Жасындай жарқ еткен ғұмыр

3430
Adyrna.kz Telegram

 Бекзат Саттарханов - қазақтың маңдайына симай кеткен бағы. Небәрі 20 жасында Қазақстан қоржынына Сидней олимпиадасынан алтын медаль сыйлаған болатын. Хабар телеарнасының тапсырысымен "Бекзат" көркем фильмі жарық көрді.Режиссері - Мұрат Бидосов,сценарийін жазған  - Сержан Закерұлы, басты рөлді сомдаған жас актер - Самат Әзімқұлов. Фильмде Бекзат Саттархановтың алтын жеңіске қол жеткізгенге дейінгі қиын өмірі баяндалады. Фильмді көріп отырған сәтте боксшының бойындағы қайтпас-қайсар мінезді байқай аласың. Елдің арманын арқалап, мемлекеттің туын көтеріп әнұранын қаншама ұлт өкілдерінің арасында шырқатып жатқан сәттегі әке қуанышын сөзбен суреттеу мүмкін емес. Дәл сол әке өсиеті баланы үлкен жетістікке жеткізгені айдан анық. Бекзат рингте жүргенде әкесінің "Балам, бастаған ісіңді аяғына дейін жеткіз!" деген сөзі есіне түсіп, оның рухын көтерді, арыстандай айбаттылығын оятып үлкен ұлы жеңіске ұмтылдырды.
      Бекзаттың жастық шағы 90-шы жылдардағы нарық кезеңімен тұспа-тұс келеді. Соның өзінде ешқандай қиындыққа қарамай алға қадам басты, табандылықпен талпына берді. Ол өзі үшін ғана емес, әлсіз адамдар үшін де күресе білді,қолынан келгенше оларға қорған болды. Бекзаттың алғашқы бапкері оның бойындағы қабілетін бірден байқады. Бірақ, жетістіктің 10 пайызы ғана талант, қалған 90 пайызы еңбектен тұратыны белгілі. Осындай тынымсыз еңбектің арқасында жас жолбарыс олимпиада чемпионы атанды.
      Шіркін, бәлкім достарын емес, отбасын тыңдағанда мұндай қайғылы жағдай болмас па еді. Анасының :"Сол кезде баламды ұстап қала алмағаныма қатты өкінемін" деген сөзі  ана жүрегіндегі орны толмас өкінішті білдіреді. Қазақ халқында үлкеннің сөзін жерге тастамау -қастерлі ұғым, өмірлік парыз. Ана жүрегі бәрін сезеді ғой. Бірақ, бұл ешкім күтпеген тосын оқиға еді. 2000 жылы 20 жасында Бекзат Саттарханов жол апатынан қаза болды." Менің жеңісім - қазақтың жеңісі!" дегені жасындай жарқ еткен ғұмырының соңғы аманаты болған екен. Осы оқиғадан ғұмырлық ой түю, өмірлік сабақ алу -  әрбір қазақ отбасы үшін, әрбір ата – ана мен әрбір перзент үшін үлкен жауапкершілік, көкейтесті мәселе.Бұл фильмді көру арқылы сіз ізгі әсер аласыз. Ендеше, уақыт тарту еткен ізгіліктен құр алақан қалмаңыз!

 Алматы қаласы, Алатау ауданы
№169 мектеп-лицейінің
10- "А" сынып оқушысы,
Рысбай Ернұр.
Ғылыми жетекшісі: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті  Әбдіжәділқызы Жидегүл

Пікірлер