған соң келін атанып, ата мен ененің көз қуанышына, бір үйдің отанасына айналатынын сездіргендей.

Қазақ жақсылықты тіл-көзден сақтау­ды ғұрыпқа айналдырған. Ақ жаулықты апалар «пәле-жаладан, көздің көзінен, тілдің тілінен сақтасын» деген ниетпен жаңа түскен жас келінді аластаған. Ақ кимешек киген әжей Думан мен Әйгерімді аластап, тіл-көзден сақтау үшін екі жасқа түйреуіш тақты. Наурыз думанының қар­саңында Қыдыр атаның ақ батасын тың­дамауға болмас. Қонақтар Қыдыр атаның батасына іштей тілекші болып, қолын жайды. Салтанатты неке қию рәсімінен соң, жиналған көпшілік бауырсақ пен Наурыз мерекесінің басты тағамы — Нау­рыз көжеден дәм татты.

«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дей­тін қазекем Наурыз мерекесінде тал отыр­ғызуды ұмытпаған. Аталмыш дәс­түр­ді ұмыт қалдырмаған қос ғашық неке сарайының ауласындағы махаббат аллеясына ақ қайыңның жас өскінін отыр­ғызды. «Өміріміздегі ең маңызды сәтті қа­зақ­тың озық дәстүрімен өткізуге тілек­ші болған «Жас отау» неке сарайына кө­тер­ген жас шаңырағымыздың атынан ри­за­шылығымызды білдіремін. Ең бас­тысы, тек қана ағайын-туыстың арасында емес, барша халықтың алдында не­кемізді қидыруды жөн көрдік. Қазақтың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен алдағы өмірге қол ұстасып, қадам басқанымызға біз қуаныштымыз» дейді Думан Анаш.

Салттың да озығы бар, тозығы бар, әл­бетте. Алайда өткенін ұмытқан ұрпақ, келешегіне нық сеніммен қадам баса ал­масы тағы анық. Сондықтан да ата-ба­ба­мыздан қалған дәстүрді жаңғыртып, салт-санамызды берік ұстап қалу — әрбір қа­зақ азаматына жүктелер басты міндет. Тек қана Наурыз мерекесінде ғана емес, үне­мі ата салтымызды жадымыздан шығар­мағанымыз жөн болар.


Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ,

«Айқын».

Пікірлер